Қасиетті күндерде ораза ұстау

Сұрақ: Қасиетті күндердің қай күнінде ораза ұстаған дұрыс болады?

Жауап: Қасиетті күндер – қасиетті түндерден кейін келетін күндер. Мысалы жұма түні – бейсенбіден жұмаға қараған түн.

 

БӘРАТ ТҮНІ:

Шабан айының 15-ші түні. Дәл солай, бұл түннен кейін келетін күн, яғни 15 Шабан болады. Ораза ұстамақшы болған адам осы күні ұстауы керек. Егер бұл күн жұма немесе сенбі күндеріне тура келсе, алдыңғы немесе кейінгі күнмен қосып ұстау керек. Бір хадис шәрифтің мағынасы:

«Шабанның 15-ші түнін ғибадатпен, күндізін оразамен өткізіңдер! Бұл түнде Аллаһу та'ала айтады: "Кешірім сұрайтын адам жоқ па – кешірейін. Ризық сұрайтындар жоқ па – ризық берейін. Дерттілер жоқ па – дауасын және денсаулық берейін. Қандай тілеуі бар болса, сұрасын, берейін." Бұл жағдай таңға дейін жалғасады.» (Ибн Мажа)

 

МИҒРАЖ ТҮНІ:

Ражаб айының 27-ші түні. Бір хадис шәрифтің мағынасы:

«Ражабтың 27-ші күнінде ораза ұстаған адамға 60 жылдық ораза сауабы беріледі.» (И.Ғазали, Әбу Муса әл Мәдәни)

Егер бұл күн жұма немесе сенбі күніне сай келсе, алдыңғы немесе кейінгі бір күнмен қосып ұстау керек.

 

РӘҒАИБ ТҮНІ:

Ражаб айының алғашқы жұма түні. Бейсенбі күні ораза ұстап, түнін де ғибадатпен өткізу өте сауапты болады.

Бір хадис шәрифтің мағынасы: «Аллаһу та'ала Ражаб айында ораза ұстаған адамды кешіреді.» (Ғунийа)

 

АШУРА КҮНІ:

Мухаррам айының 10-шы күні – Ашура күні. Ашура күнінде де жалғыз бір күн ораза ұстау мәкрух болады. Алдыңғы немесе кейінгі бір күнмен қосып ұстау керек. Екі хадис шәрифтің мағынасы:

«Ашураның қасиеттілігінен пайдаланыңдар! Бұл қасиетті күнде ораза ұстаған адам періштелердің, пайғамбарлардың, шәһидтердің және салихтардың ғибадаттарындай сауапқа қауышады.» (Шира)

«Ашура күнінде алдыңғы немесе кейінгі бір күнді де қосып ораза ұстаңдар, яһудилерге ұқсап тек ашура күнінде бір күн ұстамаңдар.» (И.Ахмед)

 

МӘУЛІТ ТҮНІ:

Рабиул-әууәл айының 11-нен 12-не қараған түн. 11-не немесе 12-не ораза тұту жақсы болады.

Сүйікті пайғамбарымыз дүйсенбі күні ораза ұстайтын еді. Себебін сұрағанда, «Осы күні дүниеге келдім. Шүкір ретінде ораза ұстап жатырмын» дейтін еді. (Хақ сөздің дәлелдері кітабы)

 

АРАПА КҮНІ:

Құрбан айттың алдындағы күн. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Арапа күні ұсталған ораза мың күндік (нәпіл) оразаға тең.» (Табарани)

Арапа күні ораза ұстау мүстаһаб. Наурызға немесе сенбі күніне сәйкес келсе де, бұл күнде Арапа ниетімен ораза ұстаған адам мәкрух істеген болмайды. Наурыз немесе сенбі ретінде ораза ұстаса, мәкрух болады. Арапа деп ұстаса, мәкрух болмайды.

 

ЖҰМА КҮНІ:

Жұма күндерінде ораза ұстау өте сауапты. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Жұма күні ораза ұстаған адамға он ахирет күндік ораза сауабы жазылады.» (Бәйһақи)

Жұма күнінде жалғыз бір күн ораза ұстау мәкрух болады деген ғалымдар да болған, сондықтан жұма күнінде жалғыз бір күн емес, бейсенбі немесе сенбі күндерінің бірімен қосып ұстау керек. Бір хадис шәрифтің мағынасы:

«Жұма күнінде жалғыз бір күн ораза ұстамаңдар! Алдыңғы немесе кейінгі бір күнмен қосып ұстаңдар.» (Бұхари)

 

ЗҮЛ-ХИДЖА АЙЫНДА ОРАЗА:

Зүл-хиджаның алғашқы 9 күнінде ораза ұстау керек. Бір хадис шәрифтің мағынасы:

«Зүл-хиджаның алғашқы 9 күнінде ораза ұстаған адамға әр күніне бір жылдық ораза сауабы беріледі.» (Әбул Бәракат)

 

МУХАРРАМ АЙЫНДА ОРАЗА:

Екі хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Рамазаннан кейін ең құнды ораза – Аллаһтың айы болған Мухаррам айында ұсталған ораза. Парыздардан кейін ең құнды намаз – түңгі намаз.» (Мүслим, Ибн Мажа, Тирмизи, Нәсаи)

«Нәпіл ораза ұстамақшы болсаң, Мухаррам айында ұста, өйткені ол – Аллаһтың айы. Ол айда бір күн бар, ол күнде Аллаһ өткен қауымдардың бірінің тәубесін қабыл етті. Тағы сол күні тәубе ететіндердің күнәларын кешіреді.» (Тирмизи)

Зүл-хиджаның соңғы күні және Мухаррамның бірінші күні ораза ұстаған адам сол жылды толығымен ораза ұстағандай сауапқа қауышады.» (Әййуһәл уәләд илмихалы)

 

РАЖАБ АЙЫНДА ОРАЗА:

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Харам (құрметті) айлар – Ражаб, Зүл-қада, Зүл-хиджа және Мухаррам.» (Ибн Жәрир)

«Харам айларда бейсенбі, жұма және сенбі күндері ораза ұстаған адамға екі жылдық ғибадат сауабы жазылады.» (Табарани)

«Харам айларда бір күн ораза ұстап, бір күн ұстамау өте құнды.» (Әбу Дауд)

«Ражаб айында Аллаһу та'алаға көп истиғфар етіңдер, өйткені Аллаһу та'аланың Ражаб айының әр сәтінде тозақтан азат еткен құлдары бар. Одан басқа, жәннатта сондай зәулім сарайлар бар, тек Ражаб айында ораза ұстағандар ғана кіреді.» (Дәйләми)

«Жәннатта сондай зәулім сарайлар бар, оларға тек Ражаб айында ораза ұстағандар ғана кіреді.» (Дәйләми)

«Аллаһу та'ала Ражаб айында ораза ұстағандарды кешіреді.» (Ғунийа)

 

ШАБАН АЙЫНДА ОРАЗА:

Айша анамыз былай деген:

«Расулуллаһтың ешбір айда Шабан айынан көбірек ораза ұстағанын көрмедім. Кейде Шабан айын толығымен оразамен өткізетін еді.» (Бұхари)

Шабан айында неліктен ораза ұстағандығы жайында сұралған кезде, Расулуллаһ алейһиссалам былай жауап берген:

«Шабан – сондай қасиетті ай, адамдар бұл айдан ғапіл болады. Бұл айда амалдар әлемдердің Раббына ұсынылады. Мен де амалдарымның ораза күйімде ұсынылуын қалаймын.» (Нәсаи)

Тағы екі хадис шәрифтің мағынасы:

«Рамазаннан кейінгі ең құнды ораза – Шабан айында ұсталған ораза.» (Тирмизи)

«Шабанда үш күн ораза ұстаған адамға Хақ та'ала жәннатта бір орын дайындайды.» (Әййуһәл уәләд илмихалы)

Дене бітімі арық, әлсіз болған адамның Шабан айының 15-інен кейін ораза ұстамай, парыз болған Рамазан айының оразасына дайындалуы жақсы болады. Денсаулығы жақсы болған адам Шабан айының басым күндерін, тіпті толығын оразамен өткізе алады.

 

ШӘУУӘЛ АЙЫНДА ОРАЗА:

Шәууәл айында ораза ұстау өте сауапты. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Шәууәл айында алты күн ораза ұстаған адам жаңадан туылғандай күнәсіз болады.» (Табарани)

«Рамазаннан кейін Шәууәлде де алты күн ораза ұстаған адам бір жыл ораза ұстаған болып саналады.» (Ибн Мажа)

 

ДҮЙСЕНБІ мен БЕЙСЕНБІ:

Дүйсенбі мен бейсенбі күндерінде ораза ұстау, басқа күндерге қарағанда, сауаптырақ. Бір хадис шәрифтің мағынасы:

«Амалдар дүйсенбі мен бейсенбі күндері ұсынылады. Мен амалдарымның ораза ұстаған күйімде ұсынылуын қалаймын.» (Тирмизи)

 

ӘР АЙДА ҮШ КҮН ОРАЗА ҰСТАУ:

Әр айда үш күн ораза ұстаған жақсы болады. Екі хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Әр айда үш күн ораза ұстау бүкіл жылды оразамен өткізу сияқты сауапты.» (Бұхари)

«Қамари айдың 13, 14 және 15 күндерінде ораза ұстаған адам бүкіл жыл бойы ораза ұстағандай сауапқа қауышады.» (Нәсаи)

 

Анықтама: Қасиетті күндердегі осы оразалар – нәпіл. Нәпіл ораза ұстау да үлкен сауап. Бір хадис шәрифтің мағынасы:

«Рамазан айынан бөлек Аллаһ разылығы үшін бір күн ораза ұстаған адам бір мықты бәйге атының бір жылда шауып өтетін қашықтығындай тозақтан алыстайды.» (Әбу Йа'ла)

Әсіресе жоғарыда білдірілген қасиетті күндерде ораза ұсталатын болса, сауабы одан да көп болады. Алайда нәпілдің құны мен сауабының парыздың жанында теңіздің жанындағы бір тамшыдай да бола алмайтынын Ислам ғалымдары білдіруде. Сондықтан оразадан қазасы бар болған адам осы оразаларды ұстайтын кезде «Алғашқы қазаға қалған Рамазан оразасына» деп ниет ету керек. Қаза қарызымыз жоқ болса да, осылай ниет етіп ұстау керек. Себебі, ұсталған мұндай ораза, онсыз да, нәпіл болады. Ұмытылған бір қазамыз бар болса, соның орнына өтеді. Осылайша, әрі оразадан қазамыз өтелген болады, әрі қасиетті күнге тән болған ораза сауабына да қауышқан боламыз.

 

Айдың басы мен соңы

Сұрақ: «Ражаб айының басында бір күн, ортасында бір күн және соңында бір күн ораза ұстаған адамға Ражабта толығымен ораза ұстағандай сауап беріледі» делінеді. Сонда басы – айдың бірінші күні, ортасы – он бесі, ал соңы – отызы болады ма?

Жауап: Жоқ. Басында дегені – айдың алғашқы күндері деген сөз. Ортасы – ортадағы күндерге жақын болған күндер деген сөз. Соңы да – айдың соңғы күндерінде деген сөз.

 

Ораза кестесі

Рамазан айынан басқа уақыттарда ораза ұстайтын кезде www.kuntizbe.kz немесе www.namaztimes.kz сайттарынан өз елді мекеніңізді тауып, сол жерге тиесілі сол күнгі "Имсак" (ауыз бекітуді бастау уақыты) және "Ақшам" (ауыз ашатын уақыт) уақыттары арасында ауыз бекіту қажет.

www.namaztimes.kz cайтынан, іздеу ұяшығына өзіңіз тұратын қаланың атын жазып, жанындағы қызыл түсті түймешеге немесе пернетақтадағы "Enter" түймешесін бассаңыз, сол қаланың уақыттары берілген бет ашылады. "Айлық уақыттар" немесе "Жылдық уақыттар" деген бөлімдерді шертіп, айлық немесе бір жылдық намаз және ораза кестелерін сол жерден көре аласыз және принтерге де шығара аласыз.