Төртiншi шарт
Пайғамбарларға иман
Уә Расулиһи: Аллаһу та’аланың Пайғамбарларына сендiм деп айту. Пайғамбарлар халықты Аллаһ ұнатқан жолына қауыштыру, әрi тура жолды көрсету үшiн таңдалған адамдар. Бүкіл пайғамбарлар үмбеттерін бiр иманға шақырған, яғни бүкіл діндерде иманның шарты бірдей болған. Пайғамбарларда жетi сипаттың бар екендiгiне сенуiмiз керек.
1. Исмет: Күнә iстемеу. Пайғамбарлар үлкен болсын кiшi болсын ешқандай күнә iстемейдi.
2. Аманат: Пайғамбарлар адамзат баласының ең сенiмдiлері. Ешқашан аманатқа қиянат жасамайды.
3. Садық: Пайғамбарлар сөйлеген сөздерiнде, iс әрекеттерiнде және әртүрлi қарым-қатынастарында турашыл және сенімді адамдар. Ешқашан өтiрiк сөйлемейдi.
4. Фетанат: Пайғамбарлар өте ақылды және парасатты адамдар. Зағиптық, кереңдік сияқты кемшiлiктерi бар адамдардан және әйел затынан пайғамбар болмайды.
5. Әдiлет: Пайғамбарлар ешқашан зұлымдық жасамайды. Басқа біреудің не өзінің абыройы үшін әділеттен бас тартпайды.
6. Таблиғ: Пайғамбарлар уағыздаған үкім-насихаттардың барлығын тек Аллаһу та’аланың бұйрықтарынан үйренген. Олар насихаттаған әмір және тыйымдардың ешбірін өз ойынан шығармаған. Бұйырылған нәрселердің барлығын өзі бойынша үмбеттеріне жеткізген.
7. Әмнул-азл: Олар пайғамбарлық міндетінен алынбайды. Дүние мен ахыретте де пайғамбар болып қала береді.
Жаңа дiн мен үкiмдер әкелген пайғамбарлар Расул делiнедi. Жаңа дiнмен келмей адамдарды өзiнен алдыңғы дiнге шақырған пайғамбарлар Нәби делiнедi. Пайғамбарларға иман ету, оларды бөлiп-жармай, барлығына бірдей, Аллаһу та’ала тарапынан таңдалған, садық, тура сөздi елшілер болғанына сену демек. Олардың бiріне сенбеген адам, ешбiрiне сенбеген болып саналады. Пайғамбарлыққа қыруар еңбек ету, қиыншылық көру арқылы жетпейдi. Пайғамбарлық Аллаһ тарапынан ғана берiледi. Олардың нақты саны белгiлi емес. Жүз жиырма төрт мыңнан көп екендiгi айтылған. Бұлардың үш жүз он үшi Расул. Араларында алтауына Улул-азм пайғамбарлар делiнедi. Олар: Адам, Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса, және Мұхаммед Мұстафа (алейһимуссалам). Пайғамбарлардың отыз үшiнiң аттары мәшһүр. Олар: Адам, Идрис. Шит, Худ, Салиһ, Ибраһим, Лұт, Исмайыл, Исхақ, Яқуб, Юсуф, Айюб, Шуайб, Муса, Харун, Хыдыр (Хызыр, Қыдыр), Юша бин Нун, Ильяс, Элеса, Зулкифл, Шамун, Ишмоил, Юнус бин Мета, Давуд, Сулейман, Лоқман, Зәкария, Яхья, Узайр, Иса бин Марьям, Зұлқарнайн және Мұхаммед (алейһи уә алейһимуссалату уә сәлам).
Олардың тек жиырма сегiзiнiң есiмi Құран Кәрiмде айтылған. Зұлқарнайн, Узайр, Лоқман және Хыдырдың пайғамбар екендігі ғалымдар арасында екі түрлі айтылды. Мұхаммед Масум хазреттері Мәктубаттың 2-том, 36-хатында Хызыр алейһиссаламның пайғамбар екендiгiн білдірген хабарлардың басымырақ екені жазылған. Ал 182- хатында: «Хызыр алейһиссаламның адам бейнесiнде көрiнуi және кейбiр iстердi iстеуi, оның тiрi екендiгiн көрсетпейді. Аллаһу та’ала оның және көптеген пайғамбарлар мен әулиелердің рұхтарына адам кейіпінде көрінулеріне рұқсат еткен. Сондықтан да оларды көру тірі екендігін білдірмейді» - деген.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024