Иса (алейһиссалам) - хазіреті Мəриям деген қыздан туылған біз сияқты адам. Құран Кəрімде бұл мəселе айқын көрсетілген жəне қасиетті рух туралы айтылған. Бірақ, мұның мағынасы христиандардың ойлағанындай “Иса Аллаһтың ұлы” деген сөз емес. “Қасиетті рух” (рух-ул-қудс) ұғымы - Аллаһу Та’аланың Иса алейһиссаламға жоғары құтқарушы құдіретінен бергенінің белгісі. Иса алейһиссалам яһудилерге қате жолда екендіктерін, тура жолдың өзі көрсеткен жол екендігін білдірді. Алайда, яһудилер күткен құтқарушыларының өте қатты, айбатты, ұстағанын қирататын алып, яһудилерді басқа ұлттардың құлдығынан құтқаратын адам болуын күткен-ді. Иса алейһиссаламға сенбеді. Оны жалған пайғамбар деп санап, римдіктерге хабарлап, оған қарсы шықты. Өз сенімдері бойынша оны креске керді. Ислам діні креске керілген адамның Иса алейһиссалам емес екендігін, оны аз ақшаға римдіктерге сатқан Асхарют Яһуда (Judas) екендігін айтады. Қазіргі кезеңдегі христиан тарихшылары жасаған зерттеулер Иса алейһиссаламның кресте өлмегендігін көрсетуде. Джон Ребан деген адам осы туралы 1978 жылы өте көп сатылған бір кітап жариялаған еді. Бұл зерттеулер христиандардың “Иса кресте жан тапсырды. Əке Тəңірі жалғыз ұлын күнəһарлар үшін пида етті” деген аңызының тамырына балта шабуда. Осылайша, христиан тарихшылары ширкеулерге үлкен соққы беруде.
Иса алейһиссаламға Інжіл кітабы түсірілді. Бірақ, яһудилер бұл кітапты сексен жылда жоқ етті. Кейіннен жазылған, христиандар Аллаһу Та’ала тарапынан жіберілгеніне сенетін “Китаби муқаддас” (Қасиетті кітап) екі бөлімнен тұрады: біріншісі, “Ескі өсиет” (Old Testament) кітабының сол кезге дейінгі пайғамбарлардың, əсіресе Мұса пайғамбардың уағыздарын қамтиғанына сеніледі. Екіншісі, “Жаңа өсиет” (New Testament) Иса алейһиссаламға сенгендердің ішінде Матта (Matthew), Марк (Mark), Лука (Luke) жəне Жоханның (Jahn) жазған кітаптары болып, ол Иса алейһиссаламның өмірін, жасаған істерін жəне айтқан насихаттарын қамтиды.
Інжілді дайындауда Құран Кəрімнің жазылуында сақталған мұқияттылық сақталмаған. Ақиқат мəліметтерге бірқатар қате түсініктер, ырымдар, аңыздар енгізілген. Хижраның 1303 (м.1885) жылы қайтыс болған монастырлық мұғалім қажы Абдуллаһ Абди бектің араб тілінде жазылған “Рисала-и самсамийа” жəне түрік тілінде жазылған “Изах-ул-мəрам” кітаптарында Інжілдер туралы кең мəлімет берілген. Ақиқат Інжілге өте жақын Інжіл нұсқаларының да бар екендігі қазіргі кезде байқалуда.
Олардың ең маңыздысы Барнабас Інжілі. Барнабас Кипрде дүниеге келген яһуди кісі, шын аты Жозеф болатын. Ол Иса алейһиссаламға сенетіндердің алғашқыларынан бірі жəне хауарилердің (апостол) арасында маңызды орын алады. Оған тағылған “Барнабас” деген лақап “насихат жасаушы”, “жақсылыққа шақырушы” мағынасына келеді. Христиан əлемі Барнабасты Павлоспен (Saint Paul) бірге христиан дінін таратқан қадірлі тұлға деп таниды жəне жылда маусымның 11 жұлдызында пасхасын тойлайды. Барнабас Иса алейһиссаламнан естіген, үйренген нəрселерін сол күйінде өзгертпей жазып отырған. Бұл Інжіл христиандықтың алғашқы үш жүз жылында басқа Інжілдермен бірге қолдан-қолға өтіп, оқылған. 325 жылы Изникте поптардың (Nicene) рухани мəжілісі ибрани тіліндегі барлық Інжілдерді жоюға шешім қабылдаған кезде, Барнабас Інжілі де жойылған. Өйткені, төрт Інжілден басқа Інжілді оқыған жəне сақтаған адамдарды өлтіру туралы бұйрық шыққан еді. Қалған Інжілдер латын тіліне аударылған, тек Барнабас Інжілі өте құпия түрде жоғалған. 383 жылы папа Дамасус кездейсоқ қолына түкен Барнабас Інжілінің нұсқасын папалықтың кітапханасында сақтаған. Хижраның 993 (м.1585) жылына дейін осы жерде тұрған Барнабас Інжілін папа Сикстаның (Sextus) досы Фра Марино (Fra Marino. “Fra” итальян тілінде “бауыр” жəне “пірəдар” мағынасына келеді) кітапханадан тауып алып, оны көп зерттеген. Өйткені, атақты христиан дінбасы Иранеус (130-200) шамамен 160 жылы Аллаһтың бір екенін, Исаның Аллаһтың баласы еместігін айтып, “Павлос римдіктердің бірнеше тəңірге табыну əдетін алып, үш Құдайға табыну сенімін христиан сеніміне қосқысы келген” деп, Павлосты сынға алғанда бұған дəлел ретінде бір құдай сенімін уағыздаған Барнабас Інжілін көрсеткен еді. Осыны білетін Фра Марино Барнабас Інжілін мұқият оқып, шамамен 1585-1590 жылдары аралығында оны итальян тіліне аударған. Осы итальянша қолжазба əркімнің қолына өтіп, соңында Пруссия королінің кеңесшісі Кремердің қолына тиеді. Кремер оны х.1120 (м.1713) жылы түріктерді Зентада жеңгендігі жəне олардан Мажарстан мен Белградты алғандығы үшін Еуропада атағы таралған ханзада Юган де Савойға (1663-1736) сыйлаған. Ол қайтыс болғаннан кейін Барнабас Інжілі оның жеке кітаптарымен бірге 1738 жылы Венадағы королдік кітапханасына (Hofbibliothek) өткізілген.
Алғаш рет бұл кітапханадан Барнабас Інжілінің итальянша аудармасын тапқан ерлі-зайыпты Рогтар (Ragg) оны ағылшын тіліне аударған. Осы ағылшынша аудармасы х.1325 (м.1907) жылы Оксфордта басылған. Бірақ, бұл аударма да таңғажайып тəрізде жоғалып кеткен. Оның бір нұсқасы “Бритиш музей” мұржайында, бір нұсқасы да Вашингтонда Америка конгресі кітапханасында бар. Пакистанның Құран Кəрім қоғамы “Qoran Council” ағылшынша нұсқасын 1973 жылы қайтадан басып шығарды.
Барнабас Інжілінің 70-бабында: «Иса өзіне “Сен Аллаһтың баласысың” деген Петрусқа ашуланды. Оған ұрысып “Кет, жоғал! Сен шайтансың, маған жамандық істегелі тұрсың” деді. Одан кейін хауарилеріне қарап. “Маған бұлай айтқандарды қарғыс атсын. Өйткені, Аллаһ маған оларды лағнеттеуге бұйрық берді” деді» делінеді.
71-бабында: «Мен ешкімнің күнəсін кешіре алмаймын. Тек Аллаһ қана күнəларды кешіреді» дейді.
72-бабында: «Иса:“Мен бұл дүниеге Хақ Та’аланың дүниеге саламат əкелетін расулының жолын дайындау үшін келдім. Бірақ, сендер абайлаңдар, ол келгенге дейін алданып қалмаңдар. Өйткені, менің сөздерімді алып, менің Інжілімді бұзатын бірқатар жалған пайғамбарлар шығады” деді. Сол кезде Андреастың: “Ол расул туралы бізге айтып берерсің?” деген сұрағына “Бұл расул сендердің дəуірлеріңде келмейді. Сендерден бірнеше жылдан кейін менің Інжілім өзгертіліп жəне ақиқатқа шынайы сенгендердің шамамен 30 ғана адамды құраған кезінде келеді. Міне, сол кезде Хақ Та’ала адамдарға аяушылық танытып, елшісін жібереді. Оның үстінде əрдайым ақ бұлт жүреді. Ол өте құдіретті болады, пұттарды қиратады, пұтқа табынушыларды жазалайды. Оның арқасында адамдар Аллаһты таниды. Оны құрмет тұтады жəне мен де шындық адамдық халіммен таныламын. Менің адамнан басқа нəрсе екендігімді айтқандардан кек алады” деп жауап берді» дейді.
96-бабында: «Аллаһ тірі. Аллаһу Та’ала бабамыз Ибрахимге: “Сенің нəсіліңнен шыққан барлық адамдарды нығметіме бөлеймін” деп уəде берген, алайда ол мəсіһ (расул) мен емеспін. Аллаһу Та’ала мені дүниеден алып кеткен кезде шайтан барлық адамды менің Аллаһтың өзі немесе Аллаһтың баласы екендігіме сендіреді. Осы қарғыс атқыр бүлікті тағыда шығарады. Сөздерім мен сенімімнің бұзылып, өзгеретіні соншалық, отыз шақты ғана иманды адам қалады. Сондай заманда Аллаһу Та’ала адамдарға рақымшылық жасап, барлық нəрсені сол үшін жаратқан расулын жібереді. Бұл расул оңтүстіктен келеді. Үлкен құдіретке ие болады. Ол пұттарды қиратады, пұтқа табынушылықты жəне шайтанның адамдарға билігін жояды. Оның сөзіне сенгендер Аллаһу Та’аланың түрлі нығметтеріне қол жеткізеді» дейді.
97-бабында: «“Айтқан Мəсихіңнің аты кім жəне оның келу белгілері қандай?” деп сұраған көріпкел бақсыға Иса былай деді: “Мəсихтің аты таңдануға тұрарлықтай. Аллаһу Та’ала оның рухын жаратқан кезде оған осы есімді берді жəне оны өзінің көктегі əсем орнына қойды. “Күт, ей Ахмет, сен үшін мен жұмақты, əлемді жəне көптеген нəрселерді жаратамын. Оларды саған сыйлаймын. Сені қадір тұтқан адамды мен қадір тұтамын. Саған күпірлік жасаған адам менен қарғыс алады. Мен сені əлемге менің құтқарушы расулым ретінде жіберемін, сенің сөзің ақиқаттан тұрады. Жер мен көк жойылса да, сенің иманың мəңгі сақталады” деді. Оның есімі Ахмет болады. Осыған орай, Исаның айналасына жиналған халық “Ей, Ахмет! Əлемді құтқару үшін тезірек кел!” деп айқайлай бастады» деп жазылған.
128-бабында: «Бауырларым! Мен топырақтан жаратылған адаммын. Сендер сияқты жер басып жүремін. Күнəларыңды біліп, тəубеге келіңдер. Шайтан римдік əскердің көмегімен сендерге менің Құдай екендімді айтып, сендерді алдайды. Олардың жасанды жəне жалған тəңірлеріне құлшылық жасау арқылы Аллаһтың қарғысына ұшырайтынын көріп, оларға сенбеңдер» делінеді.
136-бабында: тозақ туралы түсіндірме беріліп, Мұхаммед алейһиссаламның өз үмбетін жаһаннамдан қалай құтқаратындығы айтылған.
163-бабында: «Хауарилердің: “Келетіні туралы айтқан адамың кім?” деген сұрағына Иса жүрегі тебіреніп тұрып: “Оның есімі Ахмет. Ол келген кезде ұзақ уақыттан бері жауын жаумаса да, жерде жеміс ағаштары өседі. Ол əкелген Аллаһтың рахметінің арқасында адамдарға жақсы, ізгі істер жасауға мүмкіндік туады. Аллаһтың рақымдылығы адамдарға жаңбырша жауады” деді» дегені келтірілген.
Иса алейһиссаламның соңғы күндері туралы Барнабас Інжілі мынадай мəлімет береді (215-222-бабтар): «Рим əскерлері Исаны ұстау үшін ішке кірген кезде төрт ұлы періште Жəбірейіл, Исрафил, Микаил жəне Əзірейіл Аллаһу Та’аланың əмірімен Оны құшақтап алып, терезеден шығарып көкке көтерді. Рим əскерлері өздеріне жол көрсетіп жүрген Йаһуданы (Иуда, Judas) “Сен Исасың!” деп ұстап алды. Оның қарсылығына, айқайлағанына, жалбарынғанына қарамай, сүйреп апарып креске керді. Кейіннен Иса алейһиссалам анасы мен хауарилерге көрінді. Мəриямға: “Ана, көріп тұрсың ғой. Олар мені емес, сатқын Йаһуданы асып өлтірді. Шайтаннан сақтаныңдар! Өйткені, ол дүниені қате сеніммен алдап-арбау үшін барлық нəрсені жасайды. Көрген, естіген нəрселерің үшін сендерді куəгер етемін” деді. Одан кейін сенгендердің қорғалулары жəне күнəһарлардың өкінуі үшін Аллаһу Та’алаға дұға етті. Шəкіріттеріне қарап: “Аллаһу Та’аланың нығметі мен рақымдылығы жаусын” деді. Сосын төрт періште оны шəкірттері мен анасының көз алдында қайтадан аспанға алып кетді».
Барнабас Інжілі соңғы пайғамбар Мұхаммед алейһиссаламның келетінін одан 1000 жыл бұрын айтып тұр. Аллаһу Та’аланың бір екендігін айтып, үш құдай сенімін жоюда.
Барнабас Інжілі Мұхаммед алейһиссалам келуден 700 жыл бұрын “кəпірлік” деп қараланып, жиналып алынып жоғалтылды. Демек, сол кездің өзінде оның ішінде фанатик христиандарға ұнамайтын, яғни Аллаһу Та’аланың бір екендігін, Иса алейһиссаламнан кейін басқа пайғамбардың келетінін көрсететін сөздер болған. Оны итальян тіліне аударған Фра Марино католиктік пірəдар болатын. Мына нəрсені ұмытпау керек, көп уақыт бұрын, яғни б.д.д. 300-325 жылдар аралығында бірқатар христиан дін адамдары Иса алейһиссаламның Аллаһтың ұлы екендігін қабылдамай, оның да біз сияқты адам екенін дəлелдеу үшін Барнабас Інжілін алға тартады. Олардың ең танымалы – Антиохия епископы Лучиан. Оның шəкіріті Ариус (270-336) одан да танымал болған. Ариус Александрия епископы, кейіннен Стамбул патриархы болған Александр тарапынан “кəпір” деп жарияланып, қудаланған. Осыған орай Ариус досы, Измит епископы Еусбюстың қасына барады. Ариустың сенімі айналасына көптеген жақтастар жиналады. Тіпті Византия императоры Константин мен қарындасы да оның құрған ариандар мазһабына кіреді. Ариустан кейін тек Мұхаммед алейһиссалам кезеңінде папа болған Гонорий қана (Honorius) Иса алейһиссаламның адам баласы екендігін жəне үш тəңірге сенудің дұрыс еместігін айтқан. 630 жылы қайтыс болған папа Хонориус 48 жылдан кейін 678 жылы Константинополда жиналған Рухани мəжіліс тарапынан ресми түрде “кəпір” деп лағынетелген. (Anathematised) 1547 жылы сицилиялық рахиб (христиан дін адамы) Камиллоның ықпалында болған Л.Ф.М Соззини христиандардың ең ұлы дін ғалымы жəне Келвинизмнің құрушысы француз Джан Келвинге (1509-1564): «Мен үш тəңірге сенбеймін» деп, Ариустың мазһабын таңдайтынын білдіріп, маңызды христиан сенімі болған Адам алейһиссаламның үлкен күнəсі жəне Исаның осыны кетіру үшін дүниеге келгені туралы нанымды қабылдамаған. Осы адамның жиені болған Ф.П. Соззини 1562 жылы бір кітап жариялап, Иса алейһиссаламның тəңір емес екендігін нақты көрсеткен. 1577 жылы Соззини Трансилванияда Клаусенбург қаласына барған еді. Өйткені осы мемлекетті басқарып отырған Сигисмунд үш тəңірі сенімін қабылдамайтын. Сол жерде епископ Францис Давид (1510-1579) үштік сенімге толығымен қарсы шығып, бір мазһаб құрған болатын. Бұл мазһаб Польшадағы Раков қаласында құрылғандықтан олар “раковиандар” деп аталды. Олардың барлығы Ариустың мазһабын ұстанатын. Көптеген ынсапты, ақылды христиан дінбасылары қолдарындағы Інжілдерге сенбей, дұрыс Інжілдің Барнабас Інжілі екендігін мойындауда. Мұны көрген папалар жəне олардың айналасындағы топтар Барнабас Інжілін жоюға бар күштерін салуда.
Қазір христиандардың қолындағы Інжілдерде жəне «Ескі өсиетте» соншама өзгертулер енгізіліуіне қарамай, Иса алейһиссаламнан кейін бір пайғамбар келетіндігі туралы жазылған. Жохан (Юханна, Jahn) Інжілінің 16-бабының 12-13-аяттарында былай делінеді: «Менің əлі айтатын бірқатар нəрселерім бар. Бірақ, сендер оларға төзе алмайсыңдар. Бірақ, ол келген кезде ақиқатқа жеткізеді» Жохан Інжілінің бұл жазбасы ағылшын жəне американ інжіл фирмалары тарапынан 1886 жылы Стамбулда Бояжиян Агоб баспаханасында басылған. Қасиетті кітаптың ибрани тілінен түрік тіліне жасалған аудармасының 885-бетінде былай жазылған: «Менің кеткенім сендерге жақсы. Өйткені, мен кетпейінше сіздерге қамқоршы келмейді. Ол келген соң дүниені күнə, жақсару жəне үкім мəселелеріне сендіреді. Сендерге айтатын біраз нəрселерім бар. Бірақ, қазір оған шыдамайсыңдар. Алайда, сол ақиқат рухы келген кезде сендерді, ақиқатқа жеткізеді. Өйткені, ол өз сөзін емес, естіген сөздерін айтады жəне болатын нəрселер туралы хабар береді. Ол мені қадірлі етеді, өйткені менен алғанын сендерге хабарлайды». Бұл жердегі «Ол» сөзі Інжілдің аудармасы мен тəпсірлерінде “рух” немесе “қасиетті рух” деп көрсетіледі. Алайда, латынша түпнұсқада “Paraclet” деп жазылған. Бұл сөз “жұбатушы” деген мағынаға келеді. Демек, пірəдарлар, папалар барлық əрекеттеріне қарамастан Інжілден «Менен кейін бір жұбатушы келеді» деген тіркесті алып тастай алмаған. Бұдан басқа Павлостың жазған хаттарындан (христиандар оны Қасиетті кітаптың бір бөлімі деп санайды) “Коринтослықтарға бірінші хат”тың он үшінші бабының 8- аяты жəне жалғасында: «Сүйіспеншілік таусылмайды, бірақ пайғамбарлардың келуі тоқтайды. Тілдер де жоғалады (мысалы, латын жəне көне грек тілі), ғылым да өшеді (ортағасыр ғылымы сияқты). Біз де олардың өте аз бөлігін ғана білеміз. Алайда, сол кемел жан келген кезде барлық кінəратты, қате, аяғына жетпеген ілімдер жойылады» деп жазылған. Бұл сөз түрікше “Қасиетті кітаптың” 944-бетінде де жазылған. Олай болса, христиандар қазір қолдарындағы өздері дұрыс деп қабылдайтын Інжілдерде соңғы пайғамбардың келетіндігін көрсететін бөлімдерге сенуге мəжбүр.
Інжіл ибрани тілінде жазылған еді. Орта ғасырда “Итала” деген атпен латын тіліне аударылды. Насрани діні тарала бастаған кезде пұтқа табынушылар мен яһудилер оған қарсы шықты. Насранилер дінді жасырын түрде жалғастыруға мəжбүр болды. Жер астында, үңгірлерде, жасырын жерлерде ғибадат жасады. Яһудилер қанша азаптаса да, Насрани (христиандықтың бұзылмаған дəуіріндегі ескі аты) дінінің таралуына кедергі бола алмады.
Алдыңғы қатарлы яһудилердің бірі жəне христиан дінінің ең үлкен дұшпандарының бірі болған Сауль насрани дінін қабылдағанын айтады жəне “өзін Иса пайғамбардың яһуди емес ұлттарды насранилік дініне шақыру үшін шəкірт етіп сайлағаны” туралы жалған сөз таратады. (Қасиетті кітап, “Расулдардың істері”, 9-баб). Есімін “Павлос” етіп өзгертеді. Жақсы насрани болып көрініп жүріп, Иса алейһиссаламның дінін бұзды. Тəуһидті үштік сенімге айналдырды. Насранилік жəне Исауилікті христиандыққа айналдырды. Інжілді өзгертті. «Иса - Құдайдың баласы» деді. Шарап ішуді, доңыз етін жеуді христиандарға халал қылды. Құбыла бағытын шығысқа ауыстырды. Иса алейһиссалам уағыздаған дінде болмаған көптеген бұрыс нəрселерді насрани дініне кіргізді. Оның қате жəне бұзық пікірлері исауилер арасында тез тарала бастады. Исауилер түрлі топтарға бөлініп, Иса алейһиссаламның тура жолынан адасты. Түрлі аңыздар тоқып шығарып, Иса пайғамбардың жалған суреттері мен мүсіндерін жасады. Кресті символ етіп алды. Мүсіндер мен крестерге табына бастады. Яғни, қайтадан пұтқа табынушылыққа көшті. Исаны алейһиссалам, Аллаһтың баласы деп қабылдады. Алайда, Иса алейһиссалам оларға мұндай ешнəрсе айтпаған, оларға тек қасиетті рух, яғни Аллаһу Та’аланың өзіне берген құдіреті туралы айтқан еді. Христиандар Құдайға, Оның баласы деп қабылдаған Исаға жəне қасиеті рухқа сенуге мəжбүр болғаннан кейін барлық ақиқат діндердің негізі болып табылатын «Аллаһу Та’ала бір жəне Ол өзгермейтін Жаратушы» деген сенімнен алыстап, үш тəңіріге бірден табынудай күлкілі жағдайға душар болды. Бұл “тəслис” деп аталады.
Уақыт өте христиан діні ірі мемлекеттердің ресми діні болып жариялана бастағаннан кейін орта ғасырда қараңғы жəне үрейлі кезең басталды. Иса пайғамбар уағыздаған адамгершілік, мейірімділік, қайырымдылық негіздері толығымен ұмытылды. Оның орнына христиандар фанатизмді, өшпенділік пен қаталдықты өршітті. “Христиандық” деген атпен ақылға сыйымсыз зұлымдықтарды жүзеге асырды. Көне грек жəне Рим мəдениетінің барлық туындыларын жоюды қалады. Ғылым мен техникаға қарсы шықты. Ислам ғалымдарының кітаптарын оқып, жердің айналатынын айтқан Галилейді дінсіз деп санап, “сөзін кері алмаса өлтіреміз” деп қорқытты. Отаны үшін күрескен Жанна д-Аркты “сиқыршы” деп тірідей отқа жақты.
Испандық доктор жəне теолог Мишель Сервенің үш құдайлық пен Исаның тəңір екендігін қабылдамай, оның тек пайғамбар жəне құл екендігін көрсететін кітап жазғандығы, оның протестанттардың көсемі Келвиннің ұсынысымен тірідей отқа жағылғандығы (1553 ж. Женева) “Қамус-ул-алам” кітабында жəне “Larousse”да жазылған. Жан түршігерлік инквизициялық (Inquisition) соттар құрып, жүз мыңдаған адамды дүние мүлкін алу үшін жөн-жосақсыз дінсіз деп жариялап, əр түрлі қастандықтармен өлтірді. Тек Аллаһу Та’алаға ғана тəн болған “күнəні кешіру” ерекшелігін паларға, пірəдарларға берді. Олар сый-сияпат, ақша үшін күнəларды «кешірді». Тіпті, жұмақтан жер сатты. Діни көсемдері болған папалар болса дүниеге билік құрды. Əр түрлі сылтауларымен корольдердің өзін “діннен шыққан” деп жариялап, кешірім сұрау үшін аяқтарына жығылуға мəжбүр ететін. 1077 жылы Папа Григорийге “дінсіздік” күнəсін кешірту үшін Каноссаға келген неміс королі IV Генрий қыстың күні жалаң аяқ папаның сарайының алдында бірнеше күн бойы күтіп тұрған. Папалардың ішінен көптеген жауыздар шыққан. Олардың бірі Боргио дұшпандарын жəне олардың арасындағы поптарды улап өлтіріп, дүние-мүлкін иемденіп отырған. Өзінің қарындасымен ерлі-зайыптыларша өмір сүрді. Сонда да қасиетті жəне күнəсіз папа болып есептелді. Христиан дініне пірəдарлардың үйленбеуі, үйленгендерінің ешқашан ажыраспауы, күнə шығару мəжбүрлігі сияқты қисынсыз қағидалар енгізілді. Дүниеде өмір сүру күнə болып есептелді.
Жетінші ғасырда шыққан Ислам діні осы қараңғылыққа тараған жарық нұр сияқты болды. Ең кемел жəне логикаға сай, адамгершілік негіздеріне сəйкес құрылған ұлы Ислам діні пұтқа табынушылық пен негізі бұзылған христиан дініне қарсы тез арада тарады. Ақылы толық əрбір адам осы жаңа дінге бет бұрды. Ғылым мен білімге құрметпен құшақ ашқан мұсылмандар Аллаһу Та’ала мен оның расулының бұйрықтарына бағынып, көп істер атқарды. Ғылымда көптеген жаңалықтар ашылды. Сансыз дана, кемеңгерлер жетілді. Қазірігі химия жəне алгебра сөздері араб тілінен алынған. Осындай көптеген мысалдар мұсылмандардың ғылымға жасаған қызметтерін айқын көрсетеді. Мұсылмандар қысқа уақыттың ішнде үлкен ғылыми орталықтар, медреселер ашты. Бүкіл əлемге ғылым, пəн, тазалық, ынсап, мəдениеттілікті таратты. Грек философтарының шығармаларын араб тіліне аударды. Олардың дұрыс еместігін дəлелдеді. Дүниеге танымал философ Хришфельд (Hrischfeld): “Ешбір ұлт араптардың исламды қабылдағаны себепті мəдениеттілікке қол жеткізгеніндей қысқа уақытта мəдениетті бола алмаған” деген. Орта ғасырда христиан əлемі қара түнек өмірді бастан кешіріп, поптар адамзаттың өмірін зынданға айналдырып жатқанда, мұсылмандар жəне мұсылмандардың билігі астындағы халықтар жан тыныштығында, бейбітшілікте өмір сүрді. Христиандар Ислам мемлекеттеріндегі байлыққа қол салу үшін мұсылмандарға шабуылдар жасады. Мұсылмандардың қолындағы өздері қасиетті деп санайтын Құдысты алу сылтауымен крест жорықтарын ұйымдастырды (1096-1270).
Крест жорықтарында қаншама мұсылманның қанын төкті. Құдысқа кірген кезде христиан тарихшылары айтқандай мешіттерде өлтірілген мұсылмандардың қаны ат сауырына дейін жетті. Бірақ, кейін Құдысты олардан қайтарып алған Салахиддин Айуби христиандарға үлкен жомарттық танытып, тұтқынға алған ағылшын королі арыстан жүректі Ричардты босатып жіберді. Кейбір христиан фанаттары Осман империясына қарсы жасалған жорықтарды да мұсылмандарға қарсы жасалған крест жорықтары деп санады. 1912-13 жылғы Балқан соғысын бір француз тарихшысы “ең үлкен крест жорығы” деп санау фанатизміне дейін барған-ды. Андалусия мұсылман мемлекеті 1492 жылы испандар тарапынан басып алынған кезде испандар ол жердегі мұсылмандарды қырған не болмаса зорлап христиан дінін қабылдатқан еді. Осы тағылық əрекетті христиандар Американың жергілікті халқы инктерге де қолданған. Испандар бұл шарасыз ұлтты мүлдем жойып жіберді.
Христиандардың Ислам дініне жəне оның пайғамбарына жапқан жалалары мен өтіріктері əлі күнге дейін ең төмен, ең əдепсіз тəсілдермен жалғасын табуда. Үндістандық Рахметуллаһ əфəнді “рахимаһуллаһу та’ала” 1854 жылы Делиде жəне кейінен Стамбулда ағылшын протестант дін басыларымен жасаған арадағы пікірталасында оларды жауап бере алмайтын дəрежеге жеткізген, ақырында поптар қашқан. Осы Ислам ғалымы бұл жеңісі туралы жəне оларға берген жауаптарын Стамбулда қағаз бетіне түсірген. Бұл кітап “Изхар-ул-хақ” деген атпен араб тілінде 2 том болып 1864 жылы басылды. Кейіннен Мысырда қайта басылды. Бірінші томының түрік тіліндегі аудармасы осы атпен Стамбулда, екінші томының түрікше аудармасы “Ибраз-ул-Хақ” деген атпен 1877 жылы Боснияда басылды. Ағылшын, француз, урду, парсы тіліндегі аудармалары да жарық көрген.
Өзгертілген «Тəурат» жəне «Інжіл» кітаптарындағы өтірік сенімдер мен жалаларға дəлелдермен жауап берген құнды Ислам кітаптарының ішінде Абдуллаһ Тəржуманның араб тіліндегі “Тухфат-ул-ариб” кітабы, Нажаф Əлидің 1871 жылы Стамбулда жазған “Мизан-ул-мауазин” кітабы, Имам Ғазалидің (рахметуллаһи алейһ) “Əр-раддул-жəмил” кітабы жəне Ибрахим Фасих Хайдаридің “Əс-сыратул-мустақим” кітабы “Хақиқат кітабүйі” атты баспа үй тарапынан басылған.
Христиандардың ішінде де пірəдарлардың (поптардың) зұлымдықтарына, ақылға қонымсыз жəне қисынсыз сенімдеріне қарсы шыққандар кездесті. 1517 жылы Лютер деген пірəдар папаға қарсы шықты, ол Інжілді неміс тіліне аударып, Інжілде кездеспейтін “пірəдарлардың үйленбеуі”, “үйленгендердің еш уақытта ажыраспауы”, “күнə шығару” жəне “креске табыну” сияқты мəселелерді христиан дінінен алып тастады. Осылайша 1524 жылы “протестант” деген жаңа христиан бағытын құрды. Бірақ, үштік сенімді (əке, бала, қасиетті рух) сол қалпында қабылдады.
1534 жылы ағылшын королі VIII Генрий де папаға қарсы шықты жəне оның ұсынысы жəне күштеуімен ағылшын-американ ширкеуі салынды. Атақты француз əдебиетшісі Вольтер «Кандид» атты еңбегінде пірəдарлардың қате түсіндірмелері, бұрмаланған діни сенімдері мен əртүрлі айлакерліктері туралы жазып, оларды масқаралады. Бұдан кейін жазылған осындай шығармалар француз төңкерісінің (1789) жасалуына үлкен ықпалын тигізді. Осы төңкерістен кейін пірəдарлар назардан тыс қалды. Амал не, мұсылмандар арасынан уаххаби қарақшылары сияқты бұзық адамдар шығып, Исламды жаман етіп танытқандықтан, христиандар Исламды қабылдаудың орнына дінсіздікке бой алдырды. 1917 жылғы Ресейдегі большевик төңкерісі де дінді жоюға бағытталған. Бірақ, арада уақыт өтіп, төңкерістің əсері азайғаннан кейін адамдар қайтадан табынатын бір құдіретті іздей бастады. Нобель сыйлығының иегері орыс əдебиетшісі Солженицын “Алғашқы шеңбер” атты еңбегінде: «Екінші дүниежүзілік соғыста Сталин де Аллаһқа сенген, жерге сəжде етіп, жасырын түрде Одан жəрдем тілейтін» деп жазады.
Иса алейһиссалам көрсеткен алғашқы Исауилік (исашылдық, мəсихшілік) туралы мəліметтерді қамтитын алғашқы Інжіл бірқатар өзгертулерге ұшырап, оған адамдар тарапынан басқа бөлімдер қосылған. Аллаһу Та’аланың сөздері жоқ етілген. Осылайша, Інжіл қасиеттілік сипатын жоғалтқан. Ислам ғалымы Əлхаж Абдуллаһ бин Дастан Мустафа “Изах-ул Мəрам фи кашф-из-зулам” атты түрікше еңбегінде былай дейді: «Иса алейһиссаламды яһудилер ұстап, өлтіргісі келген кезде қасындағы Інжілді де отқа жаққан немесе жыртып тастаған. Ол кезде Інжіл əлі əлемге таралмаған еді, Иса алейһиссаламның діні де əлі орнықпаған болатын. Өйткені, Иса пайғамбар тек екі жарым, үш жыл ғана дінді уағыздай алды. Сол себептен Інжілдің тағы бір нұсқасының жазылған болуы мүмкін емес. Иса алейһиссаламның сахабалары өте аз жəне көпшілігі сауатсыз адамдар еді. Сол үшін де оларда Інжілдің тағы бір жазба нұсқасының болуы мүмкін емес. Інжілді ешкім жаттаған да жоқ болатын. Тағы бір мүмкін нəрсе мынау: Иса алейһиссалам дүниеге келгеннен 325 жыл өтіп, Изник мəжілісінде көптеп Інжіл нұсқалары қате, негізсіз деп өртелген болатын. Ақиқат Інжілдің солардың ішінде жоғалтып жіберілген болуы да мүмкін».
Інжілге бірқатар бөтен нəрселердің қосылғандығын жəне Аллаһу Та’аланың бұйрықтарымен қоса бірнеше адамдар тарапынан енген жазбалар да бар екендігін қазір христиандар да мойындайды. Інжілдің алғашқыда ибрани тілінде жазылғандығы, кейіннен латын жəне грек тілдеріне аударылғаны ақиқат. Ибрани тіліндегі нұсқасы грек тіліне аударылған кезде бірқатар қателіктер жіберілген, пұтқа табынушы гректердің “бір құдай” сеніміне қарсылығы жəне Інжілді Платон философиясына сəйкестендіруді қалауына байланысты ақылға сыйымсыз үш тəңірі (тəслис) сенімі пайда болды.
Исауилік шыққан кезде бұл үш тəңірі сенімі жоқ болатын. Абдуллаһ бин Дастан Мустафа (рахима-һуллаһ) былай дейді: «Тəслис (үш құдай) пікірін алғаш рет философ Платон ойлап шығарды. Павлос деген яһуди оны христиандыққа араластырды. Милаттан 200 жылдан кейін Сибелиус деген пірəдар бұл бұрыс сенімді қайта жаңғыртты. Ол кезде имандылар тек бір Аллаһқа жəне пайғамбар ретінде Иса алейһиссаламға сенетін. Сибелиустың ұсынысына көптеген христиандар қарсы шықты, ширкеулер арасында қанды қақтығыстар орын алды. Французшадан арапшаға аударылған сол дəуірдің бір тарих кітабында осы соғыстар кеңінен түсіндірілген. 200 жылы дінде тек “əке” жəне “ұл” туралы пікірлер айтылған. Оған “қасиетті рух” сенімі одан 181 жылдан кейін, яғни, 381 жылы Византия императоры Теодосиус дəуірінде Константинопольде болған рухани мəжілісте енгізілді. Бұл шешімге қарсы шыққан бірқатар папалар болды. Папа Гонорий (Honorius) ешқашан үш тəңірі жүйесін қабылдамаған. Ол қайтыс болғаннан біраз жылдан кейін “дінсіз” деп жарияланғанымен, үш тəңір сенімін қабылдамағандар жаңа мазһабтар (жолдар) құрған. Иса алейһиссаламның жалған суреттерін салу, мүсінін жасау жəне оларды ширкеулерге қою жəне крест белгісінің қасиетті белгі деп танылуы сияқты мəселелер бірқатар қарама-қайшылықтарға, тіпті қанды соғыстарға себеп болып, ширкеулер бұларды тек милаттан 700 жыл өтіп қана қабылдаған.
Христиандардың Исашылдық (Насрани) дінінің негізін өзгертуі, папаны күнəсіз деп есептеуі, пірəдарларға күнə жуу сияқты құқық беруі, адамдардың күнəһар болып туылатындығын айтуы, Інжілде жазылып көрсетілсе де, соңғы пайғамбар Мұхаммед алейһиссаламды қабылдамаулары, қазіргі кезде де Інжіл деп санаған кітаптарына өзгертулер енгізуі Аллаһу Та’аланың азабына себеп болуда. “Ниса” сүресінің 171-аятында: «Əй, кітап иелері! Діндеріңде артық кетпеңдер. Аллаһ үшін тек шындықты айтыңдар! (Оны кемшіліктерден ұзақ деп біліп, ұлылаңдар. “Ұлы бар” деп жала жаппаңдар) Мəсих Иса - Мəриямның ұлы, Аллаһу Та’аланың расулы, пайғамбары. “Бол” деген бұйрықпен жаратылған ол құлды, Мəриямға берді. Ол Аллаһу та’аладан берілген басқа рухтар сияқты бір рух. Аллаһқа жəне оның пайғамбарларына сеніңдер! Тəңірі үшеу демеңдер! Бұл сөзден бас тартқандарың өздеріңе жақсы. Аллаһ - тек бір құдай! Құдайдың баласы болмайды. Көк пен жердегі барлық нəрсе Онікі, бəрін Сол жаратты» деп бұйырылған.
Інжілді өзгерткендер үшін “Бақара” сүресінің 79-аятында: «Кітапты өз қолдарымен жазып, арзымайтын бағаға сату үшін “Аллаһтың сөзі” дегендерге қандай өкініш! Жазған қолдарына, тапқан табыстарына нендей өкініш!» делінген. Жəне де “Ихлас” (Ықылас) сүресінің 1-4- аяттарында: «Айт, Аллаһ бір. Ол ешнəрсеге мұқтаж емес, барлық нəрсе Оған мұқтаж. Тумаған, туылмаған, Оған ұқсаған (тең болған) ешнəрсе жоқ» деп бұйырылған.
Құран Кəрім Иса алейһиссаламның адал қыз - Мəриямның ұлы екендігін айқын көрсетеді. Жоғарыда айтылғандай Аллаһу Та’ала оған қасиетті рухтан үлес сыйлаған. Бұл жағдай сондай-ақ, “Бақара” сүресінің 87- жəне 253- аяттарында да көрсетіледі. Бұл аяттарда: «Мəриям ұлы Исаға ашық мұғжизалар бердік. Қасиетті рухпен қуаттандырдық» делінген. “Али-Имран” сүресінің 48-аятында, “Маида” сүресінің 46- жəне 110-аяттарында жəне “Хадид” сүресінің 27-аяттарында Иса алейһиссаламға Інжіл кітабының берілгендігі айқын көрсетілген. Адал қыз болған Мəриямнан туылғаны туралы “Али-Имран” сүресінің 45-аятында жəне жалғасында білдірілген: «Періштелер: “Əй, Мəриям! Аллаһ саған “Бол” дегенде дереу жаратылатын, есімі Мəримұлы Иса Мəсих болатын, дүние мен ақыретте қадірлі жəне Аллаһу Та’алаға жақын болатын, адамдармен бесікте жатып, кейін жігіт кезінде сөйлесетін, салих, тақуа, жақсы бала береді” деп, сүйінші берді. Мəриям: “Ей Раббым! Маған ешқандай еркек жақындамаса, қалайша балам болады?” деді. Періште: “Аллаһу Та’ала осылайша қалаған нəрсесін жаратады. Бір нəрсені қаласа “Бол” дейді. Ол бар болады” дейді».
Иса алейһиссаламның бесікте жатып тілі шықты. Сəби кезінде зерек болды. Сұрақтарға таңқаларлық жауаптар беретін. Бұл оның болашақта ерекше бір адам болатынына белгі беруде еді. Құдыста уағыз жүргізе бастайды. Бар болғаны үш-ақ жылға созылған пайғамбарлығы кезінде Құран Кəрімде айтылған бірқатар мұғжизаларды көрсетті. Өлгендерді тірілтті, ауруларды жазды, соқырлардың көзін ашты. Иса алейһиссалам үйі жоқ, тоқтамай кезумен жүретін, күн батқан жерде түнді ғибадатпен, дұға етумен өткізетін пайғамбар еді. Өте мейірімді, өте жұмсақ мінезді, өте қарапайым жəне қайырымды еді. Көрсеткен мұғжизаларына ұялатын, емдеген ауруларының өзіне рахмет айтуларының алдые алу үшін, күтпей тез кетіп қалатын.
Інжілде үкімдер (бұйырықтар жəне тыйымдар) өте аз болатын. Иса алейһиссалам жаңа дін əкелгендігі туралы айтпаған. «Мен жаңа дін құрып жатқан жоқпын. Мен Исраил ұлдарының пайғамбарлары əкелген, қазір бұзыла бастаған, бір Аллаһқа сенетін Хақ дінді түсіндіру үшін келдім» дейтін. Олай болса, Исашылдықты жаңа дін деп қабылдау дұрыс емес. Исауилік бір Аллаһ діні болған Ибрахим мен Мұсаның (алейһимуссалам) діндерімен бірдей. Иса алейһиссалам өзінің уағыздарын жазбаған. Аллаһу Та’аланың жіберген Інжілі де қолда жоқ. Қазір христиандардың қолындағы “Китаби муқаддас” (қасиетті кітап) Тəураттан алынған “Ескі өсиеттер” секілді бөлімдер мен Матай, Марка, Лука жəне Жоханның жазған Інжілдері мен “елшілер” деп аталатын шəкірттердің жазған кітапша жəне хаттарынан тұратын “Жаңа өсиеттен” құралған. Бұл төрт автордың кітаптары бір-бірімен сəйкеспейді. Бір оқиға туралы түрліше жазған. Басқа хауарилердің жазған Інжілдері жиғызып алынып, өртелген. Бұл оқиға жоғарыда айтылғандай 381 жылы Константинопольде (Стамбул) құрылған, тіпті одан да бұрың 325ші жəне 364 жылдарда жиналған король Константин, король Теодосиус заманындағы діни мəжілістерде болған. Сол жиындардың шешімімен өртелген осы Інжілдердің ішінде Мұхаммед алейһиссаламның келетінін ұзақ түсіндірген Барнабас Інжілі де жоқ етілген. Кейіннен жазылған осы төрт кітаптың авторларының Жоханнан басқасы, Иса алейһиссаламды өмірінде көрмеген.
Христиандар Иса алейһиссаламның креске керіліп, сол жерде қайтыс болғанына, кейіннен тіріліп көкке шыққанына сенсе, мұсылмандар Исаның креске керілмегендігіне, тікелей көкке шығарылғандығына, креске керілген адамның римдіктерге Иса пайғамбар жасырынған жерді ақшаға сатып берген Яһуда (Judas) екендігіне сенеді. Құран Кəрімде бұл мəселе туралы “Ниса” сүресінің 156-158- аяттарында айтылған: «Яһудилердің Исаны(-ң пайғамбарлығын) қабылдамауына, Мəриямға жала жабуына жəне Аллаһтың расулы Мəриям ұлы Исаны өлтірдік деулеріне байланысты оларды қарғадық, рахметімізден қудық. Негізінде олар Исаны өлтірген жоқ жəне креске де керген жоқ. Бірақ, бұл істе оларға бір ұқсату жасалды (Яһуда Иса алейһиссаламға ұқсатып қойылғандықтан соны асты). Бұл мəселеде өздері де күмəнданады. Олардың бұл туралы мəліметтері де жоқ, тек ойлары ғана. Олар шындығында Исаны өлтірмеген. Аллаһ оны өзінің қабатына көтерді. Аллаһ қадірлі, үкімінде даналық иесі»
Иса алейһиссалам аспанға көтерілгеннен кейін Насрани діні біртіндеп əлемге тарай бастады. Алғашқыда бұл жаңа дін пұтқа табынушы римдіктер мен гректер тарапынан өте қаталдықпен күтіп алынды. Исаға сенетіндер ұстап, өлтірілді. Ареналарда жыртқыштарға жем қылынды. Алайда, хақ дін халық арасында өзіне деген сүйіспеншілікпен құрметті арттырып, таныла берді. Өкінішке орай, уақыт өте келе ақиқат Інжіл жойылды. Мұнафық болған Павлостың “Исаның креске керілуі – құдайдың бір даналығы, əділеттілігі жəне адамзаттың құтылуы. Өйткені, Аллаһ адамдардың күнəларын кешіру үшін өзінің ұлын құрбан еткен” деп алға сүрген мəнсіз көзқарасы қазіргі христиан дінінің сенім негізін қалыптастырған. Иса алейһиссалам еш уақытта адамдардың күнəһар болып туылатынын айтпаған, бірақ қазіргі христиан діні былай айтуда:
1. Адамдар дүниеге күнəһар болып келеді. Өйткені, алғашқы адам - Адам пайғамбар Аллаһқа мойынсұнбаған, сол үшін жұмақтан шығарылған.
2. Адам алейһиссаламнан кейін келген барлық адамдар осы күнəмен келеді.
3. Иса алейһиссалам - адамдарды осы күнəдан құтқару үшін дүниеге келген Аллаһтың ұлы.
4. Аллаһу Та’ала адамзат мойнындағы осы үлкен күнəні кешіру үшін өз ұлын креске кергізген.
5. Дүние - қиыншылықтың мекені. Дүниеде көңіл көтеруге болмайды. Адамдар қайғы шегу жəне ғибадат жасау үшін жаратылған.
6. Адамдар тікелей Аллаһу Та’алаға ғибадат жасай алмайды. Аллаһу Та’аладан еш нəрсе сұрай алмайды. Тек дінбасылар, пірəдарлар адамдардың орнына Аллаһқа жалбарына алады жəне олардың күнəларын кешіре алады.
7. Христиандарды папа басқарады. Ол күнəсіз. Оның барлық ісі дұрыс.
8. Адамдардың рухы мен тəні екі бөлек. Адамның рухын тек пірəдарлар ғана тазалай алады, тəн болса əрдайым күнəһар болып қала беретін төменгі нəрсе болып табылады.
Христиан дінінің негізі ретінде көрсетілген бұл пайымдаулар ақыл мен қисынға сай келмейді. Сол себептен яһуди дінін жөндеуге тырысқан Иса алейһиссалам алып келген насарани діні өз негізінен алыстап, “христиандық” деген өзгертілген дінге айналған. Христиан дінінің қайтадан ақиқат насарани түріне қайтуы үшін көптеген жұмыстар жасалды. Лютер деген пірəдар протестанттық жолын құрып, біраз түзетулер енгіземін деп бұл дінді толығымен өзгертіп жіберіп, бұзды.
Міне, Ислам діні Иса алейһиссаламнан кейін барлық осы қателіктерді түзету үшін, бара-бара өзгертіліп бара жатқан «Бір Аллаһ» дінін қайтадан илаһи түрге енгізу үшін жіберілген. Аллаһу Та’ала түрлі дəуірлерде түрлі пайғамбарларына жіберген барлық дін кітаптарында бір соңғы пайғамбардың келетінін жəне оның адамдарды ең тура жолға салатынын хабар беріп келді. Бұл сөз Тəуратта да, өзгертулер енгізілген Інжілде де кездеседі. Жохан Інжілінің 16-бабының 12-13- аяттарында: «Менің сізге айтатын көп нəрселерім бар. Бірақ, сендер оған шыдай алмайсыңдар. Бірақ, ол келген кезде сендерді ақиқатқа жеткізеді» деп Мұхаммед алейһиссаламның келетінін көрсетеді. Барнабас Інжілінің 72, 96, 136, 163- баптарында хазіреті Исаның өз хауарилеріне бір соңғы пайғамбардың келетінін, есімі Ахмет болатынын, ол келгенге дейін өзгертілетін Інжілді қайтадан түзететінін жəне жаңа кітап əкелетінін, өзінінің креске керілмегенін, креске керілген адамның (тұрған жерін айтып берген) Яһуда екендігін айқын көрсеткен. Құран Кəрімнің “Саф” сүресінде бұл мəселе расталады. “Саф” сүресінің 6-аятында: «Мəриямұлы Иса: “Ей, Исраил ұлдары! Мен менен бұрын келген Тəуратты растайтын жəне менен кейін келетін Ахмет (Мұхаммед) деген пайғамбарды хабарлайтын, Аллаһу Та’аладан сендерге жіберілген пайғамбармын” деді. Бірақ, олар пайғамбар (Мұхаммед) оларға келген кезде, “бұл нағыз сиқыр” деді» делінген.
Қазіргі христиандардың дін кітабы болған төрт Інжіл Жəбірейіл алейһиссалам арқылы Иса алейһиссаламға көктен түскен нағыз Інжіл емес. Өйткені, Иса алейһиссалам көкке шыққаннан кейін төрт адам тарапынан жазылған тарихи кітаптар болып табылады. Олардың бірі Матта (Matthew//Матвей) достарының қалауымен Иса алейһиссаламның аспанға көтерілуінен соң он екі жылдан кейін “Милад-и Иса” атты кітап жазған. Бұл кітап Иса алейһиссаламның дүниеге келуі туралы жазылған тарихи кітап болып табылады. Екіншісі Маркус (Markos//Марк), ол Иса пайғамбарды көрмеген, хауарилерден естігендерін уруждан (Иса алейһиссаламның аспанға көтерілуі) 28 жылдан кейін жазған. Үшіншісі Лука (Luke) деген адам. Ол да Иса алейһиссаламды көрмеген, хауарилерден естігенін 32 жылдан кейін Александрияда жазған. Төртіншісі - Жохан (Jahn//Юханна). Оның хауари екендігі туралы айтылады. Уруждан 45 жылдан кейін Иса алейһиссаламның өмірі туралы жазған. Аллаһу Та’ала жіберген Інжіл кітабы - тек бір ғана кітап еді. Ол Інжілде бір-біріне қайшы келетін ешнəрсе болмағандығы ақиқат Ал, төрт Інжіл болса, өзара қарама-қайшылықтарға толы.
Құран Кəрімде Иса алейһиссаламның өлтірілмегендігі, асылмағандығы айқын көрсетілген. Аталған төрт тарихи кітапта оның өлтірілгендігі туралы жазылғандықтан Құран Кəрімде көрсетілген, Аллаһтың сөзі болған Інжілдің бұл төрт кітаптан басқа кітап екендігі байқалады.
Бұл кітаптардағы оқиғалардың бір бөлігін Иса алейһиссаламнан естімегендіктері, оны Иса пайғамбар көкке көтерілгеннен кейін жазғандықтары кітаптардан аңғарылады жəне бұл туралы пірəдарлар да айтады. Мысалы, қамаудағы жəне өлтірілгенін алға сүрген кезде Иса алейһиссаламның ауызынан келтірілген сөздер осыған жатады. Бұл сөздердің ақиқат Інжілде жоқ екендігі, Аллаһтың сөзі емес екендігі айқын. Қазір ақиқат Інжіл жоқ. Христиандардың қолында да, мұсылмандарда да мұндай кітап кездеспейді. Тіпті, пірəдарлардың көпшілігі көктен түскен Інжілдің жоқ екенін айтады. Бір аңыз бойынша яһудилер Иса алейһиссаламды өлтіретін кезде Інжілді өртеген немесе жыртып тастаған, ол кезде Інжіл таралмаған еді. Өйткені, Иса алейһиссаламның пайғамбарлық кезеңі үш-ақ жылға созылып, иман келтіргендер өте аз болды. Олардың көпшілігі оқу-жазуды білмейтін. Немесе 325 жылы жойған Інжілдердің ішінде дұрыс Інжілді де қате деп есептеп өртеп жіберген. Ол кезде бір-біріне қайшы келетін 40-50 Інжіл бар болатын. Əрқайсысына сенетіндердің арасында соғыстар болып, көп қан төгілетін. Ариус соты кезінде олардың төртеуін қалдырып, қалғанын өртегендігі ширкеу тарихтарында жазылған. Бір ағылшын пірəдар тыйым салынған Інжілдерді іздеп, тапқандарын ағылшын тіліне аударған, таппағандарының есімдерін жазып, 1236 жылы (м.1820) Лондонда басып шығарған. «Əл-жауаиб» газетінің хатшысы Ахмет Фариси оны араб тіліне аударған. “Інжіл” делінген кітаптардың есімдері “Самсамийа” кітабына енгізілген.
Христиандар осы төрт Інжілдің, қолдарындағы Тəурат, Зəбүр деген кітаптардың көктен түскендігіне сенеді. Осы төрт Інжілде Иса алейһиссаламның сөздері деп берілген сөздер күмəнді əрі мəшһүр емес. Марка мен Лука Павлостың шəкірттері, олар Иса аклейһиссаламды ешқашан көрмеген. Павлостың да Иса алейһиссаламды көрмегендігі жəне ол көкке шығарылғаннан кейін келіп: «Иса маған көктен көрініс берді» дегендігі «Китаби муқаддастағы» “Расулдардың іс-əрекеті” деген кітабының тоғызыншы бөлімінде Лука тарапынан жазылған. Олардың хауарилерден естігендерін жазғандығына да сенуге болмайды Өйткені, өздеріне осы мəліметтерді жеткізгендердің ешқайсысының есімдері мен жағдайлары туралы жазбаған, керісінше Иса алейһиссаламды көріп, өзінен естігендей етіп жазған. Тарихшылар мұндай жазуларды жалған деп есептейді. Мысалы, Иса алейһиссаламды яһудилер ұстауға келген түні жанындағы он бір хауаридің (апостол) қашып кеткендігі жəне басшылары Петрустың алыстан бақылап, Иса алейһиссаламды əкеткен яһудилердің артынан бас раввиндің үйіне дейін барғаны, кейін олардан қорқып қашқандығы Маттаның 26-шы жəне Марктің 14-баптарында жазылса, төрт Інжілде “яһудилер Исаны ұстап, олай жасады. Ол былай жауап берді”деп көргендей жазады. Бұлардың өтірік екендігі айқын.
Қазіргі таңда бүкіл христиандар Изник консилінде (діни мəжіліс) пірəдарлар қабылдаған төрт кітаптың көктен түскен Інжіл екендігіне сенеді. Жохан (Юханна) Інжілінде жазылған тəслис (үш құдай) сенімі діндерінің негізгі болып табылады. Яғни, Иса алейһисаламды тəңір немесе тəңірдің баласы деп санайды. Мұхаммед алейһиссаламға сенбегендіктері, мұсылман болмағандықтары үшін барлығы кəпір болып есептеледі.
٭٭٭٭٭٭
Насранилік - Христиандықтың негізі бұзылмаған кездегі аты. Бұзылғаннан кейін “христиандық” деп атала бастады.
Исауилер – Исашылдық. Насрани дінін ұстанған имандылар. “Исаның (алейһиссалам) жақтастары, жолындағылар” мағынасын береді. “Насранилер” немесе “Мəсихшілер”деп те қолданылады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024