Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Аллаһу та'ала дүниені сұраған адамға сұрағанын береді, бірақ сауап бермейді. Ал ахиретті сұраған адамға әрі дүниені, әрі ахиретті береді, одан бөлек тағы сауап та береді.
Басымызға келген жамандықтардың қайнары – нәпсіміз. Ал келген әр жақсылық Аллаһу та'аладан. Жақсы-жаман барлық нәрсені жарататын – Аллаһу та'ала. Бірақ жамандықтарды жіберуінің себебі – біздің нәпсіміз. Кім не сұраса, соны береді. Сүйікті құлдарына сұраған барлық нәрселерін бере салмайды. Бұл құлдың игілігіне. Ол пенде қалаған нәрсесінің, шын мәнінде, өзінің пәлекетіне себеп болатындығын білмейді және бұған мұңаяды. Сондықтан, басымызға келген барлық нәрсеге өзіміз іздеген нәрселер ретінде қарайтын болсақ, екі өмірде де бақытты боламыз.
Шынайы мұсылманның қайғысы да, қуанышы да Аллаһ үшін болуы керек. Әһли сүннет ғалымдары: «Бір мүмин бір мүминмен ақылдасқанда жауап беруші өзінің, титімдей болса да, пайдасын ойлайтын болса, ол жауаптан қайыр келмейді» деген. Сондықтан бір мүмин Аллаһ разылығы үшін бізбен ақылдасатын болса, өз пайдамызды арадан алып тастайық. Егер аздаған болса да жеке пайдамызды ойлайтын болсақ, жауап дұрыс болса да, соңы пәлекет болады. Бірақ жеке пайдамызды мүлдем ойламай берген жауабымыз қате болса да, ықыласымыздың себебімен Аллаһу та'ала ол істің нәтижесін дұрыстайды.
Басралық бір саудагер қасиетті Меккеде жүргенде алтын әмиянын жоғалтып алады, ақшасыз қалады. Шашы, сақалы өсіп кетеді, сол кезде бір шаштаразға барып: «Менің ақшам жоқ, Аллаһ разылығы үшін менің шаш-сақалымды қысқартып бересің бе?» деп өтінеді. Шаштараз сол сәтте алдында шаш қырқпақшы болған адамынан өтініп, оны тұрғызады да, әлгі саудагерді отырғызады. Өз кезегін берген адам мұның себебін сұрайды. Шаштараз оған: «Саған ақшаға қызмет көрсетер едім, ал оның шаш-сақалын тек Аллаһ разылығы үшін алып беремін. Раббымыздың разылығын ақшаға ауыстыруға болады ма?» деп жауап береді.
Шаш-сақалын қысқартып болғаннан кейін шаштараз сауадагерге бір әмиян алтын береді, «Сен мұнда ғаріпсің, мына алтындарды ал, қажеттіліктеріңе жаратарсың» дейді. Саудагер әуелі алуды қаламайды, алайда табандылық көрсеткендіктен шаштараздың шын көңілімен айтқанына сеніп, алтындарды алады. Бір айдан кейін саудагер күткен ақшалары келген кезде тағы сол шаштаразға барып: «Сен маған бір әмиян ақша берген едің ғой, соны қайтаруға келдім» дейді де, алған алтын әмиянынан үлкенірек алтын әмиянын береді. Мұны көрген шаштараз: «Мен саған оны Аллаһ разылығы үшін бердім, Раббымыздың разылығын ақшаға ауыстыруға болмайды. Онсыз да мен алатынымды алдым, өтініш, мұны қалтаңа салып қой! Сен маған ол күні «Аллаһ разылығы үшін» деп сұрадың, менің аяқ-қолым байланды. Бүкіл дүниені берсең де, Раббымыздың разылығын бермеймін. Мен онсыз да осы үшін өмір сүріп жүрмін» деп жауаптайды. Барлық істе Раббымыздың разылығын көздеген адам мақсатына жетеді.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024