Мақсатқа жету үшін

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Дінімізге қызмет еткенде көздеген мақсатқа жету үшін күнәдан сақтану шарт.

Халифа хазреті Омар, Сад бин Әби Уаққас хазреттерін бір соғыста бас қолбасшы етіп тағайындайды. Дұшпан әскерінің саны көп, өте қуатты және көп санды пілдері бар болатын. Ал мұсылмандарда тек ат, қылыш және садақтар бар. Соғыстың басталуына аз уақыт қалғанда хазреті Омар Сад бин Әби Уаққас хазреттеріне мынадай хат жолдайды:

«Йа Сад, дұшпанның көптігінен қорықпа, Аллаһтан қорық, Оған сыйын! Әскеріңе, мал-мүлкіңе және қабілетіңе арқа сүйеме! Бұлардың барлығы тек Аллаһу та’аланың рұқсаты және жәрдемімен ғана көмектесе алады. Ол рұқсат бермесе, Одан жәрдем келмесе, еш қандай құрал ештеңеге жарамайды. Күнә істеме және күнә істетпе! Егер әскеріңнің арасында күнә істейтін адам бар болса, оған қызмет берме, оны босат! Өйткені Аллаһ күнә істейтін қауымға көмектеспейді. Егер әскеріңнің арасында харам істейтін адам бар болса, Иран әскерімен сендердің араларыңда айырмашылық қалмайды.»

Хатта әскерге үйрететіндей соғысу тактикасы жайлы бірде бір сөз жоқ еді. Олай болса, жетістікке жету үшін мына үш негізге мән беру керек:

1) Аллаһтан қорқу: Өйткені пайғамбарымыз алейһиссалам: «Бүкіл хикметтердің, жақсылықтардың басы – Аллаһтан қорқу» деген.

2) Харам істемеу: Харам деген кезде ішкілік, құмар, зина сияқты әйгілі харамдар ойға келеді. Алайда ғайбат – зинадан да үлкен күнә. Ғайбат обаның вирусына ұқсайды. Бұл оба жайылып қызметтерге бөгет болады, қоғамдарды құлдыратады. Әсіресе біреуді ренжіту – Қағбаны жетпіс рет құлатудан да үлкен күнә болады. Бұл күнәларды істеген адамның «Дінге көп қызмет еттім!» деп қуанып мақтануы үлкен қателік! Дінімізде харамнан сақтану парызды орындаудан да бұрын келеді. Күнә істей тұра ғибадат жасалмайтыны сияқты, дінге қызмет те жасалмайды. Аллаһу та’ала күнә істейтін қоғамға жәрдем жібермейді. Біз алдымен күнә істемеуде жетістікке жетуді ойлауымыз керек. Әйтпесе, бәлкім басқалар біз жасаған қызметтер себебімен құтылып, жәннатқа баруы мүмкін, бірақ біз құлаймыз. Басқаны құтқарып, өзін отқа тастау ақылды адамның ісі емес.

3) Тәкәппарланбау: Өзімізді және жасаған амалдарымызды ұнатпауымыз керек. Не болса да, нәпсімізге жақтаспауымыз керек. Дін бауырымызды өз нәпсімізге ауыстырмауымыз керек. Өзімізді айыпты санап, «Аллаһ мені түзетсін» деуіміз керек.