Ғайбат ету

Новая страница 1  

Сұрақ: Ғайбат ету дегеніміз не?

Жауап: Белгілі (танитын) бір мұсылманның немесе зимми кәпірдің айыбын, оны жамандау үшін артынан сөйлеу ғайбат болады. Ғайбат ету харам болып табылады. Тыңдап отырған адам оны танымайтын болса, ғайбат болмайды.

 

Ғайбат етілген адамның денесінде, тегінде, мінез-құлқында, жұмысында, сөзінде, дінінде, дүниесінде, киімінде, үйінде, тіпті жануарларында болған бір кемшілігі артынан айтылса, яғни ол адам бұны естіген жағдайда ренжитіндей сөз айтылған болса, ғайбат болады. Естігенде ренжитін сөзді бетіне айту да күнә болып табылады.

 

Астарлап айту, ишарамен, әрекетпен білдіру, жазумен білдіру де сөзбен айту сияқты ғайбатқа жатады.

 

Бір мұсылманның күнәсі және кемшілігі айтылғанда молдалардың, уағызшылардың «әлһамдулилләһ біз ондай емеспіз» деулері, ғайбаттың ең жаманы болып табылады. Біреу туралы айтылып жатқанда «әлһамдулиллаһ, Аллаһ бізді олай арсыз етпеді» деген сияқты сөздермен оны жамандау, өте жиіркенішті ғайбатқа жатады. «Пәленше өте жақсы кісі, бірақ ғибадаттағы мына кемшілігі болмаса, тіпті жақсы болар еді» деу де ғайбат болады. Хужурат сүресінің он екінші аятында: «Бір-бірлеріңді ғайбат етпеңдер!» деп бұйырылды.

 

Ғайбат – адамның сыртынан жамандау, өсектеу деген сөз. Біреуді ғайбат ету, өлген адамның етін жеумен бірдей екендігі білдірілген. Хадис шәрифтерде былай бұйырылды:

 

«Миғражға шыққанда мыс тырнақтарымен беттерін, кеуделерін тырнап жатқан адамдарды көрдім. “Бұлар кімдер?” деп сұрағанымда “Ғайбат етіп, адамдардың етін жеп, өздеріне қастандық жасағандар” деді» (Әбу Дауд)

 

«Қияметте бір адам сауап дәптерінде жасамаған ғибадаттарын көреді. “Бұлар сені ғайбат еткен адамдардың сауаптары” делінеді» (Хараити)

 

«Бір жамағат ішінде болғаныңда бір адам туралы ғайбат айтылғанын көрсең ол адам үшін көмекші бол. Және жамағатты да оны ғайбаттаудан қайтаруға тырыс немесе ол жерден тұрып кет.» (И. Әбиддуния)

 

«Дін бауырыңның бетіне айтуды қаламайтын нәрсең ғайбат болып табылады» (И. Асакир)

 

«Бір адамның жанында дін бауыры ғайбат етілгенде, оған көмектесуге күші жете тұра көмектеспесе, Аллаһу та’ала оны дүниеде де ақыретте де масқара қылады» (И. Әбиддуния)

 

«Бір адамның мал-мүлкі аз, бала-шағасы көп, намазы жақсы болса және мұсылмандарды ғайбат етпесе, қияметте онымен бірге боламыз» (Хатиб)

 

«Пәленшенің бойы қысқа» деген адамға пайғамбарымыз, «бұл сөзің теңізге тасталса, теңіз де сасиды» деп бұйырды. (Тирмизи)

 

Ғайбат – адамның сауаптарының азаюына, басқалардың күнәлары өзіне жүктелуіне себеп болады. Бұларды үнемі ойлап жүру, ғайбат айтуға кедергі болады. (Ислам Ахлақы)

Ғайбаттың зияны
            Сұрақ:
Ғайбат етуден құтылудың жолы бар ма?
            Жауап: Иә бар, ғайбаттың не екенін және оның зияндарын білетін адам ғайбат айтудан құтылады. Мәселен жыланның зиянын білетін адам жыланмен ойнай ма? Жыланды қойнына алып жата ма?.. Ғайбаттан құтылу үшін:

1- Ғайбаттың зиянын ойлау керек! Ғайбат етумен сауаптарының кететінін, тіпті ғайбаттаған адамының күнәлары да өзіне жүктелетінін білу керек! Хадис шәрифте былай бұйырылды:

«Қияметте сауап дәптері ашылған адам, “дүниеде болған кезде мынадай ғибадаттарды жасаған едім, мұнда жазылмапты” дейді. “Олар өшіріліп ғайбаттаған адамыңның дәптеріне жазылды” делінеді.» (Исфахани)

 

2- Ғайбат дүниеде де атыңа кір келтіреді! Өсекші деген атқа қалдырады. Хадис шәрифте былай бұйырады:

«Ғайбат еткен адамды тыңдаған адам да бұл күнәға ортақ болады» (Табарани)

 

3- Бір адам басқа бір адамға ренжісе оны жамандауға тырысады, оны ғайбат етеді. Ал біреуге ренжігені үшін өзін тозаққа тастаудың ақымақтық екенін білетін адам ғайбат етпейді. Ғайбат етумен оған зиян келтірген болмайды, керісінше өзін пәлекетке түсірген болады. Оған қоса жақсы көрмейтін адамының күнәларын алып, орнына өзінің сауаптарын берген болады.

 

4- Кейде адамдарды күлдіру үшін, қуандыру үшін де ғайбат айтылып жатады. Адамдарды қуандыру үшін Аллаһтың ашуына ұшырауды қалау ақымақтық емес пе?...

 

5- Ғайбат ететін адам, мақтануды, адамдардың өзі туралы айтып жүрулерін қалайды. Ол үшін әр түрлі әдістерді қолданады. Мәселен “пәленше өте нашар тұрады” деп айтады. Бұл сөзімен “менің тұрмыс жағдайым жақсы” дегенді айтпақшы. Өзінің жомарт екендігін білдіру үшін “пәленше өте сараң адам” дейді. Егер бұлай ғайбат айтқанды тыңдаған адам ақылды болса, өзін бұлай мақтаған адамға еш мән бермейді. Бұларды тыңдаған адам ақылсыз болса, надан біреу болса ғайбат еткенінде оған мән беретін болса не шығады? Одан не пайда табады?...

 

6- Өзгелерді ғайбаттап кемшілік іздейтін адам өз кемшіліктерін көре алмайды. Ал өзінің кемшіліктерімен әуре болған адам басқалардың кемшілігін көре алмайды. Бұдан өзгеден кемшілік іздеп, жамандап жүрген адам, өзінің кемшілігін көре алмайтын надан, ақымақ екендігін аңғарамыз.

 

7- Ішітарлар (көре алмаушылар) мал-мүлкі бар, дәулетті адамдарды жамандайды. «Мал-мүлкі көп бірақ жеуді білмейді, өте сараң адам» деп айтады. Немесе жоғары лауазымдағыларды жамандайды «Директор болдым деп кісі болып қалыпты» дейді. Бұлай айтумен ғайбатталған адамның малы да азаймайды, лауазымынан да түсіп қалмайды. Керісінше ішітарлығы одан сайын қоза түседі. Оның үстіне ғайбат ету күнәсына булыққаны үшін сауаптарын жақсы көрмейтін адамына берген болады.  

 

Сұрақ: (Истишара) ақыл сұрап келген адамға «бұл жігіттің немесе қыздың мынандай кемшіліктері бар» деп айтса немесе «ол малды алма мынандай кемшілігі бар» деп айту ғайбат бола ма?

Жауап: Ғайбат болмайды. Хадис шәрифте былай бұйырылды:

«Күнәһардың жағдайын айтудан тартынбаңдар, халық оның зиянынан сақтансын.» (Табарани)

 

Сұрақ: Лақабымен мәшһүр адам туралы айтқанда, мәселен “Қара Болат” деп айту ғайбатқа жата ма?

Жауап: Бұл лақабымен аталғанда ренжімейтін болса ғайбат болмайды.

 

Сұрақ: Досымды жаман балалардан қорғау үшін “пәленше құмаршы, түгенше алқаш” деп айтуым ғайбат болады ма?

Жауап: Ғайбат болмайды. Хадис шәрифте былай бұйырылды:

«Ұятсыз туралы айту ғайбатқа жатпайды.» (И. Адий)
 

Ғайбат зинадан да жаман

Сұрақ: Ғайбаттың зинадан да жаман екендігі білдірілген хадисті кейіннен ойдан шығарылған хадис дейді. Бұл хадис дін кітаптарында жоқ па?

Жауап: Ол хадис шәрифтің мәтіні мынадай:

«Ғайбаттан сақтаныңдар, өйткені ғайбат зинадан да ауыр. Адам зина етіп тәубе етсе (қайта істемесе) Аллаһу та’ала оның тәубесін қабыл етеді (кешіреді). Ғайбатталған адам, ғайбат еткен адамды кешірмейінше кешірілмейді.» (Ибни Әбид-Дүния, Дәйләми, Табарани, Бәйхаки, Тәрғиб және Тәрхиб, И. Шарани, И. Ғазали)

 

Ислам ғалымдарының кітаптарында болған хадис шәрифтерге қарсы шығуға, тіл тигізуге болмайы. Тек түсіндірмесі (ашықтауы) қандай, ғалымдар не бідірген деп сұрауға болады.

 

Бақара сүресінің 191-ші аятында «Фитнә, адам өлтіруден де жаман» деп бұйырылған.

 

Аят кәримада фитнәның адам өлтіруден де үлкен күнә екендігі білдірілген. “Қалайша фитнә адам өлтіруден де жаман болады?” деп айта алмағанымыз секілді “қалайша ғайбат зинадан да жаман болады?” деп те айта алмаймыз. Адам өлтіру бір кінә болса, фитнә шығару бірнеше кінәларға себеп болуы мүмкін. Фитнәның бірнеше мағынасы бар. Ең көбіне күпір, бұзушылық, іріткі салушылық, бөлушілік, бәле, емтихан сияқты мағыналарға келеді. Фитнә көптеген мұсылманның қанының төгілуіне немесе бір мұсылман елдің кәпірдің қолына өтуіне себеп болуы мүмкін.

 

Бір адам, нәпсіне, шайтанға және жаман досына еріп зина істеген болса, кейін өкініп, қайта істемесе, Аллаһу та’ала оның тәубесін қабыл етеді. Бірақ ғайбат ету, сөз тасу бірнеше фитнәларға себеп болуы мүмкін. Ғайбат күнәсына кіру оңай болғандықтан және зиянының да шегі болмайтындықтан одан қайтару үшін бұл хадис шәриф қуатты ескерту болып табылады.
 

Ғайбат Құран кәрімде өлі бауырының етін жеуге ұқсатылған:

«Бір-біріңнің кемшіліктеріңді іздемеңдер, бір-біріңді сырттай жамандамаңдар, ғайбат етпеңдер. Өлген бауырының етін жеу кімге ұнайды? Бұл жиіркенішті. Олай болса Аллаһтан қорқыңдар.» (Хужурат 12)
 

Ғайбат, сөз тасудан және басқа да күнәлардан қашу нәпсімен жиһад етуге жатады. Бұл “жиһади әкбар” үлкен жиһад ретінде білдірілген. Ғайбаттың зияндары туралы хадис шәрифтерде былай бұйырады:

«Миғражда кеуделерінен асылып азапталғандарды көрдім. “Бұлар қас, көз ишараларымен мазақ қылып, ғайбат еткендер” делінді. Шынында Құранда былай бұйырылған: “Адамдардың артынан жамандап, қас көзімен мазақ қылғандардың жағдайы қиын болады!”» (Хумәзә-1, Бәйхаки)

 

«Миғражда тозақта иістеніп кеткен өлекселерді жеп жатқандардың кім екендігін сұрадым. “Бұлар ғайбат етіп адамдардың етін жегендер” делінді.» (И Ахмед)

 

«Ғайбат және өсек айту, адамның иманын әлсіретіп жоқ қылады» (Исфахани)

 

«Біреу туралы айтылған кемшілік ол адамда бар болса ғайбат болады, жоқ болса жала болады» (Муслим)

 

«Ғайбат еткен адамның дұғасы қабыл болмайды.» (Шира)
 

«Ғайбат еткен адам жаһаннамдық болады» (Исфахани)

 

«Төрт адамның тартқан ауыр азабынан жаһаннамдағылар мазасызданады. Біріншісі оттан жасалған табыт ішінде, екіншісі асқазандарын жерге сүйретіп жүреді, үшіншісі қан мен ірің құсады, төртіншісі өз еттерін жейді. Біріншісі қарыздар болып өлген. Екіншісі зәрден сақтанбайтын (таза жүрмейтін) еді. Үшіншісі әдепсіз сөйлейтін. Төртіншісі ғайбат және өсекпен айналысатын еді.» (Табарани)

 

«Бес нәрсе ораза және дәретте игілік қалдырмайды: өтірік, ғайбат, сөз тасу, шәхуатпен харамға қарау, өтіріктен ант ішу» (Дәйләми)

 

«Ораза отқа қалқан болады. Ғайбатпен бөлшектенбегенге дейін қорғайды.» (Бұхари)
 

«Ғайбат етпеген адам Аллаһу та’аланың сенімінде болады.» (Ибни Хузәймә)
 

«Өлексе жеу, ғайбат айтып досыңның етін жеуден де жеңіл болып табылады.» (Әбушшәйх)

 

Жаңа жерленген екі өлі үшін расулуллаһ алейһиссалам былай дейді: «Қазір олардың қабірлері отқа толтырылды, азап ішінде жатыр. Айғайлаған дауыстарын адам мен жындардан басқа барлық махлұқ естіді. Егер сыр сақтай алғандарыңда еді, менің естігендерімді сендер де еститін едіңдер. Бұлардың біреуі зәрден сақтанбайтын еді, екіншісі адам етін жейтін еді (ғайбат ететін еді).» (И. Ахмед, Ибни Жәрир)

 

Расулуллаһ ғайбат еткен адамға «Тәубе ет, бауырыңның етін жедің» деп бұйыратын. (Табарани, И. Әби Шәйбә)

 

Нәтижеде Расулуллаһ алейһиссаламның менің “мұрагерлерім” деп атаған, Аллаһу та’аланың сенімді адамдарына яғни ислам ғалымдарына ең аз дегенде әдептілік танытуымыз керек, дін дұшпандарына алданып олар жайлы кітаптарына дұрыс емес хадистер жазған деп жаман ойламауымыз керек. Аллаһу та’ала Ислам дінін тексіздерге қарсы осы мубәрәк кісілермен қорғап, таратқанын ұмытпау керек. 


Ғайбаттың кәффараты:

Ғайбат етудің кәффараты - өкініп тәубе ету және ғайбатталған адамның разылығын алу (халалдасу) болып табылады. Күнәсына өкінбестен разылығын алу рияға жатады, тағы бөлек күнә істеген болады.

Ғайбат үш түрлі болады:

1- “Бұл ғайбат емес, онда бар болған нәрселерді айттым” деу. Бұлай айтумен харамға халал деген болады, бұл өте қауіпті.

 

2- Ғайбат етілген адам бұны естіген болса, тәубе етумен кешірілмейді. Оның разылығын да алу (халалдасу) керек болады. Бір хадис шәрифте былай бұйырады:

«Ғайбатталған кісі, ғайбат еткен адамды кешірмейінше кешірілмейді.» (Дәйләми)

 

3- Ғайбатталған кісінің бұдан хабары жоқ болса, тәубе және истиғфар айтып және оған игі дұға ету арқылы кешіріледі.

«Ей Раббым, мені де, ғайбаттаған адамымды да кешір» деп дұға ету керек! Екі хадис шәрифте былай бұйырады:

 

«Ғайбаттың кәффараты ғайбатталған адамның кешірілуі үшін дұға ету болып табылады.» (Ибн Лал)

 

«Ғайбаттаған адам, ғайбат еткен адамының кешірілуі үшін дұға етсе, күнәсына кәффарат болады.» (Хатиб)


Қажеттілік кезінде ғайбаты жаиз болғандар:

1- Бір әділетсіздікті шағымдану үшін тиісті мекемелерге білдіру.

 

2- Басшысына “қол астыңдағы пәленше жұмысын қате істеп жатыр оған кедергі бол” деп айту.

 

3- Бидғатшымен жүрген адамға «онымен араласпа ол мазһабсыз» деп айту.


4- Куәгерлікте «пәленше мынаны істеді» деп айту.

 

5- Адамдарды ашықша күнә істейтіндерден қорғау үшін мәселен “ол құмаршы” деп айту.

 

6- Мұсылмандарды бидғатшының зиянынан қорғау үшін бұлардың кітаптарының және жазуларының бұзықтығын, қателерін, сөзбен немесе жазумен білдіру. (Бұны орындау діннің әмірі.)

 

Сұрақ: Кәпірді ғайбат ету де харам ба?

Жауап: Зимми (Ислам мемлекетінің кәпір азаматы) кәпірді ғайбат ету харам, харби (кәпір елдің кәпір азаматы) кәпірді ғайбат ету жаиз болып табылады. Қазір дүниеде зимми кәпір жоқ. Бірақ кім болса да аузымызды ғайбат айтпауға дағдыландыруымыз керек. (Халифалық дәуірінде, ислам мемлекетінде өмір сүріп жизиа және хараж деп аталатын салық төлеп тұрған кәпір азаматтар зимми деп аталған, ал өз мемлекетінде өмір сүріп ислам мемлекетіне тәуелді болмаған кәпірлер харби кәпір деп аталған.)

 

Сұрақ: Бір адамның ғайбат еткенін көргенде не істеу керек?

Жауап: Оған айтқан кезде тыңдайтын, түсінетін адам болса кедергі болу керек. Тыңдамайтын адам болса, тақырыпты өзгертуге тырысу керек немесе ол жерден кету керек. Бұл да мүмкін болмаса, ғайбатқа іштей көңілмен разы болмау керек.

Ғайбат үш түрлі болады

Сұрақ: Разылығын алмай кешірілетін ғайбат бола ма?

Жауап: Ғайбат үш түрлі болады:

1- Күпір болған ғайбат:

Ғайбат етіп «менің айтқаным ғайбат емес, онда бар нәрселерді айттым» десе, харам болған ғайбатқа халал дегені үшін күпір болады. Онсыз да онда бар болған нәрсені айту ғайбат болады. Ал онда болмаған нәрсені айту жала болады, яғни одан да үлкен күнә болады. Бұлай айтқан адам күпірге тәубе ету секілді тәубе етуі керек.

2- Естілген ғайбат:

Айтқан ғайбатын ғайбатталған адамға естірту. Бұл үлкен күнә болып табылады. Тек тәубе етумен кешірілмейді, одан кешірім сұрап, оның разылығын да алу (халалдасу) керек болады.


3- Естілмеген ғайбат:

Ғайбатталған адам бұдан хабары болмайды. Тәубе және истиғфар айтумен және оған игі дұға етумен кешіріледі. (Бәриқа)