Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Аллаһу та'ала – хаким, яғни хикмет иесі, Ол жаратқан барлық нәрсенің хикметі бар. Мұсылман дұға еткенде әрдайым қайырлы болғанын сұрауы керек, өйткені ненің өзіне қайырлы екенін біле алмайды. Басқа түскен нәрселерде қайыр бар. Бір аяти каримада: «Жақтырмаған нәрселерің сендердің жақсылықтарыңа, ұнатқан нәрселерің де жамандықтарыңа себеп болуы мүмкін. Сендер білмейсіңдер, Аллаһ біледі» делінеді. Демек, кейбір нәрселер бізді қинайды, бұған қатты мұңаямыз, «Бұл қиыншылықтар басыма қайдан келді?» дейміз. Алайда мұның бізге қайырлы екенін білмейміз. Кейбір нәрселерге қатты қуанамыз. Олардың біз үшін жаман екенін білмейміз.
Бір патша уәзірімен аңшылыққа шығады. Ешкім танымасын деп киімін ауыстырады. Уәзірдің бір әдеті бар екен, қандай жағдай болса да, «Мырзам, бір хикметі болса керек» дей береді. Патша аң аулай алмай қалса «Мырзам, мұңаймаңыз, бір хикметі бар болар» дейді. Патша шұңқырға түсіп кетсе, «Мырзам, мұңаймаңыз, бір хикметі болса керек» дейді. Патшаның көзіне бір шыбық кіріп, көзін шығарып жібереді де, соқыр қылады. Уәзір қайтадан «Мырзам, мұның да бір хикметі болса керек» дейді. Бұған шыдамы таусылған патша: «Көзім шығып кетті, әлі хикметі бар дейсің, жоғал!» деп уәзірін қуып жібереді.
Уәзір кеткеннен кейін біраз уақыт өтіп қарақшылар сол аймаққа шабуылдап, патшаны ұстап алады. Оларға қанша «Тоқтаңдар, мен патшамын» десе де, сенбейді. Бір жерге апарып, «Біздің бастығымыздың атағаны бар еді. Бізге "Тірідей не ұстасаңдар, соны құрбандыққа сойыңдар" деген еді. Сондықтан сені қазір бауыздаймыз» дейді. Жерге жатқызып, соймақшы болып жатқанында араларынан бірі «Мынаның бір көзі соқыр екен. Тоқтаңдар, соқыр болса құрбандыққа жарамайды» дейді. Мәселені бастықтарынан сұрайды. Бастықтары «Онда оны жіберіңдер, басқасын табыңдар!» дейді.
Патша өлімнен құтылып сарайына келеді де, «Дереу маған уәзірімді табыңдар!» деп бұйрық береді. Уәзір келгенде патша одан кешірім сұрайды. «Сенің айтқаның дұрыс екен, сені қуып жіберіп, қателестім, мені кешір» дейді. Сонда уәзір қайтадан «Мырзам, уайымдамаңыз, қуып жіберуіңіздің де бір хикметі бар екен. Мені қумасаңыз, сіздің орныңызға мені өлтірер еді. Өйткені менің екі көзім де сау. Мені қуып жібергеніңіз жақсы болыпты» деп жауап береді. Патша «Субханаллаһ, сені жеңу мүмкін емес» дейді.
Олай болса, әр нәрсеге қайғыра беру дұрыс емес. Қалағанымыздай орындалмаған бір іске мұңаймау керек, ол істе табандылық көрсетпеу керек. Оның да бір хикметі болса керек.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024