(Атақты отбасынан шыққан және баронет атағын алған Сэр Брантон Оксфорд университетін бітіріп, баспасөз саласында танылған тұлға.)
Маған неліктен мұсылман болғанымды айтуға мүмкіндік бергеніңіз үшін сіздерге алғысымды білдіремін. Мен христиан ата-ананың тәрбиесінде өстім. Жастық шағымда теологиямен айналыстым. Миссионерлермен танысып, олардың шетелдердегі жұмыстарына жақыннан қызықтым. Шын жүректен оларға көмектесуді қаладым. Ресми түрде тапсырма алмастан солармен бірге сапарға шықтым. Шынын айтқанда, діни білім алған болсам да, христиан дінінің (адамдардың күнәхар болып туылады және өмір бойы соның азабын тартуға мәжбүр деген) теориясы маған оғаш келетін. Бұл теорияға қарсы болатынмын. Осы себепке байланысты ақырындап христиан дінін жек көре бастадым. Өйткені, мен барлық нәрсені жаратуға құдіреті жететін Аллаһу та’аланың тек күнәхар болмыстар жаратуын Оның құдіреті мен мейірімділігіне жарастыра алмайтынмын. Сондықтан да Аллаһу та’аланы осылай суреттейтін діннің шынайы еместігін ойлайтын едім. «Ал басқа діндер бұл мәселеде не дейді екен?» деп басқа діндерді де зерттеуге шешім қабылдадым. Жүрегімде әділетті, мейірімді тәңірге қажеттілік сезініп, осындай Аллаһты іздеген едім. Иса алейһиссаламның әкелген шынайы насрани діні осы ма еді? Әлде Оның көрсеткен таза діні уақыт өте бұзылған ба? Осыларды ойлаған сайын көңілімдегі күмәндер артып, Қасиетті кітапты парақтап, зерттей бастайтынмын, әркез онда көптеген кемшіліктер мен түсініксіз мәселелер бар екенін байқайтынмын. Соңында мен мынадай тұжырымға келдім: Бұл кітап Иса алейһиссалам таратқан шынайы діннің кітабы емес. Адамдар Інжілге көптеген қате қағидалар енгізіп, Аллаһу та’аланың дұрыс кітабын бұзған.
Мен осындай қорытынды шығарғаннан кейін миссионерлермен бірге барған елдерімде кездескен адамдарға Інжілді оқып берудің орнына басқа нәрселерді айта бастадым. Оларға тәңір, тәңірдің ұлы, қасиетті рух сияқты үш тәңір туралы айтудың орнына дене өлген кезде өлмейтін рухтың бар екендігі, адамдарды ұлы бір жаратушының жаратқаны, адамдарды күнәларына қарай дүниеде де, ахиретте де жазаға тартатыны, егер адамдар бұл істеріне өкінетін болса мейірімді жаратушы оларды кешіретіні туралы айтатын болдым.
Күн өткен сайын мен толықтай бір Аллаһқа сене бастадым. Ақиқатқа толық жету үшін тереңірек түскім келді. Міне, осы кезде Ислам дінін зерттей бастадым. Бұл діннің мені өзіне тартқаны соншалық, барлық уақытымды соған арнадым. Мен тұрған жер Үндістанда қалалардан алыс, көбісі тіпті атын да естімеген Ичра деген ауыл болатын. Бұл ауылдың тұрғындары өте кедей, өте мұқтаж адамдар еді. Оларға тек Аллаһу та'аланың разылығы үшін жалғыз және мейірімді жаратушының бар екенін түсіндіруге, дүниеде ұстануы керек болған тура жолды үйретуге тырыстым. Олардың бір-біріне бауыр екенін, тазалыққа қатты мән беру керектігін де үйретуге тырыстым. Оғаш болғаны, менің үйретуге тырысқан осы негіздерімнің барлығы христиан дінінде емес, Ислам дінінде бар болатын және мен христиан миссионері емес, мұсылман дін адамы секілді уағыз жүргізген едім.
Осы алыс жерде сауатсыз халық арасында қаншалықты еңбектенгенімді, қанша жанкештік жасағанымды, қандай қиыншылықтармен кезіккенімді ұзақ айтқым келіп отырған жоқ. Менің барлық ойым осы бейшара адамдарды рухани және тәндік тұрғыдан тазарту, оларға ұлы бір жаратушының бар екендігін түсіндіру болды.
Жалғыз қалған кезімде Мұхаммед алейһиссаламның өмірін зерттейтінмін. Оның өмірі туралы ағылшынша кітаптар өте аз жазылған. Оны сынау, қаралау және осы ұлы пайғамбарды жалған деп таныту үшін христиандар қолынан келгендерінің барлығын істеген. Бірақ, мен қазір осы дұшпандықпен жазылған кітаптардың ықпалында қалмастан, Исламды зерттеу үстінде едім. Осы зерттеулерім артқан сайын Исламның бір Аллаһты және ақиқатты ең дұрыс көрсеткен хақ дін ретінде қабылдау керек екенін жақсы түсіндім.
Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сияқты ұлы пайғамбардың адамзатқа тигізген қызметтерін көріп тұрып Оның пайғамбарлығын жоққа шығару мүмкін емес еді. Ол Аллаһу та’аланың расулы еді. Ол Аллаһу та’аланың рақымдылығымен жабайылық және надандық арасында өмір сүрген, көптеген пұттарға табынатын, аңыздарға сенетін, жартылай жалаңаш түрде көптеген әйелмен жануарлар сияқты өмір сүретін арабтарды қысқа уақыт ішінде Аллаһу та’алаға иман келтірген, мәдениетті, таза, шыншыл, әйелдерге құқық беретін, жақсы, жұмсақ мінезді адамдарға айналдырды. Адам Аллаһу та’аланың рақымы, көмегі болмай ешқашан мұндай істі атқара алмайды. Бірнеше жүз адам тұратын бұл ауылда қаншалықты қиналып кіріскенімді, әлі де оларды тура жолға түсіре алмағанымды ойлаған сайын Мұхаммед алейһиссаламның еңбегі менің көзімде өсе берді. Тек Аллаһу та’аланың расулы ғана мұндай істі игере алар еді. Оның пайғамбарлығына шын көңілмен сену керек еді.
Ислам дініндегі басқа жақсы нәрселер туралы айтуды қажет деп санамаймын. Өйткені, Аллаһу та’аланы және Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбарлығын қабылдағаннан кейін адам мұсылман болды деген сөз. Сол кездерде маған бір мұсылман үндіс келген еді. Миан Амируддин есімді бұл сыпайы адаммен Ислам діні туралы ұзақ әңгімелестік. Бұл сұхбаттар маған батылдық беріп, мұсылман болуға шешім қабылдадым.
Мен мұсылмандықтың шынайы Аллаһтың діні екендігіне, қарапайымдылығына, кешірімі мен мейірімділігіне, шыншылдығына, мұсылмандарды бір-біріне бауыр деп санауына және бір күні бүкіл әлемді бір-бірімен байланыстыратынына сенемін.
Өмірімнің соңына таядым. Бұдан былай өлгенге дейін өзімді Ислам дініне қызмет етуге арнадым.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024