Әйел нифас немесе жүкті кезінде, жұқпалы ауру, ішкі органдар ауруы салдарынан немесе бұлардың ешбірі болмай, тек бөгде еркектерге ашық-шашық көрінбесе және одан күйеуі разы болса, бұл әйелге қайтыс боларда жәннат періштелері келіп, алдында қатарға сап болып тұрады, оған сый-сияпат көрсетіп құрметпен сәлем береді және «Аллаһу та’аланың сүйікті, шәһид құлы, кел, шық, не істейсің дүние сарайында? Сенен Аллаһу та’ала разы болды және сенің осы ауруыңды сылтау қылып, күнәңді кешірді, саған жәннатты нәсіп етті, кел, аманатыңды тапсыр!» дейді. Әлгі әйел осы мәртебені көріп, рухын беруді қалағанда, айналасына қарап: «Менімен дос болғандарды жарылқап мейірім жасасын, содан соң тапсырамын» дейді, сол кезде періштелер өтінішін Аллаһу та’алаға ұсынады. Бұған орай Аллаһу та’ала тарапынан «Ұлылығымның хаққы үшін құлымның барлық дұғасын қабыл еттім» деген үндеу келеді. Періштелер де мұны сүйіншілейді. Содан кейін, мәләк-ул-мәут жүз жиырма рахмет періштелерімен келеді. Жүздерінің нұры Аршқа дейін шыққан, бастарында тәжі бар, үстілерінде нұрлы киімдер, аяқтарында алтыннан жасалған аяқ киім және жасыл түсті қанаттары болады. Қолдарында жәннат жемістері, иістері мускус секілді хош иісті болып келеді, сый-сияпат және құрметпен сәлем береді және «Әлемнің жаратушысы саған сәлем айтты және жәннатты беріп, сүйіктісі Мұхаммед алейһиссаламға көрші қылады және хазреті Айшамен дос қылады» дейді.
Әлгі иманды әйел бұл сөздерді естіп, көзінің пердесі ашылып, иманды әйелдерді көреді, күнәһар болып азапталатындарды да көреді және «Олардың күнәларын кешір, Раббым!» деп жалынады. Аллаһу та’ала тарапынан үндеу келіп: «Ей құлым! Барлық тілегіңді орындадым, аманатыңды бер, Хабибымның (сүйіктімнің) жұбайы мен қызы сені күтуде» делінеді. Бұл үндеуді естіген кезде бірден жаны дірілдейді, аяқтарын тастайды, тер төгіп, жанын бермекші болып жатқанда екі періште келеді. Қолдарында оттан жасалған таяқ, оң жағында бірі, сол жағында бірі тұрады. Шайтан малғұн жүгіріп келеді де, «Шынында бізге бұдан пайда жоқ, бірақ тағы бір көрейік» деп, қолына гаухардан жасалған ыдыстың ішінде мұздай су алып, осы кейіпімен келіп, суды көрсетеді. Әлгі періштелер бұл малғұнды көргенде қолдарындағы таяқтарымен ұрып, қолындағы ыдысты сындырады, оны қуып жібереді. Әлгі мұсылман әйел мұны көріп, күледі. Бұдан кейін хури қыздары оған гауһар кесемен кәусар шарабын береді, ол мұны ішеді. Жәннат шарабының ләззатынан жаны шашырап, ыдысқа жабысады, мәләк-ул-мәут жанын сол ыдыстан алады. Періштелер дауыстап «Инна лиллаһи уә инна илайһи ражиун» дейді. Жанын алып, аспандарды тамашалатып, жәннатқа алып барады және сол жақтағы орнын көрсетіп, дереу қайтадан мәйіттің басына алып келеді.
Қай кезде киімін шешіп, шашын жайғанда, рухы дереу денесінің басының түбіне келіп: «Ей жуушы! Ақырын-ақырын ұста! Өйткені, Әзірейілдің қолынан жан жарасын көрді. Тәнім қиыншлық шегіп, әбден шаршады» - дейді. Жуындыратын тақтаға келгенде тағы келіп: «Суды қатты ыстық қылма! Дене өте әлсіз. Мені тезірек пәк қылыңыз, тыныштық табайын» дейді. Жуылып, кебінге оралғанда бір мезет тоқтап, қайтадан дауыстайды: «Бұл әлемді соңғы рет көруім! Туған-туысқандарымды көрейін, олар да мені көрсін және олар ғибрат алсын. Олар да жуырда мен сияқты өлетіндіктен, артымнан айқай салып жыламасын. Мені ұмытпай, Құран кәрім оқып, әрдайым есіне алсын. Менің мирасым үшін араларында тартыспасын. Бұдан қабірде азап көрмейін. Жұма және айт күндері мені естеріне түсірсін» дейді.
Содан кейін, намаз оқылатын жерге қойылғанда, жаны қайтадан сөйлеп: «Жақсы қалыңдар, ей менің ұлым мен қызым, ата-анам! Бұл секілді айырылысу күні жоқ. Айырылыстық, енді көрісуіміз қияметке қалды. Қош болыңдар, ей артымнан көз жасын төккендер!» дейді.
Намазы оқылып, иыққа көтерілгенде қайтадан үндеп, былай дейді. «Мені жай-жай алып барыңдар! Егер ниеттерің сауап алу болса, маған қиындық бермеңдер! Сендерге деген разылығымды Аллаһу та’алаға алып барайын!»
Қабірдің жанына қойылған кезде тағы үндеп, былай дейді: «Менің жағдайыма қараңдар да, ғибрат алыңдар! Қазір мені қараңғы жерге қойып кетесіңдер. Мен амалыммен қаламын. Бұл сәттерді көріп, алдамшы, жалған дүниенің өтірігіне алданбаңдар!»
Қабіріне қойған кезде, жан басының түбіне келеді. Ешқашан мәйітті тәлқинсыз қалдырмау керек. [Жерлегеннен кейін бір салих адамның «Тәлқин» беруі сүннет болып табылады. Уаххабилер тәлқин берудің сүннет екеніне сенбейді. Бұған бидғат дейді. «Өлі естімейді, білмейді» дейді. Әһли сүннет ғалымдары “рахимә һумуллаһу та’ала” әр түрлі кітаптар жазып, тәлқин берудің сүннет екенін анықтады. Осы құнды кітаптардың бірі – Мұстафа бин Ибрахим Сиями “рахимә-һуллаһу та’ала” хазреттерінің «Нур-ул-йақин фи-мәбхас-ит-тәлқин» кітабы. Мұның ішінде Табарани және Ибн Мәндән хабар берген хадис шәриф жазылған. Бұл хадис шәрифте тәлқинның берілуі әмір етілген. «Нур-ул-йақин» кітабы 1345 жылы, Сиамда, Бангкок қаласында жазылған, 1396 [м.1976] жылы Стамбұлда екінші басылымы басылған.] Аллаһу та’аланың әмірімен мәйіт қабірде ұйқыдан оянғандай оянады және қараңғы жерде екенін көреді. Қызметшісіне және құлына немесе өзіне үнемі жәрдем беретін адамға дауыстап: «Маған шам алып келіңдер!» дейді. Ешқандай дауыс пен жаңғырық келмейді. Қабір жарылып, екі сұрақ қоюшы періште [Мүнкәр мен Нәкир] келеді. Олардың аузынан жалындаған оттар және мұрындарынан қара түтін шығып тұрады. Осы күйде оған жақындап былай дейді: «Мән раббукә уә мә динукә, уә мән нәбиййукә», яғни Раббың кім, дінің қандай және пайғамбарың кім? Бұларға дұрыс жауап берсе, бұл періштелер оны Хақ та’аланың оған деген мейірімімен сүйіншілеп кетеді. Бірден сол сәтте қабірдің оң жағынан бір терезе ашылады және бір ай жүзді кісі шығып, қасына келеді. Әлгі иманды әйел оған қарап, қуанады. «Сен кімсің?» деп сұрайды. «Мен сенің өмірдегі сабырыңнан және шүкіршілігіңнен жаратылдым. Қияметке дейін саған жолдас боламын» деп жауап береді.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024