Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Марқұм Хусейн бин Саид хазреттері «Тәкаппарлық барлық жақсылыққа тосқауыл» дейтін еді. Адамда тәкаппарлықтың бар-жоғын оның өзгелермен ақылдасуынан, басына түскен қиыншылықтың шешімін басқалардан сұрауынан аңғаруға болады. Егер сұрайтын болса, ол тауазу иесі (қарапайым, кішіпейіл), егер сұрамаса, бойында тәкаппарлық бар деген сөз.
Аллаһу та'ала шайтанды аз ғибадат еткені үшін емес, тәкаппарлығы үшін қуды. Шайтанның ілімі көп еді, ол періштелердің ұстазы болатын. Ғибадаты да көп еді. Бүкіл аспанда ол намаз оқымаған, ғибадат жасамаған бір қарыс жер жоқ еді. Ілімі мен ғибадаты көп болса да, тәкаппарлығы кесірінен тозақтық болды. Сондықтан, біреудің көп ғибадат етуіне, тақуа болып көрінуіне алданбау керек. Өйткені сүйікті пайғамбарымыз (алейһиссалам): «Аллаһу та'ала адамдардың түріне, көрінісіне және амалына қарамайды, оның жүрегіне және ниетіне қарайды» деген.
Бір жігіт әулие кісіге шәкірт болады. Сол әулиенің медресесіне барып білім ала бастайды. Бірақ медресеге барған бір күнінде алдынан медреседегі үлкен ит шығып, үре бастайды да, оны ішке кіргізбейді. Мұны байқаған әулие терезеден көріп тұрады. Ит оны ішке кіргізбей үре бергеннен кейін шәкірт айқайлап береді: «Ей, ит, қой енді, жетеді! Сен бұл медресенің иті болсаң, мен де осы медресенің итімін... Иттің итке осылай істеуі дұрыс па?!» дейді. Ит құйрығын қысып, кетіп қалады. Шәкірт ішке кіргенде ұстазы оны және барлық шәкірттерін шақырады. «Маған қағаз бен қалам әкеліңдер» дейді. Сөйтіп ижазатын (дипломын) жазып, әлгі шәкірттің қолына ұстатады да «Балам, сенің оқуың бітті. Сен менің уәкілімсің. Енді менің саған беретін ештеңем қалмады» дейді. Бәрі таңқалады, өйткені оның медресеге келіп жүргеніне тым аз уақыт болған еді. Әлгі шәкірт «Ұстазым, мен ештеңе білмеймін ғой. Бұл ижазаты неге маған бердіңіз?» деп сұрайды. Сонда ұстазы айтады:
«Балам, бұл медресенің міндеті – адамдарға қарапайымдылықты, кішіпейілділікті үйрету, оларды тәкаппарлықтан құтқару. Сен өзіңді осы медресенің итімен тең санадың, бұдан былай саған үйрететін ештеңе қалмады. Сен қайда барсаң да, Аллаһу та'аланың фәйзінен пайдаланасың. Ілім саған беріледі, әлі бәрін үйренесің, бәрін істейсің. Сен енді өзіңді де, қол астындағыларыңды да құтқарасың. Бұдан былай менен бір нәрсе үйренуің керек емес, өйткені онсыз да бәрі кітаптарда бар. Біздің бұл жақтағы міндетіміз адамдарды әулие, ғалым қылу емес, сол есікті ашып беру. Сенің есігің ашылды, жолың ашық болсын!»
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024