Науқастың көңілін сұрап бару

Сұрақ: Науқасты зиярат ету, яғни көңілін сұрап бару парыз ба?

Жауап: Науқасты зиярат ету сүннет. Науқастың қарайтын ешкімі жоқ болса, онда кифая уәжіп болады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Мұсылманның басқа мұсылманның алдында бес ақысы бар: сәлеміне жауап беру, ауырып қалғанда көңілін сұрап бару, жаназасына бару, қонаққа шақырғанда бару, түшкіріп "әлхамдулиллаһ" деген кезінде "йәрхамукаллаһ" деп айту.» (Мүслим)

«Біреумен дос болсаң, оның кім екенін анықта! Ауырып қалса көңілін сұрап, қайтыс болса жаназасына барасың.» (Бәйһақи)

«Науқастың көңілін сұрап бару үшін бір шақырым, екі адамды татуластыру үшін екі шақырым, Аллаһ үшін досың болған адамыңмен көрісу үшін үш шақырым алыста болса да бар!» (Ибн Әбиддүнийа)

«Аллаһу та'ала біреуге "Мен ауырып қалдым, менің көңілімді сұрап келмедің" дейді. Ол адам "Йа Раббым, сені қалай зиярат ететінімді білмеймін" дегенінде, "Пәленше мұсылман ауырған кезде көңілін сұрап барғаныңда, мені табатын едің" дейді.» (Мүслим)

«Бір науқастың көңілін сұрап барған адамның кепілі Аллаһ болады.» (Хаким)

«Мына амалдар көрші ақыларынан: ауырғанда көңілін сұрап бару, қайтыс болғанда жаназасына бару, қарыз сұрағанда беру, кедей болса әр жерде айта бермеу, жақсы нәрсеге қолжеткізсе құттықтау, басына қиыншылық түссе жұбату, үйін оның үйінен биік қылмау, көршіге берілмейтін болса, жасалған тағамның иісін оған сездірмеу.» (Жами-ус-сағир)

«Науқас зияратының кәміл болуы – қолды науқастың бетіне немесе қолына қойып, жағдайын сұрау арқылы жүзеге асады. Ал араларыңдағы сәлемдесудің кәміл болуы қол алысумен іске асады.» (И.Мажа, И.Ахмед)

«Науқастардың көңілін сұрап барыңдар. Дұға етуін сұраңдар. Күмәнсіз науқастардың дұғасы қабыл болады, күнәлары да кешіріледі.» (Дәйләми)

«Науқастың көңілін сұрап барудың сауабы жаназаға барудың сауабынан көп.» (Дәйләми)

«Кімде-кім бір науқастың көңілін сұрап барса, қайтқанға дейін жәннат бақшасының арасында болады.» (Мүслим, Тирмизи, И.Ахмед)

«Сүннетке сай дәрет алып, науқас болған мұсылман бауырын Аллаһ разылығы үшін зиярат еткен адам, қашықтығы жетпіс жылдық жол болған тозақтан алыстайды.» (Әбу Дауд)

«Науқастардың көңілін сұрап барыңдар.» (Бұхари)

«Науқастың көңілін сұрап бару – жақсы амал.» (Табарани)

«Науқастанған мұсылманның көңілін таңертен сұрап барған адамға кешке дейін, ал кешке көңілін сұрап барған адамға таңға дейін жетпіс мың періште дұға етеді және истиғфар айтады (кешірілуін сұрайды). Жәннатта да оған бір бақша беріледі.» (Тирмизи)

«Науқастың көңілін сұрап барған адамға 70 періште, ертеңгі күннің дәл сол уақытына дейін, истиғфар етеді.» (Ширази)

«Науқастың көңілін сұрап барған адам Аллаһу та'аланың мейіріміне бөленеді, науқастың жанында отырғанда осы мейірімге көміліп қалады.» (Бәйһақи, И.Ахмед)

«Тек Аллаһ разылығы үшін досын немесе бір науқасты зиярат еткен адамға Аллаһу та'ала: Қандай жақсы амал жасадың. Жәннатта өзіңе зәулім сарай дайындаған болдың, – дейді.» (Бұхари)

«Бір науқастың көңілін сұрап барып, қасында біраз отырған мұсылманға бір сәт те күнә істелмеген бір жылдық амал сауабы беріледі.» (Әбу Нуайм)

«Науқасты зиярат ету үш күннен кейін жасалу керек. Зияратты да сирек жасаңдар! Есінен танған болса зиярат ету қажет емес.» (Дәйләми)

«Науқастың көңілін сұрап барған адам қол алысып амандассын. Қолын науқастың маңдайына қойып, жағдайын сұрасын және оған шипа, ұзақ өмір тілесін, одан дұға сұрасын. Өйткені науқастың дұғасы – періштелердің дұғасы сияқты.» (Бәйһақи)

«Бір күнде мына бес амалды жасаған адам жәннаттық болады: науқастың көңілін сұрап барған, жаназаға барған, жұма күнін оразамен өткізген, жұма намазына барған және садақа берген адам.» (Әбу Яла) (Жұма күні ораза тұтпақшы болған адам бейсенбімен немесе сенбімен қосып екі күн ораза ұстауы керек!)

Пайғамбарымыз алейһиссалам зиярат етушіге көп сауап берілетіндігін айтқан кезде, сол жердегілер «Науқасқа да сауап болады ма?» деп сұрады. «Науқасқа одан да көп, еселенген сауап беріледі» деп жауап берді. (Табарани)

Біреу ауырып қалса, дереу көңілін сұрап баруға болмайды. Жиі-жиі бару да дұрыс емес. Ең көп дегенде екі күнде бір баруға болады.

Зияратқа жаңа киіммен емес, күнде киіп жүрген киіммен бару керек! Науқастың бас жағында емес, аяқ жағында отырған жөн болады!

Науқастың бетіне қарамай, оңға-солға қарау немесе алдына қарап отыру дұрыс болмайды, үздіксіз науқастың бетіне қарап тұру да дұрыс емес.

Науқастың қасында қайғылы болып тұрмау керек! Жақсы нәрселерді айтып беру керек, жазылып кетуіне дұға ету керек!

Пайғамбарымыз алейһиссалам бір науқастың көңілін сұрап барғанда «Ештеңе етпейді, иншааллаһ бұл мазасыздығың күнәларыңды тазалайды» деді. (Бұхари)

Зияратта науқастың қасында ұзақ отыру дұрыс емес. Сүйікті пайғамбарымыз «Науқас зияратын қысқа қылу сауапты болады» деді. (Бәззар)

Науқас та жағдайына шағымданбау керек! Бір хадис шәрифте былай делінген:

«Садақаны жасырын берген, қиыншылығын жасырған, жағдайын Аллаһтан деп санаған адамға Аллаһу та'ала: Құлым берген пәлекетіме сабыр етті. Көңілін сұрап келгендерге шағымданбады. Мен де оның денсаулығын арттырамын. Күнәсіз болып жазылады. Өлетін болса мейіріміме қауышады, – дейді.» (Табарани)

Науқас жағдайына шағымданбағанындай, "Ешкім менің көңілімді сұрап келмеді" деп те шағымданбау керек! Көңілін сұрап келмеген адамның үзірлі себебі бар екенін ойлап, ол жайында жаман ойда болмауы, ренжімеуі керек!

 

Сұрақ: Науқастың көңілін сұрап барғанда гүл алып бару христиандардың әдеті ме?

Жауап: Мубах істерде кәпірлердің әдетін жасау күнә болмайды. (Хадиқа) Көңілін сұрап барғанда гүл апару күнә болмайды. Хадис шәрифтерде: «Кімге хош иісті гүл берілсе, мұны қайтармасын, оны алып иіскесін» және «Қызыл раушан гүлді иіскеп, маған салауат айтпаған адам маған жапа шектірген болады» делінген. (Шира)

 

Сұрақ: Бір досым ауырған кезінде көңілін сұрап бармағаным үшін маған қатты ренжіп қалыпты. Науқасты зиярат ету парыз ба?

Жауап: Науқастың көңілін сұрап бару сүннет. Науқастың ешкімі жоқ болса уәжіп болады. Сүннет болған науқас зияратын жасамаған адамға ренжу харам болып табылады. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Мұсылманға үш күннен артық ренжіген адам тозаққа түседі.» (Нәсаи)

 

Сұрақ: Науқастың көңілін сұрап барған кезде неге мән беру керек?

Жауап: Науқастың жанына Әузу-бисмиллаһпен сәлем беріп кіру керек, мүмкін болса оң жағына отыру керек, дұға ету және хал-жағдайын сұрау керек. Не қажет екенін сұрап, бір нәрсе қажет болса көмектесу керек. Оған да естірту үшін калима-и шаһадат айту керек. Жанында ұзақ отырмау керек. Егер өзі қатты сұраса, тағы біраз отыруға болады. Кететін кезде тез арада қайырлы шипаға қауышуына дұға ету керек.