27 – Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деді: «Кімде-кім таң намазының парызын жамағатпен оқыса, қиямет күні жүзі айдың он төртінші күні сияқты жарқырайды. Бесін мен екінді намаздарының парыздарын жамағатпен оқыса, Хақ та’ала ол пендеге мың сап періштені міндеттеп, қиямет күніне дейін ол үшін тәсбих етеді. Кімде-кім ақшам намазын жамағатпен оқыса, Хақ та’ала ол кісіні пайғамбарлармен бірге тірілтеді. Кімде-кім құптан намазын жамағатпен оқыса, ол адаммен Хақ та’аланың арасында хижаб (перде)қалмайды». Осы үстемдіктер пасық және бидғатшы болмаған имамның жамағатына қатысты айтылған.
Кімде-кім жамағатты үзірсіз тәрк етсе, жәннаттың иісін сезе алмайды. Мұндай адам төрт кітапта да малғұн деп сипатталған. Намазды тәрк еткен адам Хақ та’аланың ашуынан құтыла алмайды. Кімде-кім таң намаздарын оқымаса, иманы әлсірейді, бесін намаздарын оқымаса, пайғамбарлар “алейһимуссалауату уәттаслимат” оған ренжиді, екінді намаздарын оқымаса, періштелер оны жақсы көрмейді. Ақшам және құптан намаздарын оқымаса, Аллаһу та’ала оны жақсы көрмейді.
28 – Әр нәрсенің бір нұры, бір өзегі бар. Діннің нұры мен өзегі – бес уақыт намаз. Намаз – діннің тірегі, әрі қорғаны. Әр нәрсені бұзатын бір себебі болады. Дінді бұзатын нәрсе – бейнамаздық. Намазын тәрк еткен адам дінін? мұсылмандығын тәрк етті деген сөз.
29 – Кімде-кім жамағатпен намаз оқуды жақсы көретін болса, Хақ та’ала да ол құлын жақсы көреді, періштелер де жақсы көреді.
30 – Бес уақыт намазды жамағатпен оқы! Ғапыл болма!
Анықтама: Жамағатпен оқылған намаздың сауабы жалғыз оқылған намаздың сауабынан көп екендігін аңғардық. Жамағаттың осындай үлкен үстемдігі имамның намазы сахих болған жағдайда беріледі. Бұрында Ислам діні қуатты болған замандарда, имамдарға және барша мұсылмандарға хусни зан етілетін еді (яғни жаман ой болмай, жақсы деп қабылданатын еді). Алайда, қазіргі заманда мұсылманмын дегендердің және имам болғысы келгендердің кейбірлері діннен, иманнан хабары болмаған надандар екендігі сөзі мен жағдайларынан және іс-әрекеттерінен аңғарылады. Олай болса, қазіргі таңда Әһли сүннет сеніміне қарсы екендігі мәлім болмаған, ғұсылын, дәретін және намазын дұрыс оқи алатын және харам істеуден сақтанып жүрген имамды тауып, соған ұю керек. Әйтпесе, жамағат сауабы ғана емес, тіпті намазымыздан да айырылып қаламыз. Өйткені зәрулікпен мәлім болған, яғни надандар да естіп жүрген үкімдерді үйренбеу, білмеу үзір болып саналмайды. Пасық имамға ұйып оқылған намаздың Малики мазһабында сахих емес екендігі «Халеби-и кәбир»-де жазылған. Салих болған имамның тісінде қаптама немесе пломба байқалса, Малики немесе Шафии мазһабтарының бірін тақлид ететіндігін немесе етпегендігін одан сұрамау керек.
31 – Пайғамбарымыз: «Таң намазы мен құптан намазын жамағатпен оқудың сауабы өте көп. Осы екі намазды жамағатпен оқудың қаншалықты үстем және қаншалықты сауапты екенін білсе, оны ешкім тәрк етпейтін еді» – деген.
Хақ та’ала хадис құдсиде былай деген: «Құлым маған парыз намазында жақындағандай басқа ешқандай амалмен жақын бола алмайды.» Парыз намаздарын оқып, ешбір намазды қаза етпейтіндердің нәпіл намаздары да осындай болады. Тағы бір хадис құдсиде Аллаһу та’ала былай деді: «Құлдарым намаз оқу арқылы көздері, құлақтары, қолдары, аяқтары және барлық ағзалары менің әмірімде болған болады.» Пайғамбарымыз: «Хақ та’ала жәннатта хурилерді жаратқан. Бұл хурилерден "Сендер кім үшін жаратылдыңдар" деп сұралған кезде, "Біз бес уақыт намазын жамағатпен оқығандар үшін жаратылдық" деп жауап береді» – деген.
32 – Ибн Мәсуд [Отыз екінші жылы Мәдинада қайтыс болды] былай деді: Пайғамбармыздан: "Аллаһу та’аланың алдында ең сүйікті амал қайсы?" деп сұрадым. Жауап ретінде: «Намазды уақытылы оқу, ата-анаға жақсылық жасау және хақ жолында жиһад ету» - деді.
33 – Бір күні бір соқыр кісі пайғамбарымыздан былай сұрады: «Йа Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Менің көзім көрмейді, қолымнан жетектеп мешітке алып баратын да ешкімім жоқ. Намазымды үйде оқи берейін бе?» Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм):«Азанның дауысын естисің бе?» деген сұрағына: «Иә, естимін» деп жауап берді. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Саған намазды үйіңде оқуға рұқсат бермеймін» деді. Тағы бір кісі:
«Қаламызда жылан, шаян және жабайы жануарлар бар. Маған бір шара бар ма? Намазымды үйде оқысам болады ма?» деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Азанды естисің бе?» деп сұрады. Сонда: «Иә, естимін» дедім. «Онда намазға, яғни жамағатқа баруың керек» деп жауап берді. Олай болса, көздерің, аяқтарың сау, ешқандай қауіп те жоқ. Шариғи бөгет те жоқ! Неліктен намазды үйде оқып, жамағатқа бармайсың? Тек жүре алмайтындай дәрежеде аурырғанда және қатты суық пен жаңбырда ғана үйде оқуға рұқсат беріледі.
34 – Пайғамбарымыз: «Хақ та’аланың мейірімі екінді намазының сүннетін тәрк етпейтін пенденің үстіне жаусын» және «Екінді намазының сүннетін қалдырмай оқитын адамның жәннатқа кіруіне мен кепілмін» деді. [Бұл сүйінші парыз намазын қазаға қалдырмайтындарға және харамнан сақтанатындарға қатысты. Біздің аймақтарда бұл уақытта тіпті сүннет намаздың бар екенін естімеген адамның саны мың.]
35 – Ақшам намазынан кейін алты рәкат «Әууабин намазына» немқұрайлы қарама!
Анықтама: Жоғарыда намазға қатысты көптеген құндылықтар аталды. Адамды осы құндылықтарға қауыштыратын намаз – барлық парыздары, сүннеттері, мүстаһаб, уәжіп және барлық рүкіндері мен шарттары толық болған намаздар. Одан бөлек, намаздың сауаптарына да қауышу үшін, Аллаһ разылығы үшін оқуға деп ниет ету және оқылмаған намаздың қарызы болмау қажет. Дәреттімін деп ойлап оқылған намаз сахих болмаса да, ниет етілгендіктен, сауап берілетіндігі «Әшбаһ»-тың отызыншы бетінде ұзақ жазылған.
36 – Сауабы бәрінен де көп және бірінші міндет болған намаз – парыздар. Сүннеттер және нәпіл намаздар – парыздардың жанында үлкен бір теңіздің жанындағы бір тамшы сияқты да бола алмайды. Бір уақыт парыз намазды үзірсіз қазаға қалдырған адамның ешбір сүннет пен нәпілі қабыл болмайды, яғни сахих болса да, ниет етсе де, сауап берілмейді. Абдулқадир Гейлани (қаддесаллаһу та’ала сирраһул азиз) «Футуһулғайб»кітабында: «Парыз намазды тәрк еткен адамның, мұның қазасын өтеместен, сүннетті оқуы ақымақтық және надандық. Өйткені оның сүннеттері қабыл болмайды» деді. Ханафи мазһабының ғалымдарынан Абдулхақ Дәһләуи (рахимә-һуллаһу та’ала) осы кітаптың шәрһін жасағанда осы жайындағы хадис шәрифті ұзақ жазған. Бұл хадис шәриф «Сәадати Әбәдийа» илмихал кітабында және «Захира-и Фикһ»-та да бар. Олай болса, бәрінен бұрын қаза намаздарды оқу керек, намаздың қарыздарын өтеу керек және таң намазының сүннетінен басқа төрт уақыт намаздың сүннеттерінің орнына, жалқаулықпен оқылмаған намаздардың қазаларын, біткенге дейін оқу керек. Ғалымдардың сөзіне құлақ аспайтын және ілімнен нәсібі аз болған кейбір адамдар «сүннеттің орнына қаза оқылмайды» дейді және нұқсан ақылдарымен сөздерін дәлелдеуге қанша тырысып жатса да, олардың сөздерінің толығымен жеке пікірлері екені және ешбір негізге сүйенбейтіндігі олардың кітаптарын оқыған білімді адамдарға айдан анық. Төрт мазһабтың барлық нәзіктіктерін толық меңгерген үлкен ғалым Абдулхаким Мырза хазреттері (рахимә-һуллаһу та’ала) (1281-1362 [м.1943]) бұл мәселені Стамбұл мешіттерінде мұсылмандарға қайта-қайта айтқан және жазған. 118-ші бетке қараңыз! Үлкен ғалым, үлкен әулие Мұхаммед Масум Сәрхәнди, екінші томның 63-ші хатында: «Сүннеттердің орнына қаза оқу керек. Сүннеттің сауабы да беріледі» деген.
«Сәадети Әбәдийа» 276-ші бетте былай делінеді: «Бір парыз намазды үзірсіз қазаға қалдыру – күнәлардың ең үлкені. Бұл күнә, әр намаз оқитын бос уақыт өткен сайын, бір есе артады. Себебі намаздың қазасын дереу оқу да парыз болып табылады. Бұл қорқынышты күнәдан және азабынан құтылу үшін, төрт уақыт намаздың сүннеттерін және Жұма намазының алғашқы және соңғы сүннеттерін оқығанда, оқылмаған парыз намаздарын да және құптанның соңғы сүннетін оқығанда үш рәкат уітір намазының қазасын өтеуге ниет ету керек. Қаза өтеуді кешіктіру үлкен күнә. Бұл үлкен күнә, әр қаза оқитындай уақыт [яғни 6 минут] өткен сайын бір есе артады. Қаза болған әр намаздың ең алғашқы қазасы оқылатын болса, осы намаздың қазаларын өтеуді кешіктіру күнәларының барлығы кешіріледі. «Тәрбиғус-салат»-та былай делінген: «Хадис шәрифте «Бір намазды уақыты шыққаннан кейін оқыған адам 80 хуқба жанады»делінген. Бір хуқба – 80 жыл. Қаза намаздың жазасы, алғашқы күні 80 хуқба болса, кейінгі күндерде, әр 6 минутта бір есе артып тұрады.»
Ибн Абидин (рахимә-һуллаһу та’ала) нәпіл намаздары тақырыбында былай дейді: «Сүннеттер – парыздармен және уәжіптермен бірге оқылатын бөлек, басқа намаздар деген сөз. Муәккәд болған және муәккәд болмаған сүннеттердің барлығына нәпіл (нафилә) намаз делінеді. Өйткені, парыз және уәжіп болмаған намаздар нәпіл болады. Нәпіл делінген намаздардың бәрі де сүннет емес. Сүннет намазды үзірсіз және үнемі тәрк ететін адам, егер сүннет екеніне сенсе, құрметтесе, кіші күнә жасаған болады. Сенбегендіктен, құрметтемегендіктен оқымай жүрген болса, онда кәпір болады. Діни мәселе екені айқын, яғни сауатсыздарға да мәлім болған бір нәрсені мойындамайтын адам да кәпір болады. Ханафи мазһабы бойынша, ижмамен мақұлданған, яғни төрт мазһабта да бірдей болған бір үкімді қабылдамайтын, жоққа шығаратын адам да кәпір болады. Муәккәд сүннетті үзірсіз үнемі тәрк етіп жүрудің күнәсі уәжіпті тәрк етудің күнәсына жақын. Үнемі тәрк ету – адасушылық болады. Тәрк еткен адам айыпталады. Парыздардан кейін оқылатын сүннет намаздар, парыздардың ішіндегі сүннеттер арасынан үзірмен, мысалы ұмытып тәрк етілгендерінің орнына өтеді, осылайша парыздарды толықтырады. Әйтпесе сүннет намаздар мүлдем оқылмаған парыздардың орнына өтпейді, тәрк етілген парызды толықтырмайды. Хадис шәрифте:«Кемшілікпен оқылған намаз, субха (нәпіл) қосылу арқылы толықтырылады» делінген. Субха – нәпіл намаз деген сөз. [Аңғарылып тұрғанындай, парыздардан бұрын және кейін оқылатын сүннеттерге "нәпіл" деген атау берілуде.] Таң намазының сүннеті өзге сүннет намаздардан қуаттырақ. Бұған уәжіп деген ғалымдар да бар. Айша (радиаллаһу анһа) былай дейді: Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) нәпіл намаздардың арасынан ең көп таң намазының екі рәкатына қатты мән беретін еді. [Көрініп тұрғанындай, хазреті Айша анамыз да сүннет намаздарға нәпіл деуде.] «Бесін намазының парызынан бұрын оқылатын төрт рәкат сүннетті тәрк еткен адам шапағатыма қауыша алмайды!» хадис шәрифі – жәннаттағы дәрежесінің жоғарылауына қатысты жеке шапағатыма қауыша алмайды деген сөз. Өйткені, пайғамбарымыздың жалпы шапағатына барлық мұслмандар қауышады. Бір ғалымнан сұрақ сұрайтындар көп болып, жауап беруге бос уақыты қалмайтын болса, таң намазынан басқа намаздардың сүннеттерін тәрк етуіне болады. Дәрісті жіберіп алмау үшін шәкірттің тәрк етуі де жаиз болады. [Бірақ парыз намаздарды тәрк етуі мүлдем жаиз емес.]
Мешітке кіргенде, отырудан бұрын мешіттің иесіне, яғни Аллаһу та’алаға екі рәкат намаз оқу сүннет болып табылады. Бұған «Тахийатул-мәсжид» намазы делінеді. Мешітке кірген кезде парыз немесе басқа намаз оқу, яки бұларды оқу ниетімен кіріп отыру Тахийатул мәсжид намазын оқу болып саналады. Басқа намазды оқитын кезде Тахийатул мәсжид үшін де бөлек ниет ету қажет емес. Бамдат және екінді намаздарын оқып қойған адам мешітке кіргенде Тахийатул мәсжид намазын оқымайды.
Бір адам бесіннің парызын оқып жатқанда, бесіннің парызы мен сүннетіне бірге ниет етсе, екі имам бойынша тек парыз оқыған болады. Ал Имам Мұхаммедтің (рахимә-һуллаһу та’ала) үкімі бойынша парыз намазы да сахих болмайды. Бес уақыт намаздың сүннеттері парыздан бөлек оқылатын басқа намаз болғандықтан, парыз оқылғанда сүннет те оқылған болып саналмайды. Парыз оқығанда Тахийатул мәсжид намазы да оқылған болады. Тәрк етілген болып саналмайды. Бірақ, Тахийатул мәсжид сауабына да қауыша алу үшін, бұған да бөлек ниет ету керек. Себебі, хадис шәрифте: «Ғибадаттар ниетке байланысты» деп айтылған. Амалдың сауабына қауышу үшін ниет етілуі шарт болуда.» Ибн Абидиннен аударма осы жерде тәмәм болды.
Қаза намаздары – парыздан бөлек намаз болғандықтан, сүннет намаздың сипатына сай болып тұр. Осы себептен, қаза намазды оқыған кезде бөлек ниет етпесе де, сүннет те оқылған болады. Сүннет оқуға бөлек ниет ету қажет болмайды. Сүннеттің орнына қаза қойып оқыған адам сүннетті тәрк еткен болып саналмайды. Алайда, сүннет намаздар үшін уәде етілген сауаптарға қауыша алу үшін, қаза намазына ниет етіп жатқанда, уақыт намаздың сүннетіне де ниет ету, яғни көңілінен өткізу керек болады. Осылайша екі ниет етілген кезде қаза намазы да, сүннет намазы да үш имамның үкімі бойынша сахих болады. Сонымен қатар сүннеттің сауабы да беріледі. 119-шы бетке қараңыз!
Бұл мәселені ұзақ баяндауымыздың себебі, сүннеттердің орнына қаза қойып оқудың қажет екендігін түсіндіру және Офлық Мұхаммед Әмин марқұмның «Нәжат-ул-мүминин» кітабының соңғы бетіндегі мәліметтердің дұрыс екендігін білдіру. Сол бетте: «Бамдаттан басқа намаздардың сүннеттерін оқыған кезде, ең алғаш қаза болған намаздың қазасымен бірге сол уақыттың сүннет намазына бірге ниет етіледі. Осылайша әрі қазаның қарызы өтеледі, әрі сүннеттің сауабы да беріледі» делінеді. Діни білімі саяз адамдар Офлық Әмин мырзаның осы жазбасының дұрыс емес екендігін айтып жүрсе де, Ибн Абидиннің жоғарыда баяндалған анықтамасы олардың сөздерінің қате екендігін көрсетіп тұр.
Үлкен ғалым Ахмед Тахтауи (рахимә-һуллаһу та’ала) «Мәрақил-фәлах» хашиясында, қаза намаздар тақырыбының соңында былай деген: «Фәут етілген, яғни адамның қолында болмаған бір шариғи үзірмен (шариғат рұқсат еткен себеппен) өткізіп алған намаздың парызының қазасын оқу, сүннет намаздарды оқудан маңыздырақ және абзалырақ. Алайда, муәккәд сүннеттерді және духа, тәсбих және аттары хадис шәрифтерде білдірілген нәпілдерді сүннет ниетімен оқу, мұндай болмағандарды парыздың қазасына ниет етіп оқу жақсырақ.» Муәккәд сүннеттерді сүннет ниетімен оқу, басқа нәпілдерді қаза ниетімен оқу жақсырақ дегені, сүннеттерді қаза ниетімен оқуға болмайды деген сөз емес.«Дуррул мухтар»-дабылай делінген: «Фәут етілген намаздардың қазасын кешіктірместен оқу керек. Тек үзірмен ғана кешіктіруге болады. Напақаны қамтамасыз ету үшін жұмыс істеу – үзір.» Фәут етілген намаздардың қазаларын муәккәд сүннеттерді оқитындай уақыт кешіктіру үзір болып саналды. Ал парыз намаздарды үзірсіз (себепсіз) тәрк ету үлкен күнә. Осы үлкен күнәдан құтылу үшін дереу қазасын оқу парыз. Намаздардың муәккәд сүннеттерін оқу үшін осы парызды кешіктіру үзір болып саналмаған. Тіпті уәжіпті кешіктірмеу үшін де муәккәд сүннетті тәрк ету керек екендігі уітір намазында жазылған.
Мұхаммед Хадими (рахимә-һуллаһу та’ала) «Бәриқа» кітабында, жаман мінездердің алпысыншысы болған «Күнә істеуден қайтпау»тақырыбында былай деген: «Парыз намазды үзірсіз уақытында оқымау үлкен күнә. Егер міндет екеніне мән бермесе, маңызды деп санамаса кәпір болады. «Фәтәуә-и Зәйнийа»-да былай делінеді: «Күнәға дереу, тез тәубе ету парыз. Тәубені кешіктіргені үшін де тәубе ету қажет.» [Көрініп тұрғанындай, тәубені кешіктіру де күнә болады.] Парыз намазды үзірсіз тәрк етуде екі үлкен күнә бар. Біріншісі: намазды өз уақытынан кейінге қалдыру. Мұның тәубесі – өкіну, тағы өткізіп алмауға шешім қабылдап, сөз беру. Екінші күнәсі: намазды тәрк ету. Мұның тәубесі – дереу, тез арада қазасын өтеуден тұрады. Қазасын оқуды кейінге қалдырып кешіктіру де үлкен күнә болып табылады. Бұған да бөлек тәубе ету қажет. Өйткені, күнә істеуден қайтпау – бөлек үлкен күнә. Кіші күнә істеуден қайтпаудың да үлкен күнә екендігі хадис шәрифте білдірілген. Парыз намаздарды үзірсіз тәрк ету харам болғандықтан, олардың қазаларын кешіктіру үшін үзір – бес уақыт намаздың парыздарын кешіктіруге үзір болған нәрселер. Бұл үзірлер – ишарамен де оқи алмайтындай дәрежеде қатты ауру болу, соғыста дұшпанның, сапарда ұрылардың және жыртқыш жануарлардың шабуыл жасауы, ұмыту және ұйқы. Өлім ауруы болса, өлгеннен кейін фидия берілуі үшін өсиет жазу және мал-мүлік қалдыру уәжіп болады.» «Бәриқа»-дан аударма тәмәм болды. Уақыттың соңында намаз уақыты шығып бара жатқанда муәккәд сүннетті оқу, парызды уақытылы оқуға бөгет болса, бұл сүннеті оқу харам болатындығы фиқһ кітаптарында жазылған. Осы сияқты, сүннет намазын оқу, қаза оқудың кешігуіне себеп болғандықтан харам болады. Өйткені, үзірсіз тәрк етілген, намаздың қазасын өтейтіндей уақыт өткен сайын [яғни әр 6 минут сайын] бұл үлкен күнә еселеніп көбейеді. Мұсылмандарды осы үлкен пәлекеттен қорғау үшін барлық фиқһ кітаптары қаза намаздарын кешіктірместен дереу оқу керек екендігін жазуда. Парыз намазды фәут ету, яғни үзірмен уақытында оқымау харам болмағандықтан, олардың қазаларының муәккәд сүннеттерді оқитындай уақыт кешіктірілуі үзір болып саналаған, бұдан артық кешіктірілуіне рұқсат берілмеген.
37 – «Ишрақ намазы»-ның қасиеті де өте көп. Бұл жөнінде көптеген еңбектер жазылған. Пайғамбарымыз былай деді: «Таң намазын оқығаннан кейін дүниелік сөздер сөйлеместен құбылаға қарап тұрып, күн бір найза бойынан көтерілгеннен кейін екі рәкат ишрақ намазын оқыған адам – күмансыз жәннаттық.» [Күннің төменгі шетінің көкжиектің көрінетін сызығынан бір найза көтерілуі – ортасының хақиқи көкжиектен бес градус көтерілген кезі. Бұл – күннің шығуынан 40 минут өткеннен кейін деген сөз.]
38 – «Тәһәжжуд намазы», яғни түңгі намазды да оқы, дұғаң қабыл болсын. Хасан Басри (рахметуллаһилбари) хазреттері (21-110 Басрада) былай риуаят етеді: Аллаһу та’ала Тури Синада Мұса алейһиссаламға:«Ей, Мұса, маған ғибадат жаса!» – деді. Мұса алейһиссалам: «Йа Раббым! Саған, дәргейіңе қабыл болуы үшін, қай уақытта ғибадат жасайын?» деп сұрағанында, түннің жартысында түңгі намазды оқуы әмір етілді. Расында, Музәммил сүресінің екінші аятында: «Түннің жарымында түңгі намазды оқы!» деп бұйырылды. [Сонымен қатар, «Дуррул-мухтар»кітабының бесінші томында, бір сағат ілім үйрену (және үйрету) – түнді ғибадатпен өткізуден де сауапты екендігі жазылған.]
39 – Дұғаның қабыл болуы үшін бес шарт қажет:
1) Мұсылман болу.
2) Әһли сүннет сенімінде болу. Ол үшін төрт мазһабтың бірін ұстану керек.
3) Парыздарды орындау. Қазаға қалған намаздарды бос уақыт тапқан сайын, сүннеттердің орнына қазаны қойып болса да, барынша ертерек өтеуге тырысу керек.
Парыз намазы қаза болған адамның сүннет пен нәпіл намаздары және дұғалары қабыл болмайды. Яғни сахих болса да, сауап берілмейді. Шайтан мұсылмандарды алдау үшін парыздарды маңызсыз көрсетіп, сүннет пен нәпілдерді орындауға итермелейді. Намазды уақыты кіргенін біліп және алғашқы уақытында оқу керек.
4) Харамнан сақтану. Халалдан жеген адамның дұғасы қабыл болады.
5) Әулиелердің бірін тәуәссул қылу арқылы дұға ету керек.
Үндістан ғалымдарынан Мұхаммед бин Ахмед Захид «Тәрғибус-салат» кітабының елу төртінші бөлімінде, парсы тілінде былай деген: «Хадис шәрифте: "Дұғаның қабыл болуы үшін екі нәрсе қажет: біріншісі, дұғаны ықыласпен жасау керек. Екіншісі, ішіп-жегені мен кигені халалдан болу керек. Мұсылманның бөлмесінде харам жолмен келген бір жіп бар болса, бұл бөлмеде жасаған дұғасы мүлдем қабыл болмайды" делінген.» Ықылас – Аллаһу та’аладан басқа еш нәрсені ойламай, тек Аллаһу та’аладан сұрау деген сөз. Ол үшін Әһли сүннет ғалымдарының білдіргеніндей иман келтіру және ахками исламийаға (ислам үкімдеріне) мойынсұну, әсіресе мойнындағы құл ақысынан құтылу және бес уақыт намазды оқу керек.
40 – Тәсбих намазын оқи алатын кезіңде оқы! Бұл намаз төрт рәкаттан тұрады. Бірақ екі рәкатта бір сәлем беріледі. Әуелі ниет етіп тәкбір алғаннан кейін «Субханака...»-ны оқы! Одан кейін он бес рет«Субханаллаһи уәлхамду лиллаһи уә лә-илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар” деп айт! Он бес рет айтып болғаннан кейін: “Уәлә хаула уәлә қууата илла биллаһил алийил азыйм” деп аяқта. Содан соң Әузу-Бисмиллаһпен Фатиханы және зәм сүрені оқы, кейін рукуға иілмей тұрып он рет дәл осы тәсбихті оқы. Соңында «Уәлә хаула уәлә қууата илла биллаһил алийил азыйм» деп аяқта. Рукуға иіл. Рукуда руку тәсбихтерін айтқаннан кейін тағы да он рет әлгі тасбихті оқы, рукудан көтеріл,«Сәмиаллаһу лимән хамидаһ» деп түзелгеннен кейін, тік тұрғаныңда дәл осы тәсбихті он рет тағы оқы. Тәсбихті оқып болып, «Раббана ләкәл хамд»дегеннен кейін «Аллаһу әкбар» деп сәждеге жығыл. Сәждеде сәжде тәсбихтерін айтқаннан кейін, әлгі тәсбихтерді он рет тағы оқы. Сәждеден басты көтеріп отырғанда, екінші сәждеге бармастан әлгі тәсбихті тағы да он рет оқы. Одан кейін екінші сәждеге барып, сәжде тәсбихтерін оқығаннан кейін, сәждеден басты көтермей тұрып, он рет осы тәсбихті оқып, басыңды көтер. Толық тік тұрғаннан кейін, Фатиханы оқымай, он бес рет әлгі тәсбихті оқып, содан кейін Бисмиллаһпен Фатиханы оқы, зәм сүрені оқығаннан кейін әлгі тәсбихті он рет оқып рукуға иіл. Содан кейін түзеліп, сәждеге жығыл. Тәсбихтерді бірінші рәкатта айтылғандай етіп оқы. Әттахиятта отыр. Әттахият пен салауаттарды оқып, сәлем бер. Жоғарыда түсіндірілгендей етіп тағы екі рәкат оқы.
Міне, тәсбих намазының оқылуы осындай. Бұл намаздың белгіленген бір уақыты жоқ. Қай уақытта оқуды қаласаң да оқи бересің, түнде де оқуға болады. Осы төрт рәкат тәсбих намазын оқыған адамның барлық күнәларын Аллаһу та’ала кешіреді және тәубесін қабыл етеді.
41 – Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деді:«Кімде-кім ақшам намазынан кейін, құптанның уақыты кірмей тұрғанда, екі рәкат намаз оқыса, бірінші рәкатында бір рет Фатиха, бір рет Аятәл курси және бес рет Ихлас сүресін оқыса, ал екінші рәкатында бір рет Фатиха, бір рет "лиллаһи мә фиссәмәуәти уә мә фил арди уә ин түбду мә фи әнфусикум әу тухфуһу йуха-сибкум биһилләһ фә йағфиру лимән йәшә-у уә йуаззибу мән йәшә-у уаллаһу алә кулли шәй-ин қадир" деп оқып, содан соң «Әмәнәррасулу...»-ді соңына дейін оқып, бұл намазды осылай оқып аяқтаса, Хақ та’ала жәннаттан бір дәреже сыйлайды және әр рәкатына бір шәһидтің сауабын, ал әрбір аятына бір құл азат етудің сауабын береді.» [Қаза намазынан қарызы бар болғандарға бұл сауаптар берілмейді. Олар қарыздарын өтемегенше тозақтан құтыла алмайды.]
42 – Намаз оқуды жақсы көр! Бес уақыт парыз намаздарыңды орында! Бес уақыт намаз – барлық ғибадаттардың ең құндысы. Намаз жамағатпен оқылатын болса одан да құндырақ болады. Жамағатпен намаз оқуды үзірсіз тәрк етуден сақтан. Ешбір үзірсіз жамағатпен намаз оқуды тәрк ету – мұнафиқтықтың (екі жүзділіктің белгісі. Ондайлар төрт кітапта да лағнетпен тілге алынған. Намазды үзірсіз жалғыз оқудың жағдайы осы болса, мүлдем оқымаудың жағдайы не болатынын өзің ойла! [Сенімі Әһли сүннет сеніміне сай болмаған адам не адасушы, не кәпір, мүртәд. Ондай имамға ұйып намаз оқымау керек, жанжал да шығармай, сөз тартыспау керек. Бәрімен жақсы қарым-қатынаста болу керек.]
43 – Намаздың руку мен сәждесінде және басқа да рүкіндерінде та’дил әрканмен, хушумен намазыңды дұрыс оқы. Бір кісі намаз оқығанда руку мен сәждеде та’дил әрканды толық жасамайтын еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мұны көрді. Ол жайында: «Мына кісінің жағдайы осылай жалғаса беретін болса, амалының пайдасын көрмейді!» деді. Намаздың рүкіндерінде та’дил әркан болмаса, намаз толық болмайды. Ол намазды масқаралаған болады. Бір адамның намазы намаз болмаса, діні де толық болмайды. Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деген: «Намаз – діннің тірегі, тірексіз дін болмайды.»Намаз оқымайтын адамның діні құлдырайды. Сондай-ақ «Намаз – мұсылманның миғражы» деген.
44 – Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деген:«Кімде-кім бес уақыт парыз намазда Құран кәрім оқыса, Хақ та’ала әрбір әрпіне жүз сауап береді. Кімде-кім намаздан басқа уақыттарда Құран оқыса, әрбір әрпіне он сауап береді. Кімде-кім [әуендетпей және құрметпен оқылған] Құранды түрегеп тұрып немесе отырып құрметпен тыңдаса, әрбір әрпіне бір сауап береді. Кімде-кім Құран кәрімді хатым етсе, ол пенденің дұғасын Аллаһу та’ала қабыл етеді.»
45 – Анықтама: Имам Ғазали (рахимә-һуллаһу та’ала) 450 [м.1058] жылы Тус қаласында туылып, 505 [м.1111] жылы сол қалада қайтыс болды. Осы ұлы ғалым, жүздеген кітабының соңғысы болған, парсы тілінде жазған «Кимия-и саадәт» кітабында былай дейді: Құран кәрім оқуды үйренген адамдардың Құранды құрметтеуді де үйренуі керек. Әуелі күнәлардан және жаман сөз бен әрекеттерден сақтанып, барлық жағдайда әдепті болуы керек. Ондай болмаса, Құран кәрім оған шағымданушы болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм):«Мұнафиқтардың көбі қарилардың қатарынан болады» деген. Әбу Сулейман Дарани (рахимә-һуллаһу та’ала) (205 жылы Шамда [м.820]) былай деді: Тозақтағы зәбанилер (азаптаушы періштелер) өзі мен сөзі қате болған қариларға пұтқа табынатын кәпірлерден бұрын азап беріледі. Хасан Басри (рахимә-һуллаһу та’ала) (110 жылы Басрада [м 727]) былай деді: «Бізден бұрын келгендер Құран кәрімді Аллаһу та’аланың әмірлерін білдіретін кітап ретінде оқып, түнде әмірлерді ойлайтын, күндіз бұларды орындауға тырысатын еді. Ал сендер тек қана жаттау және әуендеп, ноталарға сай оқуға тырысып, әмірлерін тіпті ойламайсыңдар да. Алайда, мақсат – әмірлерді орындау.»
Құран кәрімге сай әрекет етпейтін қарилар, қожайынынан хат алған қызметшіге ұқсайды. Хатты алып әуендетіп, мәнерлеп оқиды, бірақ хаттағы бұйрықтарды орындамайды.
Құран кәрім оқитын кезде он әдепті сақтау керек:
1) Дәретпен және құбылаға қарап, [тақия киіп] құрметпен оқу керек.
2) Байыппен және мағынасын ойлап оқу керек. Мағынасын білмейтіндер де байыпты оқуы керек.
3) Жылап оқу керек.
4) Әр аяттың ақысын беру керек, яғни азап аятын оқығанда қорқып, мейірім аяттарын әуестеніп, мадақтау аяттарын тәсбих етіп оқу керек. Құран кәрімді әузу-бисмиллаһ айтып бастау керек.
5) Оқып жатқан адамда рия, яғни біреудің көзіне жақсы болып көріну, боямашылық сезімі туындаса немесе намаз оқып жатқан адамға кедергі болып жатса, дауысты бәсеңдетіп оқу керек. Қарилардың мусхафқа (Құран кәрім кітабына) қарап оқудың сауабы жаттанды түрде оқудан көбірек. Өйткені, бұл кезде көздер де ғибадат жасаған болады.
6) Құран кәрімді әдемі дауыспен және тәжуидке (ережелеріне) сай оқу керек. Әріптер мен сөздерді бұзатындай етіп әуендету харам болып табылады. Әріптер бұзылмаса, мәкрух болады. [Халеби кітабында: Әуендетіп оқыған имамға ұйып оқылған намазды қайта оқу керек, – делінген.]
7) Құран кәрім – Аллаһу та’аланың кәламы (сөзі), сипаты, қадимы (бастауының жоқ болуы). Ауыздан шыққан әріптер «От» деп айтуға ұқсайды. От деп айту оңай. Бірақ отқа ешкім шыдай алмайды. Бұл әріптердің мағыналары да осындай. Бұл әріптер басқа әріптерге ұқсамайды. Бұл әріптердің мағыналары мәлім болса, жеті қабат жер мен жеті қабат аспан шыдай алмайды. Аллаһу та’ала өз сөзінің ұлылығын, әсемдігін осы әріптердің ішіне жасырып, адамдарға жіберген. Шын мәнінде, хайуандарға сөйлеп жұмыс істету мүмкін емес. Олар хайуан дауысына ұқсайтын белгілі дыбыстар шығару арқылы басқарылады. Мысалы, бұқа өзі үйреніп қалған бір дыбыс арқылы жер жыртады. Бірақ істеген жұмысының себебі мен пайдасын білмейді. Міне, адамдардың көбісі осындай, Құран кәрімнің тек дауысын ғана естиді және Құранды әріп пен дыбыстан басқа ештеңе емес деп ойлайды. Олар, «От – бір екі әріптен құралған сөзден басқа ештеңе емес» деп ойлайтын адамға ұқсайды. Ол сауатсыз қағаздың отқа шыдай алмай, жанып кететінін білмейді. Ал «От» сөзіндегі әріптер қағаздың бетінде жазулы тұрады және қағазға еш зиянын тигізе алмайды. Әр адамның рухы қалай бар болса және рух адамның кейіпіне қалай ұқсамайтын болса, бұл әріптер де адам сияқты бір кейіп. Әріптердің мағыналары болса, адамның рухы сияқты. Адамның құрметі мен қадірі рухымен өлшенгеніндей, әріптердің қадірі де мағыналарымен өлшенеді.
8) Құран кәрімді оқудан бұрын мұны айтқан Аллаһу та’аланың ұлылығын ойлау керек. Кімнің сөзі айтылып жатқанын, қандай қауіпті іс жасалып жатқанын ойлау керек. Құран кәрімді ұстауға таза қол қажет болғанындай, оны оқуға да таза жүрек қажет. Осы себептен Икрима (радиаллаһу анһ) мусхафты ашқан кезде есінен айырылатын еді. Аллаһу та’аланың ұлылығын білмейтін адам Құран кәрімнің ұлылығын түсіне алмайды. Ал Аллаһу та’аланың ұлылығын түсіну үшін Оның сипаттары мен жаратқандарын ойлау керек. Барлық махлұқтардың (жаратылыстардың) иесі, басқарушысы болған болмыстың кәламы (сөзі) екенін ойлап оқу керек.
9) Оқыған кезде басқа нәрселерді ойламау керек. Бір адам бір бақшаны аралаған кезде көргендерін ойламайтын болса, онда ол бақшаны аралаған болып саналмайды. Құран кәрім де – мүміндердің жүректері аралайтын жер. Оны оқыған адам мұндағы ғажайыптарды және хикметтерді ойлауы керек.
10) Әр сөзді оқығанда мағынасын ойлау керек және түсінгенге дейін қайталап оқу керек. Ләззатын сезген кезде де қайталап оқу керек. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір түні “Ин-туаззибһум”аятын толығымен таңға дейін қайталап оқыған. Құран кәрімнің мағынасын түсіну өте қиын. Құран кәрімнің мағынасын үш адам түсіне алмайды:
1) Араб тілінің білімдерің жақсы меңгермеген және захири тәпсірді оқымағандар.
2) Үздіксіз үлкен күнә істеп жүретіндер немесе Әһли сүннет ғалымдарының (рахимә-һумуллаһу та’ала) иман мен сенімдеріне сай бағынбай, жүрегі қарайғандар.
3) Әһли сүннет сенімін захир (сыртқы) және көріністегі мағынасына сай қабыл етіп, бұдан басқа жүрекке келетін нәрсені жақтырмайтын адам осы захир-сыртқы мағынадан ілгері өте алмайды.
[Құран кәрімдегі аяттар саны алты мың екі жүз бен алты мың үз жүздің арасында. Халық арасында көбіне алты мың алты жүз алпыс алты деп айтылады. Ұзын аяттарды бірнеше қысқа аятқа бөлгендер аят санының көбірек екендігін айтқан.]
«Кимийа-и сәадәт» кітабынан аударма тәмәм болды.
46 – [Радио арқылы, микрофонмен ғибадат ету мақсатында Құран кәрім оқу, азан айту жаиз емес. Осылай оқылған азан мен Құран кәрімді естігендер осыларға ұқсайтын басқа дыбысты естіген болады. Жамағатпен намаз оқыған кезде, имамды көріп немесе дауысын естіп оқығанын көрмейтіндердің, яки имам немесе муәззиннің (азаншының) дауысын естімейтіндердің тек радионың, репрадуктордың дауысына ұйып оқыған намаздары сахих болмайды. Өйткені бұлардан шыққан дыбыс имам мен муәззиннің өз дауыстары емес. Электро-магниттік өрістің әсерінен, яғни металлдың дірілдеуінен пайда болған дыбыс. Имамның дауысына өте ұқсаған және оның қалауымен, дауысымен пайда болған болса да, оның дауысы емес. Ибн Абидин (рахметуллаһи алейһ) неке бөлімінде, үйлену харам болған әйелдер тақырыбында былай деген: «Шишаның арғы жағында немесе судың ішіндегі бір нәрсені көру – оның өзін көру болады. Бір заттың судағы, айнадағы кескінін көру – оның өзін емес, бейнесін, ұқсасын көру болады. Бір кісінің бетіне қарамауға ант еткен адам, сол кісінің айнадағы немесе судағы бейнесіне қараса, анты бұзылмайды. Көзілдірікпен бір нәрсеге қараған адамның көзіне сол заттан шығып, шыныдан өтіп келген сәуле көруіне себеп болады. Айна мен судағы кескіннен келген сәуленің себебімен туындаған бейнені көру – сол нәрсенің өзін көру емес, ұқсасын көру болады.» Бұл сөйлемнің айқын көрсетіп тұрғаны, радио арқылы, репрадуктордан шыққан дыбыс – имамның дауысы емес. Сол дауыстың ұқсасы. Мұны естігендер имамның дауысын емес, осы дауысқа ұқсайтын басқа бір дауысты естуде. Имамның, азаншының дауысына ұйымай, басқа дыбысқа ұйыған адамның және имамнан басқасының оқыған Фатихасына «Әмин» деген адамның намазы сахих болмайды.]
47 – Егер имам болуды қаласаң, әуелі [Әһли сүннет ғалымдарының (рахимә-һумуллаһу та’ала) білдіргендеріне сай сеніміңді дұрыста!] Намаздың парызын, уәжібін, сүннетін және әдебін жақсылап үйрен! Осыларды үйренгеннен кейін имам бол және Құран кәрімді жақсы оқы. Имам болатын адамның ақылы кірген және балиғатқа толған болуы шарт. Егер үйдің егесі қонаққа «Имам бол» десе, сол кезде имам болады. Намазды ешбір себеппен кейінге қалдырмау керексің. Қарның аш болып, тамақ дайын болған кезде, тамағыңды жегеннен кейін намазыңды оқы! Бірақ намаз уақыты өтіп бара жатса, әуелі намазыңды оқып, содан соң тамақтан! Намазды оқитын кезіңде Аллаһу та’аланың алдына шыға алатындай таза киіміңді және ұзын жеңді киім ки. Киген костюм, пальто және шапаныңның алдын түймеле. Қолдарың, аяқтарың және басың жабық болсын. Ихрам киіп намаз оқығанда бас ашық болады. Намазды үстінде жазу, кез келген сурет болмаған таза бір мата немесе бір түсті жайнамаздың үстінде оқысаң сауабы көбірек болады. Намаз үшін қолданылатын жайнамаздардың ең жақсысы – жерден өсіп шығатын өнімдерден жасалғаны. Шөптің үстінде оқу да сауап.
«Халеби»-де былай делінеді: Жалаңбас намаз оқу мәкрух. Намазда бас киім түсіп қалса, аздаған әрекетпен дереу басқа кию керек. Жеңдерді шынтаққа дейін немесе аз да болса түріп оқу мәкрух. Намазда түрсе, намаз бұзылады. [Қысқа жеңді көйлекпен намаз оқу мәкрух болады.] «Дуррул-мухтар»-да, намаздың мәкрухтарының соңында былай делінеді: «Намазды таза мәсімен және шұлықпен жауып оқу, жалаң аяқ оқудан әлдеқайда абзалырақ. Хадис шәрифте аяқты жауып оқу әмір етіледі.» [Аяқ киім, мәсі кір болса, аяққа таза шұлық кию сүннет болады. Намаздың уәжібін, сүннетін тәрк ету мәкрух болады. Мәкрух болған намаз сахих болса да, сауабы болмайды. Мешітте аяқ киімді және осыған ұқсастарды артта қалдырудың мәкрух екендігі «Бәриқа»-да және Ибн Абидинде, намаздың мәкрухтарының және Қажылықта шайтанға тас лақтырудың соңында жазылған.]
48 – Рұқсатсыз имам болма! Егер ұсыныс жасалса имамдыққа өтуіңе болады! Намаздан кейін дұға оқылады. Имам мен жамағаттың бір-бірлеріне дұға етуі керек. Дұға еткенде ата-анаға да дұға етуді ұмытпау керек. Жамағатпен намаз оқығанда имам алдында тұрады. Сен қолыңнан келгенше имамның артында тұруға тырыс. Егер имамның артында бос орын жоқ болса, онда оң немесе сол жағына тұрарсың. Бірінші сапта орын бар кезде екінші сапта тұруға болмайды, мәкрух болады. Алдыңғы сапта орын болып, артқы саптар толы болса, адамдардың үстінен аттап өтіп, алдыңғы қатарға өтуге тырыспа. Адамдардың мазасын алма! Сапты түзу қылып тұру керек. Саптардың түзу болуы намаздың негізінен. Саптан бөлініп, алда немесе артта және жаныңдағылардан бөлек тұрма. Өйткені мүминдердің бір-біріне деген сүйіспеншілігі сапта түзу және тығыз тұруымен берік.
49 – Имамнан бұрын руку мен сәждеге барма. Ешбір рукнға имамнан бұрын баруға тырыспау керек. Имам намазды отырып оқыса, сен тұрып оқы!
50 – Намаздарыңды үзірсіз тәрк етпе де, мұнафиқтардан болма. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Егер әйелдер мен емізулі сәбилер болмаса, орныма бір имамды қалдырып, қаланы аралап, намазға келмегендердің үйлерін өртеуге бұйырар едім» –деді. Тағы даРасулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деген:«Намаздарыңды ықыласпен оқыңдар! Өйткені жандарыңдағы періштелер сендердің амалдарыңды, намаздарыңды және жақсылықтарыңды алып аспанға кетеді, аспанға бара жатқанда әр түрлі періштелер осы ғибадаттарды көреді:
1-ші қабаттағы періштелер өтірікшілердің ғибаттарын өткізбейді.
2-ші қабаттағы періштелер, намаз оқып жатқанда барлық ойы дүниелік істермен әуре болған адамның намазын өткізбейді.
3-ші қабаттағы періштелер, өз намазын ұнататын адамдардың намазын өткізбейді.
4-ші қабаттағы періштелер тәкәппарланған, яғни өзін ұнататын адамның намазын өткізбейді.
5-ші қабаттағы періштелер іші тар, көре алмайтын адамның намазын өткізбейді.
6-шы қабаттағы періштелер, жүрегінде мейірім мен рақымы болмаған адамдардың намазын өткізбейді.
7-ші қабат періштелер сараң және ашкөз болғандардың намазын өткізбей, кері қайтарады.» Осы жағдайды сүйікті пайғамбарымыз айтқан кезінде, барлық сахабалар (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин) жылады.
Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үлкен сахабалардан Муаз хазреттеріне былай деді: «Ей, Муаз! Айыптарды жасыр, ешкімнің айыбын бетіне баспа! Парыздардан басқа оқыған намаздарыңды және ғибадаттарыңды ешкімге айтпа! Дүниелік тіршілікті ахирет жұмысынан маңызды санап, бұрын жасама! Ешкімді төмен санама! Ешкімді ренжітпе, бәрімен жақсы қарым-қатынаста бол. Егер осылай істемесеңдер, қайғылы азапқа ұшырайсыңдар.»
51 – Түннің ең қараңғы кезінде, яғни сәре уақытында ғибадат жаса, ертең сыраттан өткенде жан-жағың жарық болсын. [Ғибадаттардың ең құндысы – ғылымхал кітабын оқу, үйрену және үйрету.] Шамаң жеткенше мешіттерге салих имам және азаншы келуіне күш жұмса! [Салих – күнә істемейтін, музыка тыңдамайтын, әйелі мен қыздарын харамдардан қорғайтын адам.]
52 – Мешітке кіргенде дүниелік сөздер сөйлеме! Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деді: «Мешітте дүниелік сөздер айтқан адамның ауызынан бір жаман иіс шығады. Періштелер: Йа Раббым! Мына құлыңның мешітте дүниелік сөздер сөйлеуінің кесірінен аузынан шыққан иіс біздің мазамызды алып жатыр, – дейді. Сонда Хақ та’ала: "Ұлылығымның, құдіретімнің хаққы үшін, оларға жақында үлкен пәлекет беремін!" дейді.»
[Алдымен «Тахийатул-мәсжид» деп аталатын екі рәкат намаз оқып немесе басқа бір ғибадат жасап, содан кейін дүниелік сөздер сөйлеу жаиз болады.]
Мешітті тазалауға қолыңнан келгенше жәрдем бер! Көп сауапқа ие боласың. Расулуллаһ алейһиссалам былай деді: «Бір үмбетім мешітті тазаласа, менімен бірге төрт жүз соғысқа барғандай, төрт жүз рет қажылық жасағандай, менімен бірге төрт жүз рәкат намаз оқығандай, төрт жүз рет ораза тұтқандай және төрт жүз құл азат еткендей сауапты Хақ та’ала осы құлға сыйға береді.»
53 – Ғалым Ахмет Тахтауи (рахметуллаһи алейһ) «Мәрақил фәлах»хашиясында былай деген: «Истисқа – жаңбыр дұғасын оқу үшін қырға шығу деген сөз. Хамд етіп, истиғфар айтып дұға етіледі. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), сахабалар және Ислам ғалымдары жаңбыр дұғасын оқыған. Қырға келгенде имам алдымен жалғыз немесе жамағатпен екі рәкат намаз оқиды немесе оқымастан, жерде асаға сүйеніп бір хұтба оқиды. Кейін құбылаға қарап, алақанын көкке қаратып жаяды, иықтың тұсына дейін көтеріп, түрегеп тұрып дұға етеді. Жанындағылар артында отырып, тыңдап, "әмин" дейді. Тек жаңбыр дұғасында ғана қолдар иықтан жоғары көтеріледі. Бір нәрсе сұрау үшін жасалған дұғаларда алақанды көкке қарай ашып жаю сүннет. Хадис шәрифте: «Құл алақан жайып дұға еткен кезде, Аллаһу та’ала оның дұғасын қабыл етпеуге ұялады» делінген. Аурудан, тапшылықтан және дұшпаннан құтылу үшін жасалған дұғаларда алақан төменге қаратылады. Қолдарын көтере алмайтын адам оң қолының сұқ саусағын созып ишарат жасайды. Жаңбыр дұғасына арасын үзбей үш күн шығу, ескі, жамалған киім кию, шығудан бұрын садақа беру, үш күн ораза тұту, көп тәубе мен истиғфар жасау, құл ақыларын өтеу, малдарды да шығарып, төлдерінен ажырату, қарттар мен балаларды да шығару сүннет болып табылады. Киімді теріс қаратылып киюге, кәпірлерді шығаруға болмайды. Олардың жамағатқа араласуы мәкрух.» Әйелдер еркектерден ұзақ, сәбилер аналарынан бөлек болады.
54 – Рамазан айының әр түнінде екі рәкат намазды қалдырмай оқы! Расулуллаһ былай деген: «Кімде-кім Рамазан айының әр түнінде екі рәкат намаз оқыса, әр рәктында сегіз рет Ихлас сүресін оқыса, Хақ та’ала сол пенденің әр рәкатында сегіз жүз періште жаратады. Бұл періштелер осы құл үшін ғибадат етеді және сауабы осы құлдың амал дәптеріне жазылады. Дәрежесі көтеріледі, келесі Рамазан айына дейін бұл періштелер осы пендеге жәннатта әр түрлі дәрежелер әзірлейді.»[Тарауих намазының сауабы бұдан да көп. Ал қаза намаздарды оқудың сауабы бәрінен де артық.]
55 – Расул-и әкрам былай деген: «Кімде-кім Рамазан түнінде сәре уақытында тұрып, намаз оқумен шұғылданса және ғибадат етуге ниет етсе, кирамән катибин періштелері: Хақ та’ала саған мейірім танытсын, өміріңді берекетті қылсын! – дейді. Төсегі де: Хақ та’ала сыраттың үстінде сенің аяғыңды мықты қылсын және саламаттық берсін, – дейді. Дәрет алғанда су да: Хақ та’ала сенің жүрегіңді таза қылсын! – дейді. Соңында осы құл намаз оқи бастаған кезде Хақ та’ала хазреттері ұлылығы және құрметімен: “Ей, менің құлым, қалағаныңды сұра! Тілегіңді орындаймын” – дейді.» [Түндерде илмихалды үйрену керек, қаза намаздарын оқып, бітіргеннен кейін осы намазды оқу керек.]
56 – Жаңбыр жауған кездерде намаз оқы! Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деді: «Ей, Әбу Хурайра! Жаңбыр жауып жатқанда намаз оқы! Қанша жаңбыр жауса, Хақ та’ала әрбір тамшысының мөлшерінде сауап береді.»
57 – Қолыңнан келсе, муәззин (азаншы) немесе имам бол! [Осылайша пасық (күнәхар) адамның имам болуына бөгет боласың.] Артыңда саған ұйып намаз оқыған адамдардың санындай сауап аларсың. Намаздан кейін дұға еткенде тек өзіңе ғана дұға етпе! Ата-анаңа және барша имандыларға дұға ет! Әйтпесе опасыз боласың. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деген: «Ей, Әбу Хурайра! Нәпіл намазды тәрк етпестен оқып жүр және нәпіл намаздарыңды үйіңде оқы, аспандағы жұлдыздар сияқты нұрың артады.» Намаз оқуға тұрған кезіңде киіміңмен ойнама, себебі шайтанды қуантқан боласың. Бұл жағдайыңнан періштелер де қайғыға түседі. Күннің шығуын дәретсіз халде өткізбе!
58 – Имам болсаң, намазды созып оқытпа! Өйткені, жамағаттың арасында қарттармен қатар, аурулар да бар болуы мүмкін.
59 – Духа намазын тәрк етпе! Расули әкрам пайғамбарымыз былай деген: «Йа, Әбу Хурайра! Духа намазын тәрк етпе! Жәннаттың бір есігі бар, оған “Духа есігі” делінеді. Бұл есіктен тек духа намазын оқығандар ғана кіреді.» Кімде-кім духа нмазын екі немесе төрт рәкат қылып оқыса, зікір етушілер қатарынан жазылады. Алты немесе сегіз рәкат қылып оқыса, сыддықтар қатарынан жазылады. [Осы уақыттарда қаза намазын оқыған адам әрі қарызынан құтылады, әрі осы сауаптарға да қауышады.]
60 – Өзіңді харамнан аулақ ұста! Расулуллаһ былай деді: «Бір адамның үстіндегі киімінде харамнан бір жіп бар болса, сол киіммен оқылған намаз және жасалған дұғалар қабыл болмайды.» Бір адамның денесі хараммен өскен болса, онда жағдайы не болмақ?! Бүкіл ғибадаттардың басы – халал азық табу, бала-шағаны халалмен азықтандыру. Халалды, харамды үйрену керек.
61 – Расули әкрам былай деді: «Ей, менің үммәтім және асхабым! Сендер намаз оқыған кезде көздеріңді жұмбаңдар және жүргендеқолдарыңдыбүйірлеріңе таянып жүрмеңдер.Өйткені бұл яһудилердің әдеті және өте төмен істерден болып табылады.»
62 – Салих болған мүминдердің жаназасына қатыс, сенің жаназа намазыңа да жұрт қатыссын! Мәйіттің артынан жүруге тырыс! Басқан әрбір қадамыңа мың сауап жазылады. Кімде-кім бидғатшылардың, мазһабсыздардың мәйіті артынан жүрмейтін болса, Хақ та’ала қияметте ол кісіге мейірімдік танытады.
Анықтама: Мәйітті иықпен көтеру сүннет. Кәпірлердің әдетіне сай көтеру немесе мәйітті көргенде көтермей түрегеп тұру харам болып табылады, бұл мәйітке азап береді. Аза тұту белгілерін және алқагүл (венок) алып жүру, бұларды қабірдің үстіне қою мұсылмандықта жоқ.
63 – Жоғарыдағы қатарларда нәпіл, сүннет пен мәндуб болған ғибадаттарды да жинақтадым, соларға сай амал етіп, көп сауапқа қауышарсың.
Анықтама: Парыздарды тәрк еткендер, яғни жалқаулықпен орындамағандар сүннеттерді, нәпілдерді оқығанда қаза намаздарына да ниет етуі керек. Парыздан қарызы бар болғандардың сүннет пен нәпілдері қабыл болмайды. Яғни бұларға сауап берілмейді. Бірақ, қаза оқыған кезде сол уақыттың сүннетіне де ниет етілсе, сол сүннеттің сауабы да беріледі. Ибн Нужәйм (рахимә-һуллаһу та’ала) (926-970 Мысырда) былай деді: «Сүннет пен нәпіл намаздар, қаза қарызы бар болғандарды тозақтан құтқармайды.» Қазаларын санын есептеп, сүннеттердің орнына да қаза намаздарын оқып, тозақтан құтылуға тырысу керек. Бамдат намазынан басқа намаздардың алғашқы сүннетін оқығанда, осы намаздардың алғашқы қазаға қалған парыздарын; бесіннің соңғы сүннетінің орнына бамдат намазының парызын; ақшамның сүннеті орнына үш рәкат парызын; құптанның соңғы сүннеті орнына үш рәкат үтір намазының қазасын өтеуге ниет ету керек, бұл өте маңызды. Тарауих намазын үйде жалғыз оқу арқылы бір күндік қазаларды оқуға ниет ету керек. Фитна шығармау себебімен тарауихты жамағатпен оқу қажет болса, сонда да қаза намазды оқу керек. Имам екі рәкаттан кейін сәлем беріп жатса, таң намаздың парыздарын, төрт рәкатта сәлем беріп жатса, басқа парыздардың қазасын өтеуге ниет ету керек.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024