Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Дінімізде негізгі нәрсе – ниет. Жақсы және дұрыс ниеттің болуы шарт. Мүминнің ниеті амалдардан бұрын келеді. Пайғамбарымыз алейһиссалам «Аллаһу та'ала сендердің түрлеріңе, көріністеріңе және мал-мүліктеріңе емес, жүректеріңе, яғни амалдарыңды қандай ниетпен жасағандарыңа қарайды» деген. Демек, Аллаһу та'ала адамның жаңа, таза киіміне, жақсылықтары мен қайырымдылықтарына, мал-мүлкіне, мансабына қарап емес, бұларды қандай мақсатпен, қандай ниетпен жасағанына қарап, сауап немесе азап береді.
Әр адамның көңілін, ниетін Аллаһ біледі. Іс-әрекеттер ниеттен туындайды. Біздің ниетіміз – Әһли сүннет ғалымдары білдірген түрде Аллаһу та'аланың дінін дұрыс тарату, Оның құлдарына жақсылық жасау. Ғалымдарымыз «Йа, Раббым, бізді ниетіміз және ықыласымыз үшін кешір, амалдарымыз үшін емес» деп дұға ететін еді. Амалдарымыз өте нашар және нұқсан, бірақ иншаллаһ ниетіміз бен ықыласымыз тура. Аллаһу та'ала бір жақсы ниеттің себебімен, кемшілікке толы амалдарға қарамай, жетістік сыйлайды.
Сүйікті пайғамбарымыз «Бүкіл амалдар ниетке байланысты» деген. Діннің негізі осы. Өйткені Аллаһу та'ала ахиретте «Мұны не үшін істедің?» деп сұрайды. Мақсатсыз адам ешқайда бара алмайды. Адамның мақсаты үйіне бару болса, өзінше көпірден өтіп, асу асып жүрмейді, тікелей үйіне қарай баруды көздейді. Әркімнің жүрегінде бір ниет жатады. Ол ниет те екі түрлі болады. Не Аллаһ үшін, не нәпсі үшін, яғни дүниелік үшін... Ал дүниелік дегеніміз харамдар мен мәкрухтар. Аллаһ разылығы үшін істелген болса, мубах болса да, әр амалдан сауап беріледі. Нәпсі үшін істесе, өмір бойы пәлекетке душар болады.
Бір жақсы ниет бүкіл дүние өмірін ахиреттік сауапқа айналтырады. Бір жаман не дұрыс болмаған ниет те бүкіл ғибадаттарды дүниелік жалғанға айналтырады. Соңында бәрі зая кетеді.
Ниет жақсы болса, жақсылықтар алдымызға ашылады. Егер ниет жаман болса, басымызға жамандық келеді. Бір іс қаншалықты дұрыс жасалса да, егер ниет дұрыс болмаса, ол іс те дұрыс болмайды.
Ғалымдарымыз «Балам мектепке, университетке барарда қалай ниет етуі керек?» деп сұрағандарға былай жауап беретін еді:
«"Йа, Раббым, мынандай мақсатпен оқып жүрмін: біріншісі, несібеміз бен киім-кешегімізді қамтамасыз ететіндей, ешкімге мұқтаж болмайтындай халал ақша табу және осы тапқан ақшамен дініміздің әмірлері мен тыйымдарына мойынсұну. Екіншісі, дінімізге қызмет етіп, сенің құлдарыңа жақсылық жасау" деп ниет ету керек. Осылай ниет еткен жағдайда кісі оқуда өткізген және кәсіппен айналысқан өмірі бойынша тоқтамай зікір сауабын алады.»
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024