Қандай да бір адамға лағынет, (яғни қарғыс, бетдұға) айту ол адамның Аллаһу та’аланың мейірімінен ұзақ болуын қалау деген сөз. Сондықтан ешкімге лағынет айтпау керек. Өйткені қарғыс айтылған адам бұған лайық болмаса, яғни әділетсіз түрде айтылған болса, бұл қарғыс айтқан адамның өзіне кері қайтады. Жануарларға да лағынет айтуға болмайды. Өйткені періштелер жануарларға лағынет айтқан адамның өзіне лағынет етеді. Пайғамбарымыз хазреті Әлиге: «Йа Әли! Ешбір мұсылманға лағынет оқыма. Ешбір жануарға лағынет етпе. Лағынет айтсаң, ол саған кері қайтады» деген.
Расулуллаһ айлейһиссалам белгілі бір мұсылманның атын атап еш уақытта лағынет айтпаған және ешкімді ұрмаған. Әбу Хурайра радиаллаһу анһ былай деген: «Бір соғыста кәпірлердің жойылып кетуі үшін дұға етуін сұрадық. Пайғамбарымыз: “Мен лағынет айту үшін, адамдардың азапқа ұшырауы үшін жіберілген жоқпын. Мен адамдарға жақсылық ету үшін, адамдардың бақытқа қауышуы үшін жіберілдім” деді.» Әнбиә сүресінің 107 аяти кәримасында: «Сені әлемдерге рахмет (мейірім), жақсылық ретінде жібердік» делінген.
Хадис шәрифте: «Мүминге лағынет айту оны өлтірумен тең» делінген. Пайғамбарымызға және сахабаларға он үш жыл зұлымдық етіп, жапа шектірген мүшриктерге және бұлардың көсемдері болған залымдарға да қарғыс, лағынет айту әмір етілмеді. Бұл азғындардан Әбу Жәһлден басқаларының аты да ұмыт болды. Ешбір дінде адамдарға қарғыс айту, балағаттау әмір етілмеді. Кімде кім Аллаһу та’аланың әмірлерін орындаса және тыйым салғандарынан сақтанса, бірақ өмірінде бірде-бір рет шайтанға лағынет айтпаса, бұл үшін сұраққа алынбайды. Сен шайтанның досысың деп айтылмайды. Ал кімде кім Аллаһу та’аланың әмірлерін орындамай, бірақ күнде шайтанға жүздеген рет лағынет айтса, ахиретте сұраққа алынады, шайтанға лағынет айтуы оны азаптан құтқармайды. Бұл адам шайтанның дұшпаны емес, досы саналады. "Ибда" кітабында былай делінеді: «Лағынет айту және бір ұлтқа, бір мазһабқа балағат айту өте жаман бидғат. Мұны бұрындары яһудилер айтатын. Мұсылмандар арасында да таралды. Тирмизидегі Хадис шәрифте: “Мүмин лағынет айтпайды” делінген.»
Қорыта айтқанда Ислам дінінде ешкімге, тіпті кәпірлерге де лағынет, қарғыс айту ғибадат емес. Лағынет айтпай үнсіз отыру күнә, қылмыс саналмайды. Тіпті шайтанға, яғни лағынетке ең лайықты болған ібіліске де лағынет айтпау күнә емес. Ең дұрысы ешкімге, ешбір махлұққа лағынет, қарғыс айтпау керек. Пасық (күнәһар) болған мүминге лағынет айту жаиз емес болғанындай, тірі жүрген кәпірге де лағынет айту жаиз емес. Өйткені өмірден иман келтіріп өту ықтималдығы бар.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024