Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Намаз – мүминнің миғражы. Аллаһу та'аланың бұл үмбетке танытқан ең үлкен мейірімі және рақымдылығы, сыйы – намаз.
Бір күні Иса алейһиссалам бір жерден өтіп бара жатқанында бір құсты көреді. Құстың нұрлы болғаны соншалық, үстінен шашыраған нұрмен айналасы жарқырайды. Біраз уақыттан кейін бұл құс батпаққа түседі, лайда аунағаннан кейін шығады, үсті-басы лай болады. Құста нұр қалмайды. Құс өзін қинап қасындағы көлге түседі. Көл тап-таза, мөлдір. Ол жақтан үстін сілкіп сыртқа шығады. Үстінде лай қалмайды да, қайтадан бұрынғыдай жарқырай бастайды. Ұшып қайтадан әуелгі жеріне қонады. Иса алейһиссалам бақылап тұрады. Құс қайтадан лайға батып, қап-қара болады. Кейін қайтадан көлге кіріп шығады да, нұр шашырайды. Мұны бес рет қайталайды. Иса алейһиссалам бұл құстың әрекеттерінің хикметін білгісі келеді. Аллаһу та'ала былай білдіреді:
«Сен көрген мына әсем, нұрлы құс ақыр заманда келетін сүйіктім Мұхаммед алейһиссаламның үмбетін үлгі қылып көрсетті. Лай – бататын күнә ластығын, ал құс түсіп шығып, оны бұрынғы нұрлы жағдайына келтірген таза, мөлдір су – намазды үлгі қылып көрсетті. Олар таң намазын оқығанда нұр болады. Түске дейін күнәларға батады, лайға түседі, бірақ бесін уақытында намаз оқығанда тазаланып, қайтадан нұрланады. Кейін екіндіге дейін тағы осылай күнәға түседі, екінді намазын оқып, қайтадан тазаланады, нұр шашады. Міне осылай бірде нұр, бірде лай болады. Бұл жағдай күніне бес рет қайталанады. Әр екі намаз уақыты арасында жасаған күнәлары намаз оқыған сайын тазаланады және нұр шашады. Сүйіктімнің үмбетіне осы себептен бес уақыт намазды парыз қылдым.»
Діннің негізі – Расулуллаһқа ұю
Аллаһу та'аланың бұл үмбетке танытқан мейірімі мен рақымдылығы көп. Мұның себебі – пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам. Сүйікті пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бағынбастан, Оның әмірлері мен тыйымдарына мойынсұнбай миллиондаған ақша садақа ретінде таратылса, Оның дінін ұстанбай өз ақылымен жылдар бойы ғибадат жасалса, еш пайдасы жоқ. Міндетті түрде Оның әмірімен болуы қажет. Діннің негізі – Оған бағыну. Адамның нәпсі біреуге бағынуды жақтырмайды. Ол өзіне, яғни нәпсіне табынады, өзінікін дұрыс деп санайды. Осы себептен барлық ниғметтерден мақрұм қалады және құриды.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024