Неліктен мұсылман болдым?
Сіздерге бүкпесіз айта аламын, мен өзім байқамай мұсылман болған едім. Өйткені, жас кезімнен бастап ұстанып жүрген христиан дініме титімдей болса да сенімім қалмаған еді, христиандыққа суып кеттім. Мен дінде көптеген нәрселерді біліп, түсінгім келді. Маған үйретілген сенімдерді көз жұмып қабылдауды қолдамаймын. Неліктен үш тәңіріміз бар? Неліктен дүниеге бәріміз күнәхар болып келдік және өтемін беруге мәжбүрміз? Неге тек дінбасы арқылы ғана Аллаһу та’алаға жалбарына аламыз? Кейін бізге көрсетілген әр түрлі белгілердің, айтып берілген түрлі мұғжизалардың не мәні бар? Мен бұл сұрақтарды дәріс беретін дінбасылардан сұраған кезімде олар ашуланып «Шіркеудің саған үйреткен нәрселерінің негізін сен сұрай алмайсың. Бұлар құпия нәрселер. Сен тек сенуге ғана жауаптысың» дейтін еді, бірақ менің осыған да ақылым жетпейтін еді. Адам түсінбеген, негізін білмеген бір нәрсеге қалай сенеді? Бірақ, ол кездері өз ойларымды ашық айтуға менің батылым жетпейтін. Мен сенімдімін, өздерін христиан санап жүрген көптеген адам дәл мен сияқты ойлауда, өздеріне берілген діни білімдердің көпшілігіне сенбеуде, бірақ мұны айтуға қорқуда.
Ақыр соңында жасым ұлғайғанда үш тәңірге табынуды бұйыратын христиан шіркеуінен алыстап, «Бір Аллаһқа ғибадат етуді бұйыратын басқа дін бар ма?» деп іздей бастадым. Өйткені, бүкіл ар-ожданым, рухани дүнием тек бір Аллаһтың бар бола алатынын білдіріп тұрды. Кейін айналама қарағанымда, поптардың бізге үйретуге тырысқан түсініксіз кереметтердің, басынан кешірген оқиға ретінде айтып берген оғаш хикаяларының қаншалықты мағынасыз, мәнсіз екенін құбылыстар маған көрсетіп тұрды. Дүниедегі барлық нәрсе, адамдар, жануарлар, ормандар, таулар, теңіздер, ағаштар, гүлдер, бұларды үлкен бір жаратушының жаратқандығын көрсетіп тұрған жоқ па? Жаңадан туылған сәби бір ғажайып емес пе? Алайда, шіркеу әрбір туылған сәбидің күнәға батқан бейшара екенін түсіндіруге тырысатын еді. Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес. Бұл жалған. Әрбір туылған бала Аллаһу та’аланың күнәсіз бір құлы, жаратылысы. Бұл мұғжиза еді, мен тек бір Аллаһқа, Оның жаратқан мұғжизаларына сенген едім.
Дүниеде ештеңе күнәға толы, лас және жаман емес еді. Мен осылай ойлап жүргенімде бір күні қызым үйге Ислам діні туралы жазылған бір кітап алып келді. Екеуміз отырып бұл кітапты мұқият оқып шықтық. Аллаһым, бұл кітап тура біз ойлаған нәрселерді жазған екен. Ислам діні тек бір Аллаһтың бар екенін білдіріп, адамдардың дүниеге күнәсіз келетінін білдіріп тұрған еді. Мен сол кезге дейін Ислам діні туралы ештеңе білмейтінмін. Мектепте Ислам діні мазақ ретінде көрсетілетін. Бізге бұл діннің жасанды, қате екендігін, мұсылмандардың тозаққа баратындығын үйрететін. Бұл кітапты оқығаннан кейін мені бір ой басты. Ислам діні жайында көбірек мәлімет жинау үшін тұрған қаламнан мұсылмандарды іздедім. Тапқан мұсылмандарым менің көзімді ашты. Сұраған сұрақтарыма берген жауаптарының қисынды болғаны соншалық, бұл діннің біздің поптар айтқан жасанды дін емес, Аллаһу та’аланың хақ діні екендігіне сене бастадым. Қызым екеуіміз бірге Ислам діні туралы жазылған тағы бірнеше кітап оқығаннан кейін оның үстемдігіне, дұрыстығына толықтай сеніп, екеуіміз бірге мұсылман болдық. Кейін мен «Рашида», қызым «Махмуда» есімдерін алдық.
Маған қойған екінші сұрағыңызға, яғни «Ислам дінінде ең ұнатқан нәрсеңіз не?» деген сұраққа келер болсақ, былай жауап беремін:
Ислам дінінде ең ұнатқан нәрселерім – дұғалар. Өйткені, христиандарда дұғалар Аллаһу та’аладан хазреті Иса арқылы байлық, лауазым, мансап, абырой және т.б. дүниелік нәрселер үшін жасалады. Ал мұсылмандар дұға оқыған кезде Аллаһу та’алаға шүкірлерін білдіреді және олар біледі, діндеріне және Аллаһу та’аланың әмірлеріне мойынсұнған уақыт бойы Аллаһу та’ала оларға мұқтаж болған барлық нәрселерін олар тілемей-ақ береді.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024