Мәселен таң намазының сүннеті былай оқылады:
1. Алдымен қыблаға қарап тұрады. Аяқтардың арасы төрт елiдей ашық және параллель болады. Бас бармақ құлақ жұмсағына тигізіліп, алақанды қыблаға қаратып: «Ниет еттiм Аллаһу та’аланың ризалығы үшiн бүгiнгi таң намазының сүннетiн оқуға, жүзiмдi қараттым қыблаға»– деп ниет еткен соң «Аллаһу әкбар» – деп екi қолды кiндiк астына, оң қолын сол қолдың үстiне қойып байлайды.
2. Қиямда тұрғанда көздер сәжде етiлетiн жерге қарайды.
а) Субханака дұғасын оқиды.
б) Аузу-бисмиллаһтан соң Фатиха сүресiн оқыйды.
в) Фатихадан соң бисмиллаһ оқылмай бiр зәм сүре (мысалы Фил сүресi) оқылады.
3. Зәм сүреден соң «Аллаһу әкбар» деп рукуға иіледі. Қолдар тiзенi қаптап ұстайды. Бел түзу ұсталады, көздер аяғының ұшына қарайды. Үш рет «Субхана раббиал азыйм» деп айтады. Бес немесе жетi рет айтуға да болады.
4. «Сәмиаллаһу лиман хамидаһ» деп рукуден тұрып жатқанда шалбар балағы тартылмайды және көздер де сәжде орнынан айрылмайды. Тiке тұрғаннан кейiн «Раббәна ләкәл хамд» деп айтады. (осы тік тұруға қаумә делінеді).
5. Ұзақ тұрып қалмай «Аллаһу әкбар» деп сәждеге барады. Сәждеге барарда ретiмен:
а) Оң тiзеден кейін сол тiзе, оң қолдан кейін сол қол, одан соң мұрын сосын маңдай жерге қойылады.
б) Аяқ саусақтары қыблаға қарап бүгiледi.
в) Бас екi қолдың арасына қойылады.
г) Қол саусақтарының арасы жабылады.
д) Алақан жерге қойылады, шынтақтар жерге
қойылмайды.
е) Осы халде үш рет «Субханә раббиял аъла» деп айтылады.
6. «Аллаһу әкбар» деп сол аяқ жерге төселедi. Оң аяқтың саусақтары қыблаға қаратып бүгiлiп отырады. Қолдар тiзенiң үстiне қойылады, саусақтар арасы өз еркiне жiберiледi.
7. Көп отырмастан «Аллаһу әкбар» деп қайта сәждеге барады. (Екi сәжде арасында отыруға жәлсә делінеді.)
8. Сәждеде ең азы үш рет «Субханә раббиал аъла» дегеннен соң «Аллаһу әкбар» деп орнынан тұрады. Сәждеден тұрар кезде қолдарымен жерден күш алуға және аяқтарды ары-бері қозғалтуға болмайды. Сәждеден тұрар кезде ең алдымен маңдай, мұрын, содан кейiн сол қол, оң қол содан соң сол тiзе, содан соң оң тiзе жерден көтерiледi.
9. Тiк тұрғанда Бисмиллаһтан соң Фатиха және бір зәм сүре оқылып «Аллаһу әкбар» деп рукуға иіледі.
10. Екiншi рәкат та бiрiншi рәкаттағы сияқты оқылады, тек екiншi сәждеден соң «Аллаһу әкбар» деп орнынан тұрмай, жоғарыда айтылғандай отырып:
а) Аттахияту, Аллаһумма салли, Аллаһумма барик, Раббана атина- дұғаларын оқиды. Кейін алдымен оң иыққа, сонан соң сол иыққа «Ассаламу алейкум уә рахматуллаһ» деп сәлем берумен намазын аяқтайды.
б) Сәлем бергеннен соң «Аллаһуммә әнтәс-сәлам уә минкас-сәлам табаракта я зәл жәлали уәл икрам»– деп сөйлеместен таң намазының парызын оқу үшiн орнынан тұрады. Өйткенi сүннет пен парыз намазының арасында сөйлеу намазды бұзбаса да сауабын азайтады.
Намаздан кейін үш рет «Астағфируллаһ» дегеннен соң «Аятул курси» және отыз үш тәсбих (субханаллаһ), отыз үш тахмид (әлхамдүлиллаһ), отыз үш тәкбiр (Аллаһу әкбар) және бiр тахлил (Ла илаһә илләллаһу уаһдаһу ла шәрикә лаһ. Лаһул мүлкү уә лаһул хамду уа һуа ала кулли шайин қадир) оқылады. Бұларды әр кім өзі есітетіндей жай дауыспен оқиды. Дауыс шығарып оқу бидғат болады.
Соңынан дұға етiледi. Дұғада ер кісілер қолдарын көкірек тұсына паралелл қылып көтереді. Шынтақтар бүгілмей алдына қарай созылады. Алақан іші көкке қаратылады. Өйткені намаздың қыбласы Қағба болғанындай, дұғаның қыбласы да аспан. Дұғадан соң «Субхана раббика…» аяты оқылып қолдармен бет сипалады.
Төрт рәкат парыз және сүннет намаздардың екiншi рәкатында аттахияту оқылып үшiншi рәкатқа тұрады. Сүннет намаздардың үшiншi және төртiншi рәкатында Фатихадан соң зәм сүре оқылады. Парыз намаздардың үшiншi және төртiншi рәкатында зәм сүре оқылмай, тек Фатиха оқылады. Ақшам намазының парызының үшiншi рәкатында да зәм сүре оқылмайды. Ал, үтiр намазының үшiншi рәкатында Фатихадан соң зәм сүре оқылып «Аллаһу әкбар» деп құлақ қағып «Құныт» дұғалары оқылады. Ғайри мүәккәд сүннеттерде, яғни екінті және құптан намазының алғашқы төрт рәкат сүннеттері басқа төрт рәкатты сүннеттер сияқты оқылады. Тек бұлардың екiншi рәкатында отырып Аттахиятудан соң Салли-барик дұғалары да оқылады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024