Мұхаммед алейһиссаламның мұғжизалары

-4-

МҰХАММЕД АЛЕЙҺИССАЛАМНЫҢ МҰҒЖИЗАЛАРЫ

Төменде жазылғандар «Мират-и Каинат» атты кітаптан алынды. Бұл кітапта мұғжизалардың көбінің дереккөзі де білдірілген болса да, біз бұл дереккөздерді жазбадық. Сондай-ақ, мұғжизалардың көбін қысқартып жаздық.

Мұхаммед алейһиссаламның хақ пайғамбар екенін көрсететін дәлелдер өте көп. Аллаһу та’ала: «Сен болмасаң, ештеңені жаратпас едім» деді. Барлық болмыстар Аллаһу та’аланың бар екенін, бір екенін көрсетумен қатар, Мұхаммед алейһиссаламның хақ пайғамбар екенін және Оның үстемдігін де көрсетеді. Үмбетінің әулиелерінде пайда болған кереметтердің барлығы Оның мұғжизалары болып табылады. Өйткені, кереметтер Оған бағынған, Оның жолымен жүрген адамдарда пайда болады. Тіпті, бүкіл пайғамбарлар (алейһимуссалауату уәттәслимат) Оның үмбетінен болуды қалағандықтан, дұрысы, барлығы Оның нұрынан жаратылғандықтан, олардың мұғжизалары да Мұхаммед алейһиссаламның мұғжизалары болып саналады. Бұл сөзімізді Имам Бусайридің «Қасида-и Бурда» атты туындысы тамаша баяндаған.

Мұхаммед алейһиссаламның мұғжизалары уақыт тұрғысынан үшке бөлінеді:

Біріншісі, мүбәрәк рухы жаратылғаннан бастап, пайғамбарлығы білдірілген «бисәт» уақытына дейін болғандар.

Екіншісі, бисәттан бастап, қайтыс болғанға дейінгі уақыт аралығындағылар.

Үшіншісі, қайтыс болғаннан қияметке дейін болған және болатын нәрселер.

Бұлардың біріншісіне «Ирхас», яғни бастапқылар делінеді. Олардың әрқайсысы бөлек көріп немесе көрмей ақылмен түсінілетін мұғжизалар болып екіге бөлінеді. Осы мұғжизалардың көптігі соншалық, санау мүмкін болмаған. Екінші топтағы мұғжизалардың 3000 шамасында екендігі білдірілген. Олардың ішінен мәшһүр болған 86 мұғжизаны төменде білдіреміз.

1) Мұхаммед алейһиссаламның мұғжизаларының ең үлкені – Құран кәрім. Қазірге дейін келген бүкіл ақындар, әдебиетшілер Құран кәрімнің тәртібі мен мағынасына қайран болған. Тіпті бір аятының да ұқсасын айта алмаған. Қысқа айтушылығы мен ділмарлығы адам сөзіне ұқсамайды. Яғни, бір сөзі алынса немесе бір сөз қосылса, мағынасындағы әсемдік бұзылады. Бір сөзінің орнына басқа сөз қойғысы келгендер ондай сөз таба алмаған. Тәртібі араб ақындарының өлеңдеріне ұқсамайды. Бұрын болған және келешекте болатын түрлі жасырын нәрселер туралы хабар беруде. Оны оқығандар мен тыңдағандар Оның ләззатына еш тоймайды. Шаршаса да, жалықпайды. Оны оқу немесе тыңдау қиыншылықтарды кетіретіні сансыз тәжірибелермен байқалған. Тыңдаушылардың жүректерінде қорқу мен үрей түсіп, осыдан қайтыс болып кеткендер де кездескен. Қаншама азғын Ислам дұшпандары Құран кәрімді тыңдау арқылы жүректері жұмсарып, иман келтірген. Ислам дұшпандары және муаттала, мәлахида, қарамита атты мұсылман атанған дінсіздер арасынан Құран кәрімді өзгертуге, бұзуға және ұқсасын сөйлеуге тырысқан адамдар кездескен болса да, ешбірі мақсаттарына жете алмаған. Ал Тәурат пен Інжіл адамдар тарапынан әрдайым өзгертілген және әлі күнге дейін өзгертілуде. Бүкіл ғылым және тәжірибелермен табыла алмайтын жақсы нәрселер және көркем мінез, адамдарға үстемдік беретін қасиеттер және дүние мен ахирет бақытына жеткізетін жақсылықтар және бүкіл болмыстардың басы мен соңы жайлы мәліметтер және адамдарға пайдалы және зиянды нәрселердің барлығы Құран кәрімде айқын түрде немесе жасырын түрде білдірілген. Жасырын жазылғандарын оның ғалымдары түсінеді. Сәмауи кітаптардың барлығында, Тәуратта, Забурда және Інжілде көрсетілген ілімдердің және сырлардың барлығы Құран кәрімде білдірілген. Құран кәрімдегі ілімдердің барлығын тек Аллаһу та’ала ғана біледі. Олардың көбісін сүйікті пайғамбарына (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) білдірген. Әли мен Хусейн (радиаллаһу та’ала анһума) бұл ілімдердің көбін білгенін хабар берген. Құран кәрімді оқу өте үлкен ниғмет. Аллаһу та’ала бұл ниғметті сүйіктісінің үмбетіне нәсіп еткен. Періштелер бұл ниғметтерден мақрұм. Осы себептен олар Құран кәрім оқылған жерге жиналып тыңдайды. Барлық тәфсирлер Құран кәрімдегі ілімдердің өте аз бөлігін білдіреді. Қиямет күні Мұхаммед алейһиссалам мінберге шығып, Құран кәрім оқыған кезде тыңдаушылар оның барлық ілімдерін түсінеді.

2) Мұхаммед алейһиссаламның мәшһүр мұғжизаларының ең үлкендерінің бірі – айды екіге бөлуі. Бұл мұғжиза басқа ешбір пайғамбарға нәсіп болмаған. Мұхаммед алейһиссалам 52 жасында болғанда Меккеде құрайш кәпірлерінің көсемдері жанына келіп: «Пайғамбар болсаң айды екіге бөл» деді. Мұхаммед алейһиссалам барша адамзаттың, әсіресе таныстары мен туыстарының иман келтіргенін қатты қалайтын еді. Қолын жайып, дұға етті. Аллаһу та’ала дұғасын қабыл етіп, айды екіге бөлді. Жартысы бір таудың, екінші жартысы басқа таудың үстінде көрінді. Сонда кәпірлер «Мұхаммед бізге сиқыр жасады» деп иман келтірмеді. Өлең:

 

Ит айды көрсе, үреді,

Айдың мұнда не кінәсі бар?

Иттер әрқашан үреді.

 

Шумақ:

Ауыз дәмінің кетуі бір аурудың белгісі,

Ең тәтті шәрбет науқасқа ащы сезіледі.

 

3) Мұхаммед алейһиссалам кейбір соғыстарда сусыз қалған кезде мүбәрәк қолын бір ыдыстағы суға батырған, саусақтары арасынан су ағып, ыдыстағы су үздіксіз тасыған. Кейде 80, кейде 300, кейде 1500, ал Тәбүк соғысында 70 мың адамның барлығы және жануарлары осы суды ішкен және қолданған. Мүбәрәк қолын ыдыстан алған кезде су тоқтаған.

4) Бір күні көкесі Аббастың үйіне барып, оны және баласын қасына отырғызып, олардың үстін жамылғысымен жауып: «Йа, Раббым! Бұл менің көкем, әкемнің бауыры. Олар менің әһли бәйтім (жанұям). Осы жамылғыммен оларды жапқаным сияқты, Сен де тозақ отына қарсы оларды жап, қорға» деді. Қабырғадан үш рет «Әмин» деген дыбыс естілді.

5) Бір күні өзінен мұғжиза сұрағандар үшін алыста тұрған ағашты шақырды. Ағаш тамырын сүйретіп келіп, сәлем беріп: «Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадән абдуһу уә расулуһ» деді. Кейін қайтадан орнына барып тұрды.

6) Хайбәр соғысында алдына уланған қой еті қойылған кезде: «Йа, Расулаллаһ! Мені жеме, мен улымын» деген дауыс естілді.

7) Бір күні қолына пұт ұстап тұрған адамнан: «Пұт маған сөйлейтін болса, иман келтіресің бе?» деп сұрады. Ол адам: «Мен бұл пұтқа елу жылдан бері ғибадат жасап келемін. Маған еш сөйлемеді. Саған қалай сөйлейді?» деді. Мұхаммед алейһиссалам: «Ей, пұт, мен кіммін?» деп сұрағанында «Сен Аллаһтың пайғамбарысың» деген дауыс естілді. Пұттың иесі дереу иман келтірді.

8) Мәдинада мешіт нәбәуиде құрма ағашының діңі бар еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хұтба оқыған кезде осы тірекке сүйеніп тұратын. Ол Ханнане деп аталатын. Мінбер жасалғаннан кейін ханнаненің қасына бармады. Оның жылаған дауысын барша жамағат естіді. Мінберден түсіп, ханнанені құшақтаған кезде дауысы тоқтады. «Егер құшақтамасам, қияметке дейін жылайтын еді» деді.

Осындай мұғжизалар көп байқалған және хабар берілген.

9) Қолына алған қиыршық тастардың және ұстаған тағам бөліктерінің араның ызыңы сияқты Аллаһу та’аланы зікір еткендігі көп байқалған.

10) Бір кәпір келіп: «Сенің пайғамбар екеніңді мен қайдан білемін?» деп сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Мына құрма ағашындағы құрма шоғын шақырсам, ол келсе, иман келтіресің бе?» деді. Кәпір «Иә, иман келтіремін» дегенінде Расулуллаһ құрма шоғын шақырды, ол шашылып келді. Расулуллаһ: «Орныңа бар!» деген кезде ағаштағы орнына шығып асылды. Мұны көрген кәпір иман келтірді.

11) Меккеде бірнеше қасқыр отардан қой алып кетті. Шопан оларға шабуылдап, қойларын құтқарған кезде қасқырлардың бірі: «Аллаһу та’ала жіберген ризығымызды қолымыздан тартып алғанда Аллаһу та'аладан қорқпадың ба?» деп тілге келді. Шопан: «Таң қалдым, қасқыр да сөйлейді ма екен?» дегенде қасқыр: «Бұдан да таңқаларлық нәрсе айтайын ба? Мәдинада Аллаһу та’аланың пайғамбары болған Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мұғжизалар көрсетіп жүр» деді. Шопан келіп, мұны Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтып берді де, мұсылман болды.

12) Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жайылымда кетіп бара жатқанында үш рет «Йа, Расулаллаһ» деген дауыс естіді. Дауыс шыққан жаққа қарап, байланған киікті көрді. Жанында бір адам ұйықтап жатқан еді. Киіктен не қалайтынын сұрайды. Ол: «Мына аңшы мені ұстап алды. Қарсыдағы қырда екі балам бар. Мені босат, барып, оларды емізіп келейін» деді. Расулуллаһ: «Сөзіңде тұрасың ба, келесің бе?» деп сұрады. «Аллаһу та’ала үшін сөз беремін, келмесем, Аллаһу та’аланың азабы үстіме жаусын» деді. Расулуллаһ киікті босатып жіберді. Біраздан соң киік келді. Расулуллаһ оны қайтадан байлады. Ұйықтап жатқан адам оянып: «Йа, Расулуллаһ, бір бұйрығың бар ма?» деді. «Мына киікті азат ет» деді. Әлгі адам киікті босатып жіберді. Киік қуанғаннан екі аяғымен тепсініп: «Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әннәкә Расулуллаһ» деп кетіп қалды.

13) Бір күні Расулуллаһ бір ауылдық адамды иманға шақырды. Ол: «Мұсылман көршімнің қайтыс болған қызын тірілтсең, иман келтіремін» деді. Мазарына барды. Есімін атап қызды шақырды. Қабірдің ішінен дауыс естіліп, қыз сыртқа шықты. Пайғамбарымыз: «Дүниеге оралғың келеді ме?» деп сұрады. Қыз: «Йа, Расулаллаһ, дүниеге оралғым келмейді. Бұл жер әкемнің үйінен де жақсы. Мұсылманның ахиреті дүниесінен жақсы» деді. Ауылдық адам мұны көріп, дереу иман келтірді.

14) Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу та’ала анһ) бір қой пісірді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларымен бірге жеді. Пайғамбарымыз: «Сүйектерін сындырмаңдар» деді. Сүйектерді жинап, мүбәрәк қолдарын үстіне қойып, дұға етті. Аллаһу та’ала қойды тірілтті.

15) Расулуллаһқа өскен болса да еш сөйлей алмайтын бір баланы алып келді. Пайғамбарымыз: «Мен кіммін?» деп сұрады. «Сен Расулуллаһсың» деп жауап берді де, өмірінің соңына дейін сөйледі.

16) Бір адам жыланның жұмыртқасын басып, екі көзі көрмей қалды. Оны Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алып келді. Мүбәрәк сілекейін оның көзіне жаққанда көзі көре бастады. Тіпті 80 жасқа келсе де, инеге жіп өткізетін еді.

17) Мұхаммед бин Хатиб айтады: «Кішкентай кезімде үстіме қайнап тұрған су төгілді. Денем күйіп қалды. Әкем Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алып барды. Мүбәрәк қолымен сілекейін күйген жерлерге жағып, дұға оқыды. Күйген жерлерім бірден жазылып кетті.»

18) Бір әйел таз баласын алып барды. Пайғамбарымыз мүбәрәк қолымен оның басын сипады. Шипа болып, шаш өсе бастады.

19) Тирмизи мен Нәсаидың «Сүнән» кітаптарында былай жазылған: «Екі көзі де көрмейтін соқыр адам келіп: «Йа, Расулаллаһ! Аллаһу та’алаға дұға ет, көзім ашылсын» деді. Пайғамбарымыз: «Кемшіліксіз дәрет ал. Кейін: Йа, Раббым, саған жалбарынамын. Сүйікті пайғамбарың Мұхаммед алейһиссаламды арашы қылып сенен сұраймын. Ей, сүйікті пайғамбарым Мұхаммед алейһиссалам! Сені арашы қылып Раббыма жалбарынамын. Сенің құрметің үшін қабылдауын сұраймын. Йа, Раббым! Осы ұлы пайғамбарды маған шапағатшы қыл! Оның құрметіне дұғамды қабыл ет!» деген дұғаны оқуын бұйырды. Әлгі адам дәрет алып, дұға етті. Дереу көздері ашылды. Бұл дұғаны мұсылмандар әрдайым оқып, мақсаттарына жеткен.

20) Әбу Талибпен бірге шөлде кетіп бара жатты. Әбу Талиб қатты шөлдегенін айтты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жануардан жерге түсті, «Шөлдедің бе?» деп сұрады да, мүбәрәк аяғының өкшесімен жерді тепкенде су шықты. «Көкем, осы суды іш!» деді.

21) Худәйбийа соғысында суы аз қалған құдықтың жанына тоқтады. Әскер сусыз қалғанын айтты. Бір шелек сұрап алып, дәрет алды, оған түкіріп, бұл суды құдыққа төккізді. Бір жебе алып, құдықтың ішіне тастады. Құдықтың аузына дейін суға толы екенін көрді.

22) Бір соғыста әскер шөлдегенін айтты. Расул алейһиссалам екі әскерді су іздеуге жіберді. Екі ыдыс суды түйеге артып, түйенің үстінде кетіп бара жатқан бір әйелді көрді, алып келді. Расул алейһиссалам әйелден біраз су сұрады. Суды бір ыдысқа құйдырды. Барлық әскер келіп, кезекпен ыдыстарын толтырып алды. Пайғамбарымыз әйелге біраз құрма берді және су ыдыстарын толтырып берді. «Сенің суыңды азайтқан жоқпыз. Бізге суды Аллаһу та’ала берді» деді.

23) Мәдинада мінберде хұтба оқып тұрғанда бір кісі: «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Судың жоқтығынан бала-шағамыз, малдарымыз, егістіктеріміз құрып барады. Бізге көмектес» деді. Пайғамбарымыз қолын жайып дұға етті. Аспанда ешқандай бұлт жоқ болатын. Ол бетін әлі сипамай тұрып бұлттар жиналды, бірден жаңбыр жауа бастады. Жаңбыр бірнеше күн жауды. Тағы да мінберде хұтба оқып тұрғанында әлгі кісі «Йа, Расулаллаһ! Жаңбырдың көптігінен зиянға ұшыраймыз» дегенде пайғамбарымыз күлімсіреп: «Йа, Раббым! Рахметіңді басқа құлдарыңа да жаудыр» деді. Бұлттар ашылып, күн көрінді.

24) Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу та’ала анһ) айтады: «Көп қарызым бар еді. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хабарладым. Бақшама келіп, жиналған құрманы үш рет айналды. «Қарыз берген адамдарды шақыр, келсін!» деді. Келгендердің бәріне ақылары қайтарылды. Бірақ  құрма мүлдем азайған жоқ.

25) Бір әйел сыйлық ретінде бал жіберді. Балды алып, бос ыдысты қайтарды. Ыдыс балға толы болып қайтып келді. Әйел пайғамбарымызға келіп: «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), сыйлығымды неге қабылдамадыңыз? Не күнәм бар?» деді. «Сенің сыйлығыңды қабылдадық. Көрген балың Аллаһу та’аланың сенің сыйлығыңа берген берекеті» деді. Әйел оны балаларымен айлар бойы жеді, еш азаймады. Бір күні қателесіп, балды басқа ыдысқа салды. Сол ыдыстан жеп тауысты. Бұл туралы Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хабар берді. «Мен жіберген ыдыста тұра бергенде, өмір бойы жейтін еді, еш таусылмас еді» деді.

26) Әбу Хурайра айтады: «Расулуллаһқа бірнеше құрма алып бардым. Бұлардың берекелі болуы үшін дұға етуін сұрадым. Берекелі болуына дұға етіп: «Бұларды алып, ыдысыңа сал. Ыдыстан алғың келген кезде қолыңмен ішінен ал, ыдысты төгіп, жерден алма!» деді. Құрма салынған сөмкемді күндіз-түні қасымнан тастамай, Османның (радиаллаһу анһ) дәуіріне дейін жеп келдім. Қасымдағыларға да бердім, қолымды толтырып садақа ретінде тараттым. Осман (радиаллаһу анһ) шәһид болған күні сөмкем жоғалды.»

27) Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Сүлейман (алейһиссалам) сияқты барлық аңдардың тілін білетін еді. Оған келіп, өз иесінен немесе басқалардан шағымданған аңдар көп байқалды. Расулуллаһ мұны сахабаларына хабарлайтын. Хунәйн соғысында мініп жүрген «Дүлдүл» есімді ақ қашырға «Жерге шөк» деді. Дүлдүл жерге шөккен кезде жерден бір уыс құм алып, кәпірлердің үстіне шашты.

28) Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ғайыптан хабар бергені көп байқалды. Бұл мұғжизасы үш бөлімнен тұрады:

Біріншісі, өз заманынан бұрын болған және өзінен сұралған нәрселер, бұларға берген жауаптары көптеген кәпірлердің, тасжүрек дұшпандардың иман келтірулеріне себеп болған.

Екіншісі, өз заманында болған және енді болатын нәрселер туралы хабар беруі.

Үшіншісі, өзінен кейін қияметке дейін дүние мен ахиретте болатын нәрселерді білдіруі. Бұл жерде екінші және үшінші бөлімдерден бірнешеуі төменде білдіріледі:

[Исламға шақырудың алғашқы жылдарында мүшриктер көрсеткен азаптарына, қорлықтарына байланысты Асхаби кирамның біразы Хабашстанға хижрет еткен еді. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және Меккеде қалған сахабаларға үш жыл бойы әр түрлі кездесу, сауда-саттық жасау, мұсылмандардан басқа ешкіммен сөйлеспеу сияқты барлық әлеуметтік қатынастарда шектеу қойылды. Құрайш мүшриктері осы шешімді, пікір бірлігін баяндайтын бір келісімшарт жазып, Қағбаға іліп қойды. Барлық нәрсеге құдіреті жететін Аллаһу та’ала «Арза» деген ағаш құртының бір түрін сол құжатқа жіберді. Жазудағы «Бисмикаллаһумма – Аллаһу та’аланың есімімен» деген сөзден басқа барлық жазуды құрт жеп бітірді. Аллаһу та’ала бұл жағдайды Жәбірейіл алейһиссалам арқылы пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) білдірді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұл жағдайды көкесі Әбу Талибке айтып берді. Ертеңіне Әбу Талиб мүшриктердің көсемдеріне барып: «Мұхаммедтің Раббы оған осындай хабар жіберіпті. Егер айтқандары рас болса, бұл тыйымды алып тастап, бұрынғыдай еркін жүруіне, басқалармен кездесуіне тосқауыл болмаңдар. Егер айтқандары рас болмаса, мен де Оны қорғамаймын» деді. Құрайыштың көсемдері бұл ұсынысты қабылдады. Барлығы жиналып, Қағбаға барды. Ілулі тұрған келісімшартты Қағба қабырғасынан түсіріп, ашып көрді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқанындай «Бисмикаллаһумма» деген сөзден басқа бүкіл жазулардың желінгенін көрді.]

Иран патшасы Хусраудан Мәдинаға елшілер келді. Бір күні пайғамбарымыз оларды шақырып: «Бүгін түнде Кисраларыңды өзінің баласы өлтірді» деді. Біраз уақыттан кейін ұлының әкесін өлтіргені туралы хабар жетіп келді. [Иран патшалары Кисра деп аталады.]

29) Бір күні жұбайы Хафсаға (радиаллаһу анһа) «Әбу Бәкір мен әкең үмбетімнің билігін қолдарына алады» дейтін еді. Бұл сөздерімен Әбу Бәкірдің және Хафсаның әкесі Омардың (радиаллаһу анһум) халифа болатындығын сүйіншіледі.

30) Әбу Хурайраны (радиаллаһу та’ала анһ) Мәдинада зекет ретінде келген құрмаларды күзету ісіне тағайындаған еді. Бір күні ол бір адамды құрма ұрлап жатқан жерінен ұстап алды. «Сені Расулуллаһқа алып барамын» деді. Ұры: «Мен кедеймін, бала-шағам көп» деп жалынғаннан соң жібере салды. Ертеңіне Расулуллаһ Әбу Хурайраны шақырып: «Кеше түнде жіберген адамың не істеген еді?» деп сұрады. Әбу Хурайра болған оқиғаны айтып бергенде: «Ол сені алдады, тағы келеді» деді. Ертеңіне ұры тағы келді де, ұсталды. Қайтадан жалынып, «Аллаһ үшін жіберші» деген сөздермен тағы құтылды. Үшінші түні тағы келіп, тағы ұсталғанда жалбарынуы пайдасын тигізбеді. Сонда: «Мені жіберетін болсаң, саған біраз нәрсе үйретемін, саған өте пайдалы болады» деді. Әбу Хурайра келісті. Түнде жатарда «Аят-әл курси»-ді оқысаң, Аллаһу та’ала сені қорғайды, қасыңа шайтан жақындамайды» деп кетіп қалды. Ертеңіне Расулуллаһ Әбу Хурайрадан тағы да сұрап, жауабын алған кезде: «Енді дұрыс айтыпты. Бірақ, ол қып-қызыл өтірікші. Үш түн бойы кіммен сөйлескеніңді білесің бе?» деп сұрады. «Жоқ, білмеймін» дегенінде: «Ол шайтан еді» деді.

31) Рим императорының әскерімен соғысу үшін «Мута» деген жерге әскер жібергенде үш қолбасшы сахабалардың бірінен соң бірі шәһид болғанын Мәдинадағы мінберде тұрып, Аллаһу та’аланың көрсетуімен көріп, қасындағыларға хабар берді.

32) Муаз бин Жәбәлді (радиаллаһу та’ала анһ) әкім ретінде Йеменге жіберген кезде Мәдинаның сыртына дейін шығарып салып, оған көп насихаттар айтты. «Сенімен енді қияметке дейін жолыға алмаймыз» деді. Муаз Йеменде болғанда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинада қайтыс болды.

33) Қайтыс боларында қызы Фатимаға: «Туыстарымның ішінен маған бәрінен бұрын қауышатын сен боласың» деді. Алты айдан кейін Фатима (радиаллаһу анһа) қайтыс болды. Туыстарынан одан бұрын ешкім қайтыс болмады.

34) Қайс бин Шәммасқа (радиаллаһу анһ): «Сен жақсы өмір сүресің және шәһид болып қайтыс боласың» деді. Қайс, Әбу Бәкір (радиаллаһу та’ала анһ) халифа кезінде Йәмамада Мусәйләмәт-ул-Кәззабқа қарсы соғыста шәһид болды.

Омар-ул Фаруқтың, Османның және Әлидің (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин) шәһид болатындарын да хабарлаған.

35) Иран патшасы Кисраның және Византия патшасы Кайзердің елдері мұсылмандардың қолына өтетінін және қазыналарының Аллаһ жолында таратылатынын сүйіншіледі.

36) Үмбетінен көп адамның теңіз арқылы соғысқа баратынын және Үммү Хирамның (радиаллаһу та’ала анһа) сол соғысқа қатысатынын хабарлады. Осман (радиаллаһу та’ала анһ) халифа кезінде мұсылмандар кемелермен Кипр аралына өтіп соғысты. Бұл әйел де олармен бірге еді. Сол жерде шәһид болды.

37) Расул алейһиссалам бір күні биік жерде отырған еді. Қасындағыларға бұрылып: «Менің көріп тұрғанымды сендер де көріп тұрсыңдар ма? Ант етемін, үйлеріңнің арасында, көшелерде шығатын фитналарды көріп тұрмын» деді. Осман (радиаллаһу анһ) шәһид етілген күндерде және одан кейін Йәзид дәуірінде Мәдинада үлкен фитналар шықты. Көшелерде көптеген адамдардың қаны төгілді.

38) Бір күні өз жұбайларының бірі халифаға қарсы шығатынын хабарлады. Айша (радиаллаһу та’ала анһа) бұл сөзге күлген кезде: «Йа, Хумейра! Бұл сөзімді ұмытпа! Бұл әйел сен болып жүрме» деді. Кейін Әлиге (радиаллаһу анһ) қарап: «Мынаның күні саған түсетін болса, оған жұмсақ мәміле жаса!» деді. Отыз жылдан кейін Айша (радиаллаһу анһа) Әлимен (радиаллаһу анһ) соғысты және оған тұтқынға түсті. Әли (радиаллаһу анһ) оған сый-сияпат көрсетіп, Мәдинаға жіберді.

39) Муауияға (радиаллаһу анһ): «Бір күні үмбетіме билік етсең, жақсылық жасағандарға сый-сияпат көрсет! Ал жамандық жасағандарды кешір!» деді. Муауия (радиаллаһу анһ)  Осман  және Әли (радиаллаһу анһум) замандарында Шамда жиырма жыл әкім, кейін жиырма жыл халифа болды.

40) Бір күні «Муауия ешқашан жеңілмейді» деді. Әли (радиаллаһу та’ала анһ) Сыффин соғысында осы хадисті естігенде:«Егер мұны әуелден естігенімде Муауиямен (радиаллаһу та’ала анһ) соғыспас едім» деді.

41) Аммар бин Ясарға (радиаллаһу та’ала анһ): «Сені үкіметке қарсы шыққан адамдар өлтіреді» деді. Әлимен (радиаллаһу анһ) бірге Муауияға (радиаллаһу анһ)  қарсы соғысып жүргенде шәһид болды.

42) Қызы Фатиманың ұлы Хасан (радиаллаһу та’ала анһума) туралы: «Бұл балам өте қайырлы. Аллаһу та’ала мұсылмандардың екі үлкен әскерінің бейбітшілік құруына оны себеп қылады» деді. Хазреті Хасан үлкен әскермен Муауияға (радиаллаһу анһ) қарсы соғысатын кезінде фитнаның алдын алу, мұсылмандардың қанының төгілмеуі үшін өз ақысы болған халифалықты Муауияға (радиаллаһу анһ) тапсырды.

43) Абдуллаһ бин Зубәйр (радиаллаһу та’ала анһума) Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) қан алдырып жатқан кезінде шыққан қанын жалап алды. Бұны көргенде: «Адамдардан сенің басыңа не келетінін білесің бе? Сенен де адамдарға көп нәрселер келеді. Тозақ оты сені жақпайды» деді. Абдуллаһ бин Зубәйр Меккеде халифалығын жариялаған кезде Абдулмалик бин Мәруан Шам қаласынан Хажжажды үлкен әскермен Меккеге жіберді. Олар Абдуллаһты ұстап алып өлтірді.

44) Абдуллаһ бин Аббастың анасына (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин) қарап: «Сенің бір ұлың болады. Туылған кезінде маған алып кел!» деді. Баланы әкелген кезде құлағына азан және қамат айтып, мүбәрәк сілекейін аузына жақты. Есімін Абдуллаһ деп қойып, анасының құшағына берді. «Халифалардың әкесін алып кет!» деді. Аббас (радиаллаһу анһ)  мұны естіп, мән-жайды сұрағанда: «Иә, солай айттым. Бұл бала халифалардың әкесі. Олардың арасында сәффаһ, мәһди және Иса алейһиссаламмен намаз оқитын бір адам болады» деді. Аббасид мемлекетін көптеген халифалар басқарды. Олардың барлығы Абдуллаһ бин Аббастың тегінен болды.

45) Бір күні «Үмбетімнің ішінен рафизи деген көп адамдар шығады. Олар Ислам дінінен бөлінеді» деді.

46) Сахабаларының көпшілігіне қайырлы дұғалар жасаған, барлығы қабыл болып, пайдаларын көрген.

Әли (радиаллаһу анһ) айтады: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мені Йеменге қазы ретінде жібергісі келді. Мен: "Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Мен қазылық етуді білмеймін" деген едім, мүбәрәк қолын көкірегіме қойып: "Йа, Рабби! Мұның жүрегіне (көңіліне) дұрыс нәрселерді білдір. Тек дұрыс сөйлеуді нәсіп ет!" деп дұға етті. Осыдан кейін маған келген шағымданушылардың қайсысы дұрыс екенін дереу түсініп, дұрыс үкім шығаратын болмын.»

47) Расулуллаһ жәннатқа кіретінін сүйіншілеген он адамға «Ашәрә-и мүбәшшәрә» делінеді. Олардың ішінде Са’д бин Әбу Уаққасқа (радиаллаһу анһ) Ухуд соғысында «Йа, Раббым! Мұның оқтарын нысанаға тигіз және дұғаларын қабыл ет!» деп дұға етті. Осыдан кейін Са’дтың барлық дұғасы қабыл болып, атқан барлық оғы дұшпанға дәл тиді.

48) Көкесінің баласы Абдуллаһ бин Аббастың (радиаллаһу та’ала анһума) маңдайына мүбәрәк қолын қойып, «Йа, Раббым! Мұны дінде үлкен ғалым қыл, даналық иесі ет! Оған Құран кәрім ілімдерін ихсан ет!» деді. Осыдан кейін барлық ғылымда, әсіресе тәфсир, хадис және фиқһ ілімдерінде дәуірінің ғұламасы болды. Сахабалар мен табииндер барлық нәрсені одан үйренетін еді. «Тәржуман-ул-Қуран», «Бахр-ул-илм» және «Рәис-ул-Мүфәссирин» деген аттармен танымал болды. Ислам мемлекеттері оның шәкірттеріне толды.

49) Қызметшісі болған Әнәс бин Маликке (радиаллаһу та’ала анһ) «Йа, Раббым! Мұның мал-мүлкі мен бала-шағасын көп қыл. Өмірін ұзақ ет. Күнәларын кешір!» деп дұға етті. Уақыт өткен сайын мал-мүлкі көбейді. Ағаштары мен бақшалары жыл сайын жеміс берді. Жүзден астам бала-шағасы болды. 110 жыл өмір сүрді. Өмірінің соңында: «Йа, Раббым! Сүйіктіңнің маған жасаған дұғаларының үшеуін қабыл етіп, ихсан еттің! Төртіншісі болған күнәларымның кешірілуі қалай болады екен?» дегенінде: «Төртіншісін де қабыл еттім, уайымдама» деген дауыс естіді.

50) Малик бин Рабиаға (радиаллаһу та’ала анһ) «Ұрпағың берекелі болсын!» деп дұға етті. Сексен баласы болды.

51) Набиға есімді атақты ақын бірнеше өлеңін оқыған кезде арабтарда кең тараған «Аллаһу та’ала тістеріңді түсірмесін» деген дұғаны айтты. Набиға жүз жасқа келді, тістері ақ және жылтыраған, маржандай тізіліп тұрды.

52) Уруа бин Жуд (радиаллаһу та’ала анһ) үшін «Йа, Раббым! Мұның саудасына береке бер!» деді. Уруаның айтуынша, осыдан кейін жасалған саудаларының бәрі табысты болды, ешқашан зиянға түспеді.

53) Өзінің қызы Фатима (радиаллаһу та’ала анһа) бір күні қасына келді. Аштықтан өңі сарғайған еді. Қолын оның кеудесіне қойып «Ей, аштарды тойдыратын Раббым! Мұхаммедтің қызы Фатиманы аш қалдырма!» деді. Фатиманың бірден бетіне қан жүгіріп, реңі жанданды. Өмірінің соңына дейін ешқашан аштық сезбеді.

54)  Ашәрә-и мубәшшәрадан Абдуррахман бин Ауфқа береке тілеп дұға етті. Малының көбейгені соншалық, халық арасында аңызға айналды.

55) «Барлық пайғамбардың дұғасы қабыл болады. Әр пайғамбар үмбетіне дүниеде дұға етті. Ал мен қиямет күні үмбетіме шапағат етуге рұқсат сұрап дұға етемін. Иншааллаһ, дұғам қабыл болады. Мүшрик болмағандардың бәріне шапағат етемін» деді.

56) Меккенің кейбір ауылдарына барып, адамдардың иман келтірулері үшін көп күш салды, ешкім қабылдаған жоқ. Юсуф алейһиссалам заманындағы Мысырдағы тапшылықтағыдай қиыншылық шегуін тілеп дұға етті. Сол жылы сол жерлерге сондай тапшылық келді, адамдар өлексе жеді.

57) Көкесі Әбу Ләхәбтың ұлы Утәйба Расулуллаһтың (алейһиссалату уәссәләм) күйеу баласы бола тұра Расулуллаһқа иман келтірмеді, Оны (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қатты ренжітті. Оның мүбәрәк қызы Үммү Гүлсіммен ажырасты. Жаман сөздер айтты. Бұған пайғамбарымыз қатты ренжіп: «Йа, Раббым! Бұған иттеріңнің бірін жібер!» деп дұға етті. Утайба Шамға саудаға бара жатқанда бір түні достарының арасында жатқан болатын. Бір арыстан келіп, достарын иіскеп өтіп, кезек Утайбаға келгенде бас салып, бөлшектеп тастады.

58) Бір адам сол қолымен тамақ жеп отырған еді. Оған «Оң қолыңмен же!» деді. Ол «Оң қолым қимылдамайды» деп өтірік айтты. Сонда: «Оң қолың енді істемей қалсын!» деді. Өмірінің соңына дейін оң қолын аузына апара алмайтын болды.

59) Иран патшасы Хусрав Парвизді иманға шықырып, хат жіберді. Жексұрын Хусрав хатты жыртып, хатты әкелген елшіні шәһид етті. Расул алейһиссалам мұны естігенде қатты ренжіді және: «Йа, Раббым! Менің хатымды жыртып бөлшектегеніндей, оның мал-мүлкін бөлшектеп таста!» деді. Расулуллаһ тірі кезінде Хусравды өз баласы Ширавайх қанжармен бөлшектеп өлтірді. Омар (радиаллаһу та’ала анһ) халифа кезінде Иран мемлекетін толықтай мұсылмандар жаулап алып, Хусравдың ұрпағы да, мал-мүлкі де жойылды.

60) Расул алейһиссалам базарда әмри маруф және нәхи мүнкәр жасап тұрғанда, насихат беріп жатқанда Мәруанның әкесі Хакем бин Ас деген жексұрын Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) артынан жүріп, бет-ауызын қисайтып, мазақ етті. Расул алейһиссалам бұрылып, оның осы жаман жағдайын көргенде: «Өзіңді көрсетір тұрған қалпыңда қал!» деді. Ол өлгенге дейін көздері мен беті жыбырлап, қисайып қалды.

61) Аллаһу та’ала сүйіктісін бәле-жаладан қорғайтын еді. Әбу Жәһл Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ең үлкен дұшпаны еді. Бір үлкен таспен мүбәрәк басын ұрайын деп қолын көтерген кезде Расулуллаһтың иықтарында екі жыланды көріп, қолындағы тасты түсіріп алып, қашып кетті.

62) Қағбаның қасында намаз оқып тұрғанда тағы да жексұрын Әбу Жәһл «Өлтіруге мүмкіндік келді» деп пышақпен оған ұмтылмақшы болғанда, бірден артқа қарай қаша жөнелді. Достары неге қорққанын сұрағанда: «Мұхаммед (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) екеуміздің арамызда отқа толы бір шұңқыр көрдім. Көптеген адамдар мені күтіп тұрды. Бір қадам аттағанымда, мені ұстап алып, отқа тастар еді» деп жауаптады. Мұны мұсылмандар естіп, пайғамбарымыздан сұрағанда: «Аллаһу та’аланың періштелері оны ұстап алып, паршалайтын еді» деді.

63) Хижреттің үшінші жылында Расул алейһиссалам «Катфан» соғысында бір ағаштың түбінде жалғыз өзі жатқан кезде Дасур есімді бір күшті кәпір қылышпен келіп, «Сені менен кім құтқарады?» деді. Расулуллаһ «Аллаһ құтқарады» деген кезде Жәбірейіл есімді періште адам кейпінде көрініп, кәпірдің көкірегінен ұрды. Ол құлап, қылышы қолынан түсіп қалды. Расул алейһиссалам қылышты қолына алып, «Енді сені менен кім құтқарады?» деді. Әлгі кәпір: «Мені құтқаратын сенен жақсы адам жоқ» деп жалбарына бастады. Оны кешіріп, қойып жіберді. Ол иман келтіріп, көптеген адамдардың да иман келтіруіне себепкер болды.

64) Хижреттің төртінші жылында «Бәни Надир»-де Расулуллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) яһудилердің қамал қабырғасының түбінде сахабаларымен сөйлесіп тұрғанда бір яһуди үлкен диірмен тасын жоғарыдан тастамақшы болды. Қолын тасқа созған кезде екі қолы шолақ болып қалды.

65) Хижреттің тоғызыншы жылында ұзақ жерлерден көп адамдар келіп, иман келтіріп жатты. Амир мен Әрбәд есімді екі кәпір келушілердің арасына қосылып, Амир Расулуллаһқа (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) иман келтіргендерін айтып жатқанда Әрбәд артына өтіп, қылышын қынынан шығармақшы болды. Бірақ, қолы ұстамайтын болып қалды. Амир қарсы беттен «Неге тұрсың?» деп ымдаған кезде Расул алейһиссалам: «Аллаһу та'ала екеуіңнің зияныңнан мені қорғады» деді. Ол жерден кеткеннен кейін Амир Әрбәдтен неге сөзінде тұрмағанын сұрады. Ол «Не істейін, қылышты қанша шығарайын десем де, сен ортамызда тұрдың»  деді. Бірнеше күннен кейін аспан ашық кезде бірден бұлт қаптады. Әрбәдті найзағай ұрып, түйесімен бірге өлді.

66) Расулуллаһ бір күні дәрет алып, мәсілерінің бірін киіп, екіншісіне қолын созған кезде бір құс келді. Құс сол мәсіні алып, ауада сілкіген кезде, ішінен бір жылан түсті. Кейін құс мәсіні жерге тастады. Осыдан кейін аяқ киімді киер кезде алдымен сілкілеу сүннет болды.

67) Расул алейһиссалам соғыстарда және шөлдерде өзін қорғайтын сахабалар белгілеген еді. Маида сүресіндегі: «Аллаһ сені адамдардың зиянынан қорғайды» деген мағынадағы 67-аяти карима түскен кезде бұдан бастартты. Дұшпандардың арасында жалғыз жүретін, жалғыз жататын, еш қорқпайтын болды.

68) Әнәс бин Маликте (радиаллаһу та’ала анһ) Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) орамалы бар еді. Сонымен мүбәрәк бетін сүрткен болатын. Әнәс онымен бетін сүртіп, кірлеген кезде отқа тастайтын еді. Кірі жанып, орамал жанбайтын, тап-таза болып шығатын еді.

69) Бір құдықтың суын шелектен ішіп, қалғанын құдыққа төкті. Құдықтан әрдайым хош иіс шығып тұратын болды.

70) Утба бин Фирқадтың (радиаллаһу анһ) денесінде есекжем деген ауру пайда болды. Расул алейһиссалам оны кесіп, өз мүбәрәк қолына түкіріп, қолымен кеудесін сипады. Жарасы жазылды. Содан кейін денесінен хош иіс шығып тұрды. Бұл жағдай ұзақ уақыт жалғасты.

71) Салман Фариси (радиаллаһу та’ала анһ) хақ дінді табу үшін Ираннан шығып, түрлі елдерді аралай бастады. Бәни Кәлб тайпасынан шыққан бір керуенмен Арабстанға бара жатқанда Уади-ул-қура деген жерде оған қиянат жасалып, бір яһудиге құл деп сатып жібереді. Алған адам оны туысы болған мәдиналық бір яһудиге сатты. Хижретте Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) Мәдинаға келгенін естіп, қатты қуанды. Өйткені, өзі насрани ғалымы еді. Ең соңғы ұстазы болған үлкен бір ғалымның айтуымен ақырзаман пайғамбарының Арабстаннан шығатынын естіген және оған әлгі ғалым Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сипаттарын үйретіп, Оның сыйлықты қабылдап, садақаны қабылдамайтынын, екі иығының ортасында пайғамбарлық мөрі және көптеген мұғжизалары бар екенін Салманға (радиаллаһу анһ) білдірген еді. Салман Фариси Расулуллаһқа садақа деп құрма алып барды. Расулуллаһ оны мүлдем жемеді. Кейін бір ыдысқа жиырма бес шақты құрма салып, сыйлық деп алып барды. Расулуллаһ оны жеді. Барлық сахабалар да жеді. Желінген құрма сүйектері мың шақты болатын. Расулуллаһтың бұл мұғжизасын да көрді. Ертеңіне бір мәйітті жерлеу кезінде пайғамбарлық мөрін көргісі келді. Расулуллаһ мұны түсініп, мүбәрәк көйлегін көтеріп, пайғамбарлық мөрін көрсетті. Салман (радиаллаһу анһ) дереу иман келтірді. Бірнеше жылдан кейін 300 құрма ағашы мен 1600 дирхам алтын төлеу шартымен азат етілуге келісім жасады. Расулуллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) мұны естіді. Өз мүбәрәк қолдарымен 299 құрма ағашын отырғызды. Ағаштар сол жылы жеміс бере бастады. Біреуін Омар (радиаллаһу та’ала анһ) отырғызған еді. Бұл ағаш жеміс бермеді. Расулуллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) оны қопарып, мүбәрәк қолдарымен қайтадан отырғызды. Бұл ағаш та бірден жеміс берді. Бір соғыста олжаға түскен жұмыртқадай алтынды Салманға (радиаллаһу та’ала анһ) берді. Ол Расулуллаһқа (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) барып: «Бұл аз, 1600 грам шықпайды» деді. Пайғамбарымыз алтынды қолына алып, қайтадан Салманға берді. «Мұны қожайыныңа алып бар» деді. Жартысын қожайынына беріп, қарызын өтеді, жартысы Салманға (радиаллаһу та’ала анһ) қалды.

72) Расул алейһиссалам намаз оқып жатқанда шайтан келіп, намазын бұзғысы келген кезде мүбәрәк қолымен ұстап алды. Енді келіп, намазын бұзбайтындығына уәдесін алып, босатып жіберді.

73) Мәдинадағы мұнафықтардың басшысы болған Абдуллаһ бин Убәй бин Сәлул өлетін кезіне жақын Расулуллаһты шақырып: «Үстіңіздегі көйлекті маған кебін жасауға беріңіз» деп жалынды. Сұралған нәрселерді беру әдеті болғандықтан, көйлегін сыйлады. Жаназа намазын да оқыды. Мәдинадағы мың мұнафық Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) бұл жақсылығына қайран болып, барлығы иман келтірді.

74) Құрайыш кәпірлерінен Уалид бин Муғира, Ас бин Уаил, Харис бин Қайс, Әсуәд бин Яғус және Әсуәд бин Мутталиб Расулуллаһқа (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) қысым көрсетуде, жапа шектіруде басқалардан асатын еді. Жәбірейіл алейһиссалам келіп: «Сені мазақ еткендерге жазасын береміз...» деген мағынадағы Хижр сүресінің 95-аятын түсіріп, Уалидтің аяғын, екіншісінің өкшесін, үшіншісінің мұрнын, төртіншісінің басын, бесіншісінің көзін ишара етті. Уалидтің аяғына оқ кірді. Өте тәкәппар болғандықтан, еңкейіп оны алу оған қиынға соқты. Темірі тобық тамырына батып, сегізкөз жүйкесі зақымданды. Астың өкшесіне тікен кіріп, үлкен болып ісіп кетті. Харистің мұрны үздіксіз қанады. Әсуад бір ағаштың астында көңілді отырған кезінде басын ағашқа ұрып алды. Екінші Әсуад соқыр болып, бәрі пәлекетке ұшырап құрыды.

75) Дәус қауымының басшысы Туфайл хижреттен бұрын Меккеде иман келтірген болатын. Қауымын иманға шақыру үшін Расулуллаһтан (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) бір белгі сұрады. «Йа, Раббым! Бұған бір аят жібер» деді. Туфайл қауымына барған кезде екі қасының арасынан бір нұр жарқырады. Туфайл «Йа, Раббым! Бұл белгіні бетімнен алып, басқа жеріме қой. Мұны бетімде көргендер олардың діндерінен шыққаным үшін жазаландырылдым деп ойлайды» деді. Дұғасы қабыл болып, нұр бетінен кетті. Қолындағы қамшының ұшында шамшырақтай жарқырап тұрды. Қауымындағылар уақытымен иманға келеді.

76) Мәдинада Бәни Нәжжар қауымында бір әдемі әйел бар еді. Бір жын оған ғашық болып, әрдайым келетін. Расул алейһиссалам Мәдинаға келгеннен кейін, бір күні осы жын әйелдің үйінің алдындағы дуалда отырғанда әйел оны танып: «Неге маған келмей қойдың?» деп сұрады. Жын: «Аллаһу та’аланың пайғамбары (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) зинаға және барлық харамдарға тыйым салды» деп жауаптады.

77) «Бир-и мауна» деп аталған соғыста кәпірлер берген уәделерін бұзып, жетпіс сахабаның бір-екеуінен басқа бәрін шәһид етті. Олардың ішінде Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) құлы болып жүргенде азат еткен және алғаш иман келтіргендердің бірі болған Амир бин Фухайраны найзамен түйреген кездерінде кәпірлердің көз алдында періштелер оны көкке көтерді. Бұл туралы Расулуллаһқа (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) хабарлаған кезде «Оны жәннат періштелері жерледі және рухы жәннатқа шығарылды» деді.

78) Сахаба Хубәйб бин Адиді (радиаллаһу анһ) кәпірлер ұстап, Меккеге алып барды. Өлім жазасына тартты. Кәпірлер көріп қуансын деп, дар ағашынан түсірмеді. Қырық күн асылып тұрды. Денесі шіріп, иістенбеді. Әрдайым жаңа қан ағып тұрды. Расулуллаһ мұны естіп, оның денесін әкелу үшін Зубәйр бин Аууам мен Микдад бин Әсуадты (радиаллаһу анһума) жіберіп, түнде ағаштан шешіп алды. Мәдинаға алып келе жатқан кезде арттарынан 70 атты әскер қуып жетті. Бұл екі мұсылман өздерін қорғау үшін Хубәйбті жерге түсірді. Жер жарылып, Хубәйб ғайып болды. Кәпірлер мұны көріп, кері қайтып кетті.

79) Са’д бин Муаз (радиаллаһу та’ала анһ) Ухуд соғысында жараланып қалды. Біраз уақыттан соң қайтыс болды. Жаназасына 70 мың періште қатысқанын Расулуллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) хабар берді. Қабірі қазылып жатқанда жан-жаққа хош иіс тарады.

80) Хижреттің жетінші жылында Расулуллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) Хабәш патшасы Нәжашиге, грек императоры Гераклға, Иран патшасы Хусравқа, Византияның Мысырдағы әкімі Муқауқысқа, Шамдағы әкімі Хариске және Омман сұлтаны Сәмамаға хаттар жіберіп, барлығын иманға шақырды. Хаттарды алып барған елшілер барған жерлерінің тілін білмейтін еді. Ертеңіне таңертең сол тілде сөйлей бастады.

81) Сахабалардың ұлыларынан Зәйд бин Хариса (радиаллаһу та’ала анһ) алыс бір жерге бара жатқан еді. Жалдаған атқосшысы оңаша бір жерде оны өлтірмекші болды. Рұқсат сұрап, екі рекат намаз оқыды. Кейін үш рет «Йа Әрхамәррахимин» деді. Әр айтқанында «Оны өлтірме» деген дауыс келді. Сыртта адам бар деп ойлап, атқосшы сыртқа шығып кірді. Үшінші айтқанында қолында қылышы бар бір адам ішке кіріп, атқосшыны өлтірді. Сосын Зәйдке қарап: «Сен Йа Әрхамәррахимин дұғасын бастаған кезіңде мен жетінші көкте едім. Екіншісін айтқаныңда бірінші көкке түстім. Үшіншісінде жаныңызға келдім» деді. Оның періште екенін түсінді.

82) Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) әйелдерінің бірі болған Үммү Сәләмә (радиаллаһу та’ала анһа) азат еткен Сәфина есімді сахаба Расулуллаһқа қызмет етуден еш айрылмайтын. Рұмдықтарға (визаниялықтар) қарсы соғыста әскерден айрылып, кәпірлерге тұтқынға түсті. Қашып келе жатқанында алдынан бір қорқынышты арыстан шықты. «Мен Расулуллаһтың қызметшісімін» деп, басынан өткен жағдайды арыстанға айтып берді. Арыстан оған бетін, көзін үйкеп, қасында жүрді. Дұшпанның зияны тимесін деп қасынан кетпеді. Ислам әскері көрінгеннен кейін кері қайтып кетті.

83) Жәхжах-и Ғаффари есімді біреу халифа Османға (радиаллаһу та’ала анһ) қарсы шықты. Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) әрдайым қолында ұстап жүрген аса таяғын тізесімен сындырды. Бір жылдан кейін тізесіне шиқан шығып, өлуіне себеп болды.

84) Муауия (радиаллаһу та’ала анһ) Шамнан қажылыққа барып, Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) Мәдинадағы қасиетті мінберімен берекеттену үшін Шамға алып кеткісі келді. Мінберді орнынан қозғалтқанда күн тұтылды. Жан-жақты қараңғылық басып, жұлдыздар көрінді. Бұл қалауынан бас тартты.

85) Ухуд соғысында Әбу Қатадәнің (радиаллаһу та’ала анһ) бір көзі шығып, бетіне түсті. Расулуллаһқа (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) алып барды. Ол мүбәрәк қолымен көзді орнына салып: «Йа, Раббым! Көзін жақсарта гөр!» деді. Бұл көзі екіншісінен де жақсы жақсы көретін болды. Әбу Қатадәнің немерелерінің бірі халифа Омар бин Абдулазиздің жанына барған еді. Халифа «Сен кімсің?» деп сұрады. Ол бір өлең оқып, Расулуллаһ өз мүбәрәк қолымен көзін салып берген адамның немересі екенін жеткізді. Халифа бұл өлеңді тыңдағаннан кейін оған үлкен сый-сияпат көрсетті.

86) Ияс бин Сәләмә айтқан: «Хайбар соғысында Расулуллаһ мені жіберіп, Әлиді шақыртты (радиаллаһу анһума). Әлидің көздері аурып жатқан еді. Қолынан ұстап, қинап ертіп бардым. Пайғамбарымыз мүбәрәк саусақтарына түкіріп, Әлидің көзіне жақты. Туды қолына ұстатып, Хайбардың есігіне шайқасуға жіберді. Көп уақыттан бері ашыла алмай тұрған есікті Әли (радиаллаһу анһ) түбінен қопарып, сахабалар қамалға кірді.»

Молла Абдуррахман Жамидің (рахимә-һуллаһу та’ала) «Шәуаһид-ун-нубууә» кітабында және Юсуф Нәбханидің «Хужжәтуллаһи аләл-аләмин» кітабында Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) тағы да түрлі мұғжизалары жазылған. «Шәуаһид-ун-нубууә» парсы тілінде жазылған. [«Хақиқат кітап үйі» тарапынан парсы тіліндегісі және түрік тіліне аудармасы 1415 [м.1995] жылы басылған.]