Мен дәрігермін және католик дінін қатты ұстанатын жанұядан шықтым. Алайда, дәрігерлікті мамандық ретінде таңдауым және позитивті, тәжірибелік, табиғи ғылымдармен шұғылдануым менде христиан дініне деген жек көрушілік сезімін тудырды. Діни тақырыптарда отбасымдағылармен бір пікірде емес едім. Иә, ұлы бір жаратушы бар және мен Оған, яғни Аллаһу та’алаға сенетінмін. Алайда, христиан дінінің, әсіресе католиктердің осы ұлы жаратушының қасына қосқан түрлі-түрлі оғаш құдайлар, ұлдар, қасиетті рухтар, Иса алейһиссаламның Аллаһтың ұлы екендігін дәлелдеу үшін ойдан шығарылған ақылға қонымсыз түсініктер, бірқатар бұзық сенімдер, әр түрлі рәсімдер мені Аллаһу та’алаға жақындатпай, керісінше Одан алыстататын еді.
Мен жалғыз бір Аллаһқа сенгенім үшін ешқашан үш тәңірлік сенімін қабылдамадым және ешқашан да Иса алейһиссаламды Аллаһтың баласы ретінде танымадым. Демек, мен Ислам дінін әлі танымай тұрып кәлима-и шаһадаттың жартысы болған «Лә илаһә иллаллаһ» бөлімін бұрыннан қабылдаған екенмін. Ислам дініне көңіл бөліп, Құран кәрімде кездестірген «Оларға айт: Аллаһу та’ала бір, туылмаған және тумайды және Оған ұқсайтын ешқандай болмыс жоқ» деген Ихлас сүресін оқыған кезімде, «Аллаһым, міне мен дәл осыған сенемін ғой» дедім және ішімнен шаттық сезіндім. Исламды терең зерттеудің өте маңызды екенін көрдім. Ислам дінін зерттеген сайын бұл діннің менің түсініктеріме толығымен сай екенін таң қалып байқадым. Ислам діні – дін адамдарын, тіпті пайғамбарларды (алейһимуссалауат) біз сияқты адамдар ретінде қабылдайды, оларға тәңірлік сипат бермейді. Әсіресе бір поптың күнәларды кешіре алатынын мүлдем қабылдамайды. Ислам дінінде ешқандай қате сенім, ақылға сыйымсыз үкім, түсініксіз мәселе жоқ еді. Ислам діні – дәл мен қалағанымдай қисынды дін еді. Католиктердің білдіргеніндей, адамның дүниеге күнәхар болып келетінін қабылдамайды. Адамдарға рух пен дене тазалығын бұйырады. Медицинаның негізгі қағидасы болған тазалық – Ислам дінінде Аллаһу та’аланың әмірі. Ғибадатқа таза болып келуді бұйырады, мен мұндайды басқа ешбір діннен кездестірмедім.
Христиандықта христиан дініне кірген кезде және діни рәсімдерде Иса алейһиссаламмен, тәңірмен бірлесе алу үшін поптың Исаның еті деп берген нанын жеу және қаны деп берген шарабын ішу сияқты рәсімдердің пұтқа табынатын алғашқы қауымдардың әдеті екенін көріп, оларды жек көретінмін. Менің позитивтік ғылымдармен көркейген ақылым мұндай балалық және шынайы дінге жараспайтын қисынсыз рәсімдерді түбегейлі қабылдамайтын. Екінші жағынан, Исламда бұлардың ешқайсысы жоқ болатын. Исламда тек ақиқат, сүйіспеншілік және тазалық бар еді.
Бұдан былай шешімімді қабылдадым. Мұсылман достарыма бардым да, мұсылман болу үшін не істеу керектігін сұрадым. Олар маған «Калима-и шаһадат» айтуды және оның мағынасын үйретті. Жоғарыда айтқанымдай, мұның жартысын, яғни «Тек бір Аллаһ бар» бөлімін мен мұсылман болмастан бұрын қабылдаған едім. Қалған «Мұхаммед алейһиссалам Оның расулы» деген бөлімін қабылдау да мүлдем қиын болмады. Содан соң Ислам діні туралы жазылған еңбектерді зерттей бастадым. Олардың ішінде Мелек Беннабидің өте тамаша еңбегі болған «Le Phene Coranique» кітабын оқыған кезімде Құран кәрімнің қандай керемет туынды екендігіне таң қала көз жеткіздім. Бұдан он төрт ғасыр бұрын түсірілген осы Аллаһ кітабында жазылғандар қазіргі ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне толығымен сәйкес келуде. Әрі ғылым, әрі жаратылыстану, әрі қоғамдық әс-әрекеттер тұрғысынан Құран кәрім тек бүгіннің емес, сондай-ақ ертеңгі күннің де кітабы.
1953 жылы 20 ақпанда Париж мешітіне барып, сол жерде мүфтидің және куәгерлердің алдында Ислам дінін ресми түрде қабылдап, Әли Салман есімін алдым.
Бұл жаңа дінімді өте жақсы көремін. Өте бақыттымын және жиі-жиі кәлима-и шаһадатты айтып, мағынасын ойлап, Ислам дініне деген иманымның қуаттылығын айқындаймын.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024