(Сэр Арчибалд Хамилтон Англияның атақты дипломаты болып, бірінші дүниежүзілік соғыста теңіз әскерінің офицері болып қызмет атқарған. Атақты әулеттен шыққан, баронет (Барон үміткері деген сөз) атағын иеленген. 1923 жылы Ислам дінін қабылдау абыройына ие болды.)
Балиғатқа толғанымнан бері Ислам дінінің қарапайымдылығы мен айқындылығы мені әрдайым өзіне тартып тұратын. Христиан болып туылып, христиан тәрбиесін алған болсам да, қате сенімдерге еш сенбей, әрдайым хақты, ақиқатты және қисындылықты таңдайтын едім. Мен тек бір Аллаһқа ықыласпен ғибадат жасауды қалайтынмын. Алайда, Рим шіркеуі де (католик), ағылшын шіркеуі де (протестант) мұны маған қамтамасыз етіп бере алмады. Міне, осы себептен мені толық қанағаттандырған мұсылмандықты ожданымның қолдауымен қабылдадым, осыдан кейін ғана өзімді Аллаһу та’аланың шынайы құлы және жақсырақ адам ретінде сезіне бастадым.
Ислам діні көптеген христиандар мен надан адамдар тарапынан қате, сиқырлаушы, жалған және ойдан шығарылған дін ретінде үйретілгені қандай өкінішті. Алайда, Аллаһу та’аланың құзырында хақ дін – Ислам. Ислам діні – күштілердің әлсіздермен, байлардың кедейлермен бірге болуын қамтамасыз ететін кәміл дін. Адамдар экономикалық тұрғыдан үш топқа бөлінеді. Бұл топтардың біріншісі, Аллаһу та’аланың көптеген ниғмет беріп, бай қылған адамдары. Екінші топ, күн көру үшін жұмыс істеуге мәжбүр болған адамдар. Үшіншісі, өз кемшіліктері болмаса да, жеткілікті мөлшерде табыс таба алмайтындар, жұмыссыз қалғандар, жұмыс істей алмайтын жағдайға түскендер, яғни кедейлік пен мұқтаждыққа түскендер. Міне, Ислам діні осы үш топтың да бір-бірімен араласып, байланыс құруын қамтамасыз етеді. Бай адамның кедейге көмектесуін бұйырады. Қор болудың, жапа шегудің жойылуына себептер сыйлайды.
Ислам діні, сонымен қатар, адамдардың жұмыс істеу күшіне, жеке қайсарлығына және жұмыс істеу қабілеттеріне де мән береді. Ислам заңы бойынша, иесіз жатқан жерді кедей диқан белгілі бір уақыт өз тырысуымен игеріп қолданса, жер соған тиесілі болады. Ислам діні құлатушы емес, тұрғызушы дін болып табылады.
Ислам діні құмар және сол сияқты жаман, зиянды ойындарға тыйым салады. Ислам діні адамды мас ететін барлық ішімдіктерге де тыйым салады. Шынында дүниеде адамдардың басына келетін бәле-жаланың көбінің себебі – осы құмар мен ішкілік.
Біз, мұсылмандар барлық нәрсенің тағдырдың қолындағы тұтқын екендігіне сенетін адамдар емеспіз. Исламдағы тағдыр ештеңе істеместен аузын көкке ашып, барлық нәрсені Аллаһу та’аладан күту деген сөз емес. Бұған керісінше, Құран кәрімде Аллаһу та’ала әрдайым еңбектенуді әмір етеді. Адам бар күшін салып еңбектенеді, бүкіл материалдық себептерге жабысады, содан кейін ғана Аллаһу та’алаға тәуекел етеді. Еңбектенуден бұрын емес, еңбектеніп жатқанда, сол істі игеру үшін, жетістікке қол жеткізу үшін Раббысына жалбарынып, Одан көмек күтеді. Исламның «Жақсылық пен жамандық Аллаһ та’аладан келеді» деген сенімі барлық нәрсені Аллаһ жаратады дегенді білдіреді. Ислам дінінде «Ештеңе істемей бос тұру» деген нәрсе жоқ. Тағдыр – болатын барлық нәрсені Аллаһу та’аланың әзелде білуі және білгендерін уақыты келгенде жаратуы деген сөз.
Ислам діні адамдардың күнәхар екендігін, күнәхар болып туылатындығын және бүкіл өмір бойы соның кәфаратын (өтемін) беруге мәжбүр екендігін мүлдем қабылдамайды. Ислам адамдардың еркек және әйел болып Аллаһу та’аланың құлдары екендігін, әйел мен еркек арасында зеректік, ақыл, ой-өріс және мінез-құлық тұрғысынан аса айырмашылық жоқ екенін айтады. Тек еркектер күштірек, қуаттырақ болып жаратылғандықтан, ауыр жұмыстар мен напақаны қамтамасыз ету міндеті оларға жүктелген, ал әйелдерге рахат, қуаныштырақ қалдырылу арқылы бақытты қылынған.
Исламның барлық мұсылмандарды бір-біріне қалай бауыр еткендігі туралы көп нәрсе айтпаймын. Өйткені, бүкіл әлем мұсылмандардың бір-бірін қалай жақсы көретінін, бір-біріне әрдайым көмек беретінін біледі. Мұсылмандықта бай, кедей, ақсүйек, шаруа, қызметкер, жұмысшы, саудагер, барлығы Аллаһтың алдында тең және бір-бірінің бауырлары саналады. Мен қай мұсылман мемлекетіне барсам да, өзімді өз үйімдегідей және бауырларымның қасында жүргендей сезіндім.
Ең соңында мынаны айтқым келеді: Ислам діні адамдарды күні бойы дұрыс әрі жұмыс істеуге, әрі Аллаһу та’алаға құлшылық, ғибадат жасау міндетін атқаруға шақырады. Ал қазіргі христиандық адамдарды тек жексенбі күні дұға етуге, ал қалған күндері Аллаһты толығымен ұмытып, дүниелік істерге, күнәларға тартады.
Міне, осы себептер үшін мен мұсылман болдым және мұсылман болғанымды мақтан тұтамын.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024