Сұрақ: Аллаһты, Расулуллаһты, ғалымдарды және бір адамды тану қалай болады?
Жауап: Тану дегеніміз тек қана есімін есту дегенді білдірмейді. Бірнеше мысал келтірейік:
1) Аллаһу та'аланы тану үшін есімдері және сипаттарымен бірге Оған иман келтіру, әмірлері мен тыйымдарын қабылдап, қолынан келгенше бағынуға тырысу, Оны жақсы көру және білдіргеніндей Одан қорқу, сүйгендерін Оның разылығы үшін жақсы көру, сүймегендерін де Оның разылығы үшін жақсы көрмеу керек.
2) Расулуллаһ алейһиссаламды тану үшін Аллаһу та'аланың соңғы пайғамбары екеніне және хабар берген нәрселердің бәрінің дұрыс екеніне сену, Оны қатты жақсы көру, білдірген дінімізге қатысты әмірлері мен тыйымдарын қабылдап, мойынсұнуға тырысу керек.
3) Ғалымды тану үшін әуелі шынайы Ислам ғалымы екенін анықтау қажет. Ижазаты (дипломы) және Расулуллаһқа дейін жететін шежіресі бар болған ғалым және әулие кісі екенін аңғарғаннан кейін Расулуллаһтың мұрагері екеніне сену, оны жақсы көру, кітаптарында білдіргендерін қабылдап, бағыну керек. Егер осыларды істемесек, ол ғалымды таныған болмаймыз.
Ал ғалымның кітабын тану – ол кітапты оқу, ішіндегі білімдерді ұғынып, солармен амал ету деген сөз. Оқымасақ немесе оқысақ та ішіндегі білімдермен амал етпейтін болсақ, ол кітапты таныған болмаймыз.
4) Бір адамды тану бет-әлпетін, түрін білу деген сөз емес. Салих па, фасық (күнәхар) па? Мінезі жақсы ма, жаман ба? Жомарт па, сараң ба? Жалқау ма, еңбекқор ма? Ғалым ба, надан ба? Қайырымшыл ма, рақымды ма? Сөз тасиды ма? Өтірікші ме? Сыр сақтайды ма? Осы сияқты қасиеттерін білмегенше ол адамды таныған болмаймыз.
Бір ғалым оны мақтаған адамға былай деген:
«Мені неліктен мақтап жатырсың? Ашуланған кезімде мені сынап, сабырлы екенімді көрдің бе? Менімен жолаушы болып, жақсы адам екенімді байқадың ба? Маған бір аманат тапсырып, мен оны сақтадым ба? Білмегеніңе қарамастан мені мақтауың дұрыс емес.»
Хазреті Омар куәлік еткен біреуге: «Сені танитын бір адам алып кел» деді. Сол жақтағы біреу «Мен оны танимын» деп ортаға шықты. Хазреті Омар «Оны қандай адам деп білесің?» деп сұрағанында, әлгі адам: «Сенімді және әділ адам деп танимын» деп жауаптады. Хазреті Омар: «Ол сенің жақын көршің бе? Күндіз-түні не істеп жүргенін білесің бе? Оның мінезінің қандай екенін білетіндей онымен ұзақ сапарға шықтың ба?» дегендей сұрақтар қойды. Әлгі адам бәріне «Жоқ» деп жауап бергенде: «Сен оны танымайсың» деді.
Бір адамды жақсы тани алу үшін мына бес нәрсе ерекше маңызды:
1) Ол адаммен бірнеше рет сауда жасау керек, араға ақша араласу қажет. Ақшаға мән беретіні немесе мән бермейтіні аңғарылу керек. Ақша үшін бізді сатады ма, жоқ па, осыны білу керек. Ақша сұрағанда әмиянын дереу алдымызға тастайды ма, әлде ақша бермеу үшін түрлі сылтаулар іздейді ме? «Сенің затың сеніңкі, менің затым меніңкі» дейді ме? Немесе «Сенің затың да меніңкі, менің затым онсыз да меніңкі» дейді ме? Әлде «Ақша деген не, менің затым да сеніңкі, сенің затың да сеніңкі» дейді ме?
2) Бірнеше рет бірге жолаушы болу керек, сапарда өз жүгін бізге тасытқызады ма, әлде біздің жүгімізді де өзі тасиды ма? Біз үшін қандай қиындықтарға төтеп бере алады?
3) Ашулы және қалыпты кезінде жағдайы өзгереді ме? Ашуланғанда ынсап пен әділдіктен айрылады ма? Ашулануы дүниелік үшін бе, ахирет үшін бе?
4) Бірнеше рет онымен бірге тамақ жеу керек, тамақта өзін ойлайды ма, әлде бізді ойлайды ма? Тамақ пен жемістердің жақсыларын таңдайды ма? Әлде біздің жақсылап тоюымыз үшін өзі жеп жатқандай көрінеді ме?
5) Аллаһтың разылығын барлық нәрсенің үстінде деп санайды ма? Аллаһ жолында мал-жанын бере алады ма? Намаздарында кемшілік байқалады ма?
Міне, осылайша ол адам жайлы жеткілікті мәлімет алған, оны таныған боламыз.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024