НАМАЗДЫҢ ОҚЫЛУЫ

20 – Пайғамбарымыз (алейһиссалату уәссәләм) былай деген:

«Үйлеріңді шіркеуге айналдырмаңдар! Намазбен әшекейлеңдер!»Басқа бір хадис шәрифте: «Менің мешітімде [Мәдинадағы] екі рәкат намаз оқу, басқа мешіттерде оқылған мың рәкат намаздан қайырлырақ» деген.Сондай-ақ: «Кімде-кім таң намазының сүннетін үйінде оқыса, менің мешітімде оқығаннан абзал.»

 

ТАҢ НАМАЗЫ

21 – Намазды бастаған кезіңде Аллаһу та’аланы көріп тұрғандай және пайғамбармызды алдыңда көріп тұрғандай кәміл әдеппен намазды баста, намазың шынайы намаз болсын. Егер денең намазда, көңілің басқа жерде болса, ол намаз қабыл болатын намаз емес. Мұндай жағдайда әуелі«Кәлима-и тәмжид» оқы. Яғни «Лә хаула уәлә қууата илла биллаһил алийил азыйм» деп айт. Кейін намазды баста.

«Ниет еттім бүгінгі күннің таң намазының сүннетін оқуға» деп көңіліңнен өткізіп, екі қолыңды жоғары көтеріп, бас бармақтарын құлақтың жұмсақ жеріне тигізесің. (Әйел, ниет еткенде, алақанының ішін құбылаға қаратып, иықтың тұсына дейін көтеріп, тәкбір алып, кеудесіне қояды.) Ниетті жүрекпен орындау парыз болып табылады. Егер имамға ұйып жатқан болсаң, «Ниет еттім бүгінгі күннің таң намазының парызын оқуға, ұйыдым имамға» деп ниет ет! «Аллаһу әкбар» деп қолдарыңды құлақтан кіндіктің астына түсір. Оң қолды сол білектң үстіне байла! (Әйел кеудесіне, оң қолды сол қолдың үстіне қояды.) Тәкбір алып, намазға кіргеннен кейін, тік тұрған кезіңде көздеріңді сәжде ететін жерден айырма. Екі аяғыңның арасын қатты ашпа. Араларында төрт елідей қашықтық болсын. «Субханака...»-ны оқып баста. «Субханака...»-ны оқып болғаннан кейін, «Әузу-Бисмиллаһ» және Фатиханы толық оқығаннан соң «Бисмиллаһ» айтпай, бір сүре немесе үш аят көлемінде бір аят немесе үш аят оқы! Бұларды бітіргеннен кейін, «Аллаһу әкбар» деп рукуға иілесің. Тізелеріңді қолдарыңмен қаптап ұста. Осы кезде арқаң түзу және  басың мен арқаң бір дәрежеде, түзу болып тұруы керек.

Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) былай деген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) намазда рукуға иілген кезінде, арқасының түзу тұратындығы соншалық, егер арқасына суға толы бір кесе тұрса, төгілуі мүмкін болмайтын еді.» Алайда әйелдердің рукуда арқалары түзу болмауы керек. Түзуге жақын, бірақ еркектерде сияқты түзу болмауы керек. Осы айырмашылықтың діни тұрғыдан болуымен қатар, денсаулық тұрғысынан да маңызы бар. Онсыз да біз орындайтын барлық ғибадаттарымызда [дініміз әмір еткеніндей орындалған ғибадаттарда] көптеген медициналық және әлеуметтік пайдалары мен хикметтері бар.

Рукуда екі аяқтың арасына қарау керек.

Рукуда үш рет «Субхана раббиял азыйм» дегеннен кейін,«Самиаллаһу лимән хамидаһ» деп түзел және тіп-тіке тұрған кезіңде:«Раббана ләкәл хамд» де және бұдан кейін «Аллаһу әкбар» деп сәждеге бар. «Тадили әркан» - рукудан тұрған кезде тік тұру деген сөз. Дәл осы секілді, сәждеден көтерілгенде еркін отырып, бұдан кейін екінші сәждеге бару деген сөз. Осылай тік тұруға және тік отыруға «тадили әркан»делінеді. Сәждеге барарда алдымен екі тізеңді, кейін қолдарыңды жерге қой. Мұрын мен маңдайыңның екеуі де жерге тиіп тұруы тиіс. Егер мұрның жерге тиіп, маңдайың тимесе, яки маңдайың тиіп, мұрның тимесе, Имам Әбу Юсуфтің және Мұхаммедтің (рахимә-һуллаһу та’ала) үкімдері бойынша намаз сахих болмайды. Екеуінің де жерге тиюі керек. Шынтақтарыңды жерге төсеме (әйелдердің шынтақтарын жерге төсеуі керек). Қарның сандарыңнан ажырап тұрсын (әйелдер ажыратпайды). Жерге тақтай, тас қойып, үстіне үзірсіз сәжде жасау жаиз емес. [Бұлардың биіктігі жиырма бес сантиметрден жоғары болса, намаз сахих болмайды. Одан төмен болса, мәкрух болады.] Сәждеде де үш рет «Субхана раббиял ә’ла» деп айт және «Аллаһу әкбар» деп басыңды көтер, оң аяғыңды тік айтып, кейін тізерлеп отыр. Бұл мезетте оң аяғыңның саусақтары құбылаға қарап тұрсын. Еркін отырғаннан кейін қайтадан сәждеге бар және алдыңғы сәждедегідей үш рет тәсбих айт. Содан соң «Аллаһу әкбар» деп алдымен басыңды, кейін қолдарыңды, содан соң тізелеріңді жерден көтер. (Кәрі немесе үзірлі адамдардан тыс). Екі қолдарыңды алдыңғыдай кіндігіңнің астына байла. [Әйелдер кеуде тұсына қояды.] Тек «Бисмиллаһ...» пен Фатиха сүресін және зәм сүрені [Фатихадан кейін оқылатын үш аятқа немесе үш аят көлеміне сай бір аятқа зәм сүре делінеді] толық оқып, байланған қолдарыңды жібер, «Аллаһу әкбар» деп рукуға, одан кейін сәждеге бар және дәл бірінші рәкаттағыдай тәсбихтерді оқы. Сәждеге екі рет бару керектігін ұмытпа. Рукуға иілерде, сәждеге барарда, сәждеден көтеріліп отыратын кезде және екінші рет сәждеге барарда «Аллаһу әкбар» деп айтуды ұмытпа. Ең соңында сәждеден көтерілгенде екі қолыңды екі тізеңнің үстіне қой және саусақтарыңды тізелердің үстіне өз еркімен құбылаға қаратып қой және ешбірін қимылдатпа. Қолдарыңды қарныңа жабыстырма. Көздеріңді екі қолдарының үстінен айырма. «Әттахийат...» және салауаттарды оқығаннан кейін, қаласаң тағы қысқа дұға оқып, алдымен оң, кейін сол жағыңа басыңды бұрып, иықтардың ұшына қарап, бір реттен «Әссәламу алейкум уә рахматуллаһ» деп айт. Содан кейін мына дұғаны оқы: «Аллаһумма әнтассәләм уә минкәссәләм тәбәрактә йа зәлжәләли уәл икрам.» Бұдан кейін оқылатын нәрселер 251-ші бетте жазылған. Әр кезде дұға етерде «Йа Аллаһ йа Аллаһ йа хаййу йа қаййуму йа зәлжәләли уәл икрам, әс’әлука ән тухиййа қалби би нури марифәтика әбәдән йа Аллаһ йа Аллаһ» дұғасын оқу керек.

Анықтама: Мұндай дұғаларды таң намазының сүннетінен бұрын немесе парызынан кейін оқу жақсырақ болады. Өйткені Ибн Абидиннің Мысырдағы Бұлақ баспасы басылымының үш жүз елу алтыншы және төрт жүз елу жетінші беттерінде былай делінген: «Сүннет пен парыздың арасында сөйлеумен немесе дұға, зікір оқумен сүннет намазы бұзылмайды, бірақ сүннеттің сауабы азаяды. Сүннеттен кейін тек"Аллаһумма әнтәссәләм... икрам" деп айтылады. Бұдан артық бір нәрсе оқылса, сүннет намазы сүннет болған орнында оқылмаған болады. Кейбір ғалымдар "Сүннет намазы бұзылады, қайтадан оқу керек болады" деді. Парыздан кейінгі (соңғы) сүннетті "Аллаһумма әнтәссәләм... " дегеннен кейін кешіктіру мәкрух болады. Мүслимнің және Тирмизидің Айшадан (радиаллаһу анһа) хабар бергені бойынша, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) парыздан кейін "Аллаһумма әнтәссәләм... " дейтіндей уақыт отырып, дереу соңғы сүннет намазын бастайтын еді. Хадис шәрифтерде намаздардан кейін оқылуы керек болған «Әурад»-тың (жиі-жиі және тұрақты оқылып тұратын дұғаның) соңғы сүннеттерден бұрын оқылатындығын көрсететін ешқандай ишарат жоқ. Тіпті, бұлардың соңғы сүннеттен кейін оқылу керектігі аңғарылуда. Өйткені сүннет намаздар парыздардың жалғасы. Осы себептен соңғы сүннеттерден кейін оқуға парыздан кейін оқу делінеді. Сондықтан «Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әр парыз намаздан кейін тәсбих, тахмид, тәкбір және таһлил оқитын еді» деген хабардан "соңғы сүннеттерден кейін оқитын еді" деген мағына аңғарылады. Шәмсул әимма Халуани «Парыз бен сүннет арасында қысқа дұғалар оқылса, зияны болмайды, дегенмен, соңғы сүннеттен кейін оқу жақсырақ болады» деді. Ибн Абидиннен аударма тәмәм болды.

22 – Анықтама: Дәрет алуда, нәжісті тазалауда, ниет етуде және намаз оқуда «Уәсуәса» етпеу керек. Уәсуәса – зиянды болған күмән деген сөз. «Хадиқа» және «Бәриқа» кітаптарының соңында уәсуәсаның зияндары ұзақ жазылған. Қысқаша өзегі мынадай: Хадис шәрифте:«Уәсуәса шайтаннан. Дәрет алғанда, ғұсыл алғанда және нәжісті тазалағанда шайтанның уәсуәсасынан сақтаныңдар!» делінген. Уәсуәса ету күнә болады. Уәсуәса ететін имамға ұйып намаз оқу мәкрух болып табылады. Оны имамдықтан алу уәжіп болады. Уәсуәса суды ысырап етуге себеп болады. Ал ысырап – харам болып табылады. Уәсуәса намазды кешіктіруге, жамағатты, тіпті намаз уақытын өткізіп алуға себеп болады. Уақытты, өмірді зая қылуға себеп болады. Үстіме нәжіс тимесін деген уайыммен арнайы фартук, құмған, жайнамаз қолдану секілді бидғат істеуге себеп болады. Басқа біреудің киімінің, тамағының нәжіс бар болуынан күмәнданады, мұсылмандарға су-и зан келтіру (жаман ойда болу) харам болып табылады. Өзін ұқыпты санап, тәкәппар болады. Бір нәрсеге себеп болатын амалды істеу де ол нәрсені істеу сияқты болады.

Дәреттің, тазаланудың және намаздың шарттарын, сүннеттерін, мәкрухтарын білмейтін адам уәсуәса ауруына шалдығады. Бұларды меңгеріп, орындаған кезде күмәнға түспеу керек, жақсы және толық істегеніне сену керек. Осылай сену ықтияттылық болады. Күмәнға түсу уәсуәса болады. Уәсуәса ететін адамның рұқсаттармен амал етуі керек. Көшелер, жердегі топырақ таза, үстінде нәжіс көрінбеген барлық нәрсе таза болып қабылданады. Күмәнданумен нәжіс болып саналмайды. Өте қатты күмәнданатын болса, мұны қолдану сахих, жаиз болса да, тәнзиһән мәкрух болады. Кәпірдің, пасықтың қолданған киімі, ыдыстары және лас көше осындай. Әһли кітаптың (кітапты кәпірлердің) сойған малдарын зерттеместен жей беру халал болады. Жүректі жаман мінезден тазалауда, құл ақыларына абай болуда және харамдардан сақтануда қатты мән беру, ұқыпты болу уәсуәса болмайды. Уәра және тақуа болады.