Адамдарды Аллаһу та’ала жаратты. Барлық адамдар – Аллаһу та’аланың құлдары. Аллаһу та’ала бір ұлттың, бір нәсілдің немесе тек әлемнің ғана Раббы, жаратушысы емес, барша адамзаттың және әлемдердің Раббысы. Аллаһу та’аланың алдында [назарында] барлық адамдар бірдей, бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Оларға денемен қоса рух та берген. Олардың рухани және денелік тұрғыдан ең кәміл күйге жетуі және оларға дұрыс жолды көрсетуі үшін пайғамбарлар (алейһимуссалауату уәттәслимат) жіберген. Бұл пайғамбарлардың ең ұлылары – Адам, Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса және Мұхаммед Мұстафа (алейһимуссалам). Олар білдірген иман негіздерінің бәрі бірдей. Ең соңғы және ең кәміл түрі – Мұхаммед алейһиссалам шақырған Ислам діні. Мұхаммед алейһиссаламнан кейін пайғамбар келмейді. Өйткені, Ол алып келген дін кәмілдікке жеткен, кейіннен толықтырылатын нұқсан жері қалмаған және адамдардың бұл дінді бұза алмайтынын, өзгерте алмайтынын Аллаһу та’ала білдірген. Атақты неміс әдебиетшісі Лессинг (1729-1781) «Nathan der Veise – Үстем Натан» атты еңбегінде үш дінді көк жақұттан жасалған бірдей үш жүзікке ұқсатады. Тек ол: «Бірі ғана ақиқат, қалғандары жасанды ма?» деп алаңдайды. Алайда, олардың үшеуінің де негізі ақиқат. Тек адамдар түрлі пайдалар, жеке табыстар, жаман немесе қате ойлар, қызғаныштар, қате сенімдер, қате нұсқау мен тәфсирлердің кесірінен бұл ақиқатты түсінбеген, Мұсауилік пен Насраниліктік ішіне көптеген қате сенімдер, пікірлер енгізген, тәуһид дінін бұзып, хақ дінді өзгерткен. Тек Ислам діні ғана негізгі қалпында сақталған. Осылайша, осы үш діннің өкілдері бір-бірімен жауласқан. Бұл әрекеттері Аллаһу та’аланың қалауына қарсы келу болып табылады. Өйткені, жоғарыда да айтқанымыздай, Аллаһу та’ала барлық адамдарды хақ дінге шақыруда. Аллаһу та’аланың назарында қандай ұлттан болса да, барлық адам тең. Барлық адамдарға «Үммәт-и да’уат» делінеді. Ислам дінін қабылдағанда «Үммәт-и ижабет» болады. Хақ дін ретінде яһуди және христиан діндерінің жалғасы болған жалғыз дін – мұсылмандық.
Қазіргі таңдағы материалдық түсінікке берілген адамдардың діндер туралы ойларын белгілеу үшін американдық басылымдардан алынған үзіндіні ұсынамыз. Мұны профессор Робинсон баяндауда:
«Орел Робертс университетінің оқытушылары және студенттерімен бірге Израилге сапарға шыққан едік. Бізбен бірге жүрген осы университеттің негізін қалаған алдыңғы қатарлы католик дін адамдарынан Орал Робертс Израилдің бұрынғы премьер-министрі Бен Гурионға бір «Қасиетті кітапты» сыйға тартты. Қасиетті кітаптың басында «Ескі өсиет», яғни Тәурат бөлімі бар еді. Робертс Бен Гурионға осы қасиетті кітаптан ең жақсы көретін бөлімін оқуын сұрады. Бен Гурион бұл өтінішті жылы қабылдады. Үйінің алдындағы кішкентай бақшадағы бір ағаштың астына отырдық. Бәріміз үндемей, оны мұқият тыңдап отырдық. Бен Гурион қасиетті кітапты ашып, бірнеше бет парақтағаннан кейін мына бөлімді оқыды: «Аллаһ адамды өзіне ең қатты ұқсайтын түрде, еркек және әйел қылып жаратты.» [Тәкуин, 1-бап, 27-аят] Мен: «Құдайым-ау, сонша іздеп тапқан сөйлемі осы болды ма?» деп ойладым. Ол Тәураттың өте терең мағыналы бөлімдерін, мысалы «Тәкуин – жаратылыс» немесе «Әуамир-и ашәрә - Он әмір» сияқты бөлімдерінен бір бөлігін оқиды деп ойлағаным үшін бетімді қисайттым. Бұл көріністі түсіріп жатқан теледидар фотографына белгі бердім. Бұл белгі «Босқа әуре болма, бұл сөздері теледидар арқылы әлемге жариялауға арзымайды!» деген мағынада еді.
Бірақ, біраз уақыттан кейін Бен Гурион неліктен осы сөйлемді таңдағанын қобалжығандай болып былай түсіндірді: «Біз әлі американдық, ресейлік, израилдік немесе мысырлық болмай тұрып, біз әлі христиан, мұсылман, мәжуси, яһуди және т.б. болмай тұрып, яғни бүгінде адамдарды бір-бірінен ажыратып тұрған мекен, мемлекет, дін, сенім және осы сияқты ерекшеліктер пайда болмай тұрып барлығымыз тек Аллаһу та’ала тарапынан жаратылған әйел мен еркек едік. Бұл – бүкіл үлкен діндердің бізге үйреткісі келген ең үлкен ақиқаты. Біз неліктен мұны түсінбейміз және бір-бірімізге дұшпан болудамыз? Бәріміз бірігейік және Аллаһу та’алаға осы ақиқатты түсінуімізге жәрдем беруі үшін дұға етейік.»
Бәріміздің басымыз иіліп, ойланып қалдық. Дін адамы Робертс бәріміздің атымыздан «Әмин» деді. Бен Гурион шынында да ең жақсы сөйлемді тапқан еді.
Израилден қайтар кезде бұл сөйлем ойымнан шықпады. Біз, барлық адамдар бірдейміз. Аллаһу та’аланың құлдарымыз. Оған баратын жол біреу ғана. Бұл жол – Ибраһим, Мұса, Иса және ең соңында Мұхаммед алейһимуссалам білдірген иман жолы. Бұл жолмен жүргендер саламаттыққа жетеді. Адамдар пайғамбарлардың жолынан шығу арқылы ең үлкен қателікті жасады. Осы себепті жолдан адасып, ахлақтары бұзылған, тіпті Аллаһу та’аланы ұмытқан. Бүкіл әлемнің бейбітшілік пен саламаттыққа қол жеткізуі үшін адамдар өз қателерін түсініп, тура жолға қайтулары керек.»
Профессор Робинсонның жоғарыда айтқан сөздері қандай дұрыс! Қазір адамдардың көпшілігі діндер көрсеткен жолды тастап, тек материалдық нәрселерге мән бере бастаған. Ол бейшаралар білмейді, материялар ештеңе емес. Ақыр соңында бұзылып, жойылады. Адамның өлмейтін бөлігі – оның рухы. Рух материямен азықтанбайды. Рухтың азығы – әуелі оны және барлық нәрсені жоқтан жаратқан Аллаһу та’алаға дұрыс иман келтіру, кейін Оған ғибадат және құлшылық жасау. Қазіргі таңда бүкіл ғалымдар, мемлекет басшылары, бәрі Аллаһу та'аланың бар екеніне сенуде. Бірақ, иман мен ғибадатта қате пікірлерге, көзқарастарға түсіп, тура жолдан айрылуда. Мұны Американың ең үлкен нейрохирургі болған профессор Уайт керемет түсіндірген. Профессор Уайт көптеген ғылыми дәрежеге қол жеткізген, тапқан жаңа операция тәсілдерімен халықаралық дәрежедегі атаққа иеленген нейрохирург, әрі Клевеланд университетінің профессоры және сол қаладағы Метрополитен ауруханасының нейрохирургия клиникасының директоры. Қараңыз, профессор Уайт не деген:
«Операцияға әкелінген бала алты жастағы сүйкімді қыз болатын. Өте әдемі, зерек, қуанышты еді. Тексеру барысында оның миында үлкен ісік бар екенін байқадық. Операция жасадық. Осы ісікпен байланысқан ет бөлшегі оны үлкейтіп жіберген екен. Мен іші суға толған жағынан бастадым. Бірақ өте қауіпті! Жарты шар түріндегі ісік бірден кішірейіп, үстіндегі кең тамырлары жыртылып кетті. Қан атқылап аға бастады. Қанды тоқтату үшін әріптестермен бәріміз қолымыздан келгенін жасап жаттық. Бірақ, қанды тоқтата алмадық. Баланы аман алып қала алмаймыз деп ойлаған едік. Бала қолымызда өліп бара жатыр еді. Бәріміз қайғыға шомдық. Мен жарылған тамырлардың үстіне мақта қойып, қанды тоқтатуға тырысып жаттым. Бір кезде қан тоқтағандай болды. Бірақ, қолымды ала алмадым. Өйткені, қолымды көтерсем, қайтадан қан кетіп, бұл жолы ештеңе істей алмайтынымызды білетін едім. Балаға қан құйыла бастады. Менің саусақтарым әлі мақтаның үстінде тұр еді. Осы сәтте өзімді қаншалықты әлсіз, қаншалықты күшсіз екенімді сезіндім! Мен сияқты бейшара адамның кішкентай қыздың миындағы ісікті кесіп тастауға қалайша батылы жетті? Қалайша осындай үлкен істің жауапкершілігін өз мойнына алды? «Ми» деп аталатын, алып істерді атқарған, адамға жеке қасиет берген, оған зейін, жады, ес, сезім, ләззат, қайғы, ой және қиял сияқты түрлі құдіреттер берген, тек Аллаһу та’ала жарата алатын осы керемет туындыға бір бейшара адам қалайша қолын тигізе алды? Біз бұл кішкентай денеге «ми» деп атайтын едік. Алайда, ақиқатында осы алдымызда жатқан бейшара баланың нақ өзі болатын.
Арадан жарты сағат өтті. Операция бөлмесін үнсіздік басты. Бәріміздің қан қысымымыз тым көтеріліп кетті. Мен де, бәріміз де қолымды алсам, қан қайтадан аға бастайтынын және бұл баланың өлімі екенін біліп тұрған едік. Міне сол кезде Аллаһу та’алаға дұға ете бастадым, Оның көмегіне жүгіндім. «Аллаһым, саусақтарыма қажетті құдіретті бере гөр, қанды тоқтата алайын!» деп жалбарындым. Сол кезде ішімде рахаттық сезімі пайда болды. Өйткені, енді Аллаһу та’алаға, Раббыма тәуекел еткен едім. Енді ақырындап саусақтарымды көтере алатыныма және қанның ақпайтынына сеніп тұрдым. Аллаһу та’аланың бар екенін бүкіл рухыммен сезіп тұрдым. Ақырындап саусақтарымды көтердім. Қан тоқтаған екен.
Бұдан кейін операция жасау оңай болды. Операция тура 4,5 сағат жалғасты. Бір апта бойы баланың қасынан кетпедім. Баланың ақырындап жазылып келе жатқанын көріп, қатты қуандым! Қазір бала 10 жаста және дені толықтай сау, қуанышты және бақытты өмір сүруде.
1974 жылы миына қан құйылған бір баланы тексерген кезімде миының дәл ортасында кішкентай ісіктің бар екенін байқадым. Бірақ ісік қанай бастаған және жарақаттанған екен. Жағдайы өте қауіпті және үмітсіз еді. Бас сүйегін ашып, миының екі жағына ампула орналастырып, миын антибиотиктермен жуа бастадық. Бұл менің тарапымнан қолданылған жап-жаңа әдіс болатын. Температурасы тым көтерілген баланы респираторға салып, үстін салқын жамылғымен жаптық. Бір жағынан миын жууды жалғастырдық. Осы үмітсіз жағдай апталар бойы жалғасты. Мен Аллаһу та’алаға үздіксіз дұға етіп, Одан көмек сұрап жүрдім. Дұға еткенде тек балаға және оның әке-шешесіне ғана мейірімділік етуін емес, сонымен қатар апталар бойы менімен бірге тынбай еңбек етіп, бұл үлкен жауапкершілікті мойнына алған кісілерге де күш-қуат беруі үшін Аллаһу та’алаға жалбарындым.
Соңында бір илаһи көмек келді. Толықтай үмітсіз деп саналған бұл жағдай сәтті аяқталды. Бала есін жиды. Достарым «Қолданған жаңа әдісіміз өте жақсы нәтиже берді» деп қатты қуанды. Бұл әдістің менің еңбегім екенін ойлап, қуанып жатты. Алайда мен олай ойламадым. Менің ойымша, қанша тырыссақ та, қанша жаңа әдістер тапсақ та, қанша шаралар қолдансақ та, мұндай операциялардың сәтті аяқталуы тек Аллаһу та’аланың көмегімен жүзеге асады. Осыған дейін жасаған қаншама операцияларымда мұны әрдайым жүрегімде сезіндім. Технология қаншалықты дамыса да, барлық нәрселердегі сияқты, ми операциясының нәтижесі де Аллаһу та’аланың құдіретінде, тек Оның көмегімен ғана жетістікке қол жеткізу мүмкін.
Жылдар бойы жасап келе жатқан ми операцияларында адам миының алдында қатты қобалжыдым. Мимен айналысқан сайын осы керемет туындының сырын шешудің мүмкін еместігін, оны жаратқан құдіреттің ұлылығын және миды көрген кезде Аллаһу та’аланың бар екендігіне сену керектігін жүрегіммен сезіндім. Қазір адамдар жасаған ең жетік компьютерлердің өзі кішкентай мидың қасында тек баланың ойыншығы болып қала береді.
Мен енді мидың ішінде адамның рухы сақталған құты екендігіне сенемін. Біз осы құты маңайына операция жасаған кезде діни рәсімде боламыз. Ми операциясы менің сенімім бойынша ғибадат жасау сияқты бір діни рәсім. Бұл операцияны жасайтын адамның тек техникада білімді және қабілетті болуы жеткіліксіз. Ол сонымен қатар Аллаһу та’аланың бар екеніне сенуі және операцияның сәтті аяқталуы үшін Одан жәрдем мен мейірім сұрауы шарт.
Адам өлген кезде осы ми құтысында сақталған рухқа не болады? Денемен бұрынғыдай байланысы қалмаған рухтың өлмейтіні ақиқат. Бірақ, ол қайда барады? Рухтың қайда баратыны, қайда қалатыны туралы дәрігер ретінде мен болжам жасай алатындай жағдайда емеспін. Өйткені, материалдық ғылымдар бұған жауап бере алмайды. Бұл мәселеде бізге жол көрсететін көмекші – тек діни кітаптар ғана. Ми мен рух туралы ойлаған сайын адамдардың дүниелікті тастап, бүкіл жүрегімен (көңілімен) дінге байлануыжәне дін кітаптарында жазылған білімдерге сенуі қажет екеніне мен сенемін.»
Демек, бүкіл әлемге танымал ең үздік дәрігердің өзі Аллаһу та’аланың бар екендігіне сенетінін және Оның көмегінсіз ештеңе жасалмайтынын шын көңілімен айтуда.
Енді пән ғылымы саласындағы адамды тыңдайық:
Американың атақты ғалымы Эдисонды бәріңіз білесіздер. Ашқан көптеген жаңалықтарымен қатар, алғаш электр шамын жасап, барлық жерді жарықтандырған осы әйгілі адам туралы, бірнеше жыл бұрын шыққан бір еңбегінде оның ең жақын досы болған Мартин Андре Росонофф былай дейді:
«Бір күні лабораторияға кіргенімде Эдисонның есін жоғалтып, тым бытыраңқы күйде еш қимылдамастан қолындағы бір ыдысқа қарап тұрғанын көрдім. Жүзінде үлкен таңданыс, құрмет, мақұлдау және тағзымның белгісі бар еді. Ол қасына жақындағанға дейін келгенімді де байқамады. Сосын мені көріп, қолындағы ыдысты маған көрсетті. Ыдыс сынапқа толы еді. Маған: «Мынаны қара! Бұл не деген керемет нәрсе! Сен сынаптың таңғажайып зат екеніне сенесің бе?» деді. Мен: «Сынап шынында таңқаларлық элемент» деп жауаптадым. Эдисон сөйлеген кезде дауысы дірілдеп тұрды. Ол маған: «Мен сынапқа қараған кезде оны жаратушының ұлылығына таң қаламын. Бұған қаншама ерекшеліктер берген? Бұларды ойлаған сайын ақылымнан адасамын» деді. Кейін қайтадан маған бұрылып: "Әлемдегі барлық адамдар маған таң қалады. Менің ашқан жаңалықтарымды ғажайып нәрселер, жетістіктер деп ойлайды. Мені адамзаттан жоғары тұратын болмыс сияқты көргісі келеді. Алайда, бұл өте үлкен қателік! Мен бес тиын да тұрмайтын жай ғана адаммын. Менің жаңалықтарым негізінде әлемде бар болған, бірақ сол кезге дейін адамдар көре алмаған таңғажайып құбылыстардың кішкентай бір бөлігін ғана жарыққа шығарудан құралған. «Мұны мен жасадым!» деген адам ең үлкен өтірікші. Адам – қолынан ештеңе келмейтін әлсіз махлұқ. Адам тек кішкене сөйлей алатын, біраз ойлана алатын бір махлұқ. Жақсылап ойланса, тәкәппарлыққа, астамшылыққа түспейді, керісінше қаншалықты бос екендігін түсінеді. Міне, мен де осыларды ойлаған сайын қаншалықты құдіретсіз, қаншалықты әлсіз махлұқ екендігімді түсініп отырмын. Мен өнертапқыш екенмін ғой! [Қолын аспанға көтеріп] Негізгі өнертапқыш, негізгі кемеңгер, негізгі жаратушы – Ол, Аллаһ" деді.»
Аңғарылғанындай, пән ғалымдары Аллаһу та’аланың бар екендігіне сенуде және Оның дініне жабысуда. Тек материалдық нәрселерге сенген адамдар дерттеріне шара таба алмай, үмітсіздікке түсуде. Бұл олардың рухтарының бос болуынан келіп шығуда. Адамның рухы да, денесі сияқты, азыққа мұқтаж. Ал бұл тек иман келтіру арқылы жүзеге асады және Аллаһу та’аланың жолын тек дін көрсетеді. Аллаһу та'аланы жоққа шығарғандар да бір күні міндетті түрде осы қажеттілікті сезеді.
Атақты орыс жазушысы Солженицын Америкаға қоныстанған кезінде өзін үлкен қиыншылықтардан, рухани күйзелістерден, машина болудан құтыламын деп ойлаған еді. Бір күні бір университетте америкалық жастарды жинап, оларға: «Мен бұл жерге келгенде өте бақытты өмір сүремін деп ойлаған едім. Өкінішке орай, мұнда да үлкен күйзелісті сезінемін. Өйткені, сендер дүниеліктің құлы болғансыңдар. Иә, бұл жерде еркіндік бар, әркім қалағанын жасайды. Бірақ, адамдар тек дүниелікке көңіл бөледі. Рухтары бос. Алайда, адамды нағыз адам қылатын нәрсе – оның жетілген, тазарған рухы. Сендерге айтар кеңесім мынау: Рухтарыңды жетілдіруге, жақсартуға тырысыңдар! Тек сонда ғана елдеріңде кездесетін және сендерді ренжітетін жамандықтар жойыла бастайды. Дінге мән беріңдер! Дін – адам рухының азығы. Дініне берілген адамдар барлық мәселеде сендердің ең үлкен көмекшілерің болады. Өйткені, олардағы Аллаһтан қорқу сезімі тура жолдан тайдырмайды. Сендердің ең күшті полицияларың да барлық адамды күндіз-түні бақылай алмайды. Адамды жамандықтан қайтаратын полиция емес, олардағы Аллаһтан қорқу сезімі» деген.
Жоғарыда айтқанымыздай, адам рухының азығы – дін. Барлық діндердің ішінде ең дұрысы, ең жаңасы және дүние шарттарына ең лайықтысы – Ислам діні. Міне, енді осы кітапшада бала кезінде басқа дінде болып, өз беттерінше, ешбір ықпал астында қалмастан, әр түрлі діндер мен діни кітаптарды зерттеп, мұсылман болуға шешім қабылдаған мәдениетті адамдардың неліктен діндерін өзгертуге және мұсылман болуға бел буғандығын көрсететін, өздері тарапынан жазылған мәліметтерін оқисыздар.
Мұсылман болған осы тұлғалармен қоса Аллаһу та’аланың бар екендігіне сенген және Исламның ұлылығына таң қалған көптеген атақты адамдар да бар. Олардың кейбірлері жайлы осы бөлімнің екінші бабында айтылған. Бірінші бөлімде өздері туралы айтылмаған император Наполеонның, профессор Карлайлдың, профессор Ренанның, Үнді қаһарманы Гандидің Аллаһтың болмысы мен Ислам дінінің үстемдіктері жайлы ойлары және Ламартиннің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам жайлы айтқан сөздерін жазып өтеміз.
Бұлардың барлығы діннің адамдар үшін ең үлкен қажеттілік екендігін көрсетеді. Өз дініне сенбеген, бірақ хақ дін болған Исламды зерттеуге мүмкіндік таба алмаған бейшаралардың рухы бос қалады да, өтірікшілердің қате сенімдерін ұстанып жүреді. Өйткені, адам міндетті түрде өзінен үстем бір құдірет иесінің бар екеніне сенуге және оған байлануға мұқтаж. Ең дамыған, жетілген елдің адамдары да осы қажеттілікті қамтамасыз ету үшін әр түрлі қате түсініктерге, ойдан шығарылған пікірлерге байланған. 1978 жылы 17 қарашада Джим Джонс есімді адасқан поптың Америкада құрған «Халық діні» деп аталатын адасқан ағымына байланған 900 адамды сол поп Оңтүстік Америкада Гайана еліндегі Джонстаун деп аталатын лагерьге апарып, сол жерде өздерін өлтіруге шақырған. Италияда осындай адасқан попқа сенген ата-ана «Балаңызды өлтіріңіз. Мен дұға етемін, ол қайтадан жақсырақ болып тіріледі» деген сөзге сеніп, балаларын өз қолдарымен өлтірген, кейін оның қайта тірілмегенін көріп, өкініп қалған. Алайда, өз діндерінен айрылған бұл адамдар, алда өздеріңіз жақыннан танысатын мұсылмандықты қабылдаған адамдар сияқты, Ислам дінін зерттесе, іздегендерін табар еді. «Бейбітшілік, тыныштық, саламаттық, Аллаһқа берілу» деген мағыналарды беретін Ислам діні оларға өздері іздеген жан тыныштығын берер еді.
Өкінішке орай, біз мұсылмандар, гауһар тастай таза дінімізді әлемге қалағанымыздай түсіндіре алмай отырмыз. Бұл жерде біздің де дінімізге толық байланбауымыздың және әмірлеріне толық бағынбауымыздың ықпалы бар. Ислам діні бәрінен бұрын тән мен рух тазалығын бұйырады. Рух тазалығы алдымен Аллаһу та’алаға және Оның соңғы пайғамбары Мұхаммед алейһиссалам арқылы жіберген әмірлері мен тыйымдарының бәріне сену арқылы және қолдан келгенше бұларға мойынсұнуға тырысу арқылы пайда болады. Рухтың осылай тазаланғаны мүлдем өтірік сөйлемеу, ешкімді алдамау, әрдайым дұрыс адам болу, қате сенімдерге сенбеу, барша адамға көмектесу және Аллаһу та’аланың бұйрықтарына бағыну арқылы белгілі болады. Мұсылман адамнан тек осылар ғана күтіледі. Олай болса, Ислам дінін уағыздауды көздеген адам алдымен өзі үлгілі мұсылман болуы керек. Осылай дұрыс әрекет жасайтын болсақ, бізді көрген басқа діндегі адамдар бізге таңданып, өздігінен Ислам дінін зерттей бастайды. «Неліктен мұсылман болдыңыз?» деген сұраққа жауап берген және жаңадан мұсылман болған дін бауырларымыз нағыз мұсылмандарды және олардың өмір сүру салтын көргеннен кейін мұсылман болуға шешім қабылдаған. Бұл мұсылмандар бізден Ислам дінін таратуға, жаюға күш салуымызды, бұл үшін де дініміздің бұйрықтарын толық орындап, барлық адамға үлгілі мұсылман болуымызды талап етуде. Барлық кемшіліктерімізге, үгіт-насихат жұмыстарымыздың әлсіздігіне қарамастан Ислам діні күннен күнге таралуда. 1954 жылы әлем халқының саны 2,4 миллиард еді. 1978 жылы 3,8 миллиардқа жетті. 1954-1978 жылдар аралығында христиандар 150 миллионға, мұсылмандар 220 миллионға артқан. Халықаралық статистикалық орталығы «World Аlmanac»-тың 1978 жылғы мәліметі бойынша жер бетінде 1,7 миллирд буддист пен мәжуси, 950 миллион христиан (католик, протестант, православ), 10 миллион яһуди және 538 миллион мұсылман болған. Алайда «Тайм» журналы 1979 жылғы сәуір айындағы санын Ислам дініне арнаған. Бұл нұсқасында шын мұсылмандар санының 750 миллион екенін, қолдағы статистикалардың толық еместігін көрсеткен. Христиан статистиктері жер бетіндегі мұсылмандардың санын әдейілеп аз етіп көрсетуге тырысуда.
Біз нағыз мұсылман адамға жарасатындай әрекет ететін болсақ, мұсылмандардың саны одан да арта түседі. Әрі төмендегі бөлімдерде дінін ауыстырып мұсылман болғандар айтып бергендей мұсылмандар көбейген сайын әлемде қате сенімдер азайып, адамзат қалаған бейбітшілікке, тыныштыққа, рахаттыққа және бақытқа қауышады.
[Ауылда, жолда намаз оқымақшы болған адамның құбыла бағытын табуы үшін күн түсетін жерге бір шыбық қадайды. Немесе бір жіпке кілт, тас сияқты салмағы бар зат байлап, салбыратады. Күнтізбе бетіндегі «Құбыла сағаты» жазылған уақытта шыбықтың және жіптің көлеңкелері құбыла бағытын көрсетеді. Көлеңкенің күн жақтағы тарапы құбыла тарапы болады.]
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024