Өкінудің пайдасы

Сұрақ: Бір үлкен күнә істеген адамның «Енді мені Аллаһ кешірмейді» деп ойлауы дұрыс па?

Жауап: Мүлдем дұрыс емес. Адам қаншалықты үлкен күнә істесе де, Аллаһу та'аланың мейірімінен үмітін үзбеуі керек. Бір күнә істеп қойған кезде дереу тәубе ету қажет. Хадис шәрифте былай айтылады:

«Бұрыңғы заманда бір адам 99 кісі өлтіреді, кейін өкінеді. Бір попқа барып: «Менің тәубем қабыл болады ма?» деп сұрайды. Оған поп: «Жоқ, тәубең қабыл болмайды» деп жауап береді. Әлгі адам попты да өлтіреді. Кейін бір үлкен ғалымды табады. Оған жағдайды түсіндіріп «Тәубем қабыл етіледі ме?» деп сұрайды. Сонда ғалым:

«Әлбетте әр күнәнің тәубесі болады. Бірақ сен өз ауылыңа барма, ол жақта жаман адамдар бар» деп оны жақсы адамдар тұратын басқа жерге жібереді. Әлгі адам кетіп бара жатқанында жолда қайтыс болады. Азап періштелері мен рахмет періштелері келеді. Мәйітті алмақшы болады. Келісе алмайды. Басқа бір періштені төреші қылып тағайындайды. Бұл періште де ол адамның шыққан ауылы мен бармақшы болған ауылының ара-қашықтығын өлшейді. Жақсы адамдар тұратын жерге бір қарыс жақын болғаны үшін мәйітті рахмет періштелеріне береді. Аллаһу та'ала жақсы адамдар тұратын ауылды жақындатқандықтан, періштелер ол жақты жақын деп қабылдайды. Осылайша өлі кешіріледі.» (Бұхари)

 

Шын көңілімен өкіну

Сұрақ: Істеген күнәма қатты өкіндім. Қандай кеңес бересіздер, өзіме қол жұмсайын ба?

Жауап: Адам қандай үлкен күнә істесе де, өкінсе және тағы сол күнәні істемесе, күнәсі кешіріледі. Істеген күнәларын ешкімге айтпаса, ахиретте ол күнәлар жарияланбайды. Ешкімге ештеңе айтпастан «Күнәларыма тәубе еттім. Ендігәрі мұны мүлдем істемеуге бел байладым. Йа, Раббым, күнәларымды кешіре гөр!» деп айту жеткілікті. Намазыңызды ешқашан қалдырмаңыз!

Хақ та'ала тәубесі жасалған барлық күнәні кешіреді. Бір кәпір күпіріне тәубе етсе, мүмин болады, бүкіл жасағандары кешіріледі. Бір мүмин де барлық үлкен күнәлардың ең үлкені болған Аллаһқа серік қосып, кәпір болса, кейін өкініп, тәубе етсе, Аллаһу та'ала тағы кешіреді. Екі аяти кариманың мағынасы:

«Кімде-кім жамандық жасап, нәпсіне зұлымдық етіп, кейін кешірім сұраса, Аллаһты өте кешірімді, өте мейірімді халде табады.» (Ниса 110)

«Ей, мүминдер, Аллаһқа тәубе етіңдер де құтылыңдар.» (Тахрим 8)

Хадис шәрифтерде де былай делінеді:

«Күнәсына тәубе еткен адам күнә істемегендей болады.» (Ибн Мажа)

«Хақ та'ала айтқан, құлымның күнәсі көптігінен аспанға дейін жететін болса, менен үмітін үзбей кешірім тілесе, кешіремін.» (Тирмизи)

Осыншама сүйіншіден кейін дереу қол жайып дұға етіңіз, күнәларыңызды тек өкінгеніңіз үшін ғана кешіргендіктен, Аллаһу та'алаға шүкір етіңіз!

Өзіне қол жұмсау құтылу жолы, шара емес, керісінше үлкен азапқа өзін тастау деген сөз. Ахирет қиындықтары дүниелік қиындықтармен салыстыруға келмейді. Ахиреттегі қиыншылықтар өте ауыр. Дүниелік қиындықтарға шыдай алмаған адам ахиреттегісіне қалай шыдай алады?

Дінімізде біреуді өлтіру үлкен күнә. Ал өз-өзін өлтіру өзге біреуді өлтіруден де үлкен күнә. (Хиндийа)

 

Күнәхардың тәубесі

Сұрақ: Көптеген түрлі күнәлар істеген бір адам тәубе етіп, дұға етсе, күнәлары кешіріледі ме?

Жауап: Иә, кешіріледі. Тәубе еткен адам қайтып күнә істемесе, мүлдем ешқандай күнә істемегендей болады. Екі хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Аллаһу та'ала "Құлым қол жайып, дұға етсе, мен оның қолын бос қайтаруға ұяламын" деді. Періштелер "Йа, Рабби, дұға еткен адам лайықты болмаса, сонда да қолын бос жібермейсің бе?" деп сұрады. Аллаһу та'ала: "Мен кешірушімін. Сендер куәгер болыңдар, оны да кешірдім" деді.» (Хаким)

«Құл тәубе еткен кезде Аллаһ оның күнәларын мухафаза періштелеріне ұмыттырғанындай, оның мүшелеріне және білетін кім бар болса, бәріне ұмыттырады. Аллаһтың алдына барғанда (есеп күнінде) күнәсі себебімен оған куәгерлік жасайтын ешкім қалмайды.» (Ибн Асакир)