Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Қазы Аяз хазреттері бір күні «Екі нәрсеге қатты қуанып, аспанда ұшып жүрмін. Жұлдыздар аяғымның астында сияқты, қолымды созсам, айды ұстайтындаймын, соншалықты қуаныштымын. Бұл екі нәрсе кімде бар болса, ол да мен сияқты қуансын. Еш мұңаймасын» дейді. Бұл екі нәрсенің не екенін сұрағандарға былай жауап береді:
«1) Әлемді жоқтан бар қылған, бүкіл нәрсені әр сәтте бар қылып ұстап тұрған, бәрімізді жаратқан, азықтандырып, жетілдіріп жатқан ұлы Аллаһ маған сөйлеп жатыр, «Ей, құлым, ей иман келтірген пенде» дейді. Сондай ұлы Аллаһтың тікелей сұхбаттасы болатындай мен кіммін соншама? Маған бір жұмыс, міндет беріп, әмірлер мен тыйымдар жіберіп жатыр. Бұл қандай абырой! Маған «Намазыңды оқы, мынаны істе, ананы істеме!» дейді. Мен, ұлы Аллаһтың өзіне сұхбаттас қабыл еткен бір мұсылманмын. Осындай ұлы Аллаһтың пендесімін, құлымын. Әр адам өз иесімен мақтанады. Менің ием, қожайыным – Аллаһ. Бұдан асатын қандай абырой болуы мүмкін?
2) Әркім ұстазымен мақтанады. Менің ұстазым – Мұхаммед алейһиссалам. Мен Оны көрмедім, бірақ менің ұстаздарымның ұстазының ұстазы Мұхаммед алейһиссалам. Ол сондай пайғамбар, тіпті басқа пайғамбарлар Оның үмбетінен болуды аңсаған. Ол сондай пайғамбар, Аллаһу та'ала өзіне қауыштыратын барлық есікті жапқан, тек бір есікті ашық қалдырған. Бұл жалғыз есік – Оның мүбәрәк жүрегі. Тек Оның жүрегі арқылы жәннатқа кіру мүмкін. Оны жақсы көрмейтін, Оны пайғамбар ретінде қабылдамайтын адамның, кім болса да, жәннатқа кіруі мүмкін емес. Ол сондай пайғамбар, бүкіл әлем Оның құрметіне жаратылған, Аллаһу та'ала Оған «Сүйіктім» деген. Өмірге келіп-кеткен және келетін барша адамзаттың ең үстемі болған осы пайғамбар маған «Үмбетім» дейді, мені шәкірт ретінде қабылдаған, мен Оған иман келтірдім, сендім. Маған «Сен менің шәкіртімсің, сен менімен біргесің, мен қайда барсам, сен сонда барасың, саған шапағат етемін» дейді. Мен қуанбағанда басқа кім қуансын? Олай болса, кімде осы екі ниғмет бар болса, дүниелік үшін еш қайғырмасын, дерт деп білмесін, қалағанынша қуансын. Мен осы қуанышты сезінудемін.»
Міне, осы екі ниғмет қазір бәрімізде бар. Осыншалықты үлкен абыройға және ниғметке қауышқан біздер егер бұл дүние үшін мұңаятын болсақ, үлкен қателік істеген боламыз. Марқұм Хусейн бин Саид хазреттері де «Бауырларым, қайғырушы болмаңдар! Соншалықты үлкен ниғметке қауыштық, бұл үлкен ниғметке қауышқаннан кейін әлі де дүниелік үшін мұңаятын болсақ, бұл жолдағы ғалымдар-әулиелер бізге ренжиді, Аллаһу та'ала да ашуланады» дейтін еді.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024