-5-
МҰХАММЕД АЛЕЙҺИССАЛАМНЫҢ ІЗГІЛІКТЕРІ
Мұхаммед алейһиссаламның ізгіліктерін баяндаған жүздеген кітаптар бар. Ізгілік – үстемдік деген сөз.
Үстемдіктерінің 86-сы төменде баяндалған:
1) Махлұқтардың (жаратылыстардың) ішінде ең алғаш Мұхаммед алейһиссаламның рухы жаратылған.
2) Аллаһу та’ала Оның есімін Аршқа, жәннаттарға және жеті қабат көкке жазған.
3) Үндістанда өсіп шыққан бір гүлдің жапырақтарында «Лә илаһә иллаллаһ Мұхаммадун Расулуллаһ» деп жазылған.
4) Басра қаласына жақын орналасқан бір өзеннен ұсталған балықтың оң жағына Аллаһ, сол жағына Мұхаммед (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) деп жазылғаны байқалған. Осыған ұқсайтын оқиғалар өте көп. 1975 жылы Лондонда басылған «A History of Fishes» кітабының 200-бетінде құйрығына Құран кәрім әріптерімен «Шануллаһ» деп жазылған балықтың суреті бар. Берілген мәлімет бойынша құйрықтың екінші жағында «Лә илаһә иллаллаһ» деп жазылғаны айтылады. Осындай мысалдар өте көп.
5) Аспандарда Мұхаммед алейһиссаламның есімін айтудан басқа міндеті болмаған періштелер бар.
6) Періштелерге Адам алейһиссаламға сәжде етудің бұйырылуы оның маңдайында Мұхаммед алейһиссаламның нұры бар болғаны үшін еді.
7) Адам алейһиссаламның заманында намаз алдында оқылатын азанда Мұхаммед алейһиссаламның есімі де айтылатын.
8) Аллаһу та’ала бүкіл пайғамбарларға: «Мұхаммед алейһиссалам сендердің кезеңдеріңде пайғамбар болса, оған иман келтіруді үмбеттеріңе де әмір етіңдер!» деп бұйырған.
9) Тәуратта, Інжілде және Забурда Мұхаммед алейһиссалам мен оның төрт халифасы, сахабалары және үмбетінен кейбірлері көркем сипаттармен білдіріліп, мадақталған. Аллаһу та’ала өзінің Махмуд деген есімінен Мұхаммед сөзін шығарып, сүйіктісіне есім ретінде таққан. Аллаһу та’ала өз есімдерінен Рауф және Рахим деген есімдерді де сүйіктісіне берген.
10) Дүниеге келген кезде періштелер тарапынан сүндеттелген.
11) Дүниеге келетін кезінде үлкен белгілер байқалған. Бұлар тарих және мәуліт кітаптарында жазулы.
12) Дүниеге келгенінде шайтандар көкке шыға алмайтын, періштелерден хабар ала алмайтын болды.
13) Дүниеге келген кезінде жер бетіндегі бүкіл пұттар, мүсіндер өздігінен құлап, қирады.
14) Бесігін періштелер тербететін еді.
15) Бесікте жатып, аспандағы аймен сөйлесетін. Ай мүбәрәк саусағымен белгі берген жағына қарай иілетін.
16) Бесікте сөйлей бастады.
17) Бала кезінде далада жүргенде басының үстінде бір бұлт та бірге жүріп, көлеңке жасайтын. Бұл жағдай пайғамбарлығы басталғанға дейін жалғасты.
18) Үш жасында және қырық жасында пайғамбарлығы білдірілген кезде және елу екі жасында миғражға көтерілерде періштелер көкірегін жарып, жәннаттан алып келген леген ішінде жәннат суымен жүрегін жуды.
19) Әр пайғамбардың оң қолының үстінде пайғамбарлық мөрі болған. Ал Мұхаммед алейһиссаламның арқасында, сол жауырынында жүрегінің тұсында болған. Жәбірейіл алейһиссалам жүрегін жуып, көкірегін жапқан кезде жәннаттан алып келген мөрмен арқасын мөрлеген еді.
20) Алдындағыларды қалай көретін болса, артындағыларды да солай көретін.
21) Жарықта қалай көрген болса, қараңғыда да солай көре алатын.
22) Торпақ шоқжұлдызының жанындағы Сураййадеген үйіржұлдыз шоғырындағы жеті жұлдызды көзімен көріп, санын айтқан. Бұл үйіржұлдыз шоғыры «Парвин» және «Үркер» деп те аталады.
23) Түкірігі ащы суларды тұщыға айналдырды. Ауруларға шипа болды. Сәбилерге сүт сияқты тамақ болды.
24) Көздері ұйқыда болған кезде мүбәрәк жүрегі ояу болатын. Барлық пайғамбарлар да (алейһимуссалауату уәттәслимат) осындай еді.
25) Өмірінде мүлдем есінемеген. Барлық пайғамбарлар да (алейһимуссалауату уәттәслимат) осындай еді.
26) Мүбәрәк терінен гүлдей хош иіс шығатын. Бір кедей адам қызын тұрмысқа берерде Одан көмек сұрады. Оның сол сәтте беретін ештеңесі жоқ еді. Кішкентай шыны ыдысқа тер тамшыларын жинап берді. Ол қыз мұны бетіне, басына жаққанда үйіне хош иіс тарайтын. Ол қыздың үйінің «хош иісті үй» деп аты шықты.
27) Орта бойлы болса да, ұзын адамдардың қасында олардан биік болып көрінетін.
28) Күн мен айдың жарығында жүргенде көлеңкесі жерге түспейтін.
29) Үстіне шыбын, маса сияқты жәндіктер қонбайтын.
30) Киімдерін қанша кисе де, еш кірлемейтін.
31) Жүрген кезде артынан періштелер еріп жүретін. Осы себептен сахабаларын (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин) алдына шығарып «Артымды періштелерге қалдырыңдар» дейтін.
32) Тастың үстіне басқан кезде таста аяғының ізі қалатын. Құмның үстінде жүргенде ешқандай із қалмайтын. Тегіс жерде дәрет сындырған кезінде жер жарылып, зәрі топырақтың ішінде қалатын. Ол жерден айналаға хош иістер жайылатын. Барлық пайғамбарлар да осындай еді.
33) Қан алдырған кезде қанын ішкендер болды. Мұны естігенде «Жаһаннам оты оны жақпайды» деді.
34) Үлкен мұғжисының бірі – миғражға шығуы. Бұрақ (Пырақ) деген жәннат жануарымен Меккеден Құдысқа апарылды. Ол жерден аспанға және Аршқа көтерілді. Оған таңғажайып нәрселер көрсетілді. Аллаһу та’аланы өз көзімен біз түсінбейтіндей түрде көрді. [Бірақ бұл көру заттық әлемнің тысында, яғни ахирет әлемінде жүзеге асты.] Бір сәтте қайтадан үйіне әкелінді. Миғраж мұғжизасы басқа ешбір пайғамбарға берілген жоқ.
35) Оған өмірінде бір рет салауат пен сәлем оқу үмбетіне парыз болды. Аллаһу та’ала мен періштелер де Оған салауат және сәлем айтуда.
36) Адамдар мен періштелердің ішінде ең көп ілім Оған берілді. Үмми болса да, яғни ешкімнен ештеңе үйренбесе де, Аллаһу та’ала Оған барлық нәрсені білдірген. Адам алейһиссаламға барлық нәрсенің атауы білдірілгені сияқты, Оған да барлық нәрсенің атауы мен ілімі білдірілген.
37) Үмбетінің есімдері және араларында болатын нәрселердің барлығы Оған білдірілді.
38) Ақылы бүкіл адамзаттың ақылынан көп.
39) Адамдарда болуы мүмкін болған барлық жақсы қасиеттер Оған берілген. Ұлы ақын Омар бин Фаридқа «Расулуллаһты неге мадақтамадың?» деп сұралғанда «Оны мадақтауға шамам жетпейтінін түсіндім. Оны мадақтайтын сөз таба алмадым» деген.
40) Калима-м шаһадатта, азанда, қаматта, намаздағы тәшәһһудте, көптеген дұғаларда, кейбір ғибадаттарда және хұтбаларда, насихат айтуда, қиын кезеңдерде, қабірде, махшарда, жәннатта және барлық жаратылыстың тілінде Аллаһу та’ала Оның есімін өзінің есімінің қасына қойған.
41) Ең үлкен үстемдігі – Оның Хабибуллаһ болуы. Аллаһу та’ала Оны өзінің сүйіктісі, досы еткен. Оны барлық адамнан, барлық періштеден артық жақсы көрген. Аллаһу та’ала хадис құдсиде: «Ибраһимді Халил етсем, сені өзіме Хабиб еттім» деген.
42) «Саған разы болғаныңша (жеткілікті дегенге дейін) барлық тілегеніңді беремін» деген мағынадағы Духа сүресінің 5-аяти каримасы Аллаһу та’аланың пайғамбарына (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) барлық ілімдерді, барлық үстемдіктерді, Ислам үкімдерін, дұшпандарына қарсы көмек пен жеңіс, үмбетіне жеңістер, қияметте әртүрлі шапағат ихсан ететінін уәде етуде. Бұл аяти карима түскен кезде Жәбірейіл алейһиссаламға қарап: «Үмбетімнен бір адамның да тозақта қалуына разы болмаймын» деді.
43) Түнде, ояу кезде, ұйқыда, жалғыз кезде, көпшілікпен болған кезде, жолда, үйде, соғыста, күлгенде, жылағанда мүбәрәк жүрегі әрдайым Аллаһу та’аламен бірге болатын. Кей кездері тек Аллаһу та’аламен бірге болатын. Дүниедегі міндеттерін атқара алу және мүбәрәк жүрегін адамзат әлеміне қарату үшін әйелі Айшаның (радиаллаһу анһа) жанына келіп: «Ей, Айша, біраз менімен сөйлес (өзіме келейін)» дейтін, содан кейін сахабаларына насихат айтуға баратын. Таң намазының сүннетін үйінде оқып, Айшамен (радиаллаһу анһа) біраз сөйлескеннен кейін сахабаларға парыз намазды оқыту үшін мешітке баратын. Бұл жағдай пайғамбарлыққа тән жағдай болатын. Аишамен (радиаллаһу анһа) сөйлеспей сыртқа шыққанда еді, илаһи тәжәллилер мен нұрлары үшін жүзіне ешкім қарай алмас еді.
44) Аллаһу та’ала Құран кәрімде барлық пайғамбарды (алейһимуссалауату уәттәслимат) есімімен білдірген. Ал Мұхаммед алейһиссаламды «Ей, Расулым, ей, пайғамбарым» деп, Оны ұлықтайтын сипаттарымен білдірген.
45) Өте анық, оңай түсінілетіндей сөйлейтін. Араб тілінің барлық диалектісімен сөйлей алатын. Әр жерден келген адамдардың сұрақтарына солардың тілімен жауап беретін. Естігендер таң қалатын. «Аллаһу та’ала мені өте жақсы жетілдірді» дейтін.
46) Аз сөзбен көп нәрсе түсіндіретін. Жүз мыңнан астам хадис шәрифі Оның «Жәуами-ул кәлим» екенін көрсетеді. Кейбір ғалымдардың айтуынша, Мұхаммед алейһиссалам Ислам дінінің төрт негізін төрт хадис шәрифпен білдірген. Олар:
«Амалдар ниеттерге қарай бағаланады»,
«Халал да айқын, харам да айқын»,
«Даугердің куә көрсетуі және айыпкердің ант етуі қажет»,
«Адам өзіне қалаған нәрсесін дін бауыры үшін де қаламағанша, иманы толық болмайды».
Бұл төрт хадис шәрифтің біріншісі ғибадат білімдерінің, екіншісі қарым-қатынас білімдерінің, үшіншісі әділет пен саясат білімдерінің, ал төртіншісі әдеп-ахлақ білімдерінің негізі болып табылады.
47) Мұхаммед алейһиссалам бейкүнә еді. Біліп және білмей, үлкен және кіші, қырық жасына дейін де, одан кейін де ешқандай күнә істемеген. Ешқандай жаман әрекеттері байқалмаған.
48) Мұсылмандардың намазда отырғанда «Әссәләму аләйка әййуһәннәбийу уә рахмәтуллаһи» деп оқып Мұхаммед алейһиссаламға сәлем беруі әмір етілді. Намазда басқа пайғамбарға және періштеге қарата сөйлеу жаиз (рұқсат) болмады.
49) Атақ-даңқты, билікті қаламаған, пайғамбарлықты, кедейлікті тілеген. Бір күні таңертең Жәбірейіл алейһиссаламмен сөйлесіп отырғанда «Бұл түні үйімізде жейтін еш азығымыз жоқ еді» деді. Сол сәтте Исрафил алейһиссалам келіп «Аллаһу та’ала айтқаныңды естіп, мені жіберді. Қаласаң қолың тиген әрбір тас алтын болады, күміс болады, гауһар болады. Қаласаң патша болып пайғамбарлық жаса» деді. Расулуллаһ үш рет «Құл ретінде пайғамбар болғым келеді» деді.
50) Басқа пайғамбарлар (алейһимуссалауату уәттәслимат) белгілі бір уақытта, белгілі бір елге пайғамбар болды. Ал Мұхаммед алейһиссалам жер бетіндегі барша адамзат пен жындарға қияметке дейін пайғамбар болып жіберілген. Періштелердің де, жануарлардың да, өсімдіктердің де, жансыз заттардың да, қысқасы барлық жаратылыстың пайғамбары екенін айтқан ғалымдар да бар.
51) Барлық болмыстарға мейірімі, пайдасы тиген. Мүминдерге тигізген пайдасы белгілі. Басқа пайғамбарлардың (алейһимуссалауату уәттәслимат) заманындағы кәпірлерге дүниеде азаптар беріліп, жойылатын еді. Пайғамбарымызға иман келтірмегендерге дүниеде азап берілмеді. Бір күні Жәбірейіл алейһиссаламнан: «Аллаһу та’ала менің әлемдерге мейірім екенімді білдірді. Менің мейірімім саған да нәсіп болды ма?» деп сұрады. Жәбірейіл алейһиссалам: «Аллаһтың ұлылығы, үрей салуы себебінен соңымның не болатынын ойлап, үнемі қорқып жүрдім. Саламатта екенімді білдірген аяттарды [Тәкуир сүресіндегі 20-21 аяттары] әкелгеннен кейін бұл мақтаумен үрейлі қорқыныштан құтылдым, сенімді болдым. Бұдан артық мейірім болады ма?» деді.
52) Аллаһу та’ала Мұхаммед алейһиссаламның разы болуын қалаған. [42-ші ізгілікте білдіргеніміздей, Аллаһу та'ала Ол разы болғанға дейін қалағанын береді. Бұл жайт Духа сүресінде білдірілген.]
53) Басқа пайғамбарлар кәпірлердің жапқан жалаларына өздері жауап берген. Ал Мұхаммед алейһиссаламға тағылған жалаларға Аллаһу та’ала жауап беріп, Оны қорғаған.
54) Мұхаммед алейһиссаламның үмбетінің саны басқа барлық пайғамбарлардың (алейһимуссалауату уәттәслимат) үмбеттерінің қосындысынан да көп. Олардан үстем және қадірлірек. Жәннатқа кіретіндердің үштен екісі осы үмбеттен болатынын хадис шәрифтерде білдірілген.
55) «Мәуаһиб-и ләдуннийа»-да жазылған «Үмбетімнің қате істе бірікпеулерін Раббымнан тіледім. Қабыл етті» хадис шәрифі мәшһүр. Басқа бір хадис шәрифте: «Аллаһу та’ала сендерді үш нәрседен қорғаған. Бұлардың бірі, адасушылықта бірігуден қорғаған. Екіншісі, жұқпалы аурудан өлген адам шәһидтік сауабын алады. Үшіншісі, екі салих мұсылман бір мұсылман туралы жақсы адам деп куәлік етсе, ол мұсылман жәннатқа кіреді» делінген. Бір хадис шәрифте: «Сахабаларымның келіспеушілігі сендер үшін рахмет (мейірім)» және «Үмбетімнің келіспеушілігі [амалда мазһабтарға бөлінуі] рахмет (мейірім)» делінген. Оның үмбеті ақиқатты, дұрысты табуға тырысқан кезде келіспеушілікке түседі. Ал бұл еңбектері рахметке себеп болады. Бұл хадис шәрифке екі түрлі адам қарсы келген. Бірі мажин, екіншісі мүлхид. Мажин – дінді дүниелік пайда үшін құрал ететін айлакер адам. Мүлхид – аяттардан дүниелік пайдаларына қарай мағына шығырып, кәпір болған адасушы. Яхия бин Са’д айтады: «Ислам ғалымдары – оңайлатушылар. Бір амалға бірі халал десе, екіншісі харам деген. Салих адамдар үшін халал дегендеріне бүлік кезінде харам деген.»
Жоғарыдағы хадис шәрифтердің көрсеткені, «Ижма-и үммет», яғни мүжтәһид деп аталатын ғалымдардың сөз бірлігі «Әдиллә-и шәрийа»-дан саналады. Яғни діни білімдердің төрт қайнарының бірі және төрт мазһаб хақ. Мазһабтар – мұсылмандар үшін Аллаһу та’аланың мейірімі.
56) Расулуллаһқа берілетін сауаптар басқа пайғамбарларға берілетін сауаптардан әлдеқайда көп. Қабыл болған ғибадат және қайырлы амал істеген адамға берілетін сауап оның ұстазына да беріледі. Ұстазының ұстазына 4 есе, оның ұстазына 8 есе, оның ұстазына 16 есе артып, Расулуллаһқа дейін әр ұстазға шәкіртінен екі есе артық сауап жазылады. Мысалы, жиырмасыншы ұстазына 524288 сауап беріледі. Мұхаммед алейһиссаламға үмбетінің әрбір ісінен сауап жазылады. Мұхаммед алейһиссаламға әрбір ісінен берілетін сауаптардың саны осы есеппен саналатын болса, оның жалпы санын Аллаһу та’аладан басқа ешкім білмейді. Сәләф-и салихиннің кейіннен келгендерден абзал, үстем екені білдірілді. Сауап саны тұрғысынан бұл үстемдік анық.
57) Оны есімімен шақыру, қасында дауысын көтеріп сөйлеу, алыстан Оған айқайлап сөйлеу, жолда алдын кесіп өту харам етілген. Басқа пайғамбарлардың (алейһимуссалауату уәттәслимат) үмбеттері оларды өз есімдерімен шақыратын еді.
58) Исрафил алейһиссалам да Мұхаммед алейһиссаламға көп келген. Басқа пайғамбарларға (алейһимуссалауату уәттәслимат) тек Жәбірейіл алейһиссалам ғана келген.
59) Жәбірейіл алейһиссаламды періште кейіпінде екі рет көрген. Басқа ешбір пайғамбарға (алейһимуссалауату уәттәслимат) періште кейіпінде көрінбеген.
60) Оған Жәбірейіл алейһиссалам 24 мың рет келген. Басқа пайғамбарлардан (алейһимуссалауату уәттәслимат) ең көп Мұса алейһиссаламға 400 рет келген.
61) Аллаһу та’алаға Мұхаммед алейһиссаламның атымен ант ету жаиз (рұқсат), басқа пайғамбарлар мен періштелердің атымен ант ету жаиз емес.
62) Мұхаммед алейһиссаламнан кейін Оның құрметті әйелдерін (радиаллаһу та’ала анһуннә) өзгелермен некелесуі харам етілген, осы тұрғыдан мүминдердің аналары екендігі білдірілген.
Басқа пайғамбарлардың (алейһимуссалауату уәттәслимат) әйелдері өздеріне не зиян келтірген, не пайдасыз болған. Ал Мұхаммед алейһиссаламның мүбәрәк әйелдері (радиаллаһу та’ала анһуннә) дүние мен ахирет істерінде Оған жәрдемші болған, кедейлікке сабыр еткен, шүкіршілік жасаған және Ислам дінін таратуда үлкен қызметі тиген.
63) Расулуллаһтың мүбәрәк қыздары мен әйелдері (радиаллаһу та’ала анһуннә) дүниедегі әйелдердің ең үстемдері болып табылады. Сахабаларының да барлығы пайғамбарлардан басқа бүкіл адамдардың ең үстемдері. Қалалары Мекке мен Мәдина – жер бетінің ең қадірлі жерлері. Мешітінде оқылған бір рекат намазға мың рекаттың сауабы жазылады. Басқа ғибадаттар үшін де осылай. Қабірі мен мінберінің арасы жәннат бақшасы болып табылады. «Өлімімнен кейін менің қабірімді зиярат еткен адам мені тірі кезімде көргендей болады. Харамәйннің бірінде қайтыс болған мүмин қиямет күні саламатта тіріледі» деді. Мекке мен Мәдина қалаларына «Харамәйн» делінеді.
64) Тегі мен себеп жағынан, яғни қан мен неке тарапынан болған туыстықтың ахиретте ешқандай пайдасы болмайды. Ал Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) туыстары бұдан бөлек.
65) Барлық адамның ұрпағы ұлынан тарайды. Ал Мұхаммед алейһиссаламның ұрпағы қызы Фатимадан тарайды. Бұл жағдай хадис шәрифпен білдірілген.
66) Оның мүбәрәк есімімен аталған шынайы мүминдер тозаққа кірмейді.
67) Оның әрбір сөзі, әрбір ісі дұрыс. Әрбір ижтиһады Аллаһу та’ала тарапынан дұрысталған.
68) Оны жақсы көру баршаға парыз. «Аллаһу та’аланы жақсы көрген адам мені жақсы көреді» деген. Оны жақсы көрудің белгісі – дініне, жолына, сүннетіне және ахлақына бойсұну. Құран кәрімде: «Маған бағынсаңдар, Аллаһу та’ала сендерді жақсы көреді» деп айтуы бұйырылды.
69) Оның Әһли бәйтін, яғни отбасын (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин)жақсы көру уәжіп. «Әһли бәйтіме дұшпандық жасаған адам – мұнафиқ» деген. Әһли бәйт – зекет алуы харам болған туыстары. Олар: әйелдері және атасы Хашимның тегінен тараған мүминдер, яғни Әлидің, Уқайлдің, Жафар Таййардың және Аббастың тегінен тарағандар.
70) Сахабаларының барлығын (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин) жақсы көру уәжіп. «Менен кейін сахабаларыма дұшпандық жасамаңдар! Оларды жақсы көру – мені жақсы көру деген сөз. Оларға дұшпан болу – маған дұшпан болу дегенді білдіреді. Оларды ренжіткендер мені ренжіткен болады. Ал мені ренжіткен адам Аллаһу та’аланы ренжітеді. Аллаһу та’ала өзін ренжіткен адамды азаптайды» деген.
71) Аллаһу та’ала Мұхаммед алейһиссаламға аспанда екі және жерде екі көмекші жаратқан. Олар Жәбірейіл, Микаил және Әбу Бәкір мен Омар (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин).
72) Әр адамның жындар тайпасынан бір досы болады. Бұл шайтан – кәпір. Ол, кісіге уәсуәса беріп, иманын алуға, күнә істетуге тырысады. Расул алейһиссалам досы болған жынды иманға келтірген.
73) Еркек-әйел, үлкен жаста қайтыс болған барлық адамнан қабірінде Мұхаммед алейһиссалам туралы сұралады. «Раббың кім?» деген сияқты «Пайғамбарың кім?» деп сұралады.
74) Мұхаммед алейһиссаламның хадис шәрифтерін оқу ғибадат болып табылады. Оқыған адамға сауап беріледі. Хадис шәриф оқу үшін дәрет алу, таза киіну, хош иіс себіну, хадис шәриф кітабын жоғарыға қою, оқып жатқан адамның сырттан келгендер үшін орнынан тұрмауы және тыңдаушылардың бір-бірімен сөйлеспеуі мүстаһаб. Хадис шәрифтерді тұрақты оқып жүретін адамдардың жүздері нұрлы, жарқын және әдемі болады. Құран кәрім оқыған кезде де осы әдептерді сақтау керек.
75) Расулуллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) қайтыс болатын кезінде Жәбірейіл алейһиссалам келіп, Аллаһу та’аладан сәлем әкеліп, хал-жағдайын сұрағанын айтты. Қайтыс болатынын білдірді. Өзі мен үмбеті үшін көптеген сүйіншілер жеткізді.
76) Мүбәрәк рухын алу үшін Әзірейіл алейһиссалам адам кейпінде келіп, ішке кіруге рұқсат сұрады.
77) Қабірінің ішіндегі топырақ барлық жерден, қағбадан [және жәннаттардан] абзал.
78) Ол қабірінде біз білмейтін бір өмірмен тірі. Қабірінде Құран кәрім оқиды, намаз оқиды. Барлық пайғамбарлар да (алейһимуссалауату уәттәслимат) осындай.
79) Әлемнің барлық жерінде Расулуллаһқа (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) салауат оқыған мұсылмандарды естіген періштелер қабіріне барып, хабар береді. Қабірін күнде мыңдаған періште зиярат етеді.
80) Үмбетінің амалдары мен ғибадаттары күнде таңертең және кешке Оған көрсетіледі. Бұларды жасағандарды да көреді. Күнә істегендердің кешірілуі үшін дұға етеді.
81) Қабірін зиярат ету әйелдерге де мүстаһаб. Ал басқа қабірлерді тек адам аз кезде зиярат етулері жаиз (рұқсат).
82) Тірі кезінде болғанындай, қайтыс болуынан кейін де әлемнің барлық жерінде, әрдайым Оны тәуәссул етушілердің, яғни Оның құрметі үшін тілек тілегендердің дұғасын Аллаһу та’ала қабыл етеді. Бір адам кесенесінің қасына барып: «Йа, Раббым! Құл азат етуді бұйырдың. Бұл сенің пайғамбарың. Мен де құлдарыңның бірімін. Пайғамбарыңның құрметі үшін мені тозақ отынан азат ет!» деді. «Ей, құлым! Неліктен жалғыз өзіңнің азат етілуіңді ғана сұрадың? Неге барлық құлдарымның азат етілуін сұрамадың? Кете бер! Сені тозақтан азат еттім» деген дауыс естілді.
Атақты әулиелердің бірі Хатим Әсам Расулуллаһтың кесенесінің қасында тұрып: «Йа, Раббым! Пайғамбарыңның қабірін зиярат еттім. Менің қолымды бос қайтарма!» деді. «Ей, құлым! Сүйіктімнің қабірін зиярат етуіңді қабыл еттім. Сені және сенімен бірге зиярат еткендерді кешірдім» деген дауыс естілді.
Имам Ахмед Қасталани (рахметуллаһи алейһ) айтады: «Бірнеше жыл бойы ауырдым. Дәрігерлер емін таба алмады. Меккеде бір түні Расулуллаһқа көп жалбарындым. Сол түні түсімде бір адамды көрдім. Қолындағы қағазда "Бұл жерде Ахмед Қасталанидің ауруына қарсы Расулуллаһтың рұқсатымен емі жазылған" деген жазуды оқыдым. Оянған кезімде ауруым толық жазылған еді.»
Қасталани тағы былай айтып берген: «Бір қыз қояншық ауруына шалдықты. Оның жазылуы үшін Расулуллаһқа көп жалбарындым. Түсімде бір адам қызды ауру қылған жынды маған алып келді. Мұны саған Расулуллаһ жіберді деді. Жынға айқаладым, ұрыстым. Қызды ренжітпеймін деп маған ант етті. Оянған кезімде қыздың қояншық ауруынан жазылғанынан хабар алдым.»
83) Қабірден бәрінен бұрын Расулуллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) тұрады. Үстінде жәннат киімі болады. Бұрақ (пырақ) үстінде махшар алаңына барады. Қолында «лива-ул-хамд» деген байрақ болады. Пайғамбарлар мен барлық адамдар осы байрақтың астында тұрады. Барлығы мың жыл күтуден қатты шаршайды. Халықтар алдымен Адам, кейін Нұх, кейін Ибраһим мен Мұса және Иса пайғамбарларға (алейһимуссалауату уәттәслимат) барып, есепке тартуды бастау үшін шапағат етулерін сұрайды. Әрбірі өз үзірлерін айтып, Аллаһу та’аладан ұялатындықтарын, қорқатындықтарын айтады, шапағат етпейді. Содан соң Расулуллаһқа барып жалбарынады. Ол сәжде жасап, дұға етеді және шапағаты қабыл болады. Әуелі Оның үмбеті есепке тартылады, алдымен Сыраттан өтеді және жәннатқа кіреді. Барған жерлерінің бәрін нұрландырады. Фатима (радиллаһу анһа) сыраттан өтетін кезде «Барлық адамдар көздерін жұмсын! Мұхаммед алейһиссаламның қызы келе жатыр» делінеді.
84) Бес жерде шапағат етеді.
Біріншісі, «Мақам-ы Махмуд» деген шапағатымен барша адамзатты махшарда күту азабынан құтқарады.
Екіншісі, шапағатымен көптеген адамды есепке тартылмастан жәннатқа кіргізеді.
Үшіншісі, күнәсі көп болған мүминдерді тозақтан шығарады.
Төртіншісі, сауабы мен күнәсі тең болып, «Араф» деген жерде күтіп тұрғандардың жәннатқа кірулеріне шапағат етеді.
Бесіншісі, жәннаттағылардың дәрежелерінің көтерілуіне шапағат етеді. Шапағатпен есепке тартылудан құтқарған 70 мың адамының әрқайсысының шапағаттарымен де 70 мың адам есепке тартылмай жәннатқа кіреді.
85) Хадис құдсиде: «Сен болмағанда, ештеңені жаратпас едім» делінген.
86) Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) жәннаттағы орны «Уәсилә» деп аталады. Бұл жер жәннаттың ең жоғары дәрежесі болып табылады. Жәннаттағы адамдардың бәріне бір-бір бұтағы жетіп тұратын «Сидрат-ул-мүнтәха» ағашының тамыры сол жерде. Жәннаттағыларға барлық ниғмет осы бұтақтар арқылы келеді.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024