Мәкрух істеу күнә ма?

Сұрақ: Мәкрухтардың бәрі бірдей дәрежеде күнә ма?

Жауап: Мәкрух екіге бөлінеді: Тахримән мәкрух, тәнзиһән мәкрух.

Тахримән мәкрух: Уәжіптің тәрк етілуі. Харамға жақын болған мәкрух. Бұларды әдейі істеген адам күнәхар болады. Тозақ азабына лайық болады. Намазда уәжіптерді үзірсіз тәрк етіп тахримән мәкрух істеген адамның сол намазды қайта оқуы уәжіп болады. Имам Мұхаммед «Тахримән мәкрух – харам деген сөз» деген. Ал имам Ағзам мен имам Әбу Юсуф харамға жақын деді. Тахримән мәкрух істеу кіші күнә болады. Кіші күнә істеуді жалғастырған адамның әділеттігі кетеді, пасық (күнәхар) болады.

Тәнзиһән мәкрух: Мубах, яғни халал болған істерге жақын болған, немесе орындалмауы орындалуынан жақсырақ болған істер. Мәселен, ғайри муәккәд сүннеттерді және мүстаһабтарды орындамау секілді. "Мәкрух" сөзі жалғыз өзі қолданылғанда "тахримән мәкрух" деген үкімді аңғартады.

 

Тахримән мәкрухтардан кейбірлері:

Ақшам намазынан бұрын нәпіл оқу. Кепіл ретінде алынған ақшаны (затты) рұқсатсыз қолдану. Алтын және күміс ыдыстармен ішіп-жеу және қолдану. Ата-ананы және әйелдің күйеуін есімін айтып шақыруы. Балықтан басқа теңіз хайуанаттарын, теңіз жәндіктерін жеу. Бірнеше адамның бір жерде дауыстап Құран оқулары.

Мешіт суреті бар жайнамазды жерге төсеу. Мешітте жоғары дауыспен сөйлесу, өлеңдер оқу, ұрыс-керіс жасау, дүниелік сөздерін айтып отыру. Мешітке немесе үйге қамалып алып, тек ғибадатпен ғана шұғылдану және ішіп-жеу, үйлену, қыдыру секілді зауықтарды тәрк ету. Жанды нәрсенің суреті бар киіммен намаз оқу. Парызды орындауға аздаған уақыт бар кезде (Таң намазының сүннетінен басқа) сүннетті орындауға кірісу.

Жаназаны көрген кезде тұрған жерінде оған қарсы тұрып күту. Пасықтың (ашық түрде күнә істейтін күнәхардың) азан айтуы және имам болуы. Отырып азан айту. Ұятсыз сөздер сөйлеу. Христиан және яһуди әйелге үйлену. Хутба мен намаз арасында имамның дүниелік істерді айтуы. (Мысалы, "Жоғалған зонтымды тапқан адам әкелсін" дегендей.)

Басқа тақия кимей айналасына орамал орап, үсті ашық күйде намаз оқу. Екінші рәкатта алғашқы оқыған аяттан бұрыңғысын оқу немесе екінші рәкатта біріншіден үш аят ұзын оқу. Ұмытып осылай оқып қойса мәкрух болмайды. Екінші рәкатта біріншіде оқыған аятты қайтадан оқу тәнзиһән мәкрух болып табылады. Имам болған адамның қыраатты және тәсбихтерді сүннет мөлшерінен артық созып оқуы. Имамнан бұрын рукуға немесе сәждеге бару, немесе одан бұрын көтерілу. Имамның артында Фатиха оқу. Жібекпен немесе ұрланған киіммен намаз оқу.

Әйелдің үзірсіз шашын қырқуы. Еркектерге ұқсамау шартымен құлақтарға дейін қысқартуы жаиз. Әйелдердің бір-бірімен сүйісуі немесе жаназаға барулары. Өзі мұқтаж кезде садақа беру. Тәкәппарлық үшін, мақтану үшін еркектердің костьюмдің көкірек қалтасына орамал салып бір шетін шығарып қоюлары. Алайда қажеттілік үшін, мысалы тер немесе мұрынды сүрту үшін болса, жаиз.

Құбылаға қарай аяқтарын немесе бір аяғын созу. Үзірмен немесе қателікпен созу мәкрух болмайды. Қолтық және шап қылдарын қыруды қырық күннен астам уақытқа кешіктіру. Келесі намаз уақыты тақалған кезде сүннет оқу. Намазда муәккад сүннетті тәрк ету. Муәккад болмаған сүннетті тәрк ету тәнзиһән мәкрух болады. Сүннеттерді үзірсіз оқымауды әдетке айналдыру кіші күнә болады. Ал сүннетке мән бермейтін адам кәпір болады.

Намазда және мешітте екі қолдың саусақтарын бір-біріне өткізу (айқастыру). Басқа жерлерде тәнзиһән мәкрух болады.

Үзірсіз нәпіл оразаны бұзу, бұзылған нәпіл оразаның қазасын өтемеу. Рамазан айы екені күмәнді болған күнде Рамазан оразасын ұстау. Құптанды түннің ортасынан кейінге, екіндіні ақшамға жақын уақытқа дейін кешіктіру. Нарды, шахмат сияқты ойындарды ойнау. Тұрақты түрде немесе ақша тігіп ойналса, харам болады.

Зәмзәм суымен, жапырақпен, қағазбен тазалану (әжетханада). Әжетханада құбылаға алдын немесе артын бұрып отыру. Ұмытылса немесе басқа бір үзір бар болса, мәкрух болмайды. Зекетті парыз болғаннан кейін бермей кешіктіру.

 

Сұрақ: С.Әбәдийа кітабында «Мидия (теңіз жәндігі) жеу харам, ақшам намазын жұлдыздар көрінгенге дейін кешіктіру харам, екіндіні күн батуға бір найза бойы жақындағанға дейін кешіктіру харам» сияқты сөйлемдер өткен. Ал кейбір кітаптарда бұларға тахримән мәкрух делінеді. Мұның себебі неде?

Жауап: Ибн Абидин хазреттері былай деген: Бахр-ур раиқ кітабында тахримән мәкрухқа харам деудің сахих (дұрыс) екені баяндалған. Имам Мұхаммедтің үкімі бойынша тахримән мәкрух – харам деген сөз. Ал шейхайннің үкімі бойынша харамға жақын. (Рәддул мухтар)