Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Аллаһу та'ала пәк және таза адамдардың жүрегіне жақсы нәрселерді аян етеді. Аян (илхам) періштеден, ал уәсуәса шайтаннан келеді.
Сәйид Абдулхаким Арваси хазреттеріне бір адам шағымданып келеді, «Ұстазым, жүрегіме өте жаман уәсуәсалар (зиянды ойлар, күмәндар) келеді» дейді. Оған жауап ретінде Сәйид Абдулхаким Арваси хазреттері «Шайтанның тірліктеріне біз араласамыз ба енді? Ол өз міндетін жасап жатыр, сен де өз міндетіңді орында. Ол саған уәсуәса беріп жатқан болса, сен де Аллаһ деп айт» дейді. Үлкен ғұламалардың кітаптарын оқу керек, калима-и тәуһид айту керек, яғни Аллаһты еске салатын бір нәрсе істеу керек. Өйткені Аллаһ сөзі бар жерде шайтандар тұра алмайды.
Марқұм Хусейн бин Саид хазреттері «Қандай да бір ісін Бисмиллаһпен бастаған адам міндетті түрде жетістікке жетеді. Бисмиллаһпен басталған ешбір істің соңы жаман болмайды, міндетті түрде жақсы аяқталады» дейтін еді. «Бисмиллаһилләзи лә йәдурру мә'асмиһи шәй-ун фил әрди уә лә фиссәма-и уә һууәссәми'ул алим» хадис шәрифінің мағынасы: «Аллаһтың ұлы есіміне сыйынған адамға жер мен көкте ештеңе зиянын тигізе алмайды. Ол бәрін естиді және біледі» дегенді білдіреді. Бұл дұғаны таңертең-кешке Бисмиллаһ айтып үш реттен оқу керек. Таңертең оқыған адам кешке дейін, кешке оқыған адам таңертеңге дейін әр түрлі бәле-жаладан сақ болады. Имам Раббани хазреттері де «Аллаһу та'ала төрт "Қул..." сүрелерін оқыған адамды адамдардан және жындардан келетін әр түрлі қиыншылықтарға қарсы қорғайды» деген. Төрт «Қул...» сүрелері – Кафирун, Ихлас, Фәлақ және Нас сүрелері.
Имам Раббани хазреттерінің Мәктубат кітабында «Дәрі – оны қолданған адамға пайдалы. Басқа адам қанша дұға етсе де, науқастың тікелей өзі оқуы және сол дәріні ішуі шарт» делінеді.
Сүйікті пайғамбарымыз былай деген:
«Бір науқас Юнус алейһиссаламның "Лә илаһә илла әнта субханәкә инни кунту минәззалимин" дұғасын қырық рет оқыса, шәһид болып қайтыс болады. Шипа тауып жазылатын болса, бүкіл күнәлары кешіріледі. Басына дерт, бәле-жала келген адам да осы дұғаны оқыса, қиыншылықтардан құтылады.»
Қазір дерті, қиыншылығы болмаған ешкім жоқ. Өйткені адамдар басқаларды қинаған сайын, Аллаһу та'ала да оларды қинайды. Алайда адамдар басқаларды қуантса, рахаттық берсе, Аллаһу та'ала да оларды шаттыққа бөлейді. Біз Аллаһу та'аланың пенделеріне қалай қарасақ, яғни қандай шырай танытсақ, Аллаһу та'ала да бізге сондай мәміледе болады. Ұмытпайық, жасаған әрбір әрекетіміз, соңында өзімізге қайтып келеді. Бұдан құтылатын шара жоқ. Жақсылық жасасақ та, жамандық жасасақ та, өзімізге қайтады. Олай болса, адам не істесе де, өзіне істеген болып саналады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024