Истиғфар – барлық дертке дауа

Сұрақ: Әр түрлі дүниелік қиыншылықтарымыздан құтылу үшін қалай дұға етуіміз керек?

Жауап: Аллаһу та'аланың әдеті бойынша Ол барлық нәрсені себеппен жаратады. Бір нәрсеге қол жеткізу үшін бұл нәрсенің жаратылуына себеп болатын нәрсені орындау керек. Барлық нәрсенің жаратылуында жалпы болған рухани себеп – садақа беру, жетпіс рет «Әстағфируллаһ мин кулли мә карихаллаһ» дұғасын оқу. Бұл екі рухани себеп заттық себептерді табуға көмектеседі. (Сәадәти Әбәдийа, 652 бет)

Жүректі тазалау, дүние мен ахиретте бақытқа қауышу, дерттерден, бәле-жаладан, аурудан, дұшпанның зиянынан, сиқыр мен жынның ұруынан құтылу, ниғметтерге қауышу үшін әр мұсылманның күнде жүрекпен тәубе етуі және бұл тәубені сөйлеуі қажет. Мұны сөйлеуге истиғфар делінеді. Көп истиғфар айту керек. Ислам дінін ұстанған адамның дұғалары міндетті түрде қабыл болады. Истиғфарды және бүкіл дұғаларды мағынасын ойламастан, таза жүрекпен сөйлемесе, тек ауызбен ғана айтса, еш пайдасы болмайды. Истиғфарды ауызбен үш рет айтқанда таза жүрекпен де айта бастайды. Күнә істеу арқылы қарайған жүректің айтуы үшін ауызбен көп айту керек. Харам азық жеген және намаз оқымайтын адамның жүрегі қап-қара болады. (Хақ сөздің дәлелдері, 125 бет)

Хадис шәрифте: «Қияметте кітабында көп истиғфар бар болғандарға сүйіншілер болсын» делінген. Мұхаммед Масум Фаруқи хазреттері екінші томның 80-ші хатында: «Бәле-жаладан, қиыншылықтардан құтылу үшін истиғфар оқу өте пайдалы және тәжірибе етілген. Өлімнен басқа барлық дерттерден құтқарады. Ажалы келген адамның да аурусыз, қиналмай өлуіне көмектеседі. Барлық қиындықтан құтқаратындығы және ризықты арттыратындығы хадис шәрифте білдірілді» деген. Истиғфарды және дұғаларды дәретпен оқу мүстаһаб. (Сәадәти Әбәдийа, 65, 110 беттер)

Әр адамға барлық жақсылықты, барлық рахаттықты жіберетін және барлық дертті, қиыншылықты жіберетін – Аллаһ. Ниғмет келгенде шүкір ету керек, дерт келгенде истиғфар айтып, сабыр ету керек. Дерттер ниғметтің қадірін білуге себеп болады. Истиғфардың және сабыр етудің сауабы өте мол. Дүниедегі дерттер ахиретте көп сауап берілуіне себеп болуда. (Мәктубат аудармасы, 2 бет)

Ахмед Намық Жами хазреттері Мифтах-ун-нәжат кітабында былай деген: «Бір адам тәубе мен истиғфар етіп, шарттарын да орындаса, әр өткен көшесі және әр отырған жері оны мақтан тұтады. Ай, күн және жұлдыздар оған дұға етеді. Қабірі жәннат бақшасы болады. Тәубе жүрекпен, ал истиғфар тілмен айту арқылы орындалады. (Намаз кітабы, 191 бет)

Истиғфар ету – «Әстағфируллаһ мин кулли мә карихаллаһ» немесе қысқаша «Әстағфируллаһ» деп айту деген сөз. Мұның мағынасы: «Йа, Раббым! Сен ұнатпаған нәрселердің бірін істеген болсам, мені кешір! Істемегендерімді істеуден сақта!» (Иман және Ислам, 259 бет)