Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Мүмин үшін әр күннің соңында екі хабар болады, бірі жақсы, бірі жаман. Жаман болғаны – өмірі бір күнге қысқарды. Жақсы болғаны – бір күн ахиретке жақындады. Ұлы Раббына, сүйікті пайғамбарына және мүбәрәк ұстаздарына, жәннаттағы орнына қауышуға тағы бір күнге жақындаған болды. Бір жағынан жоғалтқан болса, бір жағынан жақындауда.
Маңызды болғаны – соңы. Бір адам өмірінің басында барлық жамандықтан қашуы мүмкін, түрлі жақсылықтар жасауы мүмкін, бірақ соңғы сәтінде, Құдай сақтасын, күпірге түсіретін бір нәрсе істеп қойып пәлекетке түсіп қалуы да мүмкін. Сүйікті пайғамбарымыз айтқан:
«Бір мүмин өмір бойы жәннаттық іс-әрекеттер, жәннаттық амалдар жасайды және жәннатқа кіруіне бір зра, яғни 40-50 см қалады. Сол сәтте бір қате іс жасап, тозаққа кетеді. Бір кәпір 80 жыл бойы күпірлікпен өмір сүреді. Оның тозаққа кіруіне бір зра қалады. Ол бір калима-и шаһадат айтып, тәубе етеді, ешбір күнәсіз жәннатқа кіреді.»
Бір хадис шәрифте: «Яһудилердің ең қайырлысы – Михриқ» делінген. Бұл Михриқ деген кім? Ол 80-90 жастардағы бір кәрі яһуди. Пайғамбарымыз алейһиссалам сахабаларымен бірге соғысқа кетіп бара жатқанында осы қарт яһуди алдынан шығып сұрайды:
- Тоқташы, сен кімсің?
- Мен Мұхаммедпін (алейһиссалату уәссәләм).
- Әлгі ақыр заман пайғамбары дегені сен бе?
- Иә, мен.
- О Аллаһ, мұндай жылы жүзді адам өтірік айта алмайды. Сен шынымен де пайғамбарсың.
- Олай болса калима-и шаһадат айтуыңыз керек.
Қарт дереу айтады:
- Әшһәду ән лә илаһа иллаллаһ уә әшһәду әнна Мухаммадән абдуһу уә расулуһу.
Кейін сұрайды:
- Йа, Расулаллаһ, қазір қайда кетіп бара жатсың?
- Жиһадқа бара жатырмын.
- Рұқсат бер, мен де қосылып, Аллаһ жолында соғысайын.
- Сіз өте кәрісіз, соғысатын шамаңыз жоқ, осында қалып, бізге дұға етіңіз! Бізге осы да жеткілікті.
- Йа, Расулуллаһ, рұқсат бер, мен де қалып кетпейін...
Сөйтіп, сүйікті пайғамбарымыз рұқсат берді, қарт сапқа қосылды. Жарты сағатқа жетпей соғыс басталып кетті, алғашқы оқпен жараланды да, сол жерде қайтыс болды. Мұсылман болды, сахаба болды, шәһид болды. Ораза да ұстамады, қажылыққа да бармады, намаз да оқымады, ештеңе істемеді. Бір сағаттан кейін пайғамбарымыз ол туралы жоғарыдағы хадис шәрифті айтты. Өйткені ол күнәсіз, айыпсыз кетті!
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024