Ең үлкен екі күнә

Сұрақ: Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Титімдей тәкәппарлығы бар адам жәннатқа кіре алмайды» және «Бидғатшы менен емес, олармен күресу кәпірлерге қарсы күресу сияқты» деген. Тәкәппарлық пен бидғат неліктен осыншалықты үлкен күнә саналған?

Жауап: Имам Ғазали хазреттері айтқан: «Ұлылық тек Аллаһу та'алаға тән. Пенденің тәкәппарлануы бір құлдың патшаның тәжін басына тағып, оның тағына отырып, бұйрық беруіне ұқсайды. Патшаның әмірін орындамау мен оның патшалығын иелену, оның тағына отырып, бұйрықтар беру арасында әрине үлкен айырмашылық бар. Тәкәппарлану да Аллаһтың әмірін орындамау сияқты күнә емес, тікелей тәңір болуға кірісудей үлкен қылмыс болады.

Аллаһу та'ала ілім, құдірет сияқты сипаттарынан құлдарына аз болса да берген. Бірақ үш сипаты тек өзіне ғана тән. Бұлар: кибрийа (тәкәппарлық), ғани және жарату сипаттары. Бұл үш сипаты ешкімге берілмеген. Кибрийа – ұлылық, үстемдік деген сөз. Сондықтан да тәкәппарлану Раббымыздың хаққына көз тігу болады. Аллаһу та'ала бүкіл күнәларға сипаттарымен дұшпан болса, тәкәппарлыққа затымен дұшпан.

Бидғат неліктен үлкен күнә? Күнә істеген адам Аллаһтың әміріне қарсы келген болады. Бірақ бидғатшы ниеті қаншалықты жақсы болса да, Аллаһ білдірген үкімдерді ұнатпаған, жаңа үкімдер енгізуге, тікелей діннің иесі болуға тырысқан болады. Бұл да тікелей тәңір болу деген мағынаны береді. Бидғаттың қаншалықты жаман нәрсе, қаншалықты үлкен күнә екенін осыдан түсіну керек. Осы себептен пайғамбарымыз алейһиссалам «Бидғатшы менен емес. Оларға қарсы күресу кәпірлермен күресу сияқты маңызды» деген. (Дәйләми)

Имам Раббани хазреттері айтқан: «Жасаған өзгерістермен (бидғаттармен) діннің нұқсандығын толықтырдым дегендер пайда болды. Алайда дін нұқсан емес. Оны нұқсан деп санап, (бидғатпен) толықтыруға тырысу «Діндеріңді толық қылдым» аятын жоққа шығару болады.» (1/260)

Ғибадаттарға бір нәрсе қосу «Йа, Раббым, Сен кем қылып қалдырған дініңді біз толықтыруға тырысып жатырмыз» деп айту сияқты өте қауіпті нәрсе болады. Осы тұрғыдан намаз, азан сияқты ғибадаттарға бидғат араластырмау керек, мысалы микрофон бидғатын кіргізбеу керек. Әдеттерде бидғат күнә емес, ғибадаттардағысы үлкен күнә. Ғибадаттардың қалай орындалатынын дініміз білдірген, оны өзгерту өте қауіпті.