Аллаһты жақсы көруде өлшем қандай?

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Бізді құтқаратын махаббат пен бағыну. Өйткені жақсы көрудің негізі «Құп болады» деп айту, яғни бағыну. Бір күні бір әулие сұхбатында: «Аллаһу та'ала өте мейірімді, аса қамқор. Иманы бар болғандар имандарының берекеті себебімен қандай да бір азап шексе де, соңында бәрі жәннатқа қауышады. Аллаһу та'ала құлдарынан көп нәрсе талап етпейді. «Менен басқа Раб, тәңір танымаңдар! Пайғамбарларыма сеніңдер! Ахиретке иман келтіріңдер!» дейді. Бұл – Аллаһтың сөзі. Сенген адам құтылады» деп айтты. Сонда бір шәкірті:

-Ұстазым, бұған сенбейтін адам жоқ қой бұл жақта. Тіпті әр түрлі адамдар мешіттерге, кесенелергебарып жүр, ол жақта жалбарынып, жылап жүр. Бұлардың бәрі «Аллаһ» дейді. Бәрі Аллаһты жақсы көретіндігін айтады. Яғни бұлардың бәрі құтылды ма?» – деп сұрайды.

-Сен мені жақсы көресің бе?

-Әрине, ұстазым.

-Ал мен саған су әкел десем, әкелесің бе?

-Әлбетте, ұстазым, жүгіріп алып келемін.

-Міне, балам, жақсы көру деген осы. Сен маған жақсы көремін дейсің, мен сенен су сұраймын. Егер сен "Қойыңыз, қазір айтқаныңызға бағынатын уақыт емес" десең, бұған жақсы көру делінеді ме? Жақсы көру – бағыну деген сөз. Аллаһты жақсы көрген адам Оның әмірлері мен тыйымдарына бағынады. Бұған жақсы көру делінеді. Ал олардың бәрі қалағанындай өмір сүреді, кейін көз жасын төгіп, өз ойларындағы қиялдан шыққан құдайларын жақсы көреді. Әйтпесе, Аллаһты жақсы көрген адам солай өмір сүреді ме?» дейді. Яғни Аллаһты жақсы көрген адам Оның әмірлері мен тыйымдарына қатты мән береді.

Лұқман Хаким бір патшаның құлы еді. Патша оны қатты жақсы көретін еді. Мойынсұнғыш болғаны соншалық, оның рұқсатынсыз тыныс алмайтын да еді, соншалықты берілген еді. Бір күні патшаға қауын алып келеді. Ол Лұқман Хакимді шақырады. «Кел, Лұқман, жақсы қауын келді, бірге жейік» дейді. Патша қауынды кесіп, бір тілімін береді. Лұқман Хаким патшаның қолынан бір тілім алдым деп қуанып дереу бітіріп қояды. Патша «Машаллаһ, ей, Лұқман» дейді. Тағы бір тілім, артынша тағы бір тілімнен беріп, тоғыз тілім жейді. Патша «Ей, Лұқман, бұл не деген тәбет? Қоя тұр, мен де жеп көрейін, бізге де қалсын кішкене» дейді. Сөйтіп патша жеп көрсе, удай ащы, дәмсіз және шикі екен. Дереу түкіріп тастайды. «Ей, Лұқман, сен қалай жедің мұны?» деп сұрайды. Лұқман Хаким «Сұлтаным, мен кім бергеніне қараймын. Сіздің қолыңыздан келгеннен кейін қауынның ащы немесе тәтті болуының мәні не? Сүйікті патшамның қолынан маған келген екен, дүниеде бұдан тәттірек келетін не бар?» деп жауап береді. Міне, Аллаһу та'аланың бізге жіберген ниғметтері мен пәлекеттері осылай қабылданса, ол адам пендешілігін және сүйіспеншілігін дәлелдеген болады.