Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Салих адамдармен дос болу керек, әйтпесе, соңы пәлекет болады. Хадис шәрифте: «Адамның діні жора-жолдасының дінімен бірдей болады» делінгендіктен, жиі көріп тұратын адамдарымызды, әсіресе үйленетін жарды таңдағанда өте мұқият болу керек. Өйткені өміріміздің үлкен бөлігін олармен бірге өткіземіз. Жұмыс таңдағанда да қайырлы жұмысты таңдауымыз керек, себебі бұл да адамның ұзақ жылдық досы-жолдасы болмақ. Одан бөлек, оқылатын газет, кітап және журналдар, күнде қалдырмай қарайтын телеарна, телекөрсетулер де, бәрі адамның таңдаған жолдасы болып есептеледі. Осы тұрғыдан өте мұқият болуымыз керек. Бізге зияны тимейтін, керісінше рухани және материалдық пайдасы болатын жерлерге, сондай достарға баруымыз керек. Екі мұсылман бірге отырған кезде, жүректен жүрекке міндетті түрде бір нәрселер өтеді. "Сынықтан басқа бәрі жұғады" деген нақылды ескеру қажет. Осы себептен, Исламның алғашқы жылдарында қабір зияратына баруға тыйым салынған еді. Себебі, өлгендердің бәрі кәпір еді. Оларды зиярат етіп барған мұсылмандардың жүректері қараятын еді. Кейіннен мұсылмандар да қайтыс болып, мұсылман мазарлары пайда бола бастаған кезде қабір зияратына рұқсат берілді. Біз де әулие кісілердің қабірлеріне олардың жүректеріндегі Аллаһыа деген махаббат пен фәйздің (нұрдың) біздің жүрегімізге өтуін көздеп барамыз. Олай болса, ықыласты, салих болған адамдармен жиі-жиі кездесу керек, олардың ықыласы бізге де өтсін!
Артыңа қара!
Бір дәруіш елсіз, ағаш, шөп өсіп кеткен жерде зікір етіп, ғибадаттан басқа ештеңе істемейтін болады. Сол аймақтың әкімі қызметшілерімен бірге сол тараптан өтіп бара жатып, әлгі адамды байқап жанына келеді. Бірақ дәруіш орнынан қозғалмай қимылсыз отырады. Әкім «Мені таныдың ба?» деп сұрайды. «Таныдым» деген жауап алады. «Онда неге орныңнан тұрмай, құрмет көрсетпей отырсың?» деп сұрайды. Сонда «Не үшін тұрайын, маған сізден ешқандай пайда жоқ. Сіз де мен сияқты бір пендесіз. Пайдаңыз кімге тиетін болса, сол орнынан тұрсын» дейді. Әкім «Сен тақуа адамға ұқсайсың. Маған қандай насихат бересің?» дейді. Сонда әлгі дәруіш «Артыңызға қараңыз!» дейді. «Артымда не бар, ештеңе көріп тұрғаным жоқ» деген кезінде: «Әрине ештеңе көрмейсіз, оны қалай көрмексіз?! Әзірейіл артыңыздан келе жатыр, рухыңызды алу үшін уақытын күтіп жүр» дейді. Сонда әкім «Онда мен не істеуім керек?» деп сұрайды. «Қазірге дейін дүниелік көздеп амал еттіңіз, бұдан былай біраз ахиретіңіз үшін де амал етіңіз, осы мүмкіндікті жіберіп алмаңыз! Не нәрсеңіз бар болса да, бәрін Аллаһ үшін таратып жіберіңіз! Уақыты келгенде онсыз да бәрі дүниеде қалады» дейді. Әкім «Менен сұрайтын тілегің бар ма?» деп сұрайды. «Көп уақытымды алдыңыз, енді кетсеңіз, маған жақсылық жасаған болар едіңіз» дейді. Әкім насихатын алып, тікелей сарайына кетеді, несі бар болса, бәрін тарата бастайды.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024