Аллаһу та'аланың бұл үмбетке сыйы

Сұрақ: Керемет хақ болса, онда неліктен сахабалар мен табиин еш керемет көрсетпеді?

Жауап: Кереметті жоққа шығару адамның Ислам дінінен хабарының жоқ екенін және өте сауатсыз екенін айқын көрсетеді. Асхаби кирам ешқашан керемет көрсетпеді деп айту да ең ауыр өтірік. Асхаби кирамның әрбірінің жүздеген кереметтері құнды кітаптарда жазулы. Юсуф Нәбханидің "Жами-ул-кәрамат" кітабында елу төрт сахабаның кереметтері дәлелдерімен бірге араб тілінде жазылған.

Бұлардың арасынан бірнешеуін білдірейік:

 

Керемет көрсеткен сахабалар

Хазреті Әбу Бәкір қайтыс болатын кезінде «Йа, Айша, бір балам мен екі қызым саған аманат» деді. «Әкешім, менің бір сіңілім бар, екіншісі қайда?» деп сұрағанда «Жұбайым жүкті» деді. Қайтыс болғанынан кейін бір қызы дүниеге келді. (Шәуаһид)

Хадис шәрифте былай делінген:

«Өткен үмбеттер арасында орындалуынан бұрын кейбір нәрселерді хабар берген керемет иелері бар еді. Ал менің үмбетімнен Омар солардың қатарында.» (Бұхари, Мүслим, Тирмизи)

Хазреті Омар Мәдинада хутба оқып жатқан кезінде Иранға жіберген әскері жеңілейін деп жатқан кезде бұл жағдайды көріп, қолбасшыға «Ей, Сария, тауға арқаңмен бұрыл» деді. Ол тауға жақындады және жеңіске жетті. (Жами-ул-кәрамат, Қисас-и әнбия, Шәуаһид, Иршад-ут-талибин)

Хазреті Әли қайтыс болатын кезінде «Табытымды Арнейнге апарыңдар, сол жерде сәуле шашып тұрған жартас көресіңдер. Мені сол жерге жерлеңдер!» деді. Солай жасады, айтқанындай көрді. (Шәуаһид)

Хазреті Осман қасына келген біреуге «Көзіңде зинаның белгісі бар. Бір әйелге қарағансың» деді. Ол адам «Қайдан білдіңіз?» деп сұрады. Хазреті Осман «Мүминнің парасатынан қорқыңдар, ол Аллаһтың нұрымен қарайды» хадис шәрифін оқыды. (Бұхари) (Жами-ул-кәрамат)

Хазреті Омардың ұлы Абдуллаһ адамдардың жолынан шығып тоқтатқан арыстанға «Тез жоғал!» деп ашуланған кезде арыстан құйрығын бұлаңдатып кетіп қалды. Ибн Омар хазреттері «Расулуллаһ әлбетте дұрыс сөйлейді» деп «Аллаһтан қорыққан адамнан бәрі қорқады» хадис шәрифін білдірді. (Хаким)

Хазреті Хубәйб тұтқын болған кезінде қасына келгендер оның алдында балғын жүзім көретін еді. (Бұхари)

Аун бин Абдуллаһ күн астында ұйықтап жатқанда бір бұлт келіп, оған көлеңке салатын еді. (Әбу Нуайм)

«Әулиелерде осы сияқты мыңдаған керемет естілген. Сәйид Абдулқадир Гейлани хазреттерінің кереметтері баршаға мәшһүр болған. Керемет хақ, бұған қарсы шыққан адам – ақымақ.» (Ауариф-ул-мәариф)

«Асхаби кирам бүкіл әулиелерден үстем болса да, кереметтері аз естілген. Асри саадаттағы (пайғамбарымыз дәуіріндегі) адамдардың иманы қуатты еді. Кереметпен имандарының күшейтілуіне қажеттілік жоқ еді. Кейіннен келгендердің имандары әлсіреді. Имандарының күшеюі үшін кереметке қажеттілік туындады. Сондықтан кейіннен келген әулиелерде керемет көп байқалды.» (Шәуаһид)

Шәуаһид-ун-нубуввә кітабында былай жазылған:

«Хазреті Хасан Абдуллаһ бин Зубәйрмен бірге жолға шықты. Бір құрма бағына тоқтап демалды. Ағаштар қураған еді. Абдуллаһ бин Зубәйр «Ағашта құрма болғанда жақсы болар еді» деді. Хазреті Хасан дұға етті. Бір ағаш дереу жасарып, құрмаға толды. «Бұл сиқыр ғой» делінген кезде, хазреті Хасан: «Жоқ, Расулуллаһтың немересінің дұғасымен Хақ та'ала жаратты» деді.»

Әли Зәйнәлабидин бин Хусейн бала-шағасымен бірге қырда тамақ жеп отырған еді. Бір киік жақын жерде тұрды. «Ей, киік! Мен Зәйнәлабидин Әли бин Хусейн бин Әлимін, анам Фатима бинти Расул. Кел, сен де бізбен бірге же» деді. Киік келіп тамақ жеді де, кетті. Дастархан басындағы балалар «Тағы шақырыңыз-шы» деп жалынды. «Оған тиіспейтін болсаңдар шақырамын» деді. «Жоқ, тиіспейміз» дегенде тағы шақырды. Киік келіп, тағы тамақ жеді. Бір бала қолымен жануардың арқасын сипады. Киік үркіп қашып кетті.

Мұхаммед бин Ханафия имам Зәйнәлабидинге «Мен сенің көкеңмін, жасым да сенен үлкен. Имамдықты маған қалдыр» деді. Сөйтіп олар хажәр-ул-әсуадтан сұрауға шешім қабылдады. Тас дірілдеді, «Имамдық Зәйнәлабидиннің ақысы» деген дауыс естілді.

Имам Әли Риза бір дуалдың қасында отырған еді. Алдына бір құс келіп, сайрай бастады. Имам хазреттері қасында отырған адамға «Мына құс не деп жатқанын түсініп жатырсың ба?» деп сұрады. «Жоқ» деген жауап алғанда: «"Ұяма жылан келді. Келіп балапандарымды жемекші. Бізді бұл дұшпаннан құтқар" деп жатыр. Құспен бірге бар да, жыланды тап, өлтір» деді. Ол барып, айтқанындай көрді.

Расулуллаһтың азат еткен құлдарынан Сәфина айтып берді: «Теңіз сапарында едім. Боран басталды. Кеме батты. Бір тақтайдың үстінде қалдым. Толқындар мені жағалауға апарды. Бір орманның ішіне түстім. Алдымнан арыстан шықты. «Ей, арыстан! Мен Расулуллаһтың сахабасымын» дедім. Мойнын иіп, маған үйкелді. Жол көрсетті. Айрылатын кезде пырылдады. Қоштасқанын түсіндім.»

Әййуб Сахтияни бір досымен бірге шөлде қалған еді. Досының шөлден тілі салбырап қалды. «Қиналып тұрсың ба?» деп сұрады. «Шөлден өлейін деп жатырмын» деп жауаптады. «Егер ешкімге айтпасаң, саған су тауып берейін» дегенде «Ешкімге айтпаймын» деп ант етті. Аяғын жерге ұрған кезде су шықты, бірге ішті. Әййуб қайтыс болғанға дейін досы мұны ешкімге айтпады.

(Аллаһу та'ала сүйікті құлдарына кереметтер сыйлағаны көрініп тұр. Әулиелер кереметтерін жасырады, ешкімге білдіргісі келмейді.)

Хамид Тауил айтқан: «Сабит Бәнаниді қабірге қойып, лахд жағын кесекпен жауып болғанымызда бір кесек түсіп қалды. Сабит Бәнанидің қабірде намаз оқып жатқанын көрдік. Қызынан сұрадық. «Әкем елу жыл үздіксіз түнде намаз оқып, сәре уақыттарында дұға етіп "Йа, Раббым! Пайғамбарлардан басқа құлдарыңа қабірде намаз оқуды нәсіп еткен болсаң, маған да нәсіп ет" дейтін еді» деді.

Хабиб Ажемиді адамдар Тәруия күні Басрада, ертеңіне Арапа күні Арафатта көрген. (Хабиб Ажеми – Хасан Басридің шәкірті.)

Фудайл бин Аяз айтқан: «Көздері көрмейтін соқыр бір адам Абдуллаһ бин Мубарак хазреттеріне келіп, көздерінің көруі үшін дұға етуін сұрады. Абдуллаһ ұзақ дұға етті. Көздері бірден көріп кетті. Көздерінің ашылғанын көргендер көп еді.» (Абдуллаһ бин Мубарак – Имам Ағзамның шәкірті.)

Шәуаһид-ун-нубуввә кітабынан алынып жоғарыда жазылған Асхаби кирам мен табииннің кереметтері мазһабсыздардың өтірік сөйлегендерін айқындауда. Олар сахабалар мен табиин еш керемет көрсетпеді деп мұсылмандарды алдағысы келеді.

Абдулғани Наблуси хазреттері былай деген:

«Әулиелікті жоққа шығару діннің бір үкімін жоққа шығару сияқты күпір болып табылады. Әулиелер мен пайғамбарлар қаншалықты жоғары болғанымен, сонда да құл. Ғажайып құбылыстар, кереметтер пайда болуында құлдардың еш әсері жоқ. Бәрін тек Аллаһу та'ала жаратуда. Алайда Аллаһу та'ала пайғамбарларын және әулиелерін басқа құлдарынан үстем тұтқан, басқаларына бермеген керемет пен мұғжиза сияқты ғажайып құбылыстарды, ниғметтерді осы кісілерге нәсіп еткен.» (Хадиқа)

Әулиелер (Аллаһ достары) үшін ахиретте де қорқыныш болмайды. Құран кәрімде айтылған: «Әулиелер үшін әлбетте қорқыныш жоқ, олар қайғырмайды да.» (Юнус 62)

Ислам ғалымдары да былай деген:

«Әулиелердің кереметтері пайғамбарлардың мұғжизаларының жалғасы. Сондықтан бұл үмбеттің әулиелерінде пайда болған кереметтер пайғамбарымыз алейһиссаламның мұғжизасы.» (Шәуаһид)

«Әулиелердің кереметі – пайғамбардың мұғжизасы. Сондықтан бұл үмбеттегі әулиелерде пайда болған кереметтер пайғамбарымыз алейһиссаламның мұғжизасынан саналған.» (Биргиуи өсиетнамасы)

«Ғайыпты білу – пайғамбарлардың мұғжизасы. Әулиелердің ғайыптан білген кереметтері де Расулуллаһтың мұғжизасының жалғасы.» (Рәддул мухтар)

«Адамдардың көңілдерінен өткендерді айту сияқты әулиелердің кереметі санауға келмейтіндей көп.» (Ихйа)

 

Сұрақ: Имам Ағзам хазреттерінің екі рәкат намазда Құран кәрімді бастан аяқ хатым еткенін бір кітапта оқып қалдым. Құран кәрімді үш күннен бұрын хатым ету оңай болмауымен қатар, мүстаһаб та емес. Бұл ұлы имам екі рәкатта Құран кәрімді қалай хатым еткен?

Жауап: Имам Ағзам хазреттері ең үлкен және сирек келетін ғалымдардың бірі. «Ғалымдар пайғамбарлардың мұрагерлері» хадис шәрифіндегі сүйіншіге қауышқан үлкен тұлға болып, пайғамбарымыз оның келетінін білдірген. «Зия-и мәнауи», «Мәудуат-ул-улум», «Хайрат-ул-хисан», «Мират-и каинат», «Дуррул мухтар» және «Рәддул мухтар» кітаптарында сахих екендігі білдірілген хадис шәрифте былай делінеді:

«Адам және барлық пайғамбарлар менімен мақтанғанындай, мен де лақабы Әбу Ханифа, есімі Нуман болған бір адаммен мақтанамын. Ол үмбетімнің жарығы болады, мұсылмандарды жолдан шығудан, сауатсыздық қараңғылығына түсуден қорғайды.»

Имам Ағзам хазреттері жайлы тағы басқа хадис шәрифтер де бар. Сондай ұлы тұлғаның екі рәкат намазда Құран кәрімді хатым етуі қиын емес. Бір рәкат намазда бәрін хатым ету тек хазреті Османға, Тәмим Дариге, Саид бин Жубәйрге және Имам Ағзам Әбу Ханифаға нәсіп болған. (М.Зухдийа)

Сүйікті пайғамбарымыз сұраушылардың жағдайына, жұмысына лайықты бір уақытта хатым етуін бұйырған. «Құран кәрімді үш күннен аз уақытта хатым еткен адам мағынасын түсіне алмайды» хадис шәрифі де осындай болып, бір намазды хатыммен оқуға кедергі емес. (Ширъа)

Имам Ағзам хазреттерінің қырық жыл құптан намазының дәретімен таң намазын оқығаны, яғни құптаннан кейін ұйықтамағандығы «Мәудуат-ул-улум», «Дуррул мухтар», «Мизан-ул-кубра» және «Ибн Абидин» кітаптарында дәлелдерімен жазылған. Осыған ұқсас ниғметтер Имам Ағзам хазреттері сияқты бірнеше әулиелерге Аллаһу та'аланың берген сыйы. Ол қалағанына молынан сый береді.