Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Аллаһу та'ала бір құлын жақсы көрсе, оған екі ниғмет береді:
1) Оған сүйікті құлын танытады: Көрсетеді емес, танытады. Өйткені тану және сену басқа, көру басқа. Пайғамбарымыз алейһиссаламды өте көп адам көрді. Тек оны тани алғандар ғана Асхаби кирам болды. Танымағандар Әбу Жәһл сияқты кәпір болып қалды.
Аллаһу та'ала бір құлын жақсы көрсе, Асхаби кирамға пайғамбарымызды танытқандай, оған да Имам Раббани хазреттері сияқты сүйікті құлын танытады. Өйткені пайғамбарымыздың мұрагерлерін тану пайғамбарымызды тануға себеп болады.
Аллаһу та'аланың сүйікті құлын тану бастағы көздер арқылы емес, жүректегі көз арқылы іске асады. Таныған адамның жүрек көзі ашылды деген сөз. Жүрек көзі ақиқатты қатеден ажырату үшін қажет, ең қиын іс те осы.
Бір әулие кісіден шәкірті «Ұстазым, бір дұға етіп, Аллаһу та'аладан біздің жүрек көзімізді ашсын деп тілеңізші» деп өтінеді. Сонда әулие кісі таң қалып айтады: «Ол не дегенің, балам! Егер сенің жүрек көзің ашық болмағанда еді, бұл әулие-ғалымдарды тани алар ма едің? Егер бастағы көз жеткілікті болғанда еді, көргендердің бәрі танитын еді. Мысалы, Бағдаттың мыңдаған халқы бар. Бірақ Бағдаттың ішінде әулиелерді таныған қанша адам шығады? Тек жүрек көзі ашық болған адам ғана ол әулиелерді тани алады. Олай болса, сенің жүрек көзің ашылған.»
2) Оған қайырлы жұмыс нәсіп етеді: Ең қайырлы іс – пайғамбарымыз алейһиссалам атқарған іс. Яғни дінге қызмет ету. Аллаһу та'аланың сүйікті құлы Әһли сүннет жолына ықыласпен қызмет етеді. Ықыласы аз болса да құнды. Өйткені ықылас – Аллаһ үшін істеу деген сөз.
Бір адам жасаған барлық ғибадаттардың сауабы жиналса, жиһад сауабының қасында теңіздегі бір тамшыдай болып қалады. Ал жиһадқа берілген сауап әмри маруф және нәһи-и мүнкәр сауабы жанында теңіздегі бір тамшы сияқты. Жиһад – адамдарға қызмет деген сөз. Ал әмри маруф пен нәһи-и мүнкәр – Аллаһу та'аланың әмірлері мен тыйымдарын, яғни Ислам дінін үйрету деген сөз. Ілімді жаю деген сөз.
Аллаһу та'аланың дінінен бір мәселе үйреткен адам жүз рет умра жасаған адамнан да көп сауап алады. Ал егер бір адамның иман келтіруіне немесе Әһли сүннет сенімін үйренуіне себеп болса, мұның сауабы өлшеуге келмейді. Бұл ниғметпен қадірленгендер әмри маруф сауабымен қоса әрі жиһад, әрі ғибадат сауабын алуда. Ғибадат жасауда, себебі намаздарын оқып жатыр, оразаларын ұстап жатыр. Жиһад сауабын да алуда, өйткені шаршап жатыр.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024