Сұрақ: Кінәлі болмасам да кейде түрлі жалаларға тап боламын. Біреуге берген қарызымды ала алмай жүремін, кейде біреулер қарызсың деп жағамнан алады. Дұғаларым қабыл болмайды. Қара басымнан қиыншылықтар кетер емес, мұның себебі не болуы мүмкін?
Жауап: Дерт, қиыншылықтар адамға екі себептен келеді:
1) Күнәсыз адамдарға, әулиелерге келеді. Бұл олардың дәрежелерінің көтерілуіне себеп болады. Басқа хикметтері де болуы мүмкін. Өйткені хадис шәрифте: «Ең ауыр бәлелер әнбия, әулие және соларға ұқсағандарға келеді» делінген. (Тирмизи)
2) Қиыншылықтардың, бәле-жалалардың келуінің себебі күнә істеу немесе қажетті себептерге жабысуда кемшілік жіберу. Құран кәрімде былай делінген: «Сендерге келген әр қиындық өз қолдарыңмен істеген күнәлардың кесірінен. Әйтсе де Аллаһу та’ала көбісін кешіреді (қиыншылыққа ұшыратпайды).» (Шура 30)
Бала-шағада, жануарларда, басшыда, қол астыдағыларда қандай да келеңсіздік көргенде кінәні өзімізден іздеуіміз керек. Фудайл бин Ияд хазреттері: «Дінге сай болмаған іс жасағанымды әйелімнің мінез өзгерісінен аңғаратын едім. Дереу ол ісіме тәубе еткенімде әйелімнің мінезі де дұрысталатын. Осылай тәубемнің қабыл болғанын түсінетін едім» деген. Демек қиыншылықтар өз қателеріміздің кесірінен келуде. Біздің кемшілігіміз қатемізді көрмеуде.
Үстімізге шекер сеуіп қойғанбыз, сөйте тұра шекерге қонған шіркейлерді кінәлап жүрміз. Араның ұясын шыбықпен шұқылап отырудамыз, кінәны бізге бас салған аралардан іздеудеміз. Салихтер (жақсылар) қиыншылықтарда кемшілікті өздерінен деп білетін еді. Бір ғалым кісі жолда келе жатқанында бір әйел байқаусызда терезеден үстіне күл төгіп жібереді. Әйел кешірім сұрамай тұрып әлгі ғалым: «Бұл басқа күл емес, от лайық еді, оңай құтылдық» деген екен. Өз кемшіліктеріне қарамай басқалардың кемшіліктерін іздейтін, кемшіклікті үнемі басқалардан көретін адам басына одан да үлкен бәле келмегеніне шүкір етуі керек.
Аллаһу та’ала ешкімге зұлымдық етпейді. Себепсіз қиыншылық жібермейді. Басымызға келетін әрбір қиыншылық күнәларымыздың кесірінен туындауда. Бәлкім ол істе кінәсыз көрінсек те, басқа бір істегі кемшіліктеріміздің себебімен бұл қиыншылықтардың келіп жатқандығын ұғынуымыз керек.
Күнәларға тәубе етіп, нәпісті төмендетіп тәрбиелеуге тырысу керек. Хадис шәрифте былай делінеді: «Нәпсін төмендеткен адам дінін жоғарылатқан болады, ал нәпсін жоғарылатқан адам дінін төмендеткен болады.» (Әбу Нуайм) Өйткені нәпіс Аллаһу та’аланың дұшпаны. Әрдайым зиянды істер жасағысы келеді. Құран кәрімде «Нәпіс әрдайым жамандықты әмір етеді» делінген. (Юсуф 53)
Шайтанның арбауы әлсіз, ал нәпсіміз одан да қауіпті. Хадис шәрифте: «Адамның ең қуатты дұшпаны нәпісі» делінген. Нәпістің әрбір қалауы Аллаһу та’аланың тыйым салған нәрселері. Әрдайым қас дұшпаны болған шайтанға мойынсұнады. Нәпсіне ерген адам үнемі ислам шеңберінің сыртына шығады.
Діннің бүкіл әмірі мен тыйымдары нәпісті әлсірету, шектен шығаратын азулы қалауларының алдын алу үшін. Дінге мойынсұнған сайын нәпістің қалаулары азаяды. Нәпіс тазаланбайынша адам үстемдік қалауынан, өзін ұнатудан бастарта алмайды. Хадис шәрифте былай делінді: «Нәпіске мойынсұну және өзін ұнату адамды пәлекетке жетелейді.» (Табарани)
Жоғарыда кемшілікті әрдайым өзімізден деп білу керектігін айтқан едік. Кінәні үнемі басқалардан көріп, өзімізді ұнататын болсақ, басқаларды төмен көретін болсақ бұлар біздің тоқырауымыз, пәлекетімізге айналады. Өзіміз мақталуға, марапатталуға лайықты адам болсақ та өзімізді мақтауымыз қате болады. Өйткені «дұрыс та болса, адамның өзін мақтауы өте жаман қасиет» деген даналық сөз бар. Мақтану тәкаппарлықтан туындайды. Құран кәрімде былай делінеді:
«Аллаһ өзін ұнатып мақтанған адамды жақсы көрмейді.» (Лұқман 18)
«Аллаһ тәкәппар адамдарды жақсы көрмейді.» (Нахл 23)
Хадис шәрифте былай делінеді:«Досын төмен көру адам үшін жамандық ретінде жеткілікті.» (Мүслим)
Өзін ұнататын адам насихатты қабыл етпейді, үнемі қарсы шығып, өзін көрсетіп жүреді. “Олай емес”, деп өзінікін дұрысқа шығарып, қарсыдағы адамды дұрыс емеске шығаруға тырысады. “Аллаһтан қорқ, бұл тірлігің дұрыс емес, бұлай істеме” делінген жағдайда дереу қарсы шығады. Бір хадис шәрифте: «“Аллаһтан қорқ” деген адамға, “сен алдымен өзіңе қарап ал” дейтін адамды Аллаһу та’ала жақсы көрмейді» делінді. (Бәйһақи)
Қарсы шығуды әдетке айналдыру, “жоқ олай емес” деп айту өте жаман әдет. Өйткені бұлай айту “сен білмейсің, бұл істі сен түсінбейсің, сен ақымақсың, мен ақылдымын, көп білемін” дегенді меңзейді. Бұл болса өзін үстем деп біліп, басқаларға тап беру деген сөз. Қажетсіз жерде қарсыдағы адамның кемшіліктерін тауып бетіне басу күнә болып табылады. Өйткені оның қатесін айту арқылы оны ренжіткен боламыз. (Зәру жағдай болмайынша) адамды ренжіту харам болып табылады. Мұндай жағдайларда өзгенің қатесін айту қажет емес. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Дін бауырыңа қасарыспа.» (Тирмизи)
«Өзінікі дұрыс бола тұра, қарсы шықпай, сөз таластыруды тәрк еткен адамға жаннатта бір сарай беріледі.» (Табарани)
Дұрыс нәрсені дұшпаның айтса да қабыл ету керек. Дұрысты қабыл етпеу тәкәппарлықтың белгісі. Ал тәкаппарлық үлкен күнә болып табылады. Дұрысты қабыл етпеуге қырсықтық делінеді. Қырсықтық алдыңдағы адамды төмен көруден пайда болады.
Имам Раббани хазреттері былай деген: «Бақара сүресінің “көңілдерінде ауру бар” деген мағынадағы аяти кәримада білдірілген ауру емделмейінше шынайы иман пайда болмайды. Көңілі ауру болған адамның иманы, иманның көрінісі. Нәпсін тазалаған адам шынайы иманға қауышады. Юнус сүресінің «Аллаһтың әулиесі үшін қорқынышпен қайғы жоқ» деген мағынадағы 62-ші аяти кәримадағы сүйінші шынайы иманға қауышқандар үшін» (1/46)
Демек Аллаһу та’аланың досы болу және шынайы иманға қауышу үшін көңілдегі ауруларды, яғни жаман мінездерді тазалау, өзін ұнатпау, кінәны өзінен деп білу, қырсық болмау, дұрысты кім айтса да қабылдау керек.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024