Сұрақ: Дәретте, намазда, тазалықта және ниетте уәсуәса еткен адам бұлардан қалай құтыла алады?
Жауап: Уәсуәса – шайтан беретін, зиянды болған күмәндар. Уәсуәса ету күнә болып табылады. Күнә істемеу үшін уәсуәсаға ешқандай жол бермеу керек. Екі хадис шәрифтің мағынасы:
«Уәсуәса шайтаннан. Дәрет алған кезде, ғұсыл алғанда және нәжісті тазалағанда шайтанның уәсуәсасынан сақ болыңдар.» (Тирмизи)
«Бір заман келеді, адамдар тазалықта тым ұқыпты болып (уәсуәса етіп) діннің шегінен асады.» (Әбу Дауд)
Уәсуәса – суды ысырап етуге, намазды кешіктіруге, жамағатты, тіпті намаз уақытын жіберіп алуға, уақытты, өмірді зая қылуға себеп болады. Өзгелердің киімінің, тамағының нәжіс болуына күмәнданады, алайда мұсылмандарға су-и зан ету харам. Оның үстіне өзін ұқыпты санап, тәкәппар болады. Тіпті сол істің маманы болған кісі оған насихат айтса да, мүлдем қабыл етпейді. Өзінің істегенін дұрыс деп қабылдайды. Басқаларды төмен санайды.
Уәсуәса, ғибадаттардың мәкрух болуына себепші болып қана қоймай, рухани күйзелістерге де жол ашады.
Ғұсылдың, дәреттің, тазалықтың және намаздың шарттарын, сүннеттерін, мәкрухтарын білмейтін адам уәсуәса ауруына шалдығады. Алдымен уәсуәса етілетін нәрселердің дұрысын үйрену керек. Бұларды біліп, орындағаннан кейін күмән қалмайды. Дұрыс істедім деп сену – ықтияттылық, күмәнға түсу – уәсуәса болады. Уәсуәса ететін адам азимет пен (ауыр үкімдермен) емес, рұқсатпен (жеңіл үкімдермен) амал етуі керек!
Харамдардан, күмәнді нәрселерден, тіпті мубахтардың көбінен сақтану «азимет», ал күнә болмаған, жаиз болған амалдарды орындау «рұқсат» деп аталады.
Имам Раббани хазреттері «Қажет кезде ең оңай фәтуаға бағыну керек. Аллаһу та’ала қиын келетін нәрселерді емес, оңай болғандарының орындалуын талап етеді. Өйткені адам әлсіз, шыдамсыз жаратылған» деген.
Имам Шарани хазреттері де «Қажет кездерде рұқсаттармен амал ету керек» деді. Үш хадис шәрифтің мағынасы:
«Аллаһу та’ала берген жеңілдіктерден, рұқсаттардан пайдаланыңдар!» (Бұхари)
«Рұқсаттардан пайдаланбайтын адам Арафат тауы секілді күнә істеген болады.» (Табарани)
«Аллаһу та’ала азиметті жақсы көргеніндей, рұқсатпен амал етуді де жақсы көреді.» (Бәйһақи)
Дініміз – жеңілдік діні. Мысалы, дәрет алғанын біліп, кейіннен бұзылғанына күмәнданса да, дәреті бар деген сөз. Дәрет алғаннан кейін бір жерге су тимей қалды деген оймен басынан дәрет алынбайды, дәрет алса мәкрух болады. Дәрет алғаннан кейін іш киімде дымқылдық көріп «зәр ме, әлде су ма» деп күмәнданатын адам, дәреттен бұрын іш киіміне су себуі керек! Одан кейін дымқылдық көретін болса, «Бұл мен сепкен су ғой» деу керек. Ол дымқылдық тіпті зәр болса да, оның зәр екені нақты мәлім болмағандықтан жуу керек емес.
Уәсуәсадан құтылу жолы – қай мәселеде уәсуәса етіліп жатқан болса, дініміздің сол тұрғыдағы үкімін үйрену және жақсылап біліп алу. Жақсы білетін адам мүлдем уәсуәса етпейді. Мысалы мәсһ ету – суланған қолмен ақырындап шаштардың үстін сипау. Бірақ уәсуәсалы адам мұны білмегендіктен басын езіп жіберетіндей дәрежеде мәсһ етеді немесе уысына су толтырып шаштарын жақсылап сулайды. Дәрет алған кезде «мына жерге су тимей қалды-ау, мына жер жуылмай қалды» деп қайта-қайта жуады. Алайда, бір жер жуылмаса да, жуылмағаны білінбегенше, яғни жууды әдейі тәрк етпегені үшін дәрет сахих болады. Осыншалықты білудің өзі уәсуәсаның алдын алу үшін жеткілікті.
Уәсуәсадан құтылу үшін өз-өзінен «Бұл жердің құрғақ қалғанына ант етесің бе?» деп сұрау керек. Ант ете алмаса ол жер жуылды деген сөз, қайтадан жуудың қажеті жоқ. Әр уәсуәса үшін де осы сұрақты қоюға болады. «Ант ететіндей дәрежеде сенімді болсам, онсыз да уәсуәса етпеймін ғой» деп айтудың өзі де уәсуәса, ант ете алмайтын болса, мұның уәсуәса екенін түсіну керек.
Дәреттен кейін «Басымды мәсіһ еттім бе?» немесе «Дәретім бар ма?» деп күмәндану, намаз оқығаннан кейін «Киімім таза ма еді?» немесе «Ифтитах тәкбірін алған ба едім?» деген сияқты күмәндар орын алса да, басынан дәрет алынбайды, киім жуылмайды, намаз да қайта оқылмайды.
Біз ғибадаттарымызды кемшілікпен орындағанымыздан (Әстағфируллаһ) Аллаһу та’ала ешнәрсе жоғалтпайды, артығымен орындасақ ешқандай пайда көрмейді. Сондықтан, діннің әміріне мойынсұнылып, кем немесе артық орындалған болса, зияны болмайды. Мысалы, таң намазының парызын оқып жатқанда «Екі рәкат оқыдым ба, әлде біреу ме?» деп күмәнданған адам, бір рәкат оқыдым деп санап, тағы да бір рәкат оқыса және оқығаны үш рәкат болса, намазы сахих болады. Бірақ әдейі үш рәкат оқыса намазы сахих болмайды. Бір адам төрт рәкат оқыдым деген оймен үш рәкат оқыса, оқыған намазы сахих болады. Бір адам іздестіріп, құбыладан басқа тарапқа қарай намаз оқыса, намазы сахих болады, алайда іздестірместен, құбылаға қарай тура оқыса да намазы сахих болмайды. Демек, діннің әміріне мойынсұнылып құбыладан басқа жаққа қарай оқылса, төрт рәкат орнына бес рәкат оқылса да сахих болады. Олай болса, дәретте құрғақ жер қалса да маңызы жоқ. Құрғақ жер қалған жоқ деп санау жеткілікті. Онсыз да ешкім әдейі құрғақ жер қалдырмайды.
Уәсуәса, дұға мен зікір арқылы азайып жоқ болады. Сондықтан, уәсуәса келген кезде дереу Аллаһу та’аланы еске алу керек, истиғфар, салауат және дұға оқып, шайтанды алыстатуға тырысу керек!
Шайтанның уәсуәсасынан құтылу үшін күнде мына дұғаны да оқыған жақсы:
«Йа Аллаһ-үр-рақиб-үл-хафиз-үр-рахим. Йа Аллаһ-үл-хайй-үл-халим-үл-азим-үр-рауф-үл-кәрим. Йа Аллаһ-үл-хайй-үл-қаййум-үл-қаиму ала күлли нәфсин бима кәсәбәт, хул бәйни уә бәйнә адууи!»
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024