Неліктен мұсылман болғанымды айту үшін мұсылман болмастан бұрын және мұсылман болғаннан кейін не сезінгенімді, мұсылмандықпен қалай байланысып, одан қалай фәйз алғанымды айтуым қажет. Ең алдымен мынаны айтайын, мыңдаған канадалық пен американдық менің мұсылман болғанға дейін ойлағаным сияқты ойлауда, дәл сондай нұқсандықты сезінуде, оларға шынайы мұсылмандықты үйрететін Әһли сүннет ғалымдарын күтуде.
Мен бала кезімде өз христиан дінімді қатты ұстанатын едім. Өйткені, дін мен үшін рухани қажеттілік болатын. Бірақ, өскен сайын христиан дінінде көптеген кемшіліктердің бар екенін көре бастадым. Иса алейһиссаламның өмірі және Оның Аллаһтың баласы екендігі туралы айтылған мәліметтер маған аңыз, қиял сияқты болып көрінетін. Өйткені, оны ақылым қабылдамайтын. Өз-өзіме «Егер христиан діні хақ дін болса, дүниеде неге христиан емес адамдар бар? Яһудилер мен христиандардың негізгі кітаптары бірдей бола тұра неге кейбір мәселелерде бір-бірінен ерекшеленеді? Христиан болмағандар басқа ешқандай қателік істемейтін болса да, неліктен құриды? Басқа халықтар неге бірден христиан болмайды?» деген сұрақтар қоятынмын.
Осы кезеңде Үндістанда қызмет атқарған бір миссионерге жолықтым. Ол маған: «Мұсылмандар өте қырсық. Қанша тырыссам да, оларды христиандыққа кіргізе алмадым. Олар шынайы діннің христиан емес, Ислам екенін алға тартады. Олардың дінін өзгерту үшін жасаған әрекеттерімнің барлығы нәтижесіз қалуда» деді. Бұл сөздер мұсылмандық туралы естіген алғашқы сөзім еді. Ішімде мұсылмандыққа деген қызығушылық, өз діндеріне соншалық берілген мұсылмандарға деген таңданыс сезімі туындап, оларды зерттеу үшін университетте Шығыс әдебиеті сабағына қатыса бастадым. Шығыстықтардың біз сенетін үштік тәңір сенімін қабылдамай, бір Аллаһ сенімін қабылдайтындарын көрдім. Иса алейһиссалам өз дінін жайған кезде бір Аллаһ және өзін Оның құлы және пайғамбары екендігі туралы айтқан еді. Ол айтқан Аллаһ, міндетті түрде мейірімді Аллаһ болу керек еді. Алайда, осы дұрыс сенім көптеген мағынасыз аңыздар, кейіннен енгізілген қате сенімдер, пұтқа табынушылар христиандыққа енгізген бидғаттар арасында жоғалып, мейірімді, қамқор Аллаһтың орнына, өзіне тек дінбасылар арқылы жетуге болатын, адамдарды туғаннан күнәхар етіп жарататын үштік тәңір пайда болған еді. Олай болса, таза және пәк «бір Аллаһ» сенімін адамдарға қайтадан түсіндіретін жаңа дін, жаңа пайғамбар қажет еді. Еуропа ол кезде жартылай жабайы күйде еді. Бір жағынан жабайы қауымдар елдерге шабуыл жасап, екінші жағынан дін атымен барлық жаман әрекеттер жасалып жатқан кезең еді. Міне, адамзат осындай нашар халде тұрғанда Иса алейһиссаламнан жеті ғасырдан кейін шығыста Аллаһу та’аланың соңғы пайғамбары Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шығып, адамдарға Аллаһтың шынайы дінін үйрете бастады. Бұл діннің негізін жалғыз жаратушыға сену құраған еді.
Мен бұларды оқып үйренгеннен кейін Мұхаммед алейһиссаламның Аллаһу та’аланың соңғы және хақ пайғамбары екендігіне сендім. Өйткені:
1) Жоғарыда айтқанымдай, адамдар жаңа пайғамбарға мұқтаж еді.
2) Менің Аллаһу та’ала туралы барлық ойларым осы ұлы пайғамбар көрсеткен дініне толығымен сай келетін.
3) Құран кәрімнің Аллаһу та’аланың сөзі екенін оны оқыған кезде дереу сезінген болатынмын.
Құран кәрімнің көрсеткендері мен Мұхаммед алейһиссаламның хадистері мені барлық тұрғыдан қанағаттандырып, рухымды тыныштыққа қауыштыратын. Міне, осы себептен де мұсылман болдым.
Күмәніңіз болмасын, жоғарыда да айтқанымдай, мыңдаған американдықтар мен канадалықтар христиан дініндегі кемшіліктер мен қателіктерді мен сияқты сезеді. Өкінішке орай, оларға мен сияқты Ислам дініне толық кіру мүмкіндігі тумады, олар да бір жол көрсетушіге мұқтаж.
Исламға осылай сенгеннен кейін мұсылмандық туралы жазылған кітаптарды зерттей бастадым. Осы жайында, бірнеше еңбектерді оқуды ұсынамын, сол кітаптар жайлы сөз қозғағым келді. Үндістандық бір қайырымды кісі маған К.А.Джейразби, Х.В.Ловлегровеун, «What is Islam? – Ислам деген не?» атты кітабын жолдады. Осы кітапты оқуға кеңес беремін. Ішінде өте қарапайым, өте практикалық және өте дұрыс мәліметтер бар. Одан кейін Маулви Мұхаммед Әлидің ағылшын тіліндегі Құран кәрім аудармасын оқыдым, ол маған қатты ұнады. Монреальде Ислам туралы жазылған көптеген француз тіліндегі еңбектер таптым. Олардың бір бөлігі Исламға қарсы, бір бөлігі Исламды жақтайтын сипатта жазылған еді. Қарсы сипатта жазылғандарының өзі Исламның ұлылығын жасырмайтын. Олар да бұл діннің хақ дін екенін маған тағы бір рет дәлелдеп берген еді.
АНЫҚТАМА: «Иман және Ислам» кітабын дайындаған біз, Хақиқат кітап үйі, Ислам дінін дұрыс үйренуді қалайтын таза адамдарға қызмет ету үшін ағылшынша, французша, немісше және басқа тілдерде кітаптар дайындадық. Олардың барлығы ұлы Ислам ғалымдарының еңбектерінен алынған мәліметтерден тұрады. Бұл кітаптардың аттары кейбір кітаптарымыздың соңында берілген. Адресі кітабымыздың басында жазулы болған Хақиқат кітап үйінен хатпен кітап сұрағандарға дереу жібереміз. Бұл кітаптарды зер салып оқыған әрбір адамның Ислам дініне шын көңілімен сенетініне, мұсылмандықты қабылдайтынына сенеміз. Өйткені, Ислам діні ақылы толық адамдар қабылдайтын сенімдер мен үкімдерден тұрады. Ақылы аз, рухы ауру, нәпсісіне берілген, тек өз пайдасын ойлайтын адамдар Ислам дінін ұғынып, қабылдай алмайды.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024