Тәубе-и йәис (Соңғы демде тәубе ету)

Сұрақ: Йәис жағдайында тәубенің қабыл болуы дегенді қалай түсінуге болады? Өліміне бірнеше секунд қалғанын білген мұсылман, мысалы шахтер, «Бұдан былай ішкілік ішпеймін, ұрлық жасамаймын, өтірік айтпаймын» дегендей бүкіл күнәларына тәубе етсе, бұл үмітсіз жағдайда жасалған тәубесі сахих болады ма?

Жауап: Иә, тәубесі өтеді. Бұл Аллаһу та'аланың мұсылмандарға берген сыйы. Йәис – сөздік мағынасы үмітсіздік дегенді білдіреді. Тәубе-и йәис – өлім белгілері басталып, өмір сүруге үміт үзілгенде жасалған тәубе деген сөз. Діни кітаптардағы осы жайында мәліметтер мынадай:

Қадихан «Фәтауа»-сында жазылған: «Йәис жағдайында, яғни өмір сүруге үміт үзілген (ахирет жағдайлары көріне бастаған) сәтте жасалған тәубе қабыл етіледі, бірақ иман қабыл етілмейді. Яғни күнәхар тәубе етсе, тәубесі қабыл болады, бірақ кәпір иман келтірсе, иманы қабыл болмайды. Шура сүресінің «Құлдарының тәубесін қабыл ететін – Ол» деген 25-ші аяты бойынша күнәхардың тәубесі қабыл етіледі.» (Дүрәр Гүрәр)

Имам Мұхаммед Масум хазреттері айтқан: «Соңғы демге дейін тәубелер қабыл етіледі.» (1/16)

«Соңғы демде иман келтіру қабыл болмаса да, мұсылманның күнәларына тәубе етуі қабыл болады.» (Хуласат-ул-кәлам)

«Өлім белгілері басталып, өмірден үміт үзілген кезде тәубе қабыл болса да, кәпірдің иман келтіруі қабыл болмайды.» (С.Әбәдийа)

«Жан алқымға келген кезде ахирет жағдайлары көрсетіледі. Ол кезде барлық кәпірлер иман келтіруді қалайды, бірақ бұл қабыл етілмейді. Өйткені ғайыпқа иман келтіру, яғни көрмей тұрып сену керек.» (Намаз кітабы)

«Науқастың рухы алқымына келгенде, яғни ахиреттегі орнын көре бастағанда иман келтіруі пайдасын тигізбейді.» (Қиямет және Ахирет)

Кейбір ғалымдар Ниса сүресінің «(Өмірі) Жамандықтармен өтіп, өлетін кезінде "Мен қазір тәубе еттім" дейтіндер мен кәпір болып өлгендердің тәубелері қабыл болмайды» мағынасындағы 18-ші аяти каримасы бойынша, иман сияқты, тәубенің де қабыл етілмейтіндігі білдірілген. Әшарилер «Аллаһ пенденің тәубесін жаны алқымына келгенге дейін қабыл етеді» хадис шәрифін негізге алып, жан алқымға келгенде тәубенің де, иманның да қабыл болмайтындығын білдірген. Олардың үкімі бойынша, бұл хадис шәриф мүмин мен кәпірдің тәубелеріне қатысты. Тәубеде сөз бірлігі болмаса да, йәис күйіндегі иман сөз бірлігімен қабыл болмайды. Кәпір сол кезге дейін Аллаһу та'аланы танымауда. Өмірден үмітін үзіп, хақ пен ақиқатты көргенде ғана, сол сәтте иман келтіруде. Бұл жағдайда жасалған иман қабыл және қадірлі емес. Күнәхар Аллаһу та'аланы тануда. Ол мұсылман, мүмин. Иманы бар және бақи (мәңгі). Бақи болған нәрсе енді жасалғанынан оңай. (Рәддул мухтар)

Осы себептен перғауынның соңғы демдегі иманы маңызсыз. Бір аяти кариманың мағынасы: «Перғауын бататын сәтінде "Исраил ұлдарының сенгендерінен басқа тәңір жоқ екеніне сендім, бұдан былай мен де мұсылман болдым" деді. Оған "Қазір сендің бе, бұған дейін қарсылық және бұзақылық жасаған едің" делінді.» (Юнус 90, 91)

 

Бір тігінші әулиелердің бірінен сұрады:

-Өлім жақындағанда тәубенің қабыл етілетіндігін білдіретін хадис шәрифтің түсіндірмесі қандай?

-Иә, тәубе қабыл етіледі, бірақ сенің кәсібің қандай?

-Мен тігіншімін, киім тігемін.

-Тігіншілікте ең оңай жұмыс не?

-Матаны қайшымен қырқу.

-Қанша жыл тігіншісің?

-Отыз жыл.

-Жаның тамағыңа келгенде мата қырқа аласың ба?

-Жоқ, қырқа алмаймын.

-Отыз жыл бойы оңайлықпен жасаған ісіңді ол кезде жасай алмасаң, өміріңде мүлдем жасамаған тәубені жан алқымға келгенде қалай жасамақшысың? Бүгін күш-қуатың барда тәубе ет! Ол кезде тәубе етуің өте қиын болады. Қазір тәубе етсең, ол кезде де тәубе ету нәсіп болады.

Тігінші тәубе етіп, салихтар қатарынан болды. (Р.Насихин)

 

Сұрақ: Тәубе есігі қай уақытқа дейін ашық?

Жауап: Күн батыстан шығудан бұрын иман келтіру шарт. Қияметтің үлкен белгілерінің бірі – күн батыстан туады. Мұны көрген барлық адамдар иман келтіреді. Бірақ бұл имандары қабыл болмайды. Өйткені, ол кезде тәубе есігі жабылған болады. Бір хадис шәрифте айтылғанындай:

«Тәубе есігі ашық. Күн батыстан туғанға дейін жабылмайды.» (Табарани)

Қазіргі адамдар үшін де тәубе есігі әрдайым ашық. Соңғы демге дейін тәубелер қабыл етіледі. Жан алқымға келмей тұрып иман келтіру шарт. Өлерде ахирет жағдайларын көргеннен кейін кәпірдің иманы маңызсыз болады. Бірақ сол сәтте де мұсылман күнәларына тәубе етуі қабыл болады.

 

Сұрақ: Өлетінін түсінген науқас «Бүкіл күнәларыма тәубе еттім» десе, тәубесі қабыл болады ма?

Жауап: Өлім белгілері басталған, өмірден үміт үзілген кезде де мұсылманның тәубесі қабыл болады, бірақ кәпірдің иманға келуі қабыл болмайды.

 

Сұрақ: Өлейін деп жатқанда «Жәннат, тозақ жоқ» деген сияқты күпірге себеп болатын сөз айтқан адам кәпір болып өлген болады ма?

Жауап: Өлім жағдайында күпірге себеп болатын сөз айтқан мұсылман мүмин болып қабылданады, өйткені ол кезде ақылы басында емес. Мұсылманға хусни зан етіп (жақсы ойда болып), өлім мастығында айтты деп қабылданады.