Ислам дініндей оңай түсінілетін, адамға батылдық беретін басқа ешқандай дін жоқ. Өмірде адам рухын рахаттық пен бақытқа қауыштыратын, адамға өз жағдайына разы болып өмір сүруді нәсіп ететін және өлгеннен кейін мәңгілік бақыт пен саламаттыққа жеткізетін бірден-бір дін – Ислам діні.
Адам – Аллаһу та’ала жаратқан әртүрлі жаратылыстардың бірі. Басқа жаратылыстармен бір байланысы бар екендігі ақиқат. Адам – Аллаһу та’ала жаратқан ең кәміл жаратылыс. Оған бұл қадірлілікті берген қасиет – рухының бар болуы. Адамның рухы оны әрдайым биіктерге көтеруге күш салады. Ал рухты тазалайтын және азықтандыратын нәрсе – тек дін ғана.
Адам мен оны жаратқан ұлы құдірет арасында қандай байланыс бар? Мұны күмәнсіз дін көрсетуде. Мен дін туралы әр түрлі ғалымдардың не айтқанын зерттедім. Төменде бірнеше мысал келтіремін:
Карлайлдың «Қаһармандар және қаһармандарға табынатындар» еңбегінен:
«Адамның діні – оның жүрегі сенген бір негіз, оның ең анық сипаты. Дін дегеніміз сондай нәрсе, тікелей адамның жүрегіне енеді. Оның дүниедегі іс-әрекеттерін реттейді. Оған міндеттерін көрсетеді. Ұстанатын жолын көрсетеді және оның соңын белгілейді.»
Честертонның «Ойлайтын болсақ» кітабынан:
«Дін – адамның өзінің немесе басқалардың болмысында не бар екендігі туралы қол жеткізген шындықты көрсетеді.»
Амброс Биерстің «Шайтанның сөздігі» еңбегінен:
«Дін – адамдарға білмейтін көп нәрселерін үйрететін, оларға әрі қорықыныш, әрі үміт беретін қайнар-көз.»
Едмуд Барк «Франция төңкерісі» атты кітабынан:
«Барлық хақ діндер әмір еткен негіз – Аллаһу та’аланың бұйрықтарына мойынсұну, Оның дінін құрметтеу және осылайша мүмкіндігінше Оның разылығына жақындау.»
Сведенборгтың «Өмір доктринасы» еңбегінен:
«Дін – жақсылық жасау деген сөз. Діннің болмысы – жақсылық.»
Джеймс Харрингтонның «Мұхит» кітабынан:
«Одан қорқса да, одан жұбаныш тапса да, дүниедегі әркімнің аз немесе көп, әйтеуір дінмен бір байланысы бар.»
Өмірде әр адам білмейтін, түсінбейтін, түсіндіре алмайтын мәселелермен көп кездеседі. Міне, осы мәселелерді оған түсіндіретін, оған иман, сенім беруші – тек қана дін.
Мен неліктен Ислам дінінің әлемдегі діндердің ең кәмілі және хақ дін екендігіне сенемін? Мұны былай түсіндірейін:
Бәрінен бұрын Ислам діні ұлы, жалғы Аллаһтан басқа тәңір жоқ екенін, Оның туылмағанын, тумағанын және Оған ұқсайтын басқа ешқандай жаратушының жоқ екенін білдіреді. Аллаһу та’аланың бар екенін, бір екенін, ұлылығын тек Аллаһу та'алаға жарасатын ұлылықпен танытатын басқа ешқандай дін жоқ. Құран кәрімде Худ сүресінің 4-аятында: «(Ей, құлдарым), маған ғана қайтасыңдар. Аллаһтың барлық нәрсеге құдіреті жетеді» делінген. Исра сүресінің 55-аятында: «Аллаһу та’ала көк пен жердегі жаратылыстардың жағдайын ең жақсы білуші» делінген және Құран кәрімнің басқа барлық сүрелерінде әрдайым Оның «Жалғыз жаратушы екендігі», «Әрдайым бар болатындығы», «Мәңгілік болатындығы», «Барлық нәрсенің Оған мәлім екендігі», «Ең дұрыс үкімді беруші екендігі», «Ең үлкен көмекші екендігі», «Ең мейірімді жаратушы екендігі», «Ең кешірімді екендігі» туралы айтылады. Бұларды оқыған сайын адамның Аллаһу та’алаға қалай жақындайтынын, Оның қарсысында қалай еритіндігін және Оның мейіріміне қалай сиынатындығын сіздерге айтып түсіндіре алмаймын. Құран кәрімде Аллаһу та'ала Хадид сүресінің 17-аятында: «Біліңдер, Аллаһу та’ала жер бетін (құрғақтықпен) өлтіргеннен кейін (жаңбырмен) тірілтеді. (Өлі жүректерді де зікір және тіләуатпен тірілтеді). Ақылға саларсыңдар деп бұларды ашық дәлелдермен сендерге баяндадық» деген. Нас сүресінде де: «(Ей, Мұхаммед саллаллаһу алейһи уәсәлләм!) Оларға: мен адамдардан, жындардан, адамның көңіліне уәсуәса беретін шайтанның жамандығынан, адамдардың мұқтаж болған нәрселерін жіберетін, оларды қорқынышты нәрселерден қорғайтын және ғибадат етілуге лайықты болған иеме сыйынамын деп айт» деген.
Бұл ұлы сөздерді оқыған адам қалайша осы ұлы жаратушыға сенбейді, қалайша Оған сыйынбайды? Бұлардың барлығы адамның өмірде қалған мерзімі бойы оны қорғайтын өте рақымды бір жаратушының бар екенін сезініп, рахатқа қауышуы және тура жолды ұстануы үшін жеткілікті емес пе?
Ислам ең дұрыс дін екендігін және өзінен бұрын келген діндердің барлық дұрыс жерлерін қамтитынын айқын білдірген. Исламның ең үлкен кітабы болған Құран кәрімде жазылған барлық негіздердің қарапайым, айқын және бәріне түсінікті қисынды негіздер екенін айтады. Бұлар өте дұрыс сөздер. Шындығында, егер Аллаһу та’ала мен құл арасында үйлесімді байланыс құруды, тәндік және рухани мәселелерді үйлесімді түрде біріктіруді және дүние мен ахиретте тыныштықта өмір сүруді қаласақ, міндетті түрде Ислам дінін қабылдауымыз керек. Тек Ислам арқылы ғана рух пен дене тұрғысынан кемелдікке жетеміз.
Христиан діні тек рух пен ожданға көңіл бөледі, әрбір христианға көтере алмайтын ауыр рухани және ождандық міндеттер жүктейді. Христиан діні адамды күнәхар деп қабылдайды және одан түсініксіз, қисынсыз кәфараттар (жазалар) өтеуін талап етеді. Ал Ислам діні тек сүйіспеншілік негізінде құрылған. Христиан дінінде ғалымдар адамдардың әр түрлі рухани халдерін зерттеп, оларға жүктелген ауыр міндеттер арасынан бәлкім аздаған Аллаһқа деген сүйіспеншілікті табуы мүмкін. Алайда, олар да қазіргі христиан дінінде осы аздаған сүйіспеншіліктің көптеген қате сенімдердің астында қалып, толығымен қалай жойылғанын көріп, мұңаяды. Колеридж бір кітабында: «Христиан дінін қатты жақсы көретін адамның біртіндеп христиан дінінен алыстап, шіркеуді одан да қатты жақсы көруі, соңында өзін қатты жақсы көруі ақиқат» деген. Алайда, Ислам діні бізге Аллаһу та’аланы құрметтеуімізді, жақсы көруімізді, тек Оның әмірлеріне мойынсұнып, бір жағынан өз ақылымыз бен логикамызды қолдануымызды бұйыруда. Христиан дінінде аз ғана ақиқат қалған. Ал Ислам дінінде барлық нәрсе ақиқатқа негізделеді. Құран кәрімде Аллаһу та’ала қандай ұлттан, қандай нәсілден болса да, барлық құлдарына Юнус сүресінің 108-аятында былай дейді: «айт: Ей, адамдар! Раббыларыңнан сендерге ақиқат келді. Тура жолға кірген адам тек өз пайдасы үшін кірді, адасқан адам өз зиянына адасты. Мен сендердің қарауылдарың емеспін.» Мен осылардың бәрін оқып, Құран кәрімнің мағынасын жақсылап ұғынғаннан кейін Исламның түрлі ойларыма ең дұрыс жауап бергенін көріп, қуана-қуана мұсылман болдым. Ислам діні маған хақ жолды көрсетті және маған батылдық берді. Дүниеде бақыт пен рахатқа, ал ахиретте саламаттыққа қауышу үшін мұсылман болудан басқа жол жоқ.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024