Сұрақ: Дос және жора-жолдастармен қандай қарым-қатынаста болу керек? Адамдарға жүк болу дұрыс па?
Жауап: Доспен жақсы қарым-қатынаста болу үшін оған жүк болмау керек. Мүмкін болғанша қажеттіліктерді одан жасыру керек, көмек сұрамауға тырысу керек! Мал-мүлік, ақша сияқты нәрселерді де сұрамау керек! Бір лауазымға өту үшін де одан жәрдем сұрамау керек!
Артықша құрмет, қошемет және қажетсіз қызметтермен оған ауыртпалық бермеу керек! Өзі істегісі келмеген нәрсені досынан күту – оған зұлымдық ету болып саналады. Досынан бір жұмыс істеп беруін өтінбеген адам қадірін көрсеткен болады. Ғалымдар былай деген:
«Достардың жаманы – сен үшін әурешілікке түсіп, сені кешірім сұрауға мәжбүр қылатын адам.» (Хазреті Әли)
«Екі достың арасының суып кетуі тым артық әурешілік себебінен туындайды. Қонақ болып барған адам, досы қажетсіз әурешілікке, әбігерге кіретін болса, ендігәрі қонаққа келмейді.» (Фудайл бин Ияд)
«Екі достың бірінің басқасынан тартынуы, міндетті түрде бірінің кемшілігі салдарынан.» (Жунәйд Бағдади)
«Достарыңнан маған ең үлкен ауыртпалық бергені – мен үшін әбігер мен әурешілікке түсіп, осылайша мен одан тартынған адам. Ал жалғыз кезімде қандай болсам, онымен бірге болған кезімде де мәмілемді өзгертпеген адамды жақсы көремін.» (Имам Жафар Садық)
Әртүрлі әурешілікке түскен адам досына ауыртпалық берген болады. Осылайша бәрі одан тартынады. Жалғыз кезде қалай әрекет ететін болса, досының жанында да солай әрекет ететін адаммен достық құру оңай болады. Жанымызда үй киімімен тұра алмайтын дос бізден ұялады деген сөз. Ал бұл жағдай шыншыл еместіктің белгісі. Екі достың бірі екіншісінен ұялып жатқан болса, демек екеуінің бірінде нұқсан бар деген сөз.
Достықтың шарты – өзара әурегершілікті тәрк ету. Әурегершілігі болмаған адамның достығы мен сүйіспеншілігі артады. Хадис шәрифте «Өзіне лайықты деп санаған нәрсені саған лайықты деп санамайтын адаммен достық құрудың қайыры жоқ» делінген. (И.Адий)
Достармен жақсы қарым-қатынаста болу тек оларға жүк болмау, оларға қиындық бермеу емес, сонымен қатар олардан келетін қиыншылықтарға төзу, шыдау деген сөз. Аллаһу та'ала Мұса алейһиссаламға «Мені жақсы көрген адам досынан келетін қиыншылықтарға төзеді» деген уахи жіберген. (Имам Ғазали)
Қажеттіліктерімізге көмектесетін, қиыншылықтарымызға шыдайтын дос іздеп жүрген болсақ, дос емес, қызметші іздеп жүрміз деген сөз. Біз қажеттіліктерін өтеуге асығатын, қиыншылықтарына шыдай алатын, дерттеріне ортақ болатын адамдармен Аллаһ үшін дос болуымыз керек. Хазреті Айша анамыз «Мүмин мүминнің бауыры, оны олжа деп те санамайды, одан тартынбайды да» деген. Қажетсіз өтініштермен досқа жүк болмау керек! Мүмкін болғанша қажеттіліктерді достан жасыру керек! Одан мал-мүлік пен мансап сұрамау керек!
Хазреті Әбу Бәкір түйенің үстінде кетіп бара жатқанында жібі жерге түсіп қалды. Түйеден түсіп, жіпті өзі алды. Мұны көргендер «Бізге рұқсат берсеңіз, алып берер едік қой» деді. Хазреті Әбу Бәкір былай жауап берді: «Расулуллаһ маған "Халықтан ештеңе сұрама" деп бұйырды.»
Асхаби кирамнан хазреті Сәубаның түйенің үстінде отырғанында қамшысы жерге түсетін еді, ол ешкімнен «Қамшымды алып бересіз бе?» деп сұрамастан, түйеден түсіп, өзі алатын еді. (Түйеден түсіп, қайта шығу өте қиын.) Хадис шәрифтерде де былай делінеді:
«Салихтар, жақсылар әбігерлік пен қиыншылық бермейді.» (Дара Кутни)
«Халықтан ештеңе сұрамауға сөз берген адамның жәннатқа кіруіне мен кепілмін.» (Нәсаи)
«Ешкімнен ештеңе сұрама! Қамшың түсіп қалса да, басқадан сұрама, түсіп өзің ал! Аманатқа ештеңе алмауға да тырыс!» (И.Ахмед)
«Берген қол алған қолдан үстем.» (Бұхари)
Жақсы дос болу үшін досымыз күнә істегенде біздің истиғфар етуіміз, қателік жібергенде біздің кешірім сұрауымыз, қиналған кезінде көмектесуге асығуымыз және ешбір түрде оған жүк болмауымыз керек.
Досымызға әрдайым жақсы хабар беруіміз керек, қайғылы жаңалықтарды айтпауымыз керек!
Халықтың мырзасы
Сұрақ: Бір Улулазм пайғамбардың «Біз қызмет көру үшін емес, қызмет ету үшін келдік» деп айтқаны жазылады. Пайғамбардың қызмет етуі дұрыс па?
Жауап: Біздің сүйікті пайғамбарымыз да қызмет еткен. Бір сапарда бір қойдан қуырдақ жасалатын кезде бірі «Мен қойды соямын» деді. Бірі «Мен терісін ажыратамын» деді. Басқа бірі «Мен тамақ пісіремін» деді. Расулуллаһ алейһиссалам да «Онда мен отын жинаймын» деді, сонда «Йа, Расулаллаһ, сіз қам жемеңіз, жайланып отырыңыз, біз өзіміз жинаймыз» десті. «Иә, сендердің бәрін істейтіндеріңді білемін. Бірақ мен жұмыс істеп жатқандардан ажырап, бөлек отырмаймын. Аллаһу та'ала достарынан ажырап, отырған адамды жақсы көрмейді» деді. Орнынан тұрып, отын жинауға кетті.
Мәдинаның әкімі болған Әбу Хурайра хазреттері отын таситын еді. Мұхаммед бин Зияд оны танып, қасындағыларға «Жол беріңдер, әкім келе жатыр» деді. Жастар таң қалды.
Әулиелердің ұлыларынан болған Ибрахим бин Әдхам бұрында Бәлх патшасы еді. Сұлтандықты тастап, Меккеге келді. Арқасында отын тасып, напақа ақшасын табатын еді.
Қызмет етуге қатысты төрт хадис шәрифтің мағынасы:
«Халықтың мырзасы – оларға қызмет еткені.» (Әбу Нуайм)
«Сапарда топтың мырзасы – оларға қызмет еткен адам. Ол топ ең көп қызмет еткен адамнан, шәһид болудан басқа, ешбір амалмен оза алмайды.» (Хаким)
«Аллаһ жолында соғысқандардың ең үстемі – соғысушыларға қызмет еткен адам.» (Табарани)
«Қонаққа қызмет еткізу – ақылдың нұқсандығы.» (Дәйләми)
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024