Өлім пәлекет емес

Сұрақ: Әлі жаспын, өлімнен қатты қорқамын. Маған қандай кеңес бересіз?

Жауап: Имам Раббани хазреттері былай деген:

«Өлім пәлекет емес. Өлгеннен кейін басына келетіндерді білмеу, жағдайын жасамау – пәлекет.»

Әлі жас кезде, күнә аз кезде өлу әрине үлкен ниғмет болады. Біздің күн өткен сайын күнәларымыз артуда. Өлімді күніне жиырма бес рет ойлаған адам шәһид болып өледі. Өлім туралы айтып жүру сүннет. Өлімнен қашу мүмкін емес. Өлім – сүйіктіні сүйіктіге қауыштыратын көпір.

Өлім – мұсылман үшін сыйлық. Өлім – қайтіп өлмеу үшін туылу деген сөз. Өлім болмағанда, бұл өмірді сүрудің қажеті не? Өлім – мұсылманның жұбаныш қайнары, сағынышы.Тіпті бір әулие кісі: «Мен Әзірейіл алейһиссаламды Жәбірейіл алейһиссаламнан қаттырақ жақсы көремін» деген. «Мұның хикметі не?» деп сұрағандарға: «Себебі, ол мені Раббыма қауыштырады» деп жауап берген.

Сәйид Абдулхаким Аруаси хазреттері былай деген:

Аллаһу та’алаға қауыштыратын болғандықтан өлімді жақсы көру керек. Өзім жақсы көретін адамымның тірі қалуын да, өлуін де қалаймын. Дос досқа қауышқысы келмейді ме? Әзірейіл алейһиссалам Ибрахим алейһиссаламнан рухын алу үшін рұқсат сұрағанда «Қалайша, Дос досының жанын алады ма сонда?» деді. Аллаһу та’ала Әзірейіл алейһиссалам арқылы хабар жіберіп: «Дос досқа қауышудан қашады ма?» деген кезде, «Йа Раббым, рухымды тезірек ал!» деп дұға етті.

Ислам ғұламалары былай деген:

- Дүние – жоқ болған бір көлеңке, бір көрініс. Айнадағы көрініс секілді. Бұл көрініс – ахиреттің көрінісі. Ал ахиретте жәннат пен тозақ бар. Ғибадаттарымыз, жақсылықтарымыз – жәннаттың дүниедегі көрінісі. Ал күнәлар, жаман жерлер, қараңғы, азапты, лас жерлер – тозақтың көрінісі.

 

- Жәннаттық адам жәннаттық істерді, ал тозақтық болған адам тозаққа жетелейтін істерді жасайды. Темірді шірітетін өзінің тоты болғанындай, адамды тозақтық қылатын да өзінің күнәлары. Магнит темірді өзіне қалай тартатын болса, дәл солай харамдар адамды тозаққа, ғибадаттар жәннатқа тартады. Қияметте қай жерге баруды қаласақ, соған қарай дайындығымызды жасауымыз керек. Ахиретте жәннат пен тозақтан басқа жер жоқ. Жәннатқа кіру үшін дұрыс иман иесі болу және дінге мойынсұну керек. Тозаққа жетелейтін тұзақтарға түспеу керек. Бұл тұзақтар былай білдірілген: «Дүние өмірі тек лаиб (ойын), ләһв (сауық), зинет (әшекей), өзара тәфаһур (мақтану) және мал-мүлік пен бала-шағаны көбейту қалауынан құралған.» (Хадид 20) Бұлардың біріне тұтылған адамның көңілі өледі. Жұмыс істеңдер және нәпістеріңді өлім өткеліне дайындаңдар.

Шешімі қиынға соққан нәрселерде Аллаһтың іліміне жүгініңдер. Ана өмірге өтпей тұрып дайындық жасаңдар, жақсылықтарың ол жерге барғанда алдыларыңнан шықсын. Өйткені Аллаһу та’ала былай деген: «Ол күні (қияметте) әркім дүниеде қандай қайырымдылық істесе, сол алдынан шыға келеді, қандай жамандық істесе, олармен өзінің арасында ұзақ қашықтық болуын армандайды. Пенделерінің алдында мейірімді, жанашыр болған Аллаһ сендерге Одан қорқуды әмір етеді.» (Али Имран 30)

Олай болса, Аллаһтан қорқыңдар, яғни Оның әмірлері мен тыйымдарын ұстаныңдар. Сендерден бұрын келіп, өткендерден ғибрат алыңдар. Ұмытпаңдар, ертең үлкен-кіші барлық әрекеттеріңнің нәтижесін аласыңдар.

 

- Ризық тағдырда жазылған. Яғни әркімнің ризығы белгілі, артпайды, кемімейді, адам ризығын алып болмағанша дүниеден өтпейді. Ризық қалағанына халалдан, қалағанына харамнан келеді. Келетін мөлшері бірдей болады. Ажал тағдырда жазылған. Яғни әркімнің өмірі белгілі, ұзамайды да, қысқармайды да, уақыты келгенде дүниеден кетеді. Қаза мен тағдыр, жақсылық пен жамандық, онсыз да, иманның шарттарынан. Ал енді неліктен қарсы келіп жүрсің, не себеппен шүкір етпейсің? Ризығың белгілі, өмірің белгілі, басыңа келгендердің бәрі Аллаһтан. Қаласаң қарсы шық, қаласаң шүкір ет. Ештеңе өзгермейді. Қарсы шыққан адамның орны – тозақ, шүкір еткен адамның орны – жәннат. Яғни сол нәрселер үшін не жәннатқа, не тозаққа кетесің.

 

- Дүние – қонақ үйі. Дүниелікті алу үшін ахиретті беру және адамдарға жағымпаздану үшін Аллаһу та’аланы тастау – ақымақтық. Кеудесін құбыладан бұрған адамның намазы бұзылғанындай, бетін Ислам дінінен бұрған адамның да дүниесімен қоса ахиреті де бұзылады.

 

- Мұсылманмын дегенмен мұсылмандық болмайды. Діннің әмірлері мен тыйымдарына мән бермеген адамның иманы кетеді. Мән бермеу дегеніміз – істелген күнәға қайғырмау деген сөз.

 

- Діннің ең үлкен дұшпаны – надандық. Надандық тозаққа апарады.

 

- Қиямет дертін сендер білгенде, дүниеде ештеңені дерт ретінде көрмейтін едіңдер. Бүкіл қиыншылықтар өлімді ұмытудан туындайды.

 

- Адамдардың көптігі, қалағандарын істеуі, ғафлет ішінде өмір сүруі сені де ғафлетке түсірмесін, бұдан сақтан. Сен жалғыз өлесің, қабірге жалғыз кіресің, есебіңді жалғыз өзің бересің. Сен дінді, иманды, Аллаһтың әмірлері мен тыйымдарын ұмыттың. Сен ұмыттың, бірақ ұмытылмадың.