Сұрақ: Кейбір күнәхар әйелдер: «Амал нешік, күйеуім ішеді, намаз оқуыма, ораза ұстауыма рұқсат бермейді. Сондықтан осылай күнәға баттық» десе, кейбір еркектер: «Әйеліме сөзім өтпейді, бейнамаз, жартыжалаңаш жүреді. Қатын жолдан шыққаннан кейін мен тақуа болар ма едім. Мен де күнә істеуге мәжбүр болдым» деп ақталуға тырысып жатады. Олардың өз-өздерін ақтаулары ахиретте өте ме?
Жауап: Жоқ, өтпейді. Өмірлік жолдасымыздың жаман болуының бізге әсері бар болса да, біздің дінімізді дұрыс ұстануға мүмкіндігіміз бар. Яғни олардың жаман болуы біздің де міндетті түрде жаман болуымызды қажет ететін себеп емес. Құран кәрімде осы тақырыпта мысалдар келтірілген. Әйелдері жаман болған екі пайғамбар жайында айтылған:
«Аллаһ имансыздарға Нұхтың әйелі мен Лұттың әйелін мысал ретінде көрсетеді: Ол екі әйел екі жақсы құлдың әйелдері бола тұра, оларға қарсы сатқындық жасап, кәпір болғандарын жасырған еді де, күйеулері болған екі пайғамбар Аллаһтан оларға келген азаптарға кедергі бола алмаған еді. Ол екі әйелге "Кәпірлермен бірге сендер де тозаққа кіріңдер" делінді.» (Тахрим 10)
Нұх алейһиссаламның әйелінің есімі Уахилә еді. Нұх алейһиссалам қауымына «Күйеуім Нұх – жынды, оған сенбеңдер!» дейтін еді. Лұт алейһиссаламның әйелінің есімі Уаилә еді. Ол да күйеуі Лұт алейһиссаламға келген қонақтарды дұшпандарына хабар беру үшін түнде от жағып, ал күндіз түтіндікпен түтін шығаратын еді. Осылайша қауымы қонақ келгенін түсініп, жиналып, Лұт алейһиссаламның қонақтарына шабуылдауға тырысатын еді. Күйеулері пайғамбар болса да, бұл екі әйел тозақтық болған. (Бәйдәуи)
Тағы Құран кәрімде жоғарыдағы аяттан кейін күйеуі жаман болған бір мұсылман әйел жайында айтылады:
«Аллаһ сенгендерге перғауынның әйелін мысал ретінде көрсетеді: Ол "Йа, Раббым, маған жәннатта бір үй бер! Перғауыннан, оның әрекеттерінен және залымдар тобынан мені құтқар!" деген еді.» (Тахрим 11)
Бұл мұсылман ханым Асия бинти Музахим еді. Мұса алейһиссаламға иман келтіргені үшін күйеуі перғауын оны қолдарынан және аяқтарынан төрт қазыққа байлап, кеудесіне үлкен тас қойып, күйдіретін күннің астында сол күйінде қалдырған еді. Осы қорлықтардың соңында қайтыс болған еді. (Жәлаләйн)
Тағы Құран кәрімде жоғарыдағы аяттан кейін намысын қорғаған хазреті Мәриәм мадақталуда. (Тахрим 12)
Хазреті Мәриәм Иса алейһиссаламды әкесіз туған кезде яһудилер зина жасады деп жала жапқан еді. Бұл аят айналасындағы жаман адамдарға қарамастан намысын қорғаған әйелдер үшін жұбаныш және сүйінші. (Бәйдауи)
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024