Бақи кейде «Бақиул-ғарқад» деп те аталатын мазар, Мәдина қаласының оңтүстік шығысында Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітінің жанында орналасқан. Бақи, Аллаһ елшісінің (с.ғ.с.) мазар ретінде рұқсат беруінен бұрын «Ғарқад» ағашымен қоршалған алаң болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларынан қайтыс болғандарды жерлеу үшін Бақи аумағын мазар етуге әмір береді. Халық арасында «Жәннәтул бақи» деген атпен белгілі болған бұл мазарға мұһажирлерден алғаш болып хазреті Осман ибн Мазғун (р.а.) мен аңсарлардан Әсғад ибн Зарура (р.а.) жерленді. Олардың қатарында пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұлы Ибраһим, қыздары Рұқия (р.а.), Зәйнәп (р.а.), Фатима (р.а.), ағасы Аббас (р.а.) нағашысы Сафия бинт Абдулмутталиб (р.а.) және немересі Хасан (р.а.) да бар. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менің екінші анам» деп атаған хазреті Әлидің (р.а.) анасы Фатима бинт Әсәд, сүт анасы Халима әйелдерінен Бибі Айша (р.а.), Хафса (р.а.), Умму сәләма (р.а.), Зәйнәп бинти Һузайма (р.а.), Зәйнап бинт Жахш (р.а.), Сафия (р.а.) және Мәрия (р.а.) да осында жерленген. Ал сахабалардан Әбдірахман ибн Ауф, Сағд ибн Абу Уаққас (р.а.), Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.), Суһайб ибн Синан (р.а.) мен Әбу Хурайра (р.а.) сыңды саңлақтарға да топырақ бақидан бұйырды.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) күйеу баласы және үшінші халифа, көзі тірісінде жәннатпен сүйіншіленген 10 сахабаның бірі хазреті Осман (р.а.) да осында жерленген. Расулуллаһ (с.ғ.с.) оны қызы Умму Рұқияға (р.а.) үйлендірді. Ол (р.а.) қайтыс болғаннан кейін екінші қызы Умму Гүлсімге (р.а.) қосты. Осылайша Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) екі қызына үйленгендіктен, екі нұр иесі деген мағынаны білдіретін «Зун нурайн» деген атаққа ие болды. Умму Гүлсім (р.а.) һижраның 9-жылы қайтыс болғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хазреті Османға қарап: «Уа Осман (р.а.)! Тағы бір қызым болса, оны да саған берер едім», -деген.
Хазреті Осман (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) уаһи катибтерінен (жазушылары) болды. Көркем хат жазумен бірге сөзге де өте шешен еді. Құранды бастан-аяқ жаттаған хафиз де болатын. һижраның 24-жылы мухаррам айында халифа болып, бұл қызметті 12 жыл абыроймен атқарды. Хорасан, Үндістан, Мәуереннаһр, Қапқаз, Кипр және Солтүстік Африканың көптеген аймақтарына оның халифалық кезінде ислам діні тарады.
Хазреті Османның (р.а.) атқарған негізгі қызметінің ең маңыздысы Әбу Бәкір (р.а.) заманында бір жерге жинақталған Құран Кәрім нұсқасын 6 нұсқа ретінде көбейтіріп, үлкен қалаларға жіберуі еді. Сондықтан хазреті Осман (р.а.) (Наширул Құран) Құранды басып шығарушы деген атаққа иеболған. Мүміндердің басшысы хижраның 35-жылы Мәдина қаласындағы үйінде Құран кәрім оқып отырғанда 82 жасында өлтірілді.
Мұсылмандар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әһлі бәйтінің және атақты төрт халифаның есімдерін балаларына қоюды жөн санаған. Бұл әдет ата-бабаларымыздың исламды қабылдауынан күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Осман мемлекетінің негізін қалаушы Осман Ғази, хазреті Осман (р.а.) есімін иемденіп, бүкіл әлем мойындаған империяның негізін қалады.
1517 жылы Мысыр Осман мемлекетінің қарамағына өткенде Мекке басшысы Шәриф Бәрәкат баласы Шәриф Әбу Нумейиді, Каирдегі кезінде Яуыз Сұлтан Сәлим ханға жіберіп оның билігін мойындады. Осыдан кейін Осман империясы Мысырда қор құрып ол аймақтарға «Сурре» деп аталатын сыйлықтар жіберумен қатар, сол жақтан келетін қажылардың жол қауіпсіздігін де қамтып қолға алды.
Осман мемлекетінен келген қажылар Мәдина қаласына барғанда алдымен пайғамбарымызды (с.ғ.с.), одан кейін жанында жатқан хазреті Әбу Бәкір (р.а.) мен Омарды (р.а.) зиярат еткеннен кейін «Жәннатул бақиға» жерленген хазреті Османды (р.а.) зиярат ететін болған. ХVІІ ғасырдың атақты саяхатшысы әулие Челеби, Хижаз саяхатында Мәдинаға барып «Жәннатул Бақи» мазарында жерленген хазреті Османды (р.а.) зиярат етіп, дұға жасаған.
Хазреті Осман (р.а.) жерленген жерге 1205жылы атақты қолбасшы Салахаддин Әйюби күмбезді мазар салдырған.
Қануни Сұлтан Сүлейман ханның баласы Сұлтан ІІ Сәлим хан 1528 жылы Шәйхул Харамға жазған хатында сахабалардың атақтыларынан болған хазреті Осман Зун нурайнның (р.а.) «Жәннәтул бақидағы» мазарының жан-жағы бос болғандығына байланысты ешкімнің ол жерге бара алмайтындығына қанжылып, онда Құран оқылатын бірнеше бөлмесалуға арналған орынның бар-жоқтығын анықтап беруді талап еткен.
Сұлтан хатына Шайхул харамбылайша жауап берді:
«Хазреті Осман Зун нурайнның (р.а.) мазары бақидегі бос жерде болғандығы рас. Қазір мазарының басында бірнеше бөлмелі құрылыс жүріп жатыр. Мүмкіндігіңіз болғанда келіп көрерсіз. Бөлмелердің құрылысы аяқталса, онда Құран кәрім оқылып, оған қосымша міскін кедейлер жататын орын болса жақсы болар еді.»
Осман империясының соңғы кезеңіне дейін «Жәннатул бақи» мазарына мұсылман қажылар зиярат етіп тұрған. Ал, империя мұрағатында Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітін және жан-жағын көрсеткен 1858 жылғы бір жобада «Жәннатул бақи» мазары және ерекше түрде «хазреті Осман (р.а.) мазары» деген белгі қойылған күмбезді мазар ишаратпен көрсетілген. Сұлтан ІІ Абдулхамид ханның кезінде (ХІХғ.) түсірген фотосуреттерде де хазреті Османның (р.а.) күмбезді мазарының болғандығын көруге болады.
Мәдина қорғааушысы Фахреддин Паша «Жәннатул бақи» мазарын зиярат етіп, дұға жасап, мүмкіндігінше фотосуретке түсірген. Хазреті Османның (р.а.) да күмбезі осы кезде түсірілген.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хазреті Осман (р.а.) жайында айтқан хадистерінен үзінділер:
«Әр пайғамбардың жәннатта бір досы болады. Менің досым – Осман».
«Мен Аллаһу та’аланың алдында Османның дұшпанының дұшпанымын, оларға қарсы шығамын.»
«Біз Осман ибн Аффанды Аллаһу та’аланың халилы және жомарты болған атамыз Ибраһимге (р.а.) ұқсатамыз».
Нұржан Маханов
Пайдаланылған әдебиеттер:
Numarali Muhime Defteri (975-976/1567-1569), Ozet-Trabskripsiyon-indeks, I, Ankara 1998.
A.J.Wensinck, “Baki ul-Garkad” IA, 2, (Eskisehir 1992) s.258.
Ilhan Ovalioglu, Cevat Ekici, Dr.Rasit Gundoglu, Ebul Faruk Onal, Hicaz, I-II, Camlica Basim Yayin, Istanbul 2008.
Mustafa Fayda, “Cennet ul-Baki”, DIA, C.7, Istanbul 1993, s.387.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024