Сабыр және намаз арқылы көмек сұраңдар!

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Жетістікке жетудің жолы – сабыр және тақуалық. Асықпау керек, сабыр етіп, тілге ие болу керек. Адамның сау-амандығы – тіліне ие болуында. Адам қандай зардап шексе, тілінен және асығыстығынан шегеді. Сабырдың маңызы өте үлкен. Құран кәрімде: «Аллаһ сабыр еткендерді жақсы көреді. Аллаһтан сабырлылық және намаз оқу арқылы көмек сұраңдар» делінеді. Асығу шайтаннан. Бірақ намаз оқу үшін асығу, уақыты кірген сәтте оқуға тырысу керек.

Намаз – Аллаһу та'аланың құзырына шығу деген сөз. Жамағатпен намаз оқу – Аллаһу та'аланың құзырында жиналу деген сөз. Аллаһу та'аланың құзырына қауышу қандай үлкен ниғмет. Раббымыз намаз оқитын адамға «Сұра, құлым, берейін» дейді. Бұл уақыт – тілеу сәті. Яғни дұғалар қабыл болатын уақыт. Сондай-ақ, хадис шәрифте: «Жұма күні сондай бір уақыт бар, ол уақытта жасалған дұға міндетті түрде қабыл болады» делінген. Ғалымдарымыздың көбі бұл уақыттың екінді намазының уақыты екенін білдірген. Өзгеше айтқандар да болған. Сондықтан жұма күнін мүмкін болғанша дұға және ғибадатпен өткізуге тырысу керек.

Бір күні шәкірттері Әбул Хасан Харқани хазреттерінен «Ұстаз, Аллаһу та'ала "Менен сұраңдар, беремін" деген, бірақ біз қанша сұрасақ та бермей жатыр» дейді. Сонда ол былай дейді: «Демек, сендер сұрауды білмегенсіңдер. Аллаһу та'ала дұғаны әрине қабыл етеді, бірақ қай дұғаны қабыл етеді? Мұны сүйікті пайғамбарымыз хабар берген. Бір күні жәннатпен сүйіншіленген он кісінің бірі болған Саад бин Әбу Уаққас хазреттері "Йа Расулаллаһ, сен Аллаһу та'аланың сүйіктісісің. Аллаһу та'ала сенің барлық дұғаңды қабыл етеді. Аллаһу та'ала менің де дұғаларымды қабыл етсін деп дұға етші" деп өтінген кезде, пайғамбарымыз алейһиссалам мүбәрәк саусағымен ауызына сілтеп, "Ей, Саад, дұғасының қабыл болуын қалайтын адам ауызына абай болу керек! Харам кіріп шыққан ауызбен жасалған дұғаны Аллаһу та'ала қабыл етпейді" деді.»

Олай болса, дұғамыздың қабыл болуы үшін аузымызға ие болуымыз керек. Спиртті ішімдіктерден тартып, құл ақысымен, өтірікпен, қулықпен, хараммен табылған ақшаға келген бүкіл тамақтардан ұзақ тұруымыз керек. Дінімізге сай ақша табуымыз керек. Аузымыздан харам шықпау керек, яғни ғайбаттан, жала жабудан, өсектен, өтіріктен аулақ болуымыз керек. Сүйікті пайғамбарымыз осы жайттарға мән беретін адамның дұғасы қабыл болатындығын хабар берген.