Сұрақ: Фиқһ ілімі маңызды ма, әлде тәфсир ілімі ме? Мешіттегі курсқа барып жүрмін. Ұстазымыз қажетті иман және фиқһ білімдерін үйретпей, «Тәфсир дәрістерін өтеміз» дейді. Мұсылман адамның әуелі тәфсир үйренуі қажет пе?
Жауап: Фиқһты білмей тұрып дінді ұстану мүмкін емес. Өйткені, діннің негізі – фиқһ. Ибн Абидин хазреттері: «Фиқһты үйрену әр мұсылманға парыз айн» деген. (Рәддул мухтар)
Бұл тақырыптағы бірнеше хадис шәриф:
«Діннің негізгі тірегі – фиқһ.» (Бәйһақи)
«Ғибадаттардың ең құндысы – фиқһты үйрену және үйрету.» (Ибн Абдилбәр)
«Фиқһты білмей ғибадат жасаған адам қараңғы түнде нұқсандықпен ғимарат соғып, түзету үшін күндіз құлатқан адамға ұқсайды.» (Дәйләми)
«Ғалымдардың ең қайырлысы – факихтер (фиқһ ғалымдары).» (И.Мәуарди)
«Аллаһ жақсылық тілеген құлын факих қылады.» (Бұхари)
Құран кәрімнің мағынасын тек Мұхаммед алейһиссалам түсінген және білдірген. Тәфсир – Расулуллаһ алейһиссаламның мүбәрәк тілінен ардақты сахабаларға, олардан табиинге, тәбе-и табиинге және осылайша бізге дейін дұрыс қайнарлармен келген білімдер.
Муфәссир – Аллаһу та'аланың сөзінен Аллаһу та'аланың мақсатын түсінетін үлкен ғалым деген сөз. Имам Бәйдауи хазреттері осындай ғалымдардың бірі. Бұл тәфсир кітаптарын да түсіне алу үшін жиырма негізгі ілімді жақсылап үйрену қажет. Негізгі ілімдердің бірі – тәфсир ілімі. Осы жиырма негізгі ілімнің тармақтары сексен ілім. Түркияда алғаш рет Құран аударуды Жиһан кітап үйінің иесі Мисақ есімді христиан армян бастаған. Мақсат – дінімізді бұзу. Имам Ғазали хазреттері «Пасық пен бидғатшы Құранның мағынасын түсіне алмайды» деген. (Ихия)
(Бидғатшы – Әһли сүннет сенімінде болмаған мазһабсыз деген сөз.)
Тәфсир ақылға емес, нақылға сүйенеді. Әһли сүннет ғалымдарының пайғамбарымыздан және сахабалардан алып жасаған тәфсирлеріне қайшы тәфсир жазған адам күпірге түседі. Хадис шәрифте: «Құран кәрімді өз көзқарасы бойынша тәфсир еткен адам кәпір болады» делінген. (Дәйләми, Мәктубат-и Раббани 1/234)
Тәфсир – Аллаһу та'аланың мақсатын түсіну деген сөз. Өз бетінше берген мағынасы дұрыс болса да, шариғи жолмен шығармаған үшін, қате болады. Берген мағынасы қате болса, кәпір болады. (Бәриқа)
Бір адам бір аяти кариманы тәфсир еткенде тек өз пікіріне, өз ақылына сүйеніп түсіндірме жасаса, кәпір болады. Міне осы себептен пайғамбарлардан басқа адамдардың ең үстемі болуына қарамастан хазреті Әбу Бәкір Сыддық «Құран кәрімді өз ойымша, өз пікірім бойынша тәфсирлеуге кіріссем, мені қай жер көтереді, қай аспан көлеңкілейді?» деген. (Шира шәрһі)
Намаз оқитындай сүре жаттағаннан кейін фиқһ білімдерінен парыз айн болғандарды үйрену керек. Өйткені қажетті фиқһ білімдерін үйрену парыз айн. Әр адамға амалына қарай қажетті болған нәрсе парыз айн болады. Бірақ бәрін үйрену Құран жаттаудан жақсырақ. (Рәддул мухтар)
Әһли сүннет сенімі, парыздар мен харамдар фиқһ кітабынан үйреніледі. Ғалымдар бұл фиқһ үкімдерін аят пен хадистерден шығарған. (Хадиқа 324б.)
Имам Шарани хазреттері де былай деген:
Намаздардың қанша рәкат екендігін, руку мен сәждеде оқылатын тәсбихтерді, айт пен жаназа намаздарының қалай оқылатынын, зекет нисабын, ораза мен қажылықтың парыздарын, құқық білімдерін пайғамбарымыздың түсіндірмесі болмастан Құран кәрімнен түсіну мүмкін емес. Имран бин Хасин хазреттері «Бізге тек Құраннан айт!» деген біреуге: «Ей, ақымақ, Құран кәрімнен бәрін түсіну мүмкін бе? Мысалы, намаздардың қанша рәкаттан оқылатынын таба аламыз ба?» деді. Хазреті Омар да: «Парыздар сапарда қанша рәкаттан оқылады? Құраннан да таба алмадық» дегендерге «Аллаһу та'ала бізге Мұхаммед алейһиссаламды жіберді. Біз Құран кәрімнен таба алмағандарымызды Расулуллаһтан көргеніміздей жасап жүрміз. Ол сапарда төрт рәкаттық парыздарды екі рәкат қылып оқитын еді. Біз де солай істейміз» деді. (Мизан)
Исламды, Құранды ұстану тәфсир оқу арқылы емес, тек хақ болған бір мазһабты ұстану арқылы іске асады. Ал мазһабты ұстану сол мазһабтың дұрыс жазылған бір илмихал кітабынан үйрену арқылы іске асады. Бір адам Құраннан, тәфсирден түсінгенін ұстанса, Исламға бағынған болмайды. Құран кәрімде барлық үкімдер бар болса да, бұларды дұрыс түрде тек Расулуллаһ алейһиссалам түсініп айқындаған. Расулуллаһқа бағыну парыз. Құран кәрімде былай делінеді:
«Айт: "Егер Аллаһты жақсы көрсеңдер, маған бағыныңдар!"» (Али Имран 31)
«Оған бағыныңдар да, дұрыс жолды табыңдар.» (Араф 158)
Әр мұсылманның төрт хақ мазһабтың бірін ұстануы керек. Ұстанбайтын адамның мүлхид болатынын Имам Раббани хазреттері Мәбде уә Мәад кітабында білдірген.
Төрт мазһабтың бірін ұстанбаған адам Әһли сүннеттен айрылады. Әһли сүннеттен айрылған адамның адасушы немесе кәпір болатыны С.Ахмед Тахтауи хазреттерінің Дуррул мухтар хашиясында жазылған.
Абдулғани Наблуси хазреттері де «Бүгін төрт мазһабтан басқасын ұстану жаиз (рұқсат) емес. Құран кәрімнің мағынасын үйренуді қалаған адам Әһли сүннет ғалымдарының кәлам, фиқһ және ахлақ кітаптарын оқуы керек» деген. (Хадиқа)
Дұрыс жазылған илмихалды оқыған адам қажетті кәлам, фиқһ және ахлақ білімдерін үйренген болады. Парыз айн болған осы білімдерді үйренбестен, тәфсир оқу жаиз емес. Онсыз да тәфсирден фиқһ білімін үйрену мүмкін емес. Тозаққа түсетіні білдірілген 72 ағымның ғалымдары тәфсирлерден қате мағына түсінгені үшін адасты. Ғалымдар адасқан болса, біз сияқты сауатсыздардың тәфсирден не түсіне алатынымызды ойлауымыз керек!
Дұрыс жазылған тәфсирлерді оқығандар осындай пәлекетке түссе, дін реформашыларының, мазһабсыздардың, бидғатшылардың тәфсирлерін оқыған адамның жағдайы әлдеқайда жаман болатыны анық.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024