Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Адам екі жолмен мұсылман болады:
1) Аллаһу та'аланың ихсанымен (сыйымен): Пенденің еш хабары жоқ. Ешқандай дұғасы да, талабы да жоқ. Аллаһу та'ала оны таңдайды, оған Имам Раббани хазреттері сияқты сүйікті құлын танытады және құтқарады.
2) Аллаһу та'аланың әділеттілігімен: Пенде талап етеді, «Йа, Раббым, мені құтқар! Маған разы болған жолыңды нәсіп ет!» деп дұға етеді. Аллаһу та'ала осылай талап еткен адамды міндетті түрде құтқарады. Бұл Оның әділеттілігінен. Міндетті түрде оған хидаят береді, мұсылман қылады. Ол пенденің мұсылман бола алуы үшін не алдынан сүйікті бір құлын немесе осы ғалымдардың кітаптарының бірін шығарады, не оған жағымды келетін басқа бір себеппен оны хидаятқа жетелейді. Шынында, тек азанды естіп, Құран кәрім тыңдап мұсылман болғандар көп.
Бір кәпір калима-и шаһадат айтып мұсылман болған сәтінде Аллаһу та'ала оның бүкіл күнәларын кешіреді. Ол бұдан былай періштедей тап-таза адам болады. Одан кейін жауапкершілік басталады. Дінін үйренуі және үйренгендерін орындауы қажет болады. Орындалуы тиіс болған ең алғашқы іс – Әһли сүннет сенімін үйреніп, дұрыс иман келтіру.
Бір адам ата-анасынан көріп мұсылман болған жағдайда да, Ислам дінін үйренбесе, үлкен күнәға түседі. Осы үлкен күнәсі тұрақты болғандықтан да, Аллаһ сақтасын, соңында күпірге дейін барады. Демек, мұсылман баласы болса да, мүшрик ата-ананың баласы болса да, мүминнің шынайы иманға қауышуы дұрыс иман және ғибадат білімдерін үйренуіне байланысты. Шынында, Құран кәрімде «Ей, Аллаһқа иман келтіргендер, Аллаһқа және пайғамбарына иман келтіріңдер» делінеді. Бұл жерде Хақ та'ала әрі «Иман келтіргендер» деп шақыруда, әрі «Иман келтіріңдер» деп бұйыруда. Мұның мағынасы: «Ата-анадан үйренгендеріңді, құлақпен естіп үйренген мына еліктеуіш имандарыңды енді оқып үйрену арқылы қуаттандырыңдар. Әйтпесе еліктеумен қол жеткізген имандарың сендерді құтқармайды. Жеңіл самалдың шырақты өшіргеніндей, бір сөз немесе бір жағдай сол иманды бірден сөндіріп жібере алады» деген сөз.
Сондықтан әркім ізденіп дінін үйренуі керек. Іздене бастаған кезде Аллаһу та'ала міндетті түрде оның алдына ең сүйікті құлдарын шығарады. Олармен дос қылады және одан кейін ол адамның жүрегінен иман оңайлықпен шықпайтын болады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024