Көрікті киіну

Сұрақ: Бай адамның ескі киім киюі дұрыс па?

Жауап: Расулуллаһ алейһиссалам ескі киім киіп алған бір кісіден «Мал-мүлкің жоқ па?» деп сұрады. Әлгі адам мал-мүлкінің көп екенін айтқан кезде оған:

«Аллаһу та'ала мүлік бергенінде бұл ниғметтің әсері үстіңнен байқалсын» деді. (Нәсаи).

Екі хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Аллаһу та'ала бір пендесіне ниғмет бергенінде сол ниғметтің әсері пендесінің үстінде байқалғанын ұнатады». (Табарани).

«Жақсы киім киіңдер, Аллаһу та'аланың сендерге берген ниғметтерінің әсері байқалсын!». (Табарани).

Жамал мен сәндену – екеуі екі бөлік нәрсе. Жамал – ұсқынсыздықты кетіру, салмақты болу және шүкір ету мақсатында ниғметті көрсету деген сөз. Аллаһу та'ала жамал иесі болуды мақтаған. Жамал мақсатында таза, жақсы киімдер кию – мубах. Тәкәппарлану, мақтану үшін киіну харам болады. Мансап және абырой иелерінің, бай адамдардың, мысалы бас директорлардың, бастықтардың, кәсіпкерлердің қоршаған ортасындағы жағдайға қарай  өте жақсы киімдер киюі қажет.

Хазреті Омар «Екі түрлі киімдерің болсын, бірі сәнді, екіншісі қарапайым. Киімнің сәулетті, таза болуы адамның абыройын көрсетеді» деді. Ибн Омар хазрет те: «Қандай киім киейін?» деп сұраған бір адамға: «Төмен адамдардың мазақтауына, мәдениетті адамдардың сені кемсітуіне себеп болмайтындай түрде киін!» деген. Имам Ағзам хазрет 400 алтын құнындағы өте қымбат киім киетін еді. Шәкірттеріне жақсы киінуді бұйыратын еді. Имам Ағзам: «Хазреті Омардың жамалған шапан киюі мұсылмандардың әмірі болуы себебінен еді. Егер сәулетті киімдер кисе, онда үкімет қызметшілері де сәулетті киінетін еді. Кедейлері халықтан зұлымдықпен мал-мүлік тартып алар еді» деді. Хазреті Талха өте бай еді. Сәулетті киініп, ылғи көрікті болып жүретін еді. Жүзігінде өте қымбат жақұт тасы бар еді.

Әһли хикмет ғұламалар «Сондай киім ки, сен оған емес, ол саған қызмет етсін!» деген. Адамдарға уағыз-насихат жүргізетін адамдардың жаңа, таза киім киіп, өздерін көріктендіруі ғибадат болады. Егер оларды ешкім құрметтемесе, сөздерін ешкім тыңдамайды. Өйткені надандар адамның сыртқы көрінісіне қарайды. Білімінің бар екеніне мән бермейді. Ал сәндену, мақтану үшін киіну харам болып табылады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Сәнденуден сақтану – иманнан». (Ибн Мажа).

«Сәндену және мақтану мақсатында киілген киімді мұсылман кісі үстінен шешкенге дейін Аллаһу та'ала оған мейірім танытпайды». (Табарани).

«Аллаһу та'ала қарапайым киім киген адамды ұнатады». (Бәйһақи).

«Тәкәппарлану және мақтану үшін атақты адамдар киетін киімді киген адамды Аллаһу та'ала сол киімдерімен бірге отқа тастайды». (Рузәйн). Демек, сәндену және мақтану үшін киіну харам болып табылады.

Мансап, абырой иелері болмаған, бір айлыққа өмір сүретін адамдардың байларға, мансап иелеріне немесе өз шегін білмейтін көршілеріне еліктеп, мақтануға берілуі, үйлерін түрлі заттармен сәндеуі дұрыс емес.

 

Сары және қызыл киім

Сұрақ: Ер адамдардың сары мен қызыл түсті киім киюі күнә бола ма?

Жауап: Жоқ, күнә болмайды. Бір қаулы бойынша тәнзиһән мәкрух екендігі айтылған.

 

Ескі киім кию

Сұрақ: Кітаптарда ескі киім кию мақталған ғой, неліктен адамдар жаңа және жақсы киімдер киіп жүр?

Жауап: Ескі немесе жаңа киім кию ниетке қарай жақсы немесе жаман болады. Мубах болған істерде ниет маңызды. Ниет жақсы болса сауап, жаман болса күнә болады. Алайда харамдар, жақсы ниетпен жасалса да, харам емес болып қалмайды. Сәндену және мақтану мақсатында жаңа және сәулетті киім кию харам болып табылады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Сәнденуден сақтану – иманнан». (Ибн Мажа).

«Аллаһу та'ала қарапайым киімдерді киген адамды ұнатады». (Бәйһақи).

«Сәндену және мақтану мақсатында киінген адам сол киімді үстінен шешкенге дейін Аллаһу та'аланың мейірімінен алыс болады». (Табарани).

«Тәкәппарлану және мақтану мақсатында атақты адамдар киетін киімді киген адамды Аллаһу та'ала сол киімдерімен бірге отқа тастайды». (Рузәйн).

«Жақсы киім алуға шамасы жетсе де алып кимеген адамға Аллаһу та'ала жәннат киімдерін кигізеді. Адамдардың назарын тарту үшін киінгендерге қияметте бейшаралардың киімін кигізеді». (Ширъа шәрһі).

Мақтану үшін, кедейлердің алдында тәкәппарлану және оларды төмен, бейшара санау мақсатында киіну, яки өзін тақуа, діндар қылып көрсету үшін ескі, жаман киім кию – адамдардың назарын тарту үшін киіну күнә болады. Шамасы жететін адамның қымбат матадан жақсы киім сатып алып киюі рұқсат. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Аллаһу та'ала бір мүлік бергенінде бұл ниғметтің әсері үстіңнен байқалсын» деді. (Нәсаи).

«Жақсы киініңдер, Аллаһу та'аланың сендерге берген ниғметтерінің әсері байқалсын!». (Табарани).

Жамал мен сәнденуді шатастырмау керек! Жамал – ұсқынсыздықты кетіру, салмақты болу және шүкір ету мақсатында ниғметті көрсету деген сөз. Аллаһу та'ала жамал иесі болуды мақтаған. Жамал мақсатында таза, жақсы киімдер кию – мубах. Тәкәппарлану, мақтану үшін киіну харам болады. (Бахр-ур раиқ).

Мансап және абырой иелерінің, бай адамдардың, мысалы басшылардың, бастықтардың, кәсіпкерлердің араласатын ортасындағы жағдайға қарай  өте жақсы киімдер киюі қажет. Аллаһу та'аланың алдына шығатын кезде де бұған қатты мән беру керек! «Әр намаз оқитын кезде көрікті (құнды, жаңа, таза, ұнамды, әдемі) киімдеріңді киіңдер!» деген мағынадағы аяти каримаға және  «Хош иіс қайғыны, әдемі, таза киім қасіретті азайтады» деген мағынадағы хадис шәрифке мойынсұнуға тырысу керек, ескі болса да таза киім кию керек! (Әдәб-уд-дунийа, Бостан, М.Раббани).

Имам Ағзам хазрет: «Надандардың кемсітпеуі және дұшпандарға айбарлы, айбынды көріну үшін ғалымдардың, әмірлердің киімдері мен ғимараттарының көрнекті болуы керек» деген.