Мен өмірімнің көп бөлігін теңіздерде өткізіп, 1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғысқа, 1939 жылы екінші дүниежүзілік соғысқа ағылшын теңіз флотының офицері ретінде қатысқан болатынмын.
ХХ ғасырдың ең керемет құралдары мен аппараттары да табиғаттың қорқынышты күштеріне қарсы тұратын сипатта емес. Қарапайым бір мысал берейін. Тұман мен дауылға қарсы тұратын қолымызда ешқандай мүмкіндік жоқ. Ал соғыс кезінде бұл қауіпке басқа қауіптер де қосылады. Теңізші әрдайым мұқият болуы тиіс. Ағылшын әскери теңіз күштері министрлігінде ханшайымның нұсқауы мен адмиралдық басқармасының қойған нұсқауын қамтитын бір кітап бар. Бұл кітапта теңіз флоты офицерінің міндеттері, қауіп төнген кезде жасалатын істер, міндетін жақсы атқарғандарға берілетін сыйлықтар, марапаттаулар, еңбек ақылар және офицердің қашан зейнеткерлікке шығатындығы жазылған. Сондай-ақ, дұрыс атқармағандарға берілетін жазалар, бұйрыққа қарсы шыққандарға қолданылатын іс-шаралар, т.б. жеке-жеке жазылған. Егер бұл кітапқа мойынсұнылатын болса, теңізде жүйелі түрде тыныш, рахат қызмет етіп, өмір сүруге болады, қауіп те азаяды.
Аллаһу та’ала кемшіліктерім мен күнәларымды кешірсін! Араларындағы үлкен айырмашылықтарды ескере отырып, құрметсіздік етпеуге тырысып, мен Құран кәрімді осы кітапқа ұқсатамын. Құран кәрімде қағидаларды қоятын – Аллаһу та’ала. Ол жер бетіндегі барлық адамдарға қалай әрекет ету керектігін, қауіптің қайдан келетінін және оған қарсы не істеу керектігін, жақсы іс істегендердің қалай сыйға бөленетіндігін, жаман іс істегендердің қалай жазаға тартылатынын өте айқын түрде көрсеткен. Соңғы 11 жылда зейнеткерлікке шыққаннан кейін бақшамда гүл өсірумен айналысамын. Міне, осы кезеңде Аллаһу та’аланың ұлылығын тағы да айқын аңғардым. Өсімдіктер мен гүлдер тек Аллаһу та’аланың бұйрығымен өседі. Оның әмірі болмаса сенің еккендеріңнің ешқайсысы өспейді. Қаншалықты тырыссаң да, не істесең де, сенің әрекеттеріңнен тек Оның көмегімен ғана нәтиже шығады. Бұл көмек келмесе еңбегіміз босқа кетеді. Өсімдіктердің өсуі үшін қажетті ауа райы шарттарын белгілеу ешкімнің қолында емес. Аллаһу та’аланың бір бұйрығымен ауа райы бұзылады және еккен барлық нәрсеміз құриды. Адамдар ауа райы шарттарын алдыннан болжау үшін барлық шараларды жасады. Қазір ауа райы туралы алдын ала хабарланады. Мен бұған күлкім келеді. Өйткені, бұл ауа райы болжамдарының тек 1 пайызы ғана дұрыс шығуда. Бұл істе тек Аллаһу та’аланың ғана қалауы болады. Аллаһу та’аланың бұйрығына мойынсұнбайтындардың әдемі гүлдері өспейді. Бұл - Аллаһу та’аланың оларға берген жазасы.
Мен Құран кәрімнің Аллаһтың сөзі екендігіне және Аллаһу та’аланың осы қасиетті кітапты әлемге тарату үшін Мұхаммед алейһиссаламды таңдағанына шын жүрегіммен сенемін. Құран кәрім дүниедегі адам өміріне толық сәйкес келеді және Онда ешқандай асыра сілтеушіліктер мен қате сенімдер кездеспейді. Ол толығымен қисынға сай, саналы адамдардың дұрыс екендігіне толық сенетін қағидалардан тұрады. Құран кәрімде ғибадат қорқуға емес, сүйіспеншілік пен құрметке негізделген.
Бір христиан адам христиандық ортада ұзақ уақыт тұрғаннан кейін дінінен бас тартып, мұсылман болу үшін әуелі сенімді болғысы келеді. Бірақ, мен Исламды зерттегеннен кейін басқа адам тарапынан сендірілуді қажет етпедім. Өйткені, өздігімнен бұл діннің хақ дін екендігіне сенген болатынмын. Ешкім мені мұсылман болуға мәжбүрлеген жоқ. Ешкімнің ықпалында қалған жоқпын. Мұсылмандық менің христиан дінінен жауабын таба алмаған бірқатар күмәндарыма жауап беріп, мені барлық мәселеде қанағаттандырды. Міне, осы себепті мен мұсылмандықты қуана-қуана қабылдадым.
Мен Иса пайғамбар әкелген таза дін мен Исламның бірдей екенін аңғардым. Бірақ, таза насрани (хрисиандық) діні пұтқа табынушылардан алынған бірқатар қате сенімдермен араласып, толығымен өзгеріп, христиан дініне айналған. Мартин Лютер осы қате нанымдардың көпшілігін тазалап, дінде реформа жасауға және протестант тобын құруға мәжбүр болған. Бірақ, ол артық қыламын деп тыртық қылған. Ағылшын ханшайымы Елизавета І. еліне қауіп төндірген католик испандармен соғысып жатқан кезде, Османлы түріктері еуропада католиктермен жиһад етіп жатқан болатын. Бұл екі мемлекет те протестант және мұсылман ретінде пұтқа табынатын католиктермен соғысып жатқан еді. Бірақ, Мартин Лютер өзінен 900 жыл бұрын Мұхаммед пайғамбардың христиан діні мен басқа барлық діндерді толығымен тазалағанын, үкімін жойғанын аңғара алмады.
Қазіргі таңда христиан діні пұттар мен қате сенімдерге толы. Христиандық - ұзақ жылдар бойы әділетсіздік, зұлымдық және жабайылықты қалыпты нәрседей қабылдап келген. Ал қазір бұл қорқыныштарын толығымен жасыруда. Испанияда христиандардың инквизиция соттарында қаншалықты әділетсіз шешімдер қабылдағанын және қандай жабайы әрекеттер жасағанын еске алуларыңызды қалаймын. Олардың зұлымдықтарынан қашқан яһудилерді тек мұсылман түріктер ғана қабылдап, адамгершілік мәмілелерін жасады.
Қалай өмір сүру сіздің қолыңызда. Егер сіз есепші болып, кассадағы ақшаны жымқыратын болсаңыз, сізді ұстап, түрмеге қамайды. Тайғақ жермен жүргенде абайламасаңыз, құлап, бір жеріңізді сындырасыз. Көлігіңізді қатты жылдамдықпен айдап, апатқа ұшырасаңыз, бұдан тағы өзіңіз жауаптысыз. Бұларды басқа біреудің мойнына жүктеу – ақымақтық болады. Адамдардың жаман мінезді болып туылатынына сенбеймін. Адамдардың жақсы мінезді болып туылатыны ақиқат. Кейбір адамдардың жаман мінезді болып туылатынын айтатындар бар болса да, мен оларға сенбеймін. Меніңше адамды жаман мінезді ететін алдымен әке-шешесі, сосын қоршаған ортасы, зиянды баспалар (кітап, газет, журнал және т.б.) және жаман достары. Бұған нашар мұғалімдерді де қосу керек. Балалар әке-шешелерінің, мектептегі мұғалімдерінің, жазушылардың әрекеттері мен пікірлеріне қатты мән береді және соларға ұқсауға тырысады. Кейде балалардың белгісіз себептермен бұзықшылық жасап, зиян келтіретіні де кездеседі. Ол кезде оларға жылы сөзбен насихат беріп, тура жолға түсіру керек. Біз балаларымызға нашар үлгі болып, өзіміз жаман нәрселер істейтін болсақ, оларды жаман нәрсе істеді дей алмаймыз. Біз жамандықтарды істеп жүріп, бұлардың дұрыс емес екенін балаларымызға қалай түсіндіреміз? Демек, ең алдымен балаларымызға жақсы үлгі болуымыз керек. Керек кезінде оларды жазалауымыз қажет. Ағылшындардың спортқа құмар келетінін білесіздер. Спорттың бізде орны бөлек. Спортпен айналысып жатқан кезде қате әрекет жасаған немесе қулық жасаған адам дереу жазаландырылып, бар абыройынан айрылады. Ислам діні осы спорттағы ережелер секілді адамдар үшін ең әдемі және ең қисынды әрекеттер мен ең дұрыс өмір салтын қалыптастыратын қағидалар орнатқан. Мен де өз кезегімде ислам дінін зерттей келе осы қағидаларға қайран қалдым. Осы ақылға, қисынға сай жүйелер мені хақ болған ислам дініне қауыштырды.
Он әмірдің екіншісі мынау: «Сен табыну үшін ешқандай пұт, сурет немесе белгі жасамайсың». Алайда, қазіргі христиан шіркеулері суреттер мен мүсіндерге толы, христиандар олардың алдында бас иеді.
Мен Иса пайғамбардың мұғжизалары, [христиандардың сенімі бойынша] крестте өлтірілуі, қабірге қойылғаннан кейін қайтадан тіріліп, көкке шығуы сияқты ғажайып оқиғалардың сол кездегі Палестинадағы яһудилер, римдіктер мен басқа адамдарға аз ықпал еткендігіне және ол жердегі өмір сүру салтының мүлдем өзгермегеніне таң қалатынмын. Яһудилер Иса пайғамбарға онша көңіл бөлмеген, христиан діні тек жүздеген жылдардан кейін ғана тарала бастаған. Ал, Мұхаммед алейһиссаламның уағыздаған Ислам діні қысқа уақыт ішінде жан-жаққа таралып, ол жерлердегі өмір салтын өзгерткен, жабайы адамдарды мәдениетке үйреткен. Мұның себебі, Исауи дінінің қысқа уақыт ішінде өзгертіліп, түсінуі қиын, жартылай пұтқа табынатын христиан дініне айналуы, ал Ислам дінінің барлық адам түсіне алатын қисынды дін болуынан деп ойлаймын. 1919-1923 жылдар аралығында түріктер арасында қызмет атқардым. Мұсылмандармен кездестім. Күнде мұнаралардан естілетін «Тек бір Аллаһ бар. Мұхаммед Оның расулы» деген сөз маған керемет ұнайтын. Ислам туралы оқыған ағылшынша кітаптарымның көпшілігі Исламды жамандайтын. Соңғы үш жүз жыл ішінде, халифа болған түрік сұлтандары жасады деп айтылатын көптеген жаман әрекеттер, әділетсіздіктер, түріктердің өтірікші екендіктері, залымдығы, пара алуға құмар екендіктері, аз ұлттарға жаман мәміле жасаған деп жала жабулары, үнемі олардың алған ислам тәрбиесін меңзеп, мұсылмандардың ешқашан христиандар сияқты әділ болмайтынын айтатын. Мен бұған сенбейтінмін. Ақыры мұның шындығын үйрену үшін дін адамына жүгінуге шешім қабылдадым. Ислам туралы мұсылмандар тарапынан жазылған еңбектерді іздедім. Англиядағы мұсылман дін адамдары маған сондай еңбектерді тауып берді. Бұл кітаптарды оқығаннан кейін Исламның қаншалықты таза екендігін, орта ғасырда қалай жарқырағанын, қараңғы христиан әлеміне қалай сәуле шашқанын, бірақ уақыт өте келе дінге мойынсұнбаудың кесірінен Ислам әлемінің қалай әлсірегенін, енді оны қайтадан бұрынғы қалпына келтіру үшін көп қызметтер атқарылып жатқанын білдім. Бүгінгі ғылыми жетістіктер христиан дінімен ұштаспайды. Ал ислам дінімен болса одақ құрғандай дәрежеде. Демек ислам әлемінің құлдырауының себебі, Ислам дінінде емес, осы тамаша дінді лайықты түрде ұстана алмаған қазіргі мұсылмандарда. Осыдан кейін Ислам дінінің артықшылығына ешқандай күмәнім қалған жоқ. Қуана-қуана иман келтіріп, мұсылмандықты қабылдадым.
Қазір Еуропада кейбір философтар, жазушылар діндердің қажетсіз екенін алға тартуда. Мұндай пікірдің туындау себебі, христиан дінінің ақылға қонымсыз қағидалары мен ХХ ғасырда қабылдау мүмкін болмаған қате нанымдары екеніне күмәніңіз болмасын. Ал, Ислам дінінде бұлардың ешқайсысы жоқ.
Христиандар Ислам дінін қабылдағанымның себебін еш түсіне алмауда және мұсылмандықты қабылдағандарға «эксцентрлі» яғни (ешкімге бағынбай бір жол ұстанатындар) дейді. Бұл толығымен қате пікір.
Мен Исламды теориялық, практикалық, түсінуге оңай, қисынды, барлық тұрғыдан керемет және тура жолды көрсететін дін болғандықтан таңдадым. Ислам діні - адамды Аллаһу та’аланың разылығына, дүние мен ахирет бақытына қауыштыратын ең дұрыс жол және мәңгі осылай болып қала береді».
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024