Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Мұсылманға бұл дүние – қиыншылық жері. Рахатқа бөлену орны – ахирет. Әрі дүниеде, әрі ахиретте рахаттық болмайды. Сондықтан, қиыншылықтарға қарсылық білдірместен, төтеп бере алу керек. Бүкіл мәселе – бұл дүниеде жолаушы екенімізді ұмытпау. Өлімді ұмыту, тәубе-истиғфар жасамау – пәлекет.
Мұсылманның бір мақсаты болу керек. Мақсатсыз өмір сүретін адам күйзеліске түседі. Ислам дініне сенген, Ислам дінінің әмірлері мен тыйымдарына бағынған және үлкен ғұламалардың кітаптарын оқып, соған сай өмір сүруге тырысқан адам күйзеліске түспейді. Өйткені Ислам дінінде барлық қиыншылықтардың шарасы бар. Яғни Ислам дінінде шарасыздық деген нәрсе жоқ. Сондықтан күйзеліс те болмайды.
Жомарт болу дегеніміз – дүниелікке берілмеу деген сөз, бұл да дініміздің нышаны болып табылады. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Мұсылманның екі белгісі бар: жомарт және күлімдеген жылы жүзді болу. Кәпірдің де екі белгісі бар: сараң болу және қабағын асып жүру» деген.
Адам кімнен жақсылық көрсе, оны жақсы көре бастайды. Жақсылық көрген адамының құлы болады.
Бір әулие кісінің үйіне ұры түседі. Ұры үйдің ішін қанша ақтарса да, ұрлауға жарайтын ештеңе таба алмайды. Қайғыға түсіп, не істерін білмей тұрғанында, ұрының артынан әулие келіп «Асықпа» дейді. Ұры сасып қалады. Әулие «Таңертең көршілер түрлі тағамдар, азық-түлік алып келеді. Өзіңмен бірге жейміз. Ақша да алып келеді, оларды саған беремін, бірақ бір шартым бар, таңға дейін менің айтқандарымды істейсің» деп айтады. Сонда ұры «Не істеуім керек?» деп сұрайды. Бұған «Дәрет ал, бірге намаз оқимыз» деп жауаптайды. Ұры «Жарайды, алайда мен намаз оқуды білмеймін, өйткені өмірімде намаз оқып көрген емеспін» дейді. Әулие оған «Сен менің істегендерімді қайтала, соның өзі жеткілікті» дейді.
Осылайша таң атады. Көршілер таңғы ас алып келеді. Әулие кісі ұрыға «Ал кел, таңғы асымызды жейік» деп шақырады. Аш ұрының қарны тояды. Содан кейін бір атты кісі келіп, атынан түспестен алыстан айқайлап шақырады да, бір әмиян алтын лақтырады, «Ата, мынау сізге!» деп кетіп қалады. Ішінен дәл 250 дана алтын шығады. Әулие кісі мұны ұрыға беріп «Мә, бұл алтындар сенікі! Саған сөз бердім, ала ғой» дейді. Ұры таң қалумен қатар сасып қарап қалады да, әулиеге:
«Мен ұрымын, бірақ сіз менен асқан ұры екенсіз! Сіз менің жүрегімді ұрладыңыз. Бұдан былай бұл жерден ешқайда кетпеймін. Осында қалып, сізге қызмет етемін» дейді.
Осылайша әулиеге шәкірт болумен қадірленеді. Әулиелермен қандай да бір байланыс құрған адам олардан пайда көреді.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024